Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Өткен апта әлемдік қор және тауар биржаларындағы бағалардың түсуімен есте қалды. Алтынның мысқалы бақандай 300 доллар жоғалтып, 1400 доллар деңгейіне дейін төмендеді. Өндірістік басқа металдардың да бағасы арзандады. Әдетте алтын бағасы түскен шақта көмірсутектердің бағасы өсіп шығатын еді. Бұл жолы олай болмады. Мұнай баррелі бір аптаның ішінде бақандай 15 долларға арзандады. Мұнымен бірге қор биржаларындағы бағалар түсіп, индекс-индикаторлар шамамен 3-4 пайызын жоғалтты. Мәселен, Доу Джонс алдыңғы аптада 14 800 пункттен асып, 2007 жылдың тамызына дейінгі дәрежесіне жетіп қалған еді, қазір ол 14600 пункт деңгейіне ғана иек артып тұр. Жапонияның Никкей индекс-индикаторы да шамамен 200 пункттен айырылып қалды. Жалпы алғанда бүкіләлемдік қор биржаларындағы индекс-индикаторлар түгелдей дерлік «жүдеді» деуге болады.


Дүниежүзілік қор және тауар биржаларындағы осындай келең­сіз жайтты байқаған халық­аралық сарапшылардың пікірі қақ­ бө­лін­ді. Біреулері «дағдарыс ширы­ғып кетті» деп түңіліске бой ал­дырды. Ал енді біреулері мұндай келең­сіздіктің басты себепкері Америка Құрама Штаттарында сланец жанармайын өндірудің қуат­ты көзге айналуы дегенді айт­ты. Ал біз болсақ, бұған дейін де «Айқын» газетінде жаз­ғанымыз­дай, «баяғы дағдарыс жалғасып жатыр, бірақ бұл уақытша дүр­бе­лең, АҚШ жаңа шикізаттан ала­тын жа­нар­май әлемдік тауар бир­жаларында мұнай бағасын, тү­сіре­тін кез әлі алда, ол шамамен 2016 жылға қарай есік қағады» деген пікірдеміз. Сондықтан да өткен аптадағы баға құлдырауы «ненің салдары?» деген сұраққа жауап беруді жөн көрдік.

Салдардың себептері:

А) Алтынның құнсыздануы. Осынау бағалы металл бір кездері мысқалын 1800 доллардан  асы­рып, әлемдегі ең пұлды инвес­ти­­ци­ялық көзге айналып кеткен еді. Мұның  басты себебі 2007 жылғы тамыздан соң инвесторлар құнды қағаздан мүлде түңіліп кетті де, «барымызды сақтайық» деген ұстаныммен ал­тын­ды жап­пай сатып ала бастады. Сөйтіп, сары металл дүниедегі ең қымбат ин­вес­­тициялық көзге айнал­­ды. Бұл жердегі үлкен қателік қар­жылы топтың сауатсыз­дығы­нан туын­дады. Олар Америка қор бир­жа­сында құнды қағаздар баға­сының түсуін қаржы әлеміндегі «ақыр­заманның» өзі деп білді. Ал оң­түстік-шығыс Азияның даму­шы мем­лекеттері мен Қытай дүние­жүзінің ендігі үміті екенін естен шығарды. Олар тіпті Ба­тыс­тың озық технологиялы өндірісі оң­түстік-шығыс Азия мем­лекет­тері мен Қытайға қоныс аударып жат­қа­нын да есепке алмады. Өмір ақи­­­қатында қаржы жетімсіздігі азғ­­­­­­­­­а­­на уақыт әлсіз мемлекеттерде се­зіл­се де Қытай және оңтүстік-шығыс Азияның дамушы мем­лекеттерінде өндіріс­тік өсім қар­қыны бәсеңдеген жоқ. Әлемдік экономика бұл аймақтан жылына шамамен 7-10 пайыздық өсім алып тұрды. Қысқасы, Ба­тыс­­тың «қазаны ортайған сайын» Шығыс­тың «қазаны тола берді». Бір сөз­бен айтқанда, баяғы теңдік ша­­ма­мен деп айтсақ та сақталды. Бұл арифметика тілінде «қосыл­ғыш­тардың орны ауысқанымен қо­сынды өзгермейтінін» өмірде дә­лел­­деу болып шықты. Міне, өмір­­­дің осындай ақиқатын көре ал­маған жекелеген шағын мем­лекеттермен (оның ішінде біздің Қазақстан да бар) жекелеген инвесторлар 2008-2010 жылдар аралығында алтынды сатып алуда жарысқа түскендей болды. Нәти­же­сінде сары, металл шексіз қым­бат­­тауға ұмтылды. Енді, міне, әл­ем­­­­­дік на­турал­ды өндірісте «қо­­­­­сын­дының өзгермегеніне» көздері жеткен жекелеген инвес­тор­лар қазыналарындағы алтын­дарын қайтадан сатып, ақшаларын деви­дент алатын құнды қағаз­дарға, ескерте кетейік, оңтүстік-шығыс Азия және Қытай қор биржала­рындағы құнды қағаз­дарға сала бастады. Тауар бир­жа­сындағы алтын массасы көбей­ген кезде сары металдың бағасы түсе­тіні табиғи заңдылық. Екіншіден, Батыс Еуропаның бірқатар мем­лекеттері сөздің тура мағынасында ауыр дағдарысты бастан кешіп жатыр. Аймақта азаматтық теке-тірестер жиілеп кетті. Осындай жағдайда тыныштықты аз да болса сақтап, экономикаға «дем салу» мақсатында мемлекеттер қазыналарындағы алтындарын сатуға шығарды. Бұған да тауар бир­жасындағы алтын массасын кө­бейт­­кені себеп. Себептер бел­гілі болған соң салдар қандай көрініс таппақ деген сұрақтың жауабын іздеу керек. Біздіңше, алтын бағасы шамамен ең көп дегенде бір айдан соң қайтадан көтеріледі. Қаржы әлеміндегі оның құны шамамен 1800 доллар деуге болады. Олай болса, Еуро­паның Грекия, Кипр, Италия, Испания секілді тығырыққа тір­ел­ген мемлекеттері тауар бир­жасына шығарып, алтындарын сатып біткен соң сары металл қайтадан құнды инвестициялық көзге ай­на­лады. Демек Қазақ­станның ұлт­тық қорларындағы «алтын­данған» байлығымызды қазір саудаға шығаруға мүлде болмайды. Реті келсе сары метал­ды әлі де са­тып ала берген дұрыс. Бұл сөздің ақиқаттығы 2016-2017 жылдарда өмірден көрініс табады. Иә, 2016-2017 жылдарда дағдарыс салқыны бізге де тиетінін күні бұрын ескер­ткіміз келеді. Оған дейін алаңсыз жұмыс істеу керек.

Ә) Мұнайдың құнсыздануы. Баррелі 118 долларға бағаланып келген мұнай өткен аптаның ортасында 97 долларға түсіп қалды. Бақандай 20 доллар жо­ғалт­ты. Мұның басты себебі Америка Құрама Штаттарында сланец жанармайын өндірудің көбейіп кеткендігі емес. Ескерте кетейік, АҚШ үшін табиғи мұнайдан жанармай алу әлдеқайда тиімді. Ал жанармайды басқа шикізаттан алуға АҚШ амал­сыздан барып отыр. «Егер мұнай шексіз қымбаттауға ұмтылса, оған тәуелділіктен қашу» бұл жаңа­лықтың басты қозғаушы күші. Сондықтан да АҚШ қанша жерден сланец жанармайын өн­діруді жолға қойса да, өзіндік құндағы айырмашылық мұнай жанармайында тиімді болған деңгейде «бастаған істерін» тежейді. Бұл – бір. Екіншіден, қазір мамыр айының фьючерсі са­тылы­мда. Ал АҚШ, Канада, Еуроодақ, Ресей, Қытайдың солтүстігі, Жапония секілді аймақтарда өндірістің жандануы мамырдың аяғында басталады. Жанар-жағармайдың көп жұм­салатын кезі сол кезден өріс ала­ды. Қазіргі қаңтарулы жекемен­шік автокөліктер сол кезде «жолға шығады». Қысқасы, мұнай өнім­дерін көп пайдаланатын шақтың фьючерсін сату әлі бас­талған жоқ. Үшіншіден, ОПЕК картелі дұрыс баға мұнай бар­релінің 100 дол­ларлық шамасы деген есепке тұрақ­таған. Бұл мөлшер жалпы ал­ғанда барлық мұнай экспорт­тау­шы жақтарды қанағат­тан­ды­ра­ды. Ол-ол ма, мұнай экспорт­тау­шылары үшін де бағаның бұл дең­гейі «үлкен ауыртпалық» емес. Де­сек те ОПЕК кар­телінен тыс­қары мұнай экспорттайтын Ресей, Венесуэла секілді алыптар баға өскен сайын өндірісті шектен тыс молайтып жібе­рген. Кімнің мол пайдаға ке­нел­гісі келмейді?! Міне, осындай пайдакүнемдік ықы­лас тауар биржаларындағы мұ­най фьюче­р­сінің массасын мо­лай­тқан. АҚШ, Канада секілді мем­­лекеттерде мұнай сақтайтын ыды­стар «бол­май қалыпты». Бәрі толған. Иә, қысы ұзақ, сондықтан да жанар-жағармай пайдаланатын ма­шиналар  автокөлік тұрақ­та­рын­­да тұратын мемлекеттерде қа­зір мұ­най сақтайтын ыдыстардың бо­самай қалуы табиғи заңдылық. Олай болса, өткен аптадағы баға түсуі де табиғи заңдылық.

Баға қай деңгейде болмақ? Бұл сұрақтың да жауабы дайын. Біріншіден, ол ең кемі 100 дол­лардан жоғары болады. Өйткені ОПЕК картелі баға бұдан түссе өндірісті және экспортты күрт азай­тады. Сөйтіп, қайткен күнде де бағаны өздері қалаған деңгейге жеткізеді. Біз баға шамамен 115-120 доллар көлемінде болады деп ойлаймыз. Өйткені әлемдік эко­но­­микадағы натуралды өндіріс мөлшері биыл былтырғыдан ең кемі екі пайызға жоғары бола­тынын Халықаралық валюта қорының сарапшылары да мо­йын­­даған. Олар Қытайдың жыл­дық жалпы өнімінің өсімі 7 пайыз көлемінде болады деп отыр. Ал Қытайдың экономикалық өсімі мұнай бағасын өсіретін қуатты күш. Екіншіден, АҚШ мемлеке­тінде қымбат жанармайды өн­діруге ақша жұмсау тиімсіз болар еді. Бұл да ескеріледі.

Б) Құнды қағаздар неге арзан­дады? Әлемдік сарап­шыларды таңғалдырып тұрған осы сұрақ. Әдетте шикізат және алтын бағасы түскен кезде құнды қағаздар қымбаттап шыға келуші еді. Бұл жолы олай болмады. Неліктен? Біз үшін бұл да жауабы қиын сұрақ емес. Біріншіден, бірінші тоқсанда Нью-Йорк және Токио қор биржаларындағы құнды қағаздар ешқандай себепсіз қолдан қымбаттатылды. Турасын айтқанда, АҚШ және Жапонияда жылдық ішкі жалпы өнімнің өсім мөлшеріне құнды қағаздар баға­сының өсімі пропорционалды болмады. Мысалы, АҚШ қор биржасында ол  бір тоқсан ішінде 12 мың пункттік деңгейден 14 800 пункттік деңгейге дейін «секірді». Ал Токио қор биржасында 9000 пункт­тік мөлшерден 13 мың пункт­тік деңгейіне бір-ақ «ыт­қып» шықты. Ал екі елде де на­туралды өсім ресми мәліметтердің өзінде 2-3 пайыздан асқан жоқ. Айыр­машылық «жер мен көктей».  Ин­вес­торлар өз қолдарымен өздері жаңа «көбік» жасап шы­ғарды. Кипрдегі жағдай шие­ленісіп, «көбіктің» опа бер­мей­тінін түсінген инвесторлар енді «аяқты аңдап басуға» ауысты. Мінеки, құнды қағаздар баға­сының төмендеуі осының сал­дары. Турасын айтқанда, құнды қағаздар бағасының түсуі табиғи заң­дылық. Өйткені Батыстың бір­де-бір мемлекетінде жұмыс­сыздық көрсеткіші былтырғыдан азайған жоқ. Кейбір мем­лекет­терде керісінше өсіп тұр.  Демек Доу Джонс индекс-инди­каторының табиғи деңгейі 13 мың, Никкейдің деңгейі 11 мың пункт деп нысанаға алған инвесторлар ғана ұтылмайды. Қысқасы, биыл да Батыс пен Токио қор биржаларындағы құн­ды қағаздардан түсетін девидент «жарыта қоймас». Бұдан шығатын қорытынды құнды қағаздарға инвестиция Шығысқа ауысады деген сөз. Сондай-ақ алтын ба­ғасы жоғарыда айтқанымыздай, мысқалына 1800 долларлық дең­гейіне қайтадан талпынады.

Қазақстан «жүрісі» Шахматтағы «аттың жүрісі» дейтінді өмірде «тосынсый» секіл­ді сипаттайды. Әрине, бұл алыпсатарларға тән қасиет. Ал Қазақстан секілді ырғақты да­муын жоғалтпаған мемлекет үшін «вело­сипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Ұлт Көшбасшысы тапсыр­­масындағы «2050 стра­тегиясына» сай бағдарлама жасап, сол бойынша жұмыс жасай бер­сек, «мұртымызды балта шап­пай­ды». Ескеретін тұстар мыналар:
1) «2050 стратегиясына» тек ин­­но­вациялық жобалар енуі қажет.
2) Ұлттық қорларға алтын жи­науды жалғастыра түскен жөн.
3) Отандық тұтынушыларды жанар-жағармаймен толық қам­тамасыз ететіндей мұнай өңдеуші шағын зауыттар өндірісін жолға қоюға тиіспіз.
4) Электр энергиясын им­порттауды азайтатын, мүлде жоятын кешенді бағдарлама жа­сап, жүзеге асыруымыз керек.
5) Белоктың қымбат түрін ғана экспорттайтын бағдарлама бо­йын­ша жұмыс істеу пайдалы.
6) Ішкі базарда бағалар мен тариф­терді «уыстан» шығармай, ин­фляцияны екі пайыздық деңгейге дейін түсіруге күш жұм­сау басты мәселе.
Иә, өткен аптадағы баға­лар­дың жаппай түсуі «ақырзаман» емес. Десек те, 2016 жылы есік қақ­пай қоймайтын мұнай баға­сының аса мол мөлшерде түсуіне бүгін дайындығымызды ширатуға тиіспіз.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: