Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Құлдық – адамзат тарихындағы қанаудың ең дөрекі түрі. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы құлдық пен құл саудасына біржолата тыйым салынған еді.Алайда, заңды белден басарлар қашан болса да бой көтерері анық. Құлиеленушілік дәуір басымызға қайта туған тәрізді…

Өткен жылдың қазан айында Күршім ауданында еңбек ақысын жеп, адамды құлдықта ұстаған шаруа қожалығының иесі құрықталған еді. Құлиеленуші кәсіпкер Өскеменнен алдап алып келген адамдарды екі жылдай уақыт қара жұмысқа жегіп отырған. Сонау қаладан ауылға жұмыс іздеп келген бейбақтар Күршімнің тау-тасы мен Бұқтырманың қалың қамысының арасында тіршілік етіп, ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болды.

ШҚО Ішкі істер басқармасының қызметкерлері оларға келген кезде құлдықта отырғандардың ойлары бір жерден шыққан: қожайыны оларды басқа жайылымға көшірмек немесе жаңа қожайынға сатып жіберді деп ойлаған екен.
Ымырт үйірілген шақта бостандыққа шыққан бейбақтар Өскеменге де жетті. Қаланың жайнаған оттарынан артық сұлулық көрмегендей, бұлар айналаға аңсай, сағына қарап, көздеріне жас алды.

Жалғызбасты ананы жылатқан…
Жезкентте туып-өскен. Сылақшы-майлаушы мамандығын алған. Тұрмысқа шығып, дүниеге үш сәби әкеледі. Екі кенжесі Өскемендегі туған-туыстардың қолында, ал тұңғышы өз күнін өзі көріп жүр. Зухраның мүгедектігі бар. ГЭС — дағы дамбыны сырлап жүріп, краннан құлаған. Жел көтеріліп, әйелдер тұрған тіректі жұлып әкетіп, Ертістің мұздай суық суына лақтырып жіберген. Әйелдердің екеуі бірден көз жұмады, ал Зухраны осы сәтте періштесі жебеген болу керек, ол аман қалды. Балаларын анасынан айырмағаны үшін Зухра Аллаға риза еді. Бірақ, құдай қосқан қосағы мүгедек әйелінен бас тартып, отбасын тастап кетеді. Бұл бас қайғысына өмірдің ауыртпалықтары жағаласып, қатал тағдыр байғұс әйелді соққыдан соққыға жықты. Ең ауыр соққының әлі алда екенін Зухра сол кезде әлі сезбеген де.

Басына қатер төнген сол бір күні Орталық базардың маңындағы үйлердің бірінің ауласында отырған. Оның жанына жылы жүзді ер азамат таяп келіп, әңгімеге тартқанда, Зухраның іші-бауыры бірден жылып кеткен болатын. Көптен бері оған ешкім адамсың ба, итсің бе демеген. Бір қарағанда көзге мейірімді адамдай көрінетін Нұрлан жалақысы мардымды жұмыс беретінін айтқанда, Зухра шынымен оның сөзіне сенді.

Нұрланның үйіне келген соң, Зухра оның жұбайымен танысты. Сөзі түзу, мейірімді Назгүл жас әйелді көп ауыр жұмысқа салмауға тырысатын. Көп ұзамай Зухра Нұрланның шынайы келбетін тани бастайды. Ол мейірімді бетпердесін шешіп тастап, Зухраны көңілдес болуға мәжбүрлемек болады. Алайда, бетін қайтарып тастаған соң, бағынбайтын әйелді аудан орталығынан шалғай жатқан жайлауға апарып, қара жұмысқа салды.

Таулы өткелдер мен қалың қамыс қоршаған жайлаудан Зухра қашып кетпек те болған. Бірақ адасады. Қалада мұны сарғая күтіп жүрген балалары үшін қасқырға жем болмайын деп, құлдық құрсауға қайта оралады.

Бағы бір ашылмайтын Олег

Олег өмірінде құлдық қамытын екі рет киіп, құрсау өмірдің азабын талай тартқан жандардың бірі. Өзін өмірі жолы болмайтындардың қатарына қосатын Олег тағдырдың мазағына да, соқысына да әбден мойынсұнған. Тағдыр оны адам баласына сенбеуді үйретті.
1998 жылы Олег жұбайымен Солтүстік Кавказда болған. Сол жылдар өте ауыр еді. Базарда көкөніс тиеп-түсіріп, тиын-тебен тауып жүрген жерінде жерінде белгісіз біреулер мал ұқсатып жүк көлігіне салып алып, тауға апарып тастайды. Дәулетті шешендерге жұмыс істетіп, мал бағуға мәжбүрлейді. Кейін ебін тауып, қашып кетеді.

Осы оқиғаны қайтадан басынан кешіруді тағдыр оның маңдайына жазып қойғанын кім білген? Жұбайы көз жұмғаннан кейін Олег екі қызынан да көз жазып қалады. Олар мектептен пана тауып, үй-күйі, жұмысы жоқ әке ішімдікке одан бетер салынады.

Нұрланды жолықтырғанда, өшкен үміт оты маздап қайта жана бастады. Қалжыңбас, жарқын жүзді қазақ оның еңсесін бір көтеріп тастағандай болды. Ауылдағы малына күтім жасауды ұсынды, 20 мың айлық беретінін, тамағы тегін болатынын айтты. «Жеке бас куәлігіңді ұмытпа, менде бәрі заңды түрде», — деп маңғазданған кәсіпкерге сенбеске амалы жоқ. Олег жұмыс ұнамаса, кетіп қалатынын және өзін ұстамауын ескертіп еді, Нұрлан келісе кетті.

Ауылда өскен Олегтің малға күтім жасауға икемі бар болатын. Бір аптадан кейін Нұрлан оны жайлауға апарып тастайтынын айтады. «Қолымнан мұндай ауыр жұмыс келе ме?» — деп күмәнданған Олегке мейірімді қожайыны осы кезде шыйнайы мінезін көрсетіп, «қолыңнан келмесе — үйретеміз, істемесең — мәжбүрлейміз» деген сыңай танытады. Осы күннен бастап Олег қожайынының асқан » жомарттылығына» куә болады.

Мал мен жалшыларын Нұрлан итпен күзетеді. Беретін тамағы: бір аптаға екі бөлке нан, бір келі макарон, 300 грамм қант. Туған күндерінде бір шөлмек арақ, алма, 100 граммдай карамель кәмпиттерін беріп, мәрт адамдай масаттанып жүретін.

Еңбекқорлығы өзіне зиян тигізді

Құлдыққа дейін екі жыл бұрын Сергей жұбайынан айырылып қалған. Балалары жоқ. Мамандығы — автослесарь. Қызмет етіп жүрген мекемесі тендерден ұтылып, бұл жұмыссыз далада қалды. Қол қусырып бос жүруді білмейтін жігітке жұмыссыздық ауыр тиген еді, сол кезде жұбатушы Нұрлан бұған да жолықты. «Ауылға ауадай қажет мамансың» деп, жұмыс ұсынды.

Алғашқы айлары Сергей техниканы жөндеумен айналысты. Нұрланның ұлдары да көмектесіп, оны жағалап жүрді. Ауылдық жерде зеріге бастаған кезде Сергей қалаға қайтуды ұғарып, қожайынынан құжаттары мен еңбекақысын сұрайды. Еркінсіп кеткен жалшысын Нұрлан өлтірмесе де, өлімші етіп ұрып-соғып, есін жиған соң, жайлауға апарып тастайды.

Бұл кезде ол жерде Олег, Зухра, Николай тұрып жатыр еді. Жайылымдағы жұмыстан басқа әр тұтқынның өз міндеттері болатын. Зухра саңырауқұлақ тереді, Сергей балық аулайды. Ауланған балықтың ең жақсысын Нұрлан тартып алып кететін. Бірде боранда адасып кеткен Сергейдің аяқ-қолындағы саусақтарын үсіп қалады. Ауруханаға жеткізудің орнына Нұрлан бір бума аспирин тастап, жақсылып жұмыс істеп, терлесін деген кеңес беріп кетеді. Екі рет қашпақ болады, бірақ сәтсіз. Ұрып-соғып, оны құлдыққа жеккен жерге қайта апаратын.

Николайдың құлдыққа еті үйренген

Қартайып қалған Николайды 60 жаста деп ешкім ойламайды. Бет-жүзі 80-дегі қариядай. Жайлауда өзін «дембель» сезініп, басқаларға әлімжеттік көрсетпек болады. Тағдырластарымен керісіп қалса, қамыстың арасына кетіп қалып, бір-екі күнге үшті-күйлі жоғалып кететін әдеті бар.
Полиция қызметкерлері құлдықтағыларды босатуға келгенде, Николай өз еркімен бостандықтан бас тартып, сол жерде қалып қойған екен.

Ар сақтамай, мал сақтаған қанаушы

Өмір атты теңіздің дауылында суға батып бара жатқандай күй кешіп жүргендерге Нұрлан қол ұшын созған періштедей көрінсе керек. Алайда, оның байлыққа әбден тойса да, ашкөзденген дүниеқор екенін ешқайсысы бірден байқала қоймайтын. «Мал сақтама, ар сақта» дегенді кері түсініп, ұяттан безген жандардың бірі.

Қора-қора қойлары, табын-табын сиырлары, үйірлі жылқылары, ондаған балық бригадалары, қымбат автокөліктері мен зәулім үйлері аздық ететін де тұратын. Туа біткен айлакерлігімен осындай дәулет жиып алған ол өзін Күршімнің қожайынындай сезінген. Жары Назгүлдің құлдарға жаны ашыса да, отағасына қарсы шыға алмайтын көрінеді. Күршімдік қанаушының тиісті жазасын енді сот тағайындайды.

(Кейіпкерлердің есімі өзгертіліп алынды)

Анықтама
23 тамызда әлем бойынша Халықаралық құл саудасы құрбандарын еске ал күні аталып өтіледі.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2012 жылдың тамызындағы жағдайға сәйкес Қазақстанның 107 азаматы адам саудасының құрбанына айналған, соның ішінде ел ішінде 49 адам, шет елде 58 адам құлдыққа ұшыраған.

Мадина ҚАЙНАРОВА

Материал ШҚО ІІБ полиция капитаны 
Л. Поломошнованың көмегімен әзірленді
Өскемен қаласы

Ұлт порталы

Рубрика: