Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Біздің жоғарыдағылар байқаусызда біреуміздің аузымыздан: «Қашан қазақ мемлекетін құрамыз?», — деген лебіз шығып кетсе, ара шағып алғандай шоршып түседі. Солардың сол босбөкселігінің, «арты бостығының» салдарынан жер бетінде қазақ мемлекеті деген мемлекет құру мүмкін болмай тұр. Қазақ мемлекеті түгіл әңгімесін бір-біріне «ағашка», «сестренка», «короче» деп бастайтын әл-әзір қазақ деген аты ғана бар жан иелерінің ар-намысы, ұлттығы, ақыл-парасаты қандай бейшаралық күйге түскенін олар шығарып жатқан киноларынан-ақ ап-анық көруге болады. Егер біздің астына жүз мың долларлық зілқара машина мініп, ыңыранып сөйлеп, маң-маң басқан байсымақтар мен ірілі-уақты әкімшіктерде, билер кеңесіндегі (парламенттегі) беделділерде ұлттық намыс, ұлтымның ар-ұятын қорғайын деген құрттай бір   парық, парасат болса, қазақ ұлтының қылық-қылуаларын екі аяқты малғұнның о жақ бұ жағы қып көрсететін «Келін», «Қайрат чемпион», анда-санда « жаным», «ойбай» деген екі-үш ауыз қазақшаны араластырып, тек орысша сөйлейтін «Жаным» сияқты фильмдерді не өртетіп, не соларды шығарғандарға, КТК-ның «наша казашасындағы» жас жұбайларға беретін ақ тілек, ақ батаны орысша сайқымазақ өлеңге айналдырып, аузын бір жағына қисайтып өзі де мазақ болып, қазақты да мазақ қып тұрған әнебіреуге тоқтау салар еді-ау. Амал не, бүгінгі қазақ ондай ұлттық дегдарлықтан, ондай ұлттық жанкүйерліктен, ұлттық намыстан мақұрым. Немесе соңғы 20 жыл бойы теледидар, баспасөз, шетелдің қанқасап фильмдері арқылы жүргізілген бейбағыт, беймақсат, батысқа жалаң еліктеу идеологиясы бізді ұлттық намыстан әдейі мақұрым қылуға арналды. Осы арада белгілі драматург, жазушы Әкім Таразидің ақсақалдық сөзтұтқасын келтірмей кете алмайсың. Жоғарыда біз айтып отырған ұлт уайымымен үндес ойларын тоғыта келе ол кісі: «Бүйте берсек, халқымыз қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебенімен сәбилеріміздің санасындағы ұлттық құндылықтарды шайып кететін жат жұрттық, біздің ұлттығымызға мүлде жат бүлдіргі мәдениеттерге қолдау жасайтын болады. Біз қазір америкалық киноларды, америкалық және батыс еуроплық поп-әуендерді жылтырақ шетелдік журналдарды өзіміздің БАҚ-тар арқылы өзіміз керемет насихаттап, өзіміз соларды асырап байытып отырмыз. Иә, Америка Құрама Штаттарында Жазушылар одағы деген жоқ, өйткені олардың бүкіл мәдениетінің пайда болғанына екі жүз жыл да толған жоқ. Ол жаққа барған ирландиялық та, ағылшын да жергілікті үндістердің сауатын ашайық деп Шекспирдің кітабын көтеріп емес, мылтық кезеніп, байлық іздеп барды. Орыс аңыз-әңгімелерінде атақты үш батыр бар, қазақта Қобыланды, Алпамыстар туралы толып жатқан жыр, қиссалар бар. Ал олардың «қиссасы» — Шварценеггер. Сонда біз өзіміздің талай ғасырлық тарихымыз, талай ғасырлық әдебиетіміз бола тұра жат жұрттықтардың осындайларына елпілдейтіндей не күн туды?»- деген сәруарлық ой тастайды. («Простор» №9, 2010). Бүгінгі  ұлттық өнеріңе, ұлттық әдебиетіңе деген запыраныңды бұдан артық ақтарып көрсету мүмкін бе?

Әрине, біз соңғы 300 жыл бойы орыс яки Ресей отаршылдығының құрсауында болуымыз да осылайша ұлттық, табиғи қасиеттерімізден айрылып қалуымызға әкеп соқтырды. Әйтседе, соңғы 70 жылдық орыс отаршылдығынан босай салысымыен өзге ТМД республикалары әрқайсысы өз алдына нағыз ұлттық мемлекет құруға ашықтан-ашық бет бұрып, әрқайсысы өз жолымен дінін, тілін, ұлттық мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық өнерін саф күйінде сақтап жаңа бір ұлттық келешекке бет бұрды. Ал біз өйтудің орнына бәрін «халықаралық стандартқа» салуға кіріскенімізді көргенде, сірә, біздің не қазекең, не оның басшылары қай нәрсенің де ұлтқа зиянды тұстары болатынына «бас қатырғысы» келмейді-ау деген ойға кетесің. Сөйтесің де, құсаңды кімге айтарыңды білмей, шерменде бір күйге түсесің.

Өткен бір жолы кино туралы мәліметтерді ақтарып отырып, Өзбекстанда кинодан түсетін пайданың 90 пайыздан астамы олардың өздері шығарған фильмдерден, яки ішкі прокаттан түсетінін көрдім. Және олардың фильмдері көбіне Шығысқа, мұсылман елдерінің адамгершілік сана-сезіміне, ой-түйсігіне бейімделіп, әрине, ең әуелі өзбек халқының ұлттық жан-дүниесіне сай ұрпақ тәрбиелеуге бағышталады. Міне, шын тәуелсіздік алған ел деп осыны айт! Ал біздің әлгі «Жаным», «Астана любовь моя», «Келін», «Перекрестоктар» ше? Құдайшылығын айтыңызшы, бұлар қазақты біріншіден мазақ ету, екіншіден қазақты не орыс, не қазақ емес аралас тілді, қаны да әркіммен араласып кеткен будан бірнәрсеге орыстың жалпақ тілімен айтқанда «смесь бульдога с  носарогом»-ға айналдыру емес пе? Ал КТК-дағы «Наша казашаны» жас балаларға дәріс беріп жатқан сынып мұғалімімен және жас жұбайларға орысшалап мазақ қып тұрған батасымен қосып сотқа беретін кез әлдеқашан келген. Жалпы «КТК» арнасындағы «жаңалықтар» тек кісі өлімі, жол, көлік апаттары, өрт апаты, есірткімен ұсталғандар, адам тонау туралы ғана екені қалай? Бұл мәселені Ақпарат министрлігі жедел көтеруі керек сияқты.

Өзбек фильмдері демекші, біздің қазақтарда қазір бізбен тілі бір, діні бір өмір-бақи қыз алысып, қыз берісіп  отырған бауырлас өзбек халқы туралы өте нашар пікір қалыптастырылуда. Біз қазір Абай айтқан мақтаншақ («бекер мал шашпақ» өз алдына») ұлтқа айналдық. Біздің орыс тілінде сөйлейтін жастарымыз бен сәбилеріміз бұрынғыдан да көбейіп, енді қалғандары үштілділікке көшіп, біразы өзге діндерге өтіп кетіп жатқанын, он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарымыз түн ортасында поезд жағалап 1-2 шөлмек сыра, минерал су, темекі сатып күн көріп жүргенімен жұмысымыз болмай, өзбектерді күнін көре алмай Қазақстанға келіп малай болып жүр деген надандық сөзді көп айтатын болдық. Бұның бәрі біздің телеарналарда көршілес Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстанда не болып жатқаны, олар қазір нағыз тәуелсіз ұлттық мемлекет құрып алғаны, оларда да ешкім  аштан қатып, көштен қалып жатпағаны туралы ешнәрсе әдейі айтылмайтынынан бізге ол елдердің жағдайы туралы ешнәрсе білгізбеу үшін болып отыр. Шынтуайтына келгенде, Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүрген өзбектер ауылында немесе қышлағында аштан өле жаздап келіп жүргендер емес. Біріншіден, бұл қазір дүниежүзінде бар нәрсе. Қазір АҚШ-тағы қытайлардың саны 30 миллионның о жақ бұ жағында. Ал, екіншіден, ел аралап сауда-саттық жасау, біреулердің үйін салып, бау-бақшасына күтім жасау, көшпелі қолөнершілік дегеніңіз өзбек халқының қашанғы ата-кәсібі. Қазір Өзбекстан халқының саны 30 миллион болды. Рас жер көлемі шағын. Жер асты байлығы өзіне де, сыртқа шығаруға да жетерлік. Бірақ олар соны төгіп-шашпай, рәсуа қылмай ұқыпты пайдаланып, артылғанын келер ұрпағына сақтап отыр. Әр жаз айында 30 миллион өзбектің 8-9 миллионы пұл табуға 5-6 айға басқа республикаларға кетеді. Олардың отбасы асыраушысы келгенше мемлекеттен алатын әртүрлі жәрдемақымен, азын-аулақ жеке шаруашылығымен, мемлекеттік немесе жекеменшік жұмыстардан алатын жалақымен жұрт қатарлы күн көреді. Ал қазақтар күнін көре алмай келіп жүр дейтін өзбектердің бізден үйіне апарған пұлы қосымша табыс. Егер әр өзбек басқа елде жүріп, бір маусымда кем дегенде 2-3 мың доллар табады десек, әлгі 8-9 миллион сыртта жүрген өзбек өз еліне қаншама инвестия құйып жатқанын есептей беріңіз.

Ашық айтқанның айыбы жоқ, бізге келіп, маусымдық жұмыс істеп жүрген өзбек жігіті кейбір жеңіл жүрісті әйел жыныстыларымыз бен күнкөрісі нашар отбасыларындағы қыз-келіншектерді екіқабат қып кетіп жатқанын көзіміз көрді. Олардың қайсыбіреулері Өзбекстанда әйел бала-шағасы барлар. Енді мына қасіретке қараңыз: Жаңағы өзбектен заңсыз туған бала күндердің күні болғанда анасынан өз әкесі кім екенін сұрай бастайды. Ақыры айтуға тура келеді. Демек, есейе келе біздің қызымыздан не күйеуі жоқ келіншектерімізден туған ол баланың жүрегінің түкпірінде менің әкем өзбек деген бір ой тұрады. Яғни, ол болашақта көңілі алаң, ойы басқа жаққа әуейіленіп тұратын ала көңіл азамат деген сөз. Жалпы Өзбекстанда өзге ұлт өкілдерін өзбектендіру саясаты сонау кеңес заманынан бар еді. Сол саяси дәстүр әлі де жалғасуда. Ал Қазақстанда ше?

Ауруды жасыру жақсылыққа апармайды. Қазақстанда соңғы жылдары азаматтардың төлқұжатына ұлтын жазу керек пе деген мәселе қайта-қайта көтерілуі қалай?

Біздің ақкөңіл, аңқау қазақ осылайша өзін еуразиялық ұлт дегенге де мәз болады. Бұған тек надан адам ғана мақтанады. Біздің жоғарыдағылар Америкада ұлт жоқ, олардың бәрі өздерін америкалықпыз деп айтады дегені өтірік. Біз америкалықпыз дейтіндер орта ғасырда ата-бабасы Африканың қай түкпірінен келгенін білмейтін негрлер ғана. Қазір олар да түп ата-тегін іздестіріп жатыр. Америкада ағылшын — ағылшынмын, неміс — неміспін, француз — французбын, испан — испанмын деп әрқайсысы өз ұлтын айтады.

Олардың ешқайсысы американдықпын демейді. Бұл бізді адастыру үшін айтылып жүрген өтірік.

Жалпы еуразиялық ұлт жасаймыз деу белгілі бір ұлтты не ол емес, не бұл емес дүбәраландыру деуге болады. Яғни, ұлтсыздандыру деген сөз. Тек Қазақстанда ғана айтылатын қостілділік немесе үштілділік деген саясат негізінен осындай дүбәра ұлтқа айналдырудың жолы. Шығып  жатқан киноларымызда ара-тұра «ойбай», «айналайын», «жаным» деген қазақшаларды араластырып қоюдың тіпті, дүкендер мен дүңгіршектердің есігіне «жабық», «закрыто», «опен» деп жазып қоюдың  ар жағында ұлтты дүбәраландырудың жымысқылығы жатыр. Егер, қазақта ұлттық намыстың титтей жұқанасы қалғаны рас болса, бұған ұлт болып қарсы шығуы керек.

Қазақстанда көшеге шықсаң көзің де,  басқа жерің де ұяттан қып-қызыл боп кететін ерсіліктерді түгесіп жазу, айту еш мүмкін емес. Енді бір ғана мысал келтірейік. Әншейінде қара қазақ жоғарыға шағым айтса оны орындамаудың ең басты сылтауы «оған қаржы керек» деген сөз. Ал Павлодар мен Петропавлдың атын өзгертуге бүкіл Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламентінің дәрмені жетпей отырғаны несі? Сонда біз тәуелсіз, яғни, орыстан Азаттық алған мемлекет екеніміз рас па, өтірік пе? Әлде оған да қаржы керек пе? Ал бүтіл қалаларымыздың көшелеріндегі Абай көшесі — Абая, Сейфуллин-Сейфуллина, Сәтбаев- Сәтбаева, Гагарин — Гагарина деген сияқты сөз соңындағы «а» деген бір әріпке яғни, орысшаға бола екінші тақтайша жасап, оны сырлап, суретшіге ақша төлеп шығынға қалып жатырмыз? Әлде олардың астына «а» әрпі қосылған тақтайшаны қоса ілмесек, орыстар адасып,  басқа жаққа қаңғып кетуі мүмкін бе? Жоқ. Бұл тек қазақ азаматтарының жағымпаздығы, намыссыздығы өз-өзінен әлденеге елегізіп отыратын үркектігі. Бұл — ешқандай мәдениеттілік емес. Осы ретте Ресейдің өзге қалаларын айтпағанда Мәскеудің, Санкт-Петербургтің көшелерінің атаулары неге орысша, татарша, башқұртша, чеченше, эвенкіше, корякша, чукчаша, сахаша, яғни, Ресей федерациясындағы мемлекеттердің тілінде де неліктен қосарлана жазылмайды. Көрдіңіз бе! Өйткені, олар бұл Ресей! Ол — тек қана орыстың мемлекеті деп көзіңді бақырайтып қойып айтады. Ал ҚР ше?

Қазақстан Республикасы тек қазақтікі емес, бәрінікі деп қазақтың көзін бақырайтып қойып айтылып келе жатса да қазақ үндемейді. Тіпті, көшедегі «Алматы — мой город», «Алматы — менің қалам» деген жазуды кімдер, қай ұлттың адамдары жазып жүргенін, оның әр жағында қандай сұмдық ой жатқанын бір Құдай біледі.

Түйіндей айтар болсақ, жалпы еуразиялық достық, еуразиялық келісім-шарт, тағы да толып жатқан «еуразиялық» дегендерге біздің қарсылығымыз да онша көп емес. Бізді күйіндіретіні, қазақты еуразиялық ұлт деп және Қазақстанды еуразиялық ел деп дүбәраландыру. Біздің біреу айтақ десе тұра шабатын жартыкеш ғалымсымақтар, жартыкеш мәдениеттанушылар, жоғарыдағылар мен күшті мемлекеттердің көңіліне қарайтын жартыкеш саясаткерлер, кешегі коммунистердің бүгінде жоғарыда отырған балалары бірігіп, әуелі өздері толық, қазақы күйге айналып, ең алдымен 300 жыл орыс езгісінде болған, ұлттық көп ерекшелігінен, әсіресе, тілі мен ата-баба педагогикасынан адасып қалған қазақты нағыз қазақ етуге кіріссе дейміз! Анау, латыштар, литвандар, молдавандар, эстондар, украин, белорустар, мынау өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімендер бұдан 20 жыл бұрын орыс езгісінен шыға салысымен ең әуелі соған кірісіп, соны жүзеге асырды ғой. Соның арқасында шылқытып мұнай, бұрқыратып газын сатпаса да аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ қой! Ау, олар өздерінің ұлттық мемлекетін құрып алды ғой?! Біз қашан құрамыз? Біздікі не тыраңдау?

Abai.kz

Рубрика: