Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 25 наурыз. BAQ.KZ – Елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артқанымен, біліксіз дәрігерлерге шағымданатын тұрғындар саны да өсіп келеді. Әсіресе, аймақтардағы жағдай күрделі. Дәрігерлердің салғырттығына куә болған ақтаулық тұрғын Райхан Сүйіндікова ҚР Денсаулық сақтау министріне шағым айтып, ақ халаттыларға шара қолдануын сұрап отыр.

Оқыс оқиға Райханның танысының отбасында орын алған. Бір жарым жастағы Темірлан үйдегі ересектермен балық жеп отырып, қылтығын жұтып қойса керек, қақалып, тұншыға бастапты. Ата-ана сәбиді дереу ауруханаға жеткізген. Ондағылар қорқудың қажет еместігін және мұндай жайттар жиі орын алып тұратындығын айтып көңіл жұбатқан.
Алайда, қорқынышты түгі жоқ деген дәрігерлер өңештегі қылтықты аламыз деп, жасынан енді асқан нәрестенің өкпесін тесіп жіберген. Бәленің барлығы осыдан басталыпты.
Он күндей ауыр халде ауруханада жатқан нәрестенің жарасының тігісі сөгіліп, өкпесіне ауа кіре бастаған. Салдарынан өкпе қысылып, баланың өздігімен демалуы қиындап қалған. Ал, дәрігерлер болса ары қарай қолдарынан түк келмейтіндігін айтып, Астанға жол көрсетіпті.
Осылайша, айналдырған бірер аптаның ішінде астан-кестеңі шыққан отбасы сәбиін құшақтап Елордаға жеткен, білікті мамандардың көмегіне жүгіну үшін. Айтуларынша, астаналық дәрігерлер бар мүмкіндікті пайдаланып, науқас сәбиді өлімнен арашалап қалған. Артынша олар Ақтаудағы әріптестеріне хабарласып, мән-жайды білмек болған екен. Алайда, ондағылар сөйлесуден бас тартыпты.
Бүгінгі таңда Темірлан ес-түсін біледі, бірақ өздігімен демала алмайтын көрінеді. Астана дәрігерлері бұдан әрі көмек медициналық беруге қауқарсыз екендіктерін айтып, Мәскеуде емделуге кеңес беріпті. Ал, оған жұмсалатын үлкен қаржы сәбидің ата-анасында жоқ.
Шағымданушы тарапты ақтаулық дәрігерлердің біліксіздігі мен салғырттығы да ашындырып отыр. Шара көру өз алдына, мұндай жайттар қайталанбас үшін өңірдегі медицина мамандарының жауапкершілігін арттыра түсу керек дейді олар.

http://baq.kz/news/25225

Рубрика: