Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тіл, әрине, жаңарып, түрленіп, дамып, күрделеніп тұратын құбылыс. Бірақ осының бәрі тілге тән екен деп, тілді «тілім-тілім» етуге әсте болмайды. Әсте болмайдымыз аз, мүлде болмайды. Әңгімеміз ана тіліміз — қазақ тіліне қатысты өрбитіндіктен турасына көшейін, қазір «әліпті таяқ» деп білмейтіндер әдебиетке әлекедей жаланып келіп әлек салып жатыр. Әйткенменде, Жүсіпбек Қорғасбек ағамның тәмсіліне салып қайырсам, айтайын дегенім бұл емес. Оның үстіне қазақ тілінің бар мүмкіндігіне   көркем әдебиет тілі өлшем бола алмайды. Қазақ тілінің қорында кәсіптік, салалық сөздер жетіп артылады. Мал шаруашылығына, аңшылыққа, диханшылыққа, балық шаруашылығына, медицинаға, тұрмыстық заттарға, астрономияға, т.б. қатысты сөздер қаншама! Марқұм, жаны жәннатта болсын, Жағда Бабалық ақсақал көзінің тірісінде қазақ тіліндегі түбір сөздердің өзі бір миллионға жетеді деп жүретін. Міне, керемет! Ал қазір осы кереметіміз қазақ тілінен баламасын тапқан, жас ұрпақтың күнделікті қолданыстағы тіліне айналған жаңа ғылыми техника тілімен, саясат тілімен, мәдениет, философия тілімен ілгерлеп барады. Бүгінгі жас буын үлкендер сияқты «самолет» деп «самбырламайды», «ұшақ» деп «ұшып-қонып» кете береді. «Класс» деп тыраштанбай-ақ «сынып» деп сырғи салады. Осы «ұшақ», «класс» дегеннен шығады. Менің бір жақын досымның баласы ілгеріде, ұмытпасам 2004-2005 жылдар-ау деймін, мектеп табалдырығын аттайтын болып апасы (досымның жұбайы) баласын жетектеп дәрігерлердің тексеруіне барады. Барса, бәрі дұрыс! Баланың денсаулығы, оқуға қабілеті толығымен жетеді. Ақ халатты абзал жандар кітапшаға оң бағаларын беріп, жазып жатады. Тек… көз дәрігері ғана «балаңыздың көзі нашар көретін сияқты» деп тұжырым жасай жаздайды.

Сөйтсе әңгіме былай болған екен. Дәрігер баламызды арқалығы бар орындыққа отырғызып қояды да, бір көзін дөңгелек табақшамен жапқызып, қабырғада ілінген суреттерді сұрай басатайды. «Мынау не?» дейді ол күшікті көрсетіп. Күшік көріп өскен бала күліп жіберіп, «күшік» дейді. «Мынау не дейді?» баланың көзінен көзін алмай қарап тұрған медбикеміз тағы бір мақұлқаттың әлде бір заттың суретін сұқ саусағымен меңзеп. Баламыз жаңылмайды. Бірақ, медбикеміз «ал, мынау не?» деп  «қанатты құсты» көрсеткенде «ұшақ» дейді біздің мемлекеттік тіл мәселесімен ерте шұғылданып қойған «қағынды келгір» қара сирағымыз. «Не дейсің?» деп қайталап сұрайды қайран ақ халатты абзал жан әлдебір «ақауды» баланың бойынан байқап қалғандай. «Ұшақ» дейді ұлымыз ұмтылып. Осы кезде медбике байқұс күрсініп жіберіп: «Татеша, айыпқа айып етпеңіз, баланыз дұрыс көрмейді» дейді досымның жұбайына қарап. «Неге көрмейді? Көреді», — дейді асықпай сөйлейтін біздің құрдас. «Көрмейді, — дейді медбике қыз қызынып кетіп. — Көрсе, самолетті «пышақ» деп ножикпен шатастырмас еді ғой». «Ол «пышақ» деген жоқ, «ұшақ» деді. Өйткені бұ бала «самолет» дегенді естімеген. Самолеттің аудармасын — ұшақты біледі», — дейді мән-жайды бабымен баяндайтын құрдасамыз. Сол кезде барып медбике шіркін, «е-е» десе керек.

Ал біз «е-е», десек те, «не» десек те, кейінгі бірер жылдың жүзінде әлгі «ұшаққа» қарсы «құшақ-құшақ» пікірлерді қаулатып жүрміз. Неге десеңіз, «ұшақ» деген түріктің сөзі екен. Сол түріктің түкке тұрмайтын сөзіне байланбай самолетімізге қайта мінгеніміз дұрыс екен. Тілшілер сөй деп жатыр. Ғалымдар сөй деп. Тілші-ғалымдар былай тұрыпты, ойбай-оу, Елбасымыздың өзі сөй деп жатыр емес пе? Құдай-ау, бізде Елбасымыз айтқан соң жан қалады ма, бәріміз жарбаңдап, жабыла ұрандап ұшақты  расында пышақтап тастауға бел буып, түнеріп алғанбыз. «Ұшақ» деген «ұшынып өлсін» дегендей жағдайдамыз. Сонда деймін ғой,  ұршығы айналғыр  «ұшақ» деген сөздің қазаққа не қастығы болып еді бұрын соңды? Не істеп қойды ол қазаққа?! «Кәрі-құртаң, шал-шауқан, аға буын енді қазақ тілін үйренбейді, үйренсе, жастар үйренеді» деді билігіміз бір кезде. Келісе кеттік, әдетімізше көне қойдық. «Жас буын бірер жылда қазақша сайрап шыға келетін шығар» дестік. Қайдам. Қазақ тілінен айну, қағынан жеру қазақ ортасында сәбет өкіметі кезіндегісінен әрі қарқын алып кетті. Қазақ жастарының «тілін сындырған»  бірер сөздің бірегейі айналайын «ұшақ» еді, соның өзін көп көріп ұшырып әкетпекпіз осы күндері.

Қазақ билігі қит етсе, «халықаралық термин сөздерді қазақшалай берудің қажеті жоқ» деп ежірейіп, қасқыр көрген ешкі көзденіп шыға келеді. Онысын бір реттен дұрыс та делік. Бірақ кейде  қатты кетіп қалады. Мысалы, самолетті әлем халықтары бірауыздан «самолет» деп атамайды. Бүгінгі жер шары тұрғындарына ортақ тіл — ағылшын тілі десек ұшақты, кешіріңіздер, самолетті ағылшын тілін білетіндер «плэйн»  (plane) дейді. Солай екен, ендеше әлгі халықаралықшылдығымыз қайда қалды? Сірә, бұл біздің «халықаралық термин сөздерді сақтайық» дейтін сақтығымыздан емес, ұшақ деген пәлені айтып, түркішілдіктің ұшығына шалдықпай, самолетімізбен салып ұрып сол баяғы «қонысымызға», ормандай қалың орысымызға оралайықтың ашық беті болса керек. Әйтпесе, қазақ тілді ортаға әбден сіңісіп, тіпті оңай айтылатын ұшақта неміз бар? Оны аз десеңіз, «ұшақ» сөзі қазақтың тәуелсіздігімен бірге жасасып, бірге өмір сүріп келеді. Сондықтан  бір қатал заң шығарып, қатаң бақылап, «ұшақ» дегендерді қарақшы, қаныпезерлермен теңдей етіп қамап тастамасақ, халықтың аузы үйреніп қалды, әй, енді тыйлмайды-ау…

Ұшақ сорлының күйін кешіп бастаған тағы бір сөз бізде — мұражай. Мұражай, рас музей. Ағылшын тілінде —  museum. Мұражай, бірақ музейдің қазақ тілінде әп-әдемі баламасы болып қалыптасып үлгерді. «Жай» деп қазақ тұрақ-мекенді, шаңырақты, т.б. атайды. Сонда мұражайымыз мұраға қалған заттардың — жәдігерлердің жайы, баспанасы, үйі деген ұғымды білдіреді емес пе?  Музейді мұражай десек, еліміздің өткен-кеткенін экспонаттар арқылы танығысы келетіндер маңдайшадағы «мұражайды» көріп, мұрнын шүйіріп кетіп қала ма? Түсінбедім. Бұл да сол «сұмдық-ай, қазақшаланып бітіппіз ғой, бүйтуге болмайды» деген қасарыспа мінезден туған қырыс бірдеңе. «Зертхана», «мұрағат» деген сөздердің де қазақылығына билігіміз бишік үйіріп бастады қазір. Ендеше ешбір сөзді, әсіресе, орыстан келген кірме сөздерді аудармай, қазақша баламасын іздемей, түртінбей, шұқынбай тыныш жүрейік. Сол дұрыс. Сол дұрыс десекте тілдің жаңарып, түрленіп, жаңа қуат алып, жаңалыққа бейімделіп өмір сүретін мәдени құбылыс екендігін ойласақ, қайран қазақ тіліне жаның ашиды. Биліктің жаңағындай сөздерге жармасуы —  қазақ тілі ғылымға, заманға икемделмей «қойын құрттап, айранын ұрттап», «жер тырмалап», «аң қағып»  далада қалсын  деген күмәнді пиғылын аңғартады біздіңше. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш ардагерлері бөтен тілден еніп жатқан сөздерді аударғанда оның қазақша баламасын дәл табайық, қазақтан табылмаса, түбі бір түркі жұртымыздан іздейік, олардан да табылмаса, сол сөзді қазақ тілінің табиғи заңдылығына орай пайдалана берейік десіп бәтуаласқан екен. Соны бүгінгі тілші ғалымдарымыз да пайдаланып отыр. Тілшілерімізді «түк білмейтін топас» деуге өз басым әсте келіспеймін. Өйткені тілші ғалымдардың сасясат бақпай алаңсыз жұмыс істеуіне биліктегі бұтты-шаттымен жүрген шолақ белсенділер мүмкіндік бермей келеді. Соның салдарынан болып қазір кәсіби білігі кем, қазақ тілінен мақұрым біреулер   адам ұялатын аудармалар жасап, былайда қағажу көріп жасып қалған қазақ тілін мазақ тілге айналдырып бітті. Қазақтың мазаққа айналған тілі қазір қайда жоқ дейсіз. Әуе компанияларының ұшақтарында, пойызда, халыққа қызмет көрсететін орталықтарда, банктер мен салық органдарында, биліктің дәліздері мен бөлмелерінде, компьютерде, ұялы телефондарда, т.б. Бір қызығы қазақ тілінің төл сөздеріне айналып үлгерген «мұражайлар» мен «мұрағаттарды» «мұрнынан тесіп жетекке алған» билік әлгіндей масқараның біріне міз бақпайды, селт етпейді. Әйтпесе соны қазақ баспасөзі саңырау естіп, меңіреу ұғатындай дәрежеде айтып, жазып болды емес пе? Байқұс қазақ жорналшысына сондай сорақы сөздер мен сөйлемдердің алдында өртеніп өлу ғана қалды. Басқасының бәрі тынды.

Біздің ептеп білуімізше, «ұшақ» пен «мұражайға» байланысты пікір алдымен  Елбасымыздың аузынан естілді. Сол сол-ақ екен, қазаққа, қазақ тіліне, қазақтың ұлттық намысына қарсы ойланбастан тұра шабатын белсенділер жінігіп кетті. Жә, Елбасымыз да адам баласы. Ана тілінде сөйлеп, ән салғанымен тіл маманы емес. Жаңылысуы бек мүмкін. Соны маңындағы жауапты адамдар жігін жатқызып жеткізсе, түсінетін шығар. Әншейінде «Елбасымыздың тапсырмасы» дегенде ауыздарынан жалын төгіп, ақырында істің соңын бұлдыратып жіберетін шенеуніктеріміз неге осы тілге қатысты мәселеде Елбасының «тапсырмасын» артығымен орындауға құлшынып тұрады? Түсіне алмай-ақ қойдым. Жо-жоқ, сіздер түсінетінді мен де түсінемін. Білемін әбден. Бірақ сіздер мына жайтты да біле жүріңіздер: басқа жағдайда басқа, біздің орыс тілді жігіттердің өзі қазақ мәселесіне келгенде Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесінің» кейіпкерлері сияқты «атакем айтсынның» алдына түсе қояды. Қанша дегенімен қазақ қой өйткені. Әңгіме есіңізде ме? Заманнан іргесін аулақ салған, тозған, сол сорлы халіне қарамай өзінше мықтымсыған ауылдың бейбақтары қимылдауға ерініп «атакем айтсын» деп мүлгіп отырады ғой. Біздің шенеуніктер де сондай — Елбасы айтпай ерін қимылдатпайды. Олар осы күндері екі иықтарының ортасындағы мойынға мінген домалақтың не екендігін де ұмытып қалғанға ұқсайды. Әйтпесе, қазақыланған сөздерге қарсылық —  қазақтыққа қарсылық екендігін ұғатын жағдайға жетті емес пе?

ABAI.KZ

Рубрика: