Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 6 ақпан. BAQ.kz – Қыстың соңын ала Алматы облысының көптеген елді мекендерін су басу қаупі төніп тұр. Депутаттар осылай деп дабыл қағуда. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев Үкімет басшысы Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады.

 

Жақында Мәжілістің бір топ депутаты Президент Жолдауын түсіндіру мақсатымен Алматы облысында болған-ды. Осы сапар барысында депутаттар өңір жұртшылығын алаңдатып отырған басты проблеманы біліп қайтыпты.
«Облыс жұртшылығын алаңдатып отырған мәселе – Алматы облысының елді мекендерін жылдағыдай су басу қаупі. Таулы аймақтағы қыстың соңғы екі айында облыс аумағында жауын-шашын мол түсіп, Іле және Жетісу Алатауында 1,5-2 есе шамадан тыс қар жауды. Өңірдің солтүстік аймағында да қар мөлшері жоғары. «Казгидромет» мекемесінің мәліметі бойынша ақпан және наурыз айында жауын-шашын жылдық орта мөлшерден жоғары болады деп күтілуде», — дейді С.Нұрғисаев
Қауіпті жағдай Жетісу өңірінің барлық ауданында туындап тұр. Бұл, әсіресе, Ескелді, Көксу, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл және Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында тым жоғары.
Осыған қатысты бүгін депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
«Құрметті Серік Нығметұлы!
Биылғы қардың мол болуын ескере отырып, өңірдің апатқа қарсы қызметтері, тұрғындардың қауіпсіз аймақтарды анықтап, түрлі апаттардың алдын-алуға жедел кірісу қажет. Оның үстіне биыл қар, жауын-шашынның бұрынғы жылдарға қарағанда, көп жауғаны да жайбарақат отырғанды қаламайды.
Жағалық аймақтың одан әрмен бүлінуіне жол бермеу үшін Іле өзенінде жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаның құны 491,2 млн.теңгені құрайды.  Сондай-ақ, Шарын және Тасқарасу елді мекендерінің аумағындағы магистральдық каналдарды және қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жөнінде құны 238,5 млн.теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жоғарыда аталған екі жоба Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсынылғанымен әлі күнге дейін қаражат бөлінбеген.
Осы жұмыстарды жүргізу үшін шұғыл шығындарға Үкімет резервінен қаржы бөлу жөнінде қажет шаралар қабылдану қажет деп санаймыз» делінген онда.

http://www.baq.kz/news/22938

Рубрика: