Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ елінің ел болып қалуына ақыл-ойымен, біртуар батырлығымен ерекше үлес қосқан Табын Бөкенбай қолбасшының ұлт тарихына, халық зердесіне өзіне лайықты деңгейде орнығуы оңай болған жоқ. Аты-жөні, ұлт азаттығына сіңірген еңбегі, батырлығы мен саяси тұлғалық даралығы, тарихи құжаттарда айқын көрсетілгеніне қарамастан, оның бүкіл қайраткерлігі мен ерлік істері басқа біреулерге телініп, қиянатқа ұшырап келді. Соңғы он шақты жыл көлемінде бірсыпыра терісі бар, оңы бар, игілікті істер атқарылды да, бірегей қолбасшы бейнесі ұлт тарихынан өз орнын ала бастады.
Біз бұл мәселеге әлі де болса өте мұқият қарап, қазақ тарихында орыс шежіресіндегі Кутузовтың деңгейінде өте зор іс атқарған қолбасшымыздың шынайы өмірбаянын, толық тұлғасын қалыптастыруға тиіспіз. Шүкір, бұл үшін тарихи деректер де жеткілікті. Шындық деп айтқанымыздың түрі көп болғанымен, түптің-түбінде соның тірелер жері біреу ғана екенін естен шығармауымыз керек. Себебі бүгінгі біле тұра немесе білместікпен әртүрлі пенделік пиғылмен айтылған пікірлер ертеңгі күні алдымыздан шығады. Тек сол шындық тиянақталғанша бұра тартпай, ұрпақ алдында ұятты болмай, сабырмен іздену қажет.

Иә, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін Бөкенбай қолбасшының бізге дейін де әркім шатыстырып берекесін алған қайраткерлік еңбектерін пендешілік жасап, төмендетіп алмауды ойлауға тиістіміз. Біз осы мәселеге қаншалықты мән беріп жүрміз?
1999 жылы шығарылған «Ақтөбе» энциклопедиясында батырға өз аты бұйырмай «Бөгенбай» атымен енгізіліп кетіпті. Қолбасшы Бөкенбай Қараұлы жөніндегі баспасөз деректері 2002 жылдардан бас­тап көзіме шалына бастады. «Ақтөбе» газетінің 2003 жылғы 18-желтоқсан күнгі санында Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің профессоры З.Байдосовтың және аға оқытушы Е.Исмайлов мырзалардың «Табын Бөкенбай батырдың суреті бізге қалай жетті?» атты мақаласы жарияланды. Сол 2002 жылдардан бас­тап Бөкенбай қолбасшы туралы тарихи жарияланымдарды қадағалауды, деректер іздестіруді және салыстырмалы түрде қалың жұртшылықтың танымын кеңейту мақсатында өзім де қырыққа тарта мақала-хаттар ұсынған екенмін.
2007 жылғы 27-қыркүйек күнгі Ақтөбе газетінде тарихшы Зәкіратдин Байдосовтың «БӨКЕНБАЙ БАТЫР – қолбасшы, саясаткер, мемлекет қайраткері» атты көлемді мақаласы, осы мақаланың ізімен «Ақтөбе» газетінің шамамен желтоқсан айының бас кезінде «Бөкенбай батырдың бейіті» атты шағын суретті мақала жарық көргенді. Әттең, осы екі мақала қазір Бөкенбай туралы бұлтартпас шындық сияқты қабылданып жүр. Бұл – қате. Бөкенбайдың өз дәуірінде сиямен жазылған тарихи деректермен, дерек көздерін зерделегендердің еңбектерімен санаса отырып, солардың қолданысқа енгізілмегені былай тұрсын, алты жылдан бері Зәкеңнің – З.Байдосовтың алғашқы «анау айтты, мынау айттылап салған» бағытымен жүріп келе жатырмыз.
Әңгімені Зәкеңнің мақаласынан басталық:
«Осы уақытқа дейін Бөкенбайдың қай жерде, қай жылы туғандығы, қай жерде дүниеден озғандығы белгісіз болып келді. Ресей Федерациясы Қуандық ауданы «Приуральный» совхозының «Двуречье» деген жерінде тұратын зейнеткер, Ресейдің ауылшаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» Зейналы Өмірзақов бізге бір шумақ өлең айтып берді. Онда «Арыс­тандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Бөкенбай сынды батырым, алты мүшел толтырып, қалың да жәуміт ішінде, қапыда қаза болғанды» делінеді екен. – …Егер де жоғарыда келтірген жыр шумағында айтылғандай «…алты мүшел толтырып» опат болса, онда ол 73 жасында немесе 1669 жылы дүниеге келген болғаны» деген екен Зәкең.
Бізше, Бөкенбай батырдың жас шамасын сонау «Приуральскийдегі «айтты-мыс» емес, белгілі тарихшы, қоғам қайраткері Әбекеңнің (Ә.Кекілбаевтың) тарихи-хронология­лық «Үркер» романының 118-119 бетте­ріндегі нақтыланып жазылған деректермен және белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтардың «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы 13-наурыз күнгі «Елдестірмек елшіден. Тағы да табын Бөкенбай батыр туралы» атты зерттеу мақаласында» …Бүгінде зерттеушілер тама Есетті 1667 жылы туған деп анықтап, бір шешімге келгендей болды. Ал Бөкенбайдың оған ағалығын және қайынағалығын есепке алсақ, батырдың 1667 жылдан бұрын дүниеге келгендігін аңғарамыз…» дегені нақты дәлел бола алады.
Бөкенбай Қараұлының ғұмырна­масын шынайы көрсеткіміз келсе, Ресей елшісі К.М.Тевкелевтің қазақ жерінің табалдырығын 1731 жылғы 3-қазан күні аттағаннан, 1733 жылғы 14-қаңтар күнгі Уфаға жетуіне дейінгі аралығындағы күнделігін, Ә.Кекілбаевтың Қазақ елінің ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-орыс, орыс-жоңғар, орыс-башқұрт, Ресей-Орта Азия, Ресей-Қытай қатынастары құжаттарына сүйеніп, хан Әбілқайыр, қолбасшы Бөкенбай, Есет батырлардың өмірін хронологиялық түрде жүйелеп, бұдан 31 жыл бұрын жазып берген «Үркер»-ді неге қолданысқа енгізбейміз? Бұл шығармаға қазірде тарихшыларымыздың қосып-алары да, дауы да жоқ.
Енді Бөкенбай қолбасшының қазасы туралы 1742 жылғы 28-мамыр күнгі Жайық әскерінің казагы Харкиннің мәліметі бойынша П.И.Рычковтың жазбаларында «В его же Харкину, бытность кайсацкой владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцов для взятия у них полону и отгони скота, токмо они, трухменцы, их кайсаков, всех побили до смерти» ( История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков, 5 т. 33 б.) деген дерек бар.
Бөкенбай қолбасшының жерленуіне байланысты Зәкіратдин Байдосовтың 2007 жылдан бергі дәлелдемелеріне келейік. Ол «…2004-2005 жылдардағы экспедицияларда 90-ға тақап қалған Айнағұл, 70-ті алқымдаған Мақсат қарттар өздерінің аталарынан естіген әңгімелерін тілге тиек етіп, «Бөкенбайдың қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы – Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары… Батырдың он мың жылқысы болған…» дейді. Олай болса, Бөкенбайдың «Құр Бөкенбай» дейтін саладағы «Ақбұлақ» деген жердің батысындағы қыратқа жасақтарымен бірге жерленуі де ретке келеді. Оны 11-12 жасар Айнағұлға әкесі Қожа айтқан екен. Сол жерге мен 2004 жылдың қазанында бөренеден қада қағып белгі қойған едім. Сөйтіп, Бөкенбай батыр 1669 жылы «Құр Бөкенбай» сайының бойында дүниеге келген. Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген. Бұны біздің қазіргі, болашақтағы ұрпақтарымыз осылай деп білуі тиісті. Сол жерде Бөкенбай батыр мазарын салу – оның ұрпақтарының, күллі қазақ қауымының борышы» деп бас­тауын Айнағұл мен Мақсатқа бастатқызып, қорытындысын өзі түйіндеп, ұрпақтары мен қауымға міндет артады.
Зәкең жоғарыда келтіргеніндей «2004 жылдың қазанында бөренеден қада қағып белгі қойып едім» десе, 2007 жылғы «Бөкенбай батырдың бейіті» атты мақалада «Жарқамысқа жақындағанда Сиырсалғанның құмы дейтін құм бар. Сол құм ішіндегі бір төбеде жоңғарға қарсы шешуші шайқасқа үш жүздің қолын бастап шыққан даңқты қолбасшы, Табын Бөкенбай батыр жерленіпті деседі…» деп келеді де, Жарқамыста көп жыл әкім болған Асау ақсақалдың ауызымен «Ертеректе осында Табын Бөкенбай батыр жерленіпті деген әңгімені еміс-еміс құлағым шалғаны бар. Жақында тарихшы Зәкіратдин Байдосов келіп соны растап кетті» делінеді. Сонда З.Байдосов оны немен «растап» кетіпті? Әрі қарай: «Қазір төбе басында қада қағылып, Табын Бөкенбай батырдың осында жерленгендігі туралы жазылыпты. Құлыптастардың күл-паршасы шыққан. Оқуға келмейтін секілді…» деген сөйлемдер бар. Осыдан соң әрбір оқушының ойында «қараптан-қарап қалай күл-паршасы шыққан?» дейтін сұрақ тұрады.
Оның үстіне қазақ тарихында хан, батыр сияқты бірегей тұлғалар тұрмақ, жай пенденің ой-шұқырлар мен орғыл құм арасындағы төбешіктерге жерленуі мүмкін емес екенін жадымызға алсақ, атақты қолбасшы Бөкенбайды Сиырсалғанның өркеш-өркеш құмының ішіндегі белгісіз бір құм төбешікке апарып жерлей ме екен дейтін түйткіл тұрады? Өйткені бұл істердің барлығының да қайшылықтары мол және ешқандай пәтуалы негізі жоқ, жалаң сөздер. Тіпті Әбілқайыр ханның хатқа жазылып қалған қабірінің өзін тауып, мүрдесін анықтау үшін еліміздің танымал ғалымдарының өзі көмекке шетелдік ғалымдарды шақырып, бірнеше жыл бойы еңбектенсе, Бөкенбай қолбасшы тарихын зерттеусіз-ақ жалғыз Зәкеңнің оп-оңай шеше салуы тарихымызға, елдігімізге ұят және Бөкенбайдай аруақты бабамызға қиянат.
1803 жылғы Бұқараға аттандырылған Ресей елшілік керуенінің басшысы Я.П.Гавердовскийдің қазақ елінің өткен тарихы жөніндегі жазбалары қысқа да болса нұсқа дерек. Тіпті 1710 жылдарғы «Қарақұм құрылтайы» мен «Қарақұм шайқасы» және ел басқарған бірегей тұлғаларымыз жөніндегі мәліметтер мұнда нақты бейнеленген.
Зәкең Я.П.Гавердовскийдің Бөкенбай батырдың сол дәуірдегі қазақ елі тарихындағы алар орны жөніндегі мына деректерін жиын сайын қазақша аудармасымен айтқанымен: «…Меньшая стеснена была в пески около озера Аксакалбарбий и по рекам Иргизу, Тургаю, Ори, Илеку и Уралу… В 1710г. некоторые старейшины и начальники семейств из числа тех родов, которые располагались в песках Каракумах, собрались для совету, дабы употребить все усилия к единодушной защите друг друга до последней капли крови. Слабые души даже среди сего собрания обнаружа страх свой и предлагали искать безопасности от милосердия контайши: другие хотели оставить жилища свои и спасаться бегством за реку Волгу, а некоторые подобно робким зайцам желали рассеяться в разные стороны…. Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают, что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в иступлении: «Отвестим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных дети наших!» Бірақ сол Я.П.Гавердовский 21-22 тамызда Ырғыздағы «Бөкенбай шоқысы» маңындағы қоналқыда отырып, өзінің күнделік журналына былай деп тайға таңба басқандай етіп жазғанын мүлде айтпайды: «…К реке Иргиз опускается она многими крутыми уступами… За горою Кулакачи находится другая высокая и знаменитая гора Кабанкулак, т.е. свиное ухо, разделенная от первойпесчаною равниной. Справо отсюда видна сказанная выше гора Сувукбиттау, а далее верст за 40 показываются горы Букенбаевы, между коими особенно отличается конусообразный каменный холм, называемый Букенбаев маяк. Все сии горы, кроме Кулакачи, флецевого содержания, имеют в себе трап, извест и песчаник, и по большей части покрыты сверху красноюглиною.
При воззрении на Букенбаевы горы и на маяк Букенбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такого их наименования. «В старину, говорили они, когда калмыки, притесняя орду нашу через набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Букенбай с подвластными ему аулами имел главное кочевья в горах, носящих теперь его имя, где природа соединила все выгоды, потребное для жизни. Чтобы вернее спасти свое убежище от пеприя­телей, он располагал всегда в свой долине, окруженной отовсюду возвышенными местами, по коим паслись табуны под наблюдением раставленных на вершине гор караулов. Для предупреждения нечаяных нападении на возвышеннейщей пред всеми прочими и неприступной каменной горе, с коей все около лежащее местоположение было открыто, выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрывающимся в долине обо всех движениях неприятеля. Долго таким образом охранялись сие природное укрепление, но наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. ТЕЛО СЕГО ГЕРОЯ ПОГРЕБЕНО НА ГОРЕ МАЯЧНОЙ».
Занятия наши в описании местоположения прерываемы были различные происшест­виями».
Тарих көші үшін Бөкенбай қолбасшының қазасы мен осы күнделік-жазба арасындағы бар болғаны 60-ақ жыл ұмытылатындай ұзақ мерзім емес. Тіптен Я.П.Гавердовскиймен сөйлескен қазақтар арасында Бөкенбай қолбасшымен бірге жүріп, тұз-дәмдес болғандардың көзі тірілері де болғаны анық.
Қазіргі Орал мемлекеттік универси­тетінің ғылыми істері жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар» (Алматы. Арыс баспасы 2008 ж.) атты ғылыми мақалалар жинағының 49 бетінде «Бөкенбай батыр денесі Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Шалқар жол қатынасы бойындағы биік шоқыда жерленген. Кейін ол «Бөкенбай шоқысы» деп аталып кетті. Шоқыны 1803 жылы 21-22 тамызында көрген Я.П.Гавердовский Ырғыз өзенін барлап: «Құлақашы тауынан әрі биік және белгілі Қабанқұлақ тауы бар. Арасын құмды жазық бөліп тұр. Оң жағымызда Суықбеттау көрінеді. Одан 40 шақырым жерде Бөкенбай тауы, олардың арасында «Бөкенбай маягы» аталатын шошақ пішінді тас төбе ерекше көзге түседі… Бөкенбай батыр денесі осы таудағы маякта жерленген» деп жазған.
Сонда кімге сенеміз? Бөкенбай қолбасшының жерленуіне қатысты Я.П.Гавердовскийдің күнделік-журналындағы жазуға ма, оны тұжырымдаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Мұқтарға ма? Әлде қазіргі «ауыл айтқыштары» Айнағұл мен Мақсаттарға ма? Мұның дұрыс-бұрысын оқырманның өзі ажыратар.
ХІХ ғасырдың бас жағында жазылған Я.П.Гавердовскийдің еңбектерін теріс деп сынаған сыншылар да болған емес. Олай болса, Я.П.Гавердовский жазған Бөкенбай қолбасшының Қарақұм құрылтайына дейінгі бүкіл қазақ еліне белгілі тұлға болғандығы мен сол құрылтайдағы ел тағдыры сынға түскен сәтте өз мойнына ел мен жердің жауапкершілігін ала білгендігі де ақиқат.
Я.П.Гавердовскийдің күнделік-жазбасы мен көмекшілері Иванов пен Бог­дановичтердің сапар барысындағы көрген-білгендерін толтырған журналда­рындағы «Табын Бөкенбай қолбасшының қонысы Ырғыздағы «Бөкенбай шоқысы» алабы болып, кейін шоқы басына жерленгені, қабірі де сол шоқы басында екендігі туралы жазылған екі бірдей тарихи жазбаға сенбей, әркімнің ауласында отырып айта салған» әңгімесіне сену пиғылынан Бөкенбай қолбасшыны ұлт батырынан гөрі рулық батырға айналдыруға құмар пендешілік байқалады.
Бөкенбай қолбасшы тарихы жайдақ, бәкене аңызға немесе жалаң сөзге сүйеніп жасалуға тиісті емес. Қазір онсыз да оның ерліктерін екінің бірі қанжығалы Бөгенбайға теліп, соны көркем шығармаға дерек етіп алып жүргендер көп. Бұл қазақ ұлтының тағдырында орасан зор орны, өлшеусіз еңбегі бар, күллі ұлт мақтанып айтарлық Бөкенбай батырдың рухына да, оны мақтан тұтатын ұрпақтар зердесіне де қиянат болады.
Қазақтың ұлы қайраткері, ұлтқа ұлы өнеге қалдырған Бөкенбай батыр тарихы бүкілелдік көлемде, ғылыми тұрғыда кешенді зерттеліп, бүкілхалықтық деңгейде ұлықталуы тиіс.

Ералы ТҰРАБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

 

http://anatili.kz/?p=12550

Рубрика: