Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алдағы маусым айында Қашаған кен орнынан мұнай өндіруге кіріскен кезімізде Қазақстан дүниежүзінде қара алтынды экспорттайтын елдердің бестігіне енеді. Мұндай елеулі жаңалықты кеше Елбасы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Шеврон» корпорациясының елімізбен серіктестікте жұмыс істегеніне 20 жыл толған салтанатты жиын барысында айтты. Ал америкалық алпауыт компания жетекшілері экономикалық салаға айрықша серпін беретін жаңа әлеуметтік инвестиция құюға кірісетіндіктерін мәлімдеді.


1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының сол кездегі Дирек­торлар кеңесінің төрағасы және Бас атқарушы директоры Кен Дерр өзара маңызды келісімшартқа қол қойғаннан кейін, «Теңізшевройл» компаниясы құрылып, қазақ мұнайын өндірудің жаңа кезеңі басталған еді. Осы жылғы өндіріс көлемі небәрі 1 миллион тоннаны тол­тырса, арадағы жиырма жылдан соң, қарқынын барынша күшейтіп, 26 млн тоннаға жетті. Инвестиция тартудан да тартынып қалмады, аталған мерзім кезеңінде «Шеврон» өз жобасына 30 млрд доллардан астам қаржы салып, кешенді жұмыстарын жүргізді. Ал біздің тараптың ұтқаны, компанияның бюджетке түсірген салықтық түсімдері артып, тек өткен жылдың өзіндегі алым 15 млрд АҚШ долларына көтерілген. Негізгі базасы орналасқан батыс өңірінің әлеуметтік дамуына қыруар қаржы жұмсап, жергілікті тұрғындардың тұрмыстық ахуалын жақсартуға тиісінше көмек қолын созған. Қазақстан мен АҚШ корпорациясы тарапынан жасалған уағдаластықтың ұтымды шыққанын Мемлекет басшысы да атап айтты.

– 20 жыл ішінде «Шеврон» жобаға қыруар қаржы салды, Қазақстан салынған салықпен бірге 77 млрд доллар көлемінде қаржы алды. Атырау облысының әлеу­меттік дамуына 800 млн доллар жұмсалды. Сонымен қатар мыңдаған қазақстандық мамандар даярланып, онда 3 мың 300 біздің азамат еңбекпен қам­тылды. Менің өтінішім бойынша өңірде әлеуметтік сала айтарлықтай маңызды болды және бүгінде Атырау еліміздің ең әдемі қалаларының біріне айналды. Елі­мізде бүгінде 8,5 мың шетелдік компания жұмыс істеуде. Олар 200 млрд АҚШ долларына жуық инвес­тиция алып келді. Мұның барлығы «Шевронның» Қазақ­станға келуімен басталды. Осы орайда АҚШ-пен біз игі қарым-қатынастарды қалыптастырдық. Көптеген америкалық компаниялар Қазақстанда сәтті жұмыс істеп жатыр және бұл ынтымақтастық жалғасатын болады, – деді Н.Назарбаев.

Сонымен бірге Елбасы компания жетекшілеріне қазақстандық қамтудың көлемін тағы да көбейту керек екендігін естеріне салды. Еліміз өз экономикасын 16 есеге, «Теңізшевройл» өндіру ауқымын 26 есеге арттырған. Ал компаниядағы отандық тауарларды сатып алу 32 пайыз­дың жобасында жүр. Енді осы көлемнің еселеніп көбейгені абзал. Оған амери­калықтар тиісінше көңіл бөліп, қолдау танытса, қазақстандық кәсіпкерлердің тынысы тағы да ашылар еді. Сол сияқты экологиялық проблемаларды да оңтайлы шешуге атсалысуды ұмытпауы керек, табиғатты сақтау – баршамыздың пары­зымыз. Президент компанияның жеке бастамасымен Атырауда пластамасса құбырлар зауытын іске қосып, Теңіз академиясының құрылысын қолға алуына разылық сезімін жеткізді. Ағымдағы жылы қаладан «Жастар сарайының» ірге­тасын қалайтындығына алғысын айтып, өзара байланыстың тереңдей беретіндігіне сенім білдірді. Ал өз кезегінде «Шеврон» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Джон Уотсон Елбасыға «Серіктестік қуаты» мүсінін сыйға тартты. Оның айтуынша, тартымды мүсін Теңізде жаңа жобаны бастаған алғаш жол салушылар қалаған іргетасты бейнелейді. Ондағы құбыр мен бұрандалар – бірлескен серіктестіктен туындаған.

«Шеврон» компаниясы үшін Қа­зақстанның дүниежүзіне танымал болу жолында қолдау көрсетуде белгілі бір рөл атқарғанын мақтан тұтамыз. Біздің бірігіп қол жеткізген табысымыз Қа­зақ­стан халқы және басшылығымен, «Қаз­МұнайГаз» ұлттық энергетикалық ком­паниясымен және халықаралық мұнай компания-серіктестерімізбен құр­ған тығыз ынтымақтастығымыздың нәти­жесі деп білеміз. Бүгінде жұмыс қауіп­сіздігінде жоғары нәтижеге қол жеткіз­дік, өндіріс пен кіріс көлемін арттырдық, мыңдаған жұмыс орындарын аштық, жергілікті қызметкерлерді оқыттық, жабдықтаушыларды дамыттық, жер­гілікті халыққа белсенді түрде қолдау көр­сеттік. Біз бірігіп жүріп, болашақта бұдан да жоғары белестерден асаты­нымызға сенімім мол. Президент На­зарбаевқа, қызметкерлерімізге, серік­тестерге және қазақстандықтарға сенімі мен көрсеткен қолдауы үшін ерекше алғыс айтамын. Қазақстанмен досты­ғымыз бен өзара тиімді серіктестігіміз көп жылдарға жалғасатындығына се­немін». Осылайша кеңінен ақтарылған Джон Уотсон аймақтық жастардың бі­лімін арттырумен қатар, кәсіби және техникалық салаларды меңгеруге жол ашатын «Жастар сарайының» құрылы­сын жүргізетіндігін баяндады.

Алғашқы іргетасы 1879 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында қаланған «Шеврон» корпорациясы бүгінде дүние­жүзіндегі ең ірі құрылымға айналды. Алты құрлықтың арасындағы мұнай, газ, көмір сынды өндіріспен шұғылданатын корпорация осыдан 20 жыл бұрын Қа­зақстанға еніп, жерасты қазба бай­лық­тарды игеруге кірісті. Қазір Еура­зиялық бас кеңсесін Алматы қаласында ор­наластырған «Шеврон», «Теңізшев­ройл­дың» – 50 пайыз, «Қарашығанақтың» – 18 пайыз және Теңіз бен Қарашығанақ кен орындарын Ресейдің Новороссийск қаласындағы Қара теңіз портымен жалғап тұратын Каспий құбыр желісі консорциумының 15 пайыз акциясын иеленіп, үш негізгі энергетикалық жо­баны басқарып отыр. Алғашқы жылдарға қарағанда, қазақстандық қызметкер­лер­дің үлесі 50 пайыздан 90 пайызға жа­қындады, басшылық лауазымдардың 75 пайызына өз азаматтарымыз бекітілген. Жергілікті кадрдың біліктілігін арттыруға компания қажетінше көңіл бөліп келеді.

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ
Астана қаласы

http://www.aikyn.kz

Рубрика:

Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алдағы маусым айында Қашаған кен орнынан мұнай өндіруге кіріскен кезімізде Қазақстан дүниежүзінде қара алтынды экспорттайтын елдердің (далее…)

Рубрика: