АЛТЫНОРДА
Новости

«Доцентті» бөлшектеп сатқан» өзбектер ұсталды

0C8096C5-F4C2-4AA5-AD71-BE74EF1E7960_w640_r1_sӨткен аптада Мәскеуде Мосфильм көшесіндегі белгілі совет актеры Евгений Леоновқа қойылған ескерткішті ұрлаған бес Өзбекстан азаматы ұсталды. Бұл ескерткіште актер «Джентельмен удачи» фильміндегі «Доцент» образында бейнеленген еді. Қола скульптураны ұрлап әкеткендер оны бөлшектеп, түсті металдар қабылдайтын пунктке тапсырған. Оларға қатысты Ресей қылмыстық кодексінің «ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ескерткішті ұрлағандар алдын ала тергеу барысында полицияға оның кімге қойылғанын, қандай мәдени құндылығы бар екенін білмейтіндерін айтқан.

«Доцент» скульптурасы Мәскеудегі Мосфильм көшесінен 16 қазанда түнде ұрланған. Аз уақыт ішінде олар ескерткішті бөлшектеп әрі 39 мың рубльға сатып үлгерген. Құқық қорғау органдары шығынды 160 000 рубль деп бағалайды.

 

Ішкі істер хабарламасында «Доцент» скульптурасын сатып алған металлолом қабылдаушы пункт қызметкерлеріне бөлек қылмыстық іс қозғалатыны айтылған.

Аты аңызға айналған актер Евгений Леоновтың құрметіне жасалған скульптура 2001 жылы Мәскеудегі кинофестиваль кезінде Мосфильмдегі Жұлдыздар аллеясында қойылған.

«Джентельмен удачи» ең белгілі совет кинофильмдерінің бірі саналады. Фильм түсірілген 1971 жылы оны 65 миллионнан астам адам көрген.

Фильмнің маңызды эпизодтарының бірі – «түрмеден қашу» Өзбекстанның Самарқанд облысында түсірілген.

Сәния ТОЙКЕН 

http://www.azattyq.org/