Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кеше Парламентке келген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жаппай дағдарысқа дайындалу қажеттігін жариялады. Осыған байланысты Қазақстан Көшбасшысының тапсырмасымен, ел Үкіметі жаңадан «Дағдарысқа қарсы бағдарлама» әзірлепті. Егер бұған дейінгі жаһандық күйзеліс тұсында әлемнің даму беталысының және соған сай қимылдаудың қос нұсқасы, яғни басты бағдарлама мен «Б жоспары» түзілген болса, енді басты болжамның сыртында бір емес, бірден екі «пессимистік сценарий» жазылып отыр.

Осы орайда Парламент Мәжілісі арнайы «Үкімет сағатын» өткізіп, онда қа­лаулылар «Экономикалық өсімді жә­не жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы үн қату шаралары» жайын тың­дады. Негізгі баяндама жасаған Эконо­мика және бюджеттік жоспарлау минис­трі Е.Досаев Еуро­аймақты дағдарыс жайлағанын, Американың қаржылық-салықтық проблемалар батпағына ба­тып бара жатқанын, ал «Аспанасты еліне» өсуі баяулағанын әңгімеледі.

Министрдің айтуынша, «борыш­­тық дағдарысқа байланысты» Еуро­аймақ рецессияға кірген. «Үшінші тоқсан қатарынан оларда жалпы іш­кі өнімінің өсімі теріс болды, – деп мәлімдеді Ерболат Асқарбекұлы.

– Борышының жиынтықтық көр­сеткіші ЖІӨ-сінің  90 пайызына – рекордтық межесіне жетті. 18 мил­лионнан астам адам жұмыссыз».
АҚШ-ты «бюджет тапшылығын қыс­қарту проблемасы» құрдымға тартып барады. Америкалықтар­дың тапқан та­быстарынан артық жұмсаған шығыны баяғыда-ақ триллион доллардан асып кеткені мәлім. Осы кесапатты тоқтату үшін күні кеше Барак Обама арнайы ше­шім қабылдап, ел бюджетін 85 мил­лиард­қа қысқартуға барғалы отыр. Бұл 180 мың­дай адамның «жұмыссыз» қалуына әкеп соқтыратын көрінеді. «Ең алдымен, бұл қиындық бюджет шығыстарын қысқар­ту әдісімен шешілмек, бірақ бұл Құра­ма Штаттар экономикасына еш күмәнсіз, теріс әсер етеді. Өткен жетіден, ақпанның 28-інен бастап, 85 миллиард дол­лар­ға Америка бюджетіне секвестр жасал­ды. Бірақ оны наурыздың 27-сіне дейін қос палата бекітуі қажет» деп қа­­зақстандық қалаулыларды құлағдар еткен экономи­ка министрі егер АҚШ-тың Сенаты мен Конгресі осы мәселеде Обаманы қол­дап, өзара мәмілеге келмесе, бұл мемлекет­тің жағдайы қиынға айналатындығын болжады.

Жаһандағы «№1 алпауытқа» айна­­луы мүмкін көрші Қытай ше? Е.Досаевтың мәліметінше, ҚХР-дың жалпы ішкі өні­мі былтырғы жыл қорытындысында, 7,9 пайыздық дең­гейде ғана қалыптасты. «Бұл соң­ғы 13 жылдағы ең төмен көр­сеткіш! – деді министр. – Бұл ретте қы­тай­лық юаннің және қытайлық жұмыс кү­ші құнының өсуі таяу уақытта Қы­­тай экспортының бәсекеге қабілетті­лі­гінің төмендеуіне әкелуі мүмкін».
Оның үстіне халықаралық беделді сарапшы­лар «Аспанасты елінің» өсу қарқыны биыл­ғы жылы да былтырғыдан көп болмайды деп бол­жауда екен.

Енді осының бәріне Қазақстанның жауабы қандай болмақ?
– 2013-2015 жылдарға арналған «Дағда­рыс­қа қарсы жоспар» әзірленді, – деп жария етті экономика министрі Е.Досаев. – Ақпан айы­ның басында ол жаңартылып, онда жа­һандық экономиканың даму болжамы және металлур­гияға әлемдік бағалардың құбылуына байла­нысты ықтимал даму сценарийлері ес­керілді. Атап айтқанда, дамудың үш сце­на­рийі – «Ба­залық», «Пессимистік 1-ші» және «Пессимист­ік 2-ші» сценарий қарасты­рыл­ған.

Бұл ретте «Базалық сценарий» шеңберін­-де «Үкімет прагматикалық саясат жүргіз­бек». «Ол экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті кең ауқымды дамыту, иннова­цияларды жандандыру және жаңа жұмыс орындарын құру негізінде, жоспарланған дең­гейде серпінді өсуді қамтамасыз етеді, – деді Е.Досаев. – Макроэкономикалық тұрақты­лықты қамтамасыз ету үшін бюджеттік сая­саттың теңгерімділігіне және мемлекеттік шы­ғыстардың тиімділігін арттыруға қатысты жаңа тәсілдер әзірленетін болады. Мемлекеттік борышты және мемлекеттік қаржының тұ­рақтылығын қалыпты деңгейде ұстау үшін жалпы ішкі өнімге қатысты бюджет тапшы­лықтарын және мұнайлық емес тапшылық­-тың өсуін тежеу жоспарлануда». Мұнайды сатудан түсетін түсімдерді Ұлттық қорда бел­сенді жинақтау жүрмек. Мұның сыртында мемлекет ел экономикасының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етпейтін жобаларды тоқтататын болыпты.

– Дамудың шектен тыс пессимистік сце­на­­рийі орын алған жағдайда мемлекеттік шы­ғыстардың өсуін қарастыратын контрциклды шаралар қолданылатын болады, – деп мәлім етті экономика министрі. – Жылдық инфля­цияны 6-8 пайыз шеңберінде ұстап тұру үшін Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияға қарсы ша­ралар қабылдайды. Теңге бағамының тұ­рақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлт­тық банк алтын-валюта резервтерін пайдала­натын болады.

Яғни «пессимистік сценарий» шынға айна­лып, әлем басына «күн туса», Қазақстан бұған дейін жиған алтын-қаржы қорын «жей» бастамақ. Мемлекет осылайша, «ауыр кезеңде» «әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әлеуметтік міндеттерін орындауға» ты­рысады. «Ерекше шаралар ретінде капитал­дың елден кетуін шектеу бойынша валюта­-лық реттеу шаралары қарастырылған» деп ескертті Ерболат Досаев. Ол «пессимистік сценарийлерде» бұларға қосымша, елде жұмыссыздықтың өсуін болдырмау және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету шаралары барлығын айтты.

Бір қызығы, мемлекет, күйзеліске қара­мастан, билікті орталықсыздандыруға белді бекем буыпты. Осы орайда шенеуніктерді қайта қоныстандыру басталмақ! Астана мен облыс орталықтарындағы мыңдаған шенеу­ніктер ауыл-ауданға лек-легімен аттан­ды­рылады. «Өткен аптада ғана Әкімшіліктік реформа жөніндегі ведомствоаралық комис­сияның отырысы өтіп, онда комиссия өкілет­тіктерді ажырату жөніндегі жаңа заң жобасын бекітті, – деп хабарлады министр Е.Досаев.

– Біз оны сәуір айында-ақ Парламенттің қа­рауына енгізуді жоспарлап отырмыз. Ондағы негізгі нормалар – функцияларды орталық­сыздандырып, оларды республикадан, об­лыстардан – ауылдарға нақты беруді көздейді. Ендігі Елбасының тиісті шешімі, резолюция-қарар да бар, соған сәйкес біз 5 мың бірлік штатты аймақтарға береміз».

Бұл жерде орталық атқарушы органдардың 4,5 мың қызметкер, халыққа жақын болуы үшін сол органның аумақтық бөлімдеріне ауыстырылатын көрінеді. Тағы 500 штаттық бірлік әкімдер аппараттарын оңтайландыру есебінен алынады. «Облыстық әкімдіктер оңтайландырылып, оның аппаратындағы біраз штат ең төменгі деңгейге беріледі! Яғни 5000 бірлік ауылдарға келеді, – деп нықтады Ерболат Асқарбекұлы. – Екіншіден, осы штат­тық бірліктермен бірге ауылдарға қар­жы­лар барады. Бұған қоса 2014 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, жекелеген алым мен төлемдер түрлері ауылдық округтерге, солардың бюд­жет­теріне көшіріледі». Ол – ол ма, қазіргі кезде аудандар жүзеге асырып, қаржысын бө­летін көптеген бағдарламалар да аудан әкім­дерінен тартып алынып, ауылдардың басшы­ларына та­быс­талмақ: «Қазіргі кезде аудандық бюджеттен қаржыландырылатын 15 бюджеттік бағдарла­малар да аудандық деңгейден ауыл­дық дең­гейге берілуі мүмкін». Тағы бір жаңалық: ауылға аттанатын шен­ділер қатары 5 мыңмен шектелмеуі ғажап емес! «Мемлекет басшысының тағы бір тап­сыр­масы бар, – деді экономика министрі.

– Ол функциялардың бірін-бірі қайталауына қатысты. Біз бірінші рет жаппай ревизия жүр­гіздік, нәтижесінде тағы қосымша 920 штаттық бірлік те жергілікті деңгейге көшетін болды. Біз санадық, орталық және жергілікті атқа­рушы органдар арасындағы «дублирующий функциялардың» 95 пайыздан астамы осы­лайша жойылады».

Сөз соңында экономика министрі қазіргі кезде Астана, Алматы және облыс орта­лық­тарында отырған қызметкерлерді енді ауылға көшіру арқасында ауылдықтардың мемлекет­тік қызметтерге қол жетімділігі проблемасы ше­ші­летіндігін айтты. «Қаржылармен байла­нысты барлық өзгерістерді, бюджетті нақтылау аясында, 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқ­тауды жоспарлап отырмыз. Яғни ауыл әкімін сайлаумен бірге ақша, штат келеді, жарақ­тандыру жүреді. Елбасы Үкіметке және облыс әкімдеріне тапсырма берді, бізде осының бар­лығын қалай жүзеге асыру керектігі көрсетілген нақты іс-шаралар жоспары бар» деп сендірді Ерболат Досаев.

Айхан ШӘРІП

 

Айкын.

Рубрика: