Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінгінің ащы шындығы – қазақтың «қырық үйден тыйым көрмей» өскен бойжеткені мектеп партасында отырып-ақ ана атанып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі 18 жас­қа дейінгі қыздардың жүкті болып қалуы Атырау облысында жиі орын ала­тынын мәлімдеді. Осы мәліметке сүйен­сек, өт­кен жылы елімізде дүниеге келген нә­рестелер саны – 385,2 мың болса, мұнда­ғы 4,6 мың шарананы 15-18 жас ара­лы­ғындағы қыздар босанған. Сонын ішін­де 1153 нәрестені атыраулық мектеп жа­сындағы қыздар босанған.


Жасөс­пірім­дердің жүкті болуы жағынан Атырау облы­сынан кейінгі орында Оңтүстік Қа­зақстан облысы. Ұлттың болашағын ойлаған жандар үшін бұл көрсеткіш жаға ұстатады. Осы деректер қазақы түсінік тұрғысынан кел­генде тәрбие мәселесінде ұтылып жатқан тұстарымызды көрсетеді. Қазір бәріне көндіге бастадық. Сол көнбістігіміз түптің түбінде жеті атасынан қыз алмаған қаны таза қазақтың арда қасиетіне қара таңба қалдырмаса игі…

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелованың айтуынша, 2011 жылы 15-18 жас аралығындағы жасөс­пірімдердің жүкті болу жағдайының 2 409 дерегі тіркелген. Олардың 102-сі жасанды түсік жасатқан. Тіпті бұлардың ішінде 14 жастағы қаракөздер бар екені жасөспі­рімдер тәрбиесімен қатаң түрде айналысу керектігін меңзеп тұрғандай. Жуырда өткен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-де­могра­фиялық саясат жөніндегі комис­сияның кезекті отырысында айтылған жайттар жасөспірімдердің тәрбиесін қазірден қолға алмасақ, кейін кеш болатынын аңғартты. Санды қуаламай-ақ турасын айтқанда, жасы 15-ке жетпей жүкті болып қалған мектеп оқушы­ла­рының саны жыл сайын артып отыр. Бұл облыстың гине­колог мамандары ерте жаста жүкті болған қыздардың ден­саулығына төнер қауіптің аз еместігін айтып, дабыл қағуына дейін жетті. Олар жас ағзаның физиологиялық қызметі толық жетіліп болмағандықтан да қыз балаға жүктілік физикалық және пси­хологиялық жағынан да қиындық әке­ле­тінін айтуда. Облыстағы гинеколог мамандар ерте жастағы жүктіліктің себептерін саралай келе, діни ағымдарды ұстанушы жасөс­пірімдер тарапынан ерте жүктілік көп болып отырғанын анықтап отыр. Ша­масы, атам қазақтың «Он үште отау иесі» деген сөзінің астарына жіті мән бермеген қазіргі жастар осы жаста отау құра беруге болады дегенді мақсат етсе керек.

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: