Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

c266afb08d0e379dd6174320a64cb85dЖетім балаларды шетелдерге аттандырмай, оларды қазақстандықтардың асырап алуына жағдай жасау қажет. 
«Айқын» газеті тілшісі әңгімелескен депутаттар жетім балаларға бюджеттен бөлінетін қаржыны қазақстандық бала асырап алушыларға берген жөн деп есептейді. Алайда, халықаралық адам құқығын қорғаушылар шетелдіктердің бала асырап алу құқығы халықаралық келісімдермен бекітілгенін еске салады.

Шетелдік ата-аналардың орнына – қазақстандықтар

Жетімдерді шетелдіктерге бермей, оларды өзіміздің азаматтардың асырап алуына жағдай жасау туралы мәселені депутаттар бірнеше жыл бұрын көтеріпті. «Бұрын бізде балалар үйі деген мүлдем болмаған. Қазір экономика өсіп жатқанымен, әлі де елде қиыншылықтар бар. Сондықтан, жетім балаларға үкімет арқылы бөлінетін ақшаны асырап алушы өз азаматтарымызға берсе, олар балаларды бақпай ма?» – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова.

Кейбір деректерге қарағанда, бір жетім балаға Астана және Алматы  қалаларында айына 157 мың теңге, республика бойынша орташа есеппен 75 мың теңге бөлінеді. «Осы ақшаны жеке адамдарға беріп, олар балаларды өз отбасында асыраса, қандай жақсы болар еді?!» – дейді депутат. Ал балалар үйінен қамқорлыққа алынған балаларға әзірге айына 17 мың теңгеден беріледі. Қазақстандағы жетім балалардың елде қалғаны дұрыс деп есептейді Айткүл Самақова. «Тек науқас балаларды беруге болады. Егер олардың денсаулығын осында түзеуге мүмкіндіктер табылса, елде қалдырған жөн», – дейді депутат.

Мәжілісі депутаты Алдан Смайыл Қазақстаннан «сыртқа бала беруді тоқтату керек» деп мәселені төтесінен қояды. «Ауру балаларды емдейік. Неге Қазақстанда емдемейміз? Олар да осы жердің балалары  емес пе?! Ең алдымен балалардың көз жасынан қорқуымыз керек», – дейді депутат. Қазақстан сияқты халқының саны аз, экономикалық жағдайы жаман емес елдің сыртқа бала беруі «ештеңемен ақталамайды» деп есептейді халық қалаулысы. Оның ойынша, қазіргі таңда шетелге бала берудің себептері жоқ. «Қаржы бар. Асырап алушылар да табылады. Арнайы балалар үйлері және олардың жеке отбасылық, мемлекеттік түрлері де жұмыс істейді», – дейді Алдан Смайыл.

Соңғы уақытта шетелдіктердің қазақстандық балаларды асырап алуына қатысты бірнеше шатақ оқиға қоғамның назарын аударған. АҚШ-та америкалық ерлі-зайыптыларға Қазақстаннан өздері асырап алған екі балаға жыныстық зорлық көрсеткен деген айып тағылған. Одан кейін шетелдік журналистер америкалықтардың басқа елдерден, оның ішінде Қазақстаннан әкелінген балаларды арнайы интернет-аукцион арқылы сатып, айырбастағандарын әшкерелеген. Оған қоса асырауға берілген екі қазақстандық баланың қиын балаларды тәрибелейтін алыстағы ранчодан табылғандығы жазылған. Бұл оқиғалардың барлығы шетелге балаларды беруге рұқсат етілгенімен, олардың әрі қарайғы жағдайын бақылау механизмдері дұрыс жолға қойылмағандығын аңғартады дейді Алдан Смайыл. Сондықтан депутат балалар үйіндегі әр бір балаға жылына бюджеттен бөлінетін 700 мың -1 миллион теңгені қазақстандық асырап алушыға беру керек деген ұсынысты жөн көреді. «Шындығын айтқанда, бала асырап алғысы келетін отбасылар көп. Бірақ оған олардың материалдық жағдайы сай келе бермейді. Сондықтан бір балаға берілетін ақшаны асырап алушыға берген жөн», – дейді депутат.

Алайда, бала асырап алуды ақша арқылы ынталандыруға болмайтындығын айтады Адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросының қызметкері Роза Ақылбекова. Бұл тек ақша табу үшін бала асыруға баратындар санын көбейтіп, оның салдары  үлкен болуы мүмкін. «Асырап алушы ата-аналарға ондай ақшаны беруге болмайды. Оның орнына балалардың әрқайсысына жеке есеп шот ашып, бұл ақшаны кейін олардың оқуына немесе баспана алуына төлеу үшін аударуға болар еді», – дейді халықаралық сарапшы.

Сонымен бірге ол қазақстандықтарға қарағанда, шетелдіктердің негізінен науқас балаларды асырап алатындығын тілге тиек етеді. Адам құқығын қорғаушы жетімдер үйіндегі балалармен әңгімелескенде олардың 10 жасқа толуды асыға күтетіндіктерін білген. Себебі содан кейін олар шетелдік отбасыларына беріле алады.

 

Имидж әлде балалар?

Депутаттардың бірнеше жыл бойы жетімдерді елде қалдыру туралы бастамаларынан әзірге нәтиже шыққан жоқ. Себебі үш жыл бұрын Қазақстан «Балаларды қорғау және шетелдік бала асырап алуға қатысты ынтымақтастық жөніндегі» Конвенцияны қабылдаған. Енді Қазақстанның бұл халықаралық құжаттан шығуға болатындығын айтады депутат Алдан Смайыл. «Қандай елдерге балалар кеткендігін, олардың қазіргі жағдайын баяндап, қаншасының зорлық-зомбылыққа ұшырап, басқа біреулерге беріліп, сатылып жатқандығын айтып, мәселе көтеруге мүмкіндік бар», – дейді депутат.

Алайда, мұндай халықаралық келісімнен шығу Қазақстанның сыртқы имиджіне нұқсан келтіретіндігін жеткізеді адам құқығын қорғаушы Ақылбекова. Бұған дейін сенатор Светлана Жалмағамбетова шетелдіктердің қазақстандық балаларды асырап алуына тиым салу демократия приницптерін бұзу болып табылатындығын мәлімдеген. Оған қоса ол тиым салумен мәселе шешілмейтіндігін, қазақстандықтардың барлығы бірдей бала асырап алуға дайын еместігін алға тартқан.

Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстанда 35 мың жетім бала мен қамқоршысынан айырылыған бала бар. Соңғы 14 жылда 47 мың бала асырап алынcа, олардың 37 мыңын – қазақстандықтар, 8,8 мыңын басқа елдердің (көпшілігі АҚШ) азаматтары бауырларына басқан.

 

Айжан КӨШКЕНОВА

http://www.aikyn.kz/

 

Рубрика: