Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ҚР бас прокуроры А.Дауылбаевтың, Маңғыстау облысының әкiмi А.Айдарбаевтың назарына!

Босанамын деп перзентханаға барған маңғыстаулық жас ана Ағырыс Құбашева дәрiгерлердiң қолынан мүгедек болып қалғанын естiгенбiз. Бiрақ соған кiнәлi бiрде-бiр дәрiгер заң алдында жауапкершiлiкке тартылған жоқ, қайта қызметтерi жоғарылады. Ендi мiне, дүниеге перзент әкелемiн деп перзентханаға барған келiнiм дәрiгерлердiң қолынан көз жұмды. Егер Ағырысты мүгедек еткен дәрiгерлер заң алдында жазасын алса, мұндай оқиға қайталанбас едi…
Менiң келiнiм Салтанат Iзмұ­ратқызы 2012 жылы 12 қыркүйекте дәрiгерлердiң өз iсiне салғырт қарауы салдарынан 49 күн бойы ес-түссiз жатып, сол жылдың 29 қазанында Маңғыстау облыстық ауруханасының реанимация және қарқынды емдеу бөлiмшесiнде есiн жимастан көз жұмды. Облыстық аурухананың дәрiгер­лерi 2012 жылғы 10 қыркүйек күнi жiберiл­ген қателiктi түзетпек болып, қолдарынан келген барлық шарасын жасады. Бiрақ келiнiме араша бола алмады. Облыстық аурухана дәрiгерлерiнiң кәсiби деңгейде атқарған қызметiне, науқасты аман алып қалу үшiн жанын сала күрескен еңбегiне алғыстан басқа ешқандай айтар сөзiм, тағар кiнәм жоқ.
Бұған дейiн ешқандай патологиялық сырқаты болмаған, ортамызда жарқылдап жүрген, денi сап-сау 19 жастағы келiнiм­нiң ажалына себепшi болған – Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Светлана (Сәуле) Алиак­барова. Дәл осы кiсi менiң келiнiме екi мәрте ота жасап, клиникалық өлiм жағдайына душар еттi. Бұл жерде С.Алиакбарова менiң келiнiме ота жасамастан бұрын жатыр мойнын (шейкасын) қолымен кеңiту және баланың қағанағын жару кезiнде қателiк жiбергенiн, оның арты сырқаттың көп қан жоғалтуына, клиникалық өлiм жағдайына түсуiне себепшi болған. Бұған аудандық ауруханада 15 жылдан астам уақыт медбике болып жұмыс iстеп келе жатқан Гүлзада Өтеулие­ваның түсiнiк­темесi және аудандық санэпидемио­логиялық стансаның қызмет­керi Жадырасын Таңбаеваның түсi­нiк­те­месi дәлел. Бұл тү­сiнiктеме­лер­дi өткен жылы 21 қазанда Ақтөбеден келген тәуелсiз медициналық сарапшыларға ұсын­ғанмен, олар қабылдаудан бас тартты.
Келiнiм Ақтауға жеткiзiлген­нен кейiн бiр күннен соң – 13 қыркүйек күнi облыс­тық аурухананың жансақтау және қарқынды емдеу бөлiмшесiнiң алдында бiзге кездесiп қалған С.Алиакбарова барлық тумаластарымыздың көзiнше: “Менiң денемдi бөлшектеп кесiп тастасаңдар да мейлi, мен бәрiн дұрыс жасадым. Сенбесеңдер, аурудың тарихын қараңдар”, – деп, бет бақтырмады. Өзiн кiнәлi сезiну, болған жағдайға байланысты кешiрiм сұрау ниетi болған жоқ. Қайта бiзге “Ендi неғылар екенсiңдер маған?” деген мағынадағы астамсу пиғылы анық байқалып тұрды.
Келiнiмнiң өлiмiне екiншi себепкер –Бейнеу аудандық ауруханасының акушер-гинекологы Ләйла Әжiбаева. Бұл да келiнiмдi босандыру процесiне бастан-аяқ қатыс­қан және оған дейiн де келiнiмнiң денсаулығы мен аман-есен босануына тiкелей жауапты адам болған. Ол iштегi баланың iрi екенiн бiлмеген (Әуелгiде бiзге дәрiгерлер, неге екенi белгiсiз, нәрестенiң салмағын “3400 грамм” деген болатын. Алайда сәбидiң салмағы олар ойлағандай емес, 4120 грамм болып шықты), яғни диагностиканы дұрыс жүргiзбеген және келiнiмнiң тұңғыш босануы екенiн бiле тұра, оны дер кезiнде облыс орталығына жеткiзудi ойламаған. Тiптi келiнiм екi күн бойы тол­ғатып, қайта-қайта алдына барған кезiнде әртүрлi сылтау айтып, оны кейiн қайтарып отырған. Тек үшiншi күнi ғана босандыру үшiн ауруханаға қабылдаған.
Үшiншi адам – осы аурухананың анес­тезиолог-реаниматологы Мұхтар Жандәу­летов. Ол келiнiме операция жасау кезiнде кәсiби тұрғыда үлкен қателiк жi­бе­рiп, науқастың кеңiрдегi тесiлуiне жол берген. Соның салдарынан өкпеге ауа толып, жүректiң қысылуына әкеп соққан.
Төртiншi – бас дәрiгер Зәмзәгүл Нұржанова. Ол дер кезiнде тиiстi орындарды, өзiнен жоғары тұрған басшылықты хабардар етпеген, тiптi оқиға болған кезде жұмыс орнында да болмаған. Соның салдарынан науқасқа тиiстi көмек те тым кешiгiп жеткен.
Бесiншi – Маңғыстау облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының бастығы Руслан Бектубаев. Бектубаев өте ауыр жағдай кезiнде жұмысты дұрыс ұйымдас­тыра алмады. Ең болмағанда, сол күнi Ақтаудан бiлiктi дәрiгерлер тобын жеткiзуге немесе ертесiне Атыраудан келiп тұрған реанимобилдi автокөлiк ар­қылы науқасты 4 сағатта Атырауға жеткiзуге болатын едi ғой. Тiптi Атыраудан санавиация шақыртуға да асықпады. Тек бiздiң және жергi­лiктi аудан басшыларының араласуымен, қайта-қайта облыс­тық денсаулық сақтау басқармасына, денсаулық сақтау ми­нистрлiгiне телефон шалуы арқасында ғана 11 қыркүйек күнi таңғы сағат 4.30-да Атыраудан алғаш­қы көмек – құрамында 3 дәрiгерi бар реанимобилдi автокөлiк жеттi.
Атыраудан келген реанимобилдi автокөлiк келген күнi түсте кетiп қалған соң ғана келiнiмдi Атырауға апару жөнiнде әңгiме қозғалды. Ал бұл кезде арнайы жабдықталған реанимобилдi автокөлiк табылмады. Тек ертеңiнде Алматы мен Астанадан тағы да қосымша екi санавиация келгесiн ғана жағдайы одан сайын нашарлай түскен келiнiмдi, онда да арнайы аэромобильмен емес, кәдiмгi тiкұшақпен Ақтауға жеткiзу жөнiнде шешiм қабылданды. Артынан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ләззат Есенғалиева жергiлiктi және республикалық БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында келiнiмдi Атырауға алып кетуге “Құлсарыдағы теракт кедергi болды” деп жалған мәлiмет таратты. Ал ол оқиға (теракт – ред.) келiнiм есiн жоғалтқаннан кейiн екi күннен соң болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ойланып-тол­ғанып, ырғалып-жырғалып жүргенде, келiнiме келiп тұрған тiкұшақты солай қарай – Құлсарыға алып кеттi. Осының барлығы Р.Бектубаев мырза басқаратын денсаулық сақтау басқармасындағы мамандардың шалағайлығын, кәсiби қызметiне салғырт қарағанын көрсетедi.
Келiнiмдi тiкұшақпен алып кетерде бiзге: “Осындай жағдайға нақты не себепшi болғаны жөнiнде шынайы мәлiмет беремiз”, – деген облыстың бас гинекологы Айгүл Телешова бастаған бүкiл дәрiгерлердiң уәдесi орындалмады.
Қазанның 4-iнде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Р.Бектубаевтың атына жолдаған жазбаша арызыма 1,5 айдан кейiн, 2012 жылғы 21 қараша күнi берiлген ресми жауапта дәрiгерлер Л.Әжiбаеваның, М.Жандәуле­товтiң сертификаттарын, С.А.Алиакбарованың жоғары бiлiктiлiк санатын керi қайтару туралы МФҚБД директорына мәселе қойылғаны хабарланған болатын. Бiрақ, менiң бiлуiмше, Л.Әжiбаева мен М.Жандәулетовтер ештеңе болмағандай, күнi бүгiнге дейiн бұрынғы жұмыстарында жүр, ал С.Алиакбарова туралы еш хабарым жоқ. Сонда хат жай көз алдау үшiн жазылғаны ма?!
Мiне, келiнiмнiң 100 күндiк садақасы да өттi. Ал қозғалған қылмыстық iс әлi күнге дейiн сөзбұйдаға салынып, аяқталмай келе жатыр. Келiнiм қайтыс болған күнi жасалған паталоганатомның медициналық сараптама қорытындысы бола тұра, сот-медициналық тексеру сараптамасы (тергеушi М.Изимовтiң маған түсiндiрге­нi) тағайындалған. Ал оның қорытындысы әлi күнге дейiн дайын емес. Мен осының бәрi қолдары ұзын, құзыретi күштi ден­сау­лық сақтау саласы басшыларының ықпалы, тиiстi қорытындыларды тiптi тергеу орындарына да уақтылы бермей, уақыт созуы деп түсiнемiн. Тергеу органдары да өз iсiне қалай болса солай, нем­құрайды қарап отыр деп бағалаймын. Әйтпесе, 3 ай уақыттың iшiнде тергелiп-тексерiлiп бiтпейтiн бұл не қылған iс?! Менiң­ше, бұл жерде осы iстi жылы жа­уып қоюға мүд­делi, құрығы ұзын әлде­бiреулердiң ықпалы бар сияқты.
Сондай-ақ, бiздiң бiлуiмiзше, ана өлiмi ол босанғаннан кейiн 42 күннен кейiн болса, ана өлiмi болып есептелмей­тiн, әдеттегi науқастың өлiмi ретiнде тiркелетiн циркуляр бар екен. Ол бойынша, денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мұндай өлiмге тiкелей ана өлiмiне себепкер ретiнде арнайы жауапты болмайтын көрiнедi. “Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ана өлiмiнiң көрсеткiшiн азайтып көрсету, сөйтiп жауап­кершiлiктен жалтару үшiн осы мерзiмдi күткен жоқ па?” деген күдiгiмiз бар. Бұл тiкелей нәрестенi босандыру кезiнде кеткен қа­телiктердiң салдарынан, бала туу кезiнде қайтыс бол­ған келiнiмнiң қазасын қатардағы жай науқастың өлiмi санатына жатқыза салу мақсаты емес пе?!
Қорыта айтқанда, бұдан былай дәрi­герлердiң жауапсыздығынан ана өлiмi болмас үшiн Сiздерден келiнiм Салтанат Iзмұратқызының мезгiлсiз қазасына себепшi болған кiнәлi дәрiгерлердiң тиiстi жазасын алуына ықпал етудi сұраймын.
Балта Қосбармақ,
Маңғыстау облысы,
Бейнеу ауданы,
Бейнеу кентi.
http://zhasalash.kz/kukyk-zan/9149.html

Рубрика: