Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мажарстанда қазақ диаспорасы өте үлкен емес. Негізінен, мажар жұр­тынан бақытын тапқан қазақ қыздары, бүгінде мажардың сыйлы келіндері және студент жастар, сон­дай-ақ ұзақ-қысқа мерзімде осы елде қызмет етіп,тәжірибе жинақтап жат­қан әртүрлі саланың мамандары. Қа­зақстаннан келген орыс ағайын­дар да бар. Саны аз көрінгенмен, жи­­нал­ғанда бір қауым ел. Әрине, ме­рекеге Қазақстанмен, қазақтар­мен байланысы бар мажар­лар да қатыс­ты. Олар үшін бұл думан қа­зақтың салт-дәстүрін танытқан маңызды шара болды.

 

Елден жырақта жүрген қазақ­тардың басын қосуға мұрындық болған, демеушілік көрсеткен – Қа­зақстанның Будапештегі елшілігі мен «Барыс» атты қазақ-мажар қоры. Қазақстанда кезінде елші қыз­метін атқарған Миклош Яцкович Наурыз думанның құр­метті қонағы ретінде төрден орын алды. «Барыс» қорының бастығы Андраш Гал: «Наурыз мейрамы тек қазақтар ғана емес, мұндағы қыпшақ ағайындар үшін маңызды мейрам. Себебі біз та­мыры бір қазақтармен осы мей­рамның қуанышын бөлісеміз. Екі елдің арасында дипломатиялық қа­тынас орнаған соң, көп ұзамай біз­-дің қор құрылды. Биыл «Барыс» қорына 15 жыл толады. Осы уақыт аралығында талай іс-шара ұйым­дастырып, қазақ-мажар достығын ны­ғайтуға атсалысты», – деп мере­кені ашты.

Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жи­налған қазақтар аз болған жоқ. Ма­жарстанның әр жеріндегі қазақ­тардың басын қосқан – Ақан Жұ­мабаев. Ол қазақтың дәстүрімен кез­десу залын безендіріп, ұлттық жа­лауды желбіретіп, Қазақстан­ның бір бөлшегіне айналдырып жіберіп­ті. Ақ жаулықты ана Наурыз дастар­қаны­ның сән-салтанатын келтіріп, наурызкөже пісіріп, дастарқанға бауырсақ шаш­ты. Мажарлар қазақ дастарқаны­­ның кеңдігі мен түрлі­лі­гіне тәнті болды. Қазақтың салт-дәс­түрлері көрсетілді.

Мейрамның бел ортасында жүр­ген Оңайша Мандоки келген қо­нақтарды Наурыз мейрамының та­рихы мен тойлану дәстүрімен та­­ныстырды: «Наурыз – табиғаттың көктемгі жаңаруы, қазақтарда жаңа жыл. Қазақ алдымен амандасып, көрісуден бастаған. Кәне, бір-бірі­міз­дің қолымызды алып, аманда­сайық. Наурыз дастарқанының дәмі – наурызкөже. Ол дәнді дақыл­дардың 7 түрінен жасалады. Егін бітік шығып, жыл жемісті бол­сын деген ниетпен. Бұл күні тойып іш­сеңіздер, жыл бойы тоқ жүресіз­­дер, жыл бойы жолдарыңыз оңды болады, – деп жұртты наурызкө­же­ден дәм татуға шақырды.

Қазақша ән айтылды, өлең оқыл­ды. Жұрттың назарын ерекше аудар­ған – мажар қызы Агнеш Фодидің қазақ әндерін домбыраның сүйе­мелдеуімен құйқылжыта орын­даға­ны. Мажар музыканты Геза Фабри мен Агнеш қосылып көпшілікке қа­зақтың және мажардың үн-күйлерін ұсынды. Мажар әндері де қазақ дом­бырасымен үйлесім тауып, үндесе кетті. Ал нағашылары – қыпшақ, өзі ғалым Шомфаи Дәуіт Қара қазақ әндеріне қоса, «Алпамыс» жырынан үзінді айтып, жұртты бір серпілтті. Қазақтар мен мажарлар бас қосқан Наурыз мейрамы шынымен де Ұлыс­тың ұлы күні болды.

Қазақ қыздары «Қамажайға» мың бұралып билесе, ер жігіттер «Қа­­ражорғаға» билеп, думанды қыз­дырды.

 

Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ,

Будапешт

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: