Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгін – халқымыздың аяулы пер­зенті, асқаралы Хантәңірі шы­ңы­ның мұзбалағына айнал­ған ақиық ақын Мұқаға­ли Мақатаевтың ту­ған күні. 

Қасиетті Қарасаздың топыра­ғын­да туып, алты Алаштың ардақ­тысы бола біл­ген талант иесінің есімін бүгін­де иісі қазақ баласы тегіс біледі десек, артық айтқандығымыз болмас. «Мен ХХI ғасырдың құрда­сымын» деп өзі көреген­дік танытып кеткендей, зама­нын­да тиісті дәрежеде  лайық­ты бағасын ала алмаса да, Мұқа­ғали жаңа ғасыр­­дағы оқыр­мандарымен мың жасап, өз үнін мәңгілікке жалғап кетті.

 

 

Осыдан екі жыл бұрын 80 жылдығы рес­публика көлемінде мән-мағынасымен, сән-салтанатымен аталып өткен ақынның мұрасы уақыт өткен сайын құндылығын арттырып, баға­сын еселей түсуде. Бүгінде  әр аймақта «Мұқа­ғали оқулары» ұйымдас­тырылып, ақын шығар­малары ғылыми айналымға түсіп, өлеңдеріне ән жазылып, өзі және өзі өмір сүрген кезеңі жайлы деректі фильмдер түсіріліп, ақынмен аттас әдеби-көркем,  танымдық журнал шы­ғары­лып, мүсінші, суретшілер ақын бей­не­сін сан қырынан көрсетуде. Бұл – «Мұқа­ғали­тану» атты жаңа бір үлкен саланың бастауыш құрамдас бөліктері.

Осы орайда Мақатаев мұрасы мен болмы­сын өзінің шығармашылық жолына арқау етіп келе жатқан белгілі суретші Алмас Сырғабаев бізбен екі бірдей жаңа­лы­ғымен бөліскендігін айта кеткіміз келеді. Алмас таяуда Мұқағали бейнесі сомдалған жаңа портретін аяқтапты. «Әдетте көп­шілік қауым Мұқаңның салмақты, салиқа­лы, толысқан бейнесін жақсы біледі. Мен бұл портреттегі ақынның бет-әлпетінің кей­бір кескін-мінездерін белгілі фотосурет­ші марқұм  Сайлау Пернебайұлы ағамыз түсір­ген ескі суреттен алдым. Шамасы, бұл Мұ­қағалидың сыр­қаттанып жүрген кезін­дегі соңғы бейнесі болса керек. Соны не­гіз­ге ала отырып, отырыс-қимылын ерек­ше­леуге тырысып, кәстөмін желбегей жа­мылдырып, қолына қалам ұстатып, ақын мінезінің өзіне сай ойлылығымен, тәкап­парлығымен көрсетуге тырыстым», – дейді суретші. Сондай-ақ суретші бауы­ры­мыз бірнеше жылдан бері ақынның әйгі­лі «Райымбек! Райым­бек!» атты поэма­сы­ның желісі мен мазмұнына сәйкес тақы­рыптық, сюжетті иллюстрациялар салып жүр. Енді сол еңбегі күні кеше ғана белгілі баспагер Махмұт Қосмамбетов басшылық ететін «Үш қиян» баспасынан жарық көріп отыр. Бұл жаңа кітапта даңқты батыр жайлы тарихи дастан толығымен беріліп, бір бетінде мәтіні, бір бетінде мазмұндас сурет берілген. Графика мен поэзия үйлесім тапқан 50 беттік көркем жинақ Алмастың қылқаламынан туындаған 30-дан астам суретпен безендірілген.

 

«Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шұлғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді.

Қара таудың басынан көш келеді!!!»

 

– деп басталатын, ұлт тарихының аса бір ауыр кезең­дерінен хабар беретін даңқты қол­басшы Райым­бек  турасындағы тағдыр­лы поэма мазмұ­ны жас суретшінің көзімен ерекше толыға түскен. Ақиық ақынның қала­мынан тыс қалмаған қаскөй жаудың ылаң­ына тап болған қараша ауыл, босқан жұрт, алауыздығы тыйылмаған ағайын, аза­мат­тардың шарасыздығы, абыз ақ­сақал­­дардың рухының бекемдігімен, ер­лер­дің батыр­лығы суретші сызбаларынан да барынша кө­рініс тапқан.

Талантты жас, қылқалам шебері Алмастың Мұқағали әлемін әспеттеген суреттері бұған дейін бірнеше көрмелердің көркі болған. Көрген адам жазбай танитын «Мұқағали. Реквием» атты танымал туындының авторы да – осы жігіт. Ол картинада ақын ауыздығымен алысқан қанатты пырағын жетектеп, қолына ақ парақ пен алтын қаламын ұстап, қызыл-жасыл дүниеден қою қараңғылыққа қарай көкжиекте тұрған әлдебір «рамкаға» сыймай, еркіндеу басып шығып келе жатқаны бейнеленген еді. Осындай сәтті дүниелерімен жұртшылықтың ризашылы­ғына бөленіп жүрген Алмас кезінде «Ұлан», «Балдырған» сынды балалар ба­сы­лымдарында жемісті еңбек етіп, көпте­ген ақын-жазушы ағала­рының кітабына сурет­ші болды. Бұдан бірер жыл бұрын ақын­ның туған күні қарсаңында Қазақстан Жазу­шылар одағында он күнге созыл­ған үлкен сурет көрмесін өткізді. Сонда талғам­паз көрерменнің назарына ұсынылған 30-ға жуық картинаның барлығы дерлік ақиық ақы­ны­мызға қатысты жасалынған дүниелер болған.  Керілген сұр кенептің бетінде түрлі майлы бояу­мен көмкерілген, қара өлеңді серік еткен ақын өмі­рі мен шығармашылығына үңілген  суреттер­дің біразы өткен жылы Түркия елінің екі бірдей қаласында өткен көрмеде талайды таңғал­дыр­ға­нын ақпарат құралдары да жарыса жазған. Мұ­қағали әлемін бояумен әрлеген талантты су­рет­ші Алмас Сырғабаев­тың  шы­ғар­машылығына тың ізденістер мен жеміс­ті жетістіктер тілейміз.

Автор: Алмат ИСӘДІЛ

 

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

http://alashainasy.kz/culture/40200/

Рубрика: