Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АЛМАТЫ. 21 наурыз. Baq.kz —  А.Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаты Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтіп, бүкіл ұжым болып «Қаражорға» биін биледі, деп хабарлайды Айқын газеті.

Білім ошағының ұстаздары мен шәкірттері, ата-аналар мен шақырылған қонақтардың жалпы саны шамамен бес жүзге жетіп жығылады. Қайта жаңғырған буын биі мектеп ауласында ор­наласқан Ахмет Жұбанов ескерт­кішінің алдында көрініс тапты. Ынтымақ-бірлігі мен тату-тәтті тірлігі жарасқан мемлекеттік мекемені құттықтай келген бел­гілі музыка зерттеушісі, профес­сор, аталмыш киелі шаңырақты ұзақ жыл басқарған Пернебек Момынұлы Наурыздың ақ батасын беріп, жұртшылыққа жылы лебізін жеткізді. Қазақ­стан­ның халық артисі, академик Ахмет Жұбановтың қызы Ажар апай қандай іс-шара болсын хабарласып, құрметтеп шақырып отыратын мектеп басшылығына үлкен алғыс айтты. Осы ұядан түлеп ұшқан, бүгінде Жамбыл атын­дағы Қазақ мемлекеттік фи­лармониясын басқаратын Мұхтар Өтеуов өнерлі өрендердің ішінен әлі талай танымал тұлғалар шығатынына сенім білдірді.

– Балаларға салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздың мән-маңызын құрғақ сөзбен мың рет айтқанша, бір рет іс жүзінде көрсеткеніміз әлдеқайда пайдалы болмақ. Сондықтан бүгін би биленіп, ән айтылып, күй тарты­лып қана қоймай, арқан тарту, асық ату сияқты түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ұлт­тық тағам түрлерін әзірлеуден де жарыс өтіп жатыр. Ұстаздар қауымы балалармен тізе қосып, бір дастарқаннан дәм татып, бірге өнер көрсетеді. Үлкен-кі­шіге наурызкөже үлестіріліп, мерекелік бағдарлама күні бойы жалғасады. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құнды­лық­тарымызды дарытуды көздеп отырмыз, – дейді музыка мек­тебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

http://baq.kz/news/25112

Рубрика: