Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

вЫВАбай ОМАРОВ (коллаж)

«Қоқыс жәшіктерінен полиэтилен пакетке салынған нәрестелерді тауып алды», «баласын айуандықпен өлтіріп, денесін бөлшектеп, лақтырып кеткен», «анасын ұрып өлтірген», «әкесіне пышақ салып алған», «бауырлар бір-бірін мерт қылды…» Осындай қылмыстар бұл күні бізді таңғалдырмайтын болды. Туған баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар да екі күннің бірінде айтылатын жағдайға жеттік. Мұндай патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?.. Әйел неге өз баласынан өзі жеріді?

Жақында Көкшетау қаласындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен сол қолы жоқ сәбидің өлі денесі табылды. Бұл сәби анасының «жоспарынан тыс» өмірге келген­діктен, жарық дүниеге келе сала, о дүниеге атта­ныпты. Мұндай оқиғаларды тізе беруге бола­ды. Былтыр жазда Ақтөбенің Абай даңғы­лы бойындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен жаңа туған сәби табылды. Кіндігі де түс­пе­ген нәрестені 23 жастағы әйел тас­тап кеткен болып шықты.

Ардагер УАЙДА, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

— Биыл наурыз айында тағы да осын­­дай оқиға болды. 27 наурыз күні Темір аудандық ішкі істер бөліміне Шұбарқұдық ауылының тұрғыны хабарласты. Өз үйінің ауласындағы дәретханадан жаңа туған баланы тауып алғандығын айтқан. Оқиға болған жерге дереу жедел-тергеу тобы барып, төсек жаймаға оралған нәрестені алып шықты. Абырой болғанда, сәби аман екен, оны дәрігерлерге табыстадық. Бір тәуліктен кейін сәбидің анасы табылды. Күйеуге тимеген, 23 жастағы әйел түнде толғағы келіп, далаға шыққанын, жеті айлық баланы мерзімінен бұрын босанып, сол түні оны төсек жаймаға орап, дәретханаға лақтырып тастағанын айтқан. 

Жаның түршігеді. Бейресми деректерге қа­­ра­ғанда, соңғы екі-үш жылда елімізде он­нан астам бала өз анасының қолынан ажал құш­қан.

Осы тектес қылмыстардың көбейіп кет­кендігі соншалық, соңғы жылдары Қазақстан Республи­касының Қылмыстық кодексіне «Жа­ңа туған сәбиді анасының өлтіруі» деген ар­найы, 97-бап енгізілген болатын.

Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған сәбиін туып жатқан кезінде, сол сияқ­ты одан кейінгі кезеңде психикасын бұ­затын жағдайда немесе есінің дұрысты­ғын жоққа шығармайтын психикасы бұ­зылуы жағдайында өлтіруі — төрт жылға де­йін­гі мерзімге бас бостандығын шектеуге не­месе сол мерзімге бас бостандығынан айыру­ға жазаланады».

Көріп отырғанымыздай, жаңа туған ба­ласын өлтірген әйел бар болғаны төрт жыл­ға бас бостандығынан айырылады екен… Ал салыстырмалы түрде осы кодекс­тің 175-інші «Ұрлық» бабын қарасақ, онда ұр­лық­тың қалай жасалуына байланысты, кү­дік­тінің айыппұл төлеуден бастап, үш жыл­ға дейін бас бостандығы шектелуі, он жыл­ға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін екен. Сонда нәрестенің мүлік құрлы құны жоқ па деп ойлайсың…

Серік ЖОЛДЫБАЙ, заңгер: 

— 98 бап бойынша, кенет пайда болған жан күйзелісі (аффекті) жағдайында адам өлтіргенге үш жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығын шектеуге немесе алты айға дейінгі мерзімге қамауға немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру­ға жазаланады. Ал баласын қоқыс жә­шігіне тастай салатын аналарға қатысты Қыл­мыстық кодекстің 119-ыншы бабы қолда­нылады. Яғни, өз-өзін күтуге дәрмені жоқ адамдарды, мысалы сәбилерді, қарт­тарды, науқастарға көмек көрсетуге мүм­кін­дігі бар және міндетті болып табылатын адам оларды көпе-көрнеу көмексіз қал­дыр­ған болса, ол адамға айыппұл салы­на­ды, немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұ­мыс­тарына, не үш айға дейінгі мерзімге қа­мау­ға алынады. Ал көмексіз қалған адам, мы­салы, қоқысқа лақтырылған бала қайтыс болса, оны лақтырып тастаған анасына не айыппұл салынады, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Міне, осындай қылмыс жасағандарға қа­тыс­ты жаза осындай. Менің пікірімше, қа­з­ір қылмыстық кодекс ізгіленіп кетті. 

Жаңа туған баласын өлтірген аналар туралы ақпараттарды оқып отырсаңыз, мұндай қадамға барғандардың ішінде оң жақта отырып, аяғы ауырлаған әйелдердің баршылық екендігін байқайсыз. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін бойына «жос­п­арсыз» біткен жазықсыз сәбиді «адам­ның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» ана дүниеге аттандырып жатқан әйелдің күнәні күнәмен жууынан басқа жол жоқ па?..

…Орта ғасырлардағы Еуропада неке­сіз туған балаларды «шайтаннан» деп, отқа өртеген. Ресейде ХІХ ғасырда өз ба­ласын өлтірген әйелдерге олардың отба­сылық құқықтық статусына бай­ла­нысты жаза тағайындаған – әйелдің отба­сы бар болса, оны ауыр жазаға, отбасы жоқ, оң жақта оты­рып босанған адам болса, жеңіл жаза­ға тартқан. Яғни күйеу­ге тимей сәби сүй­ген әйелдердің өз бала­сын өлтіруі отбасы бар әйелдердің осын­дай қыл­мысына қа­рағанда жеңілдеу бол­ған екен…

Бірақ қазақ ешқашан қандай бала бол­са да оны өлтіруге жол бермеген. Тәуке хан­ның заманында мұндай без­бүйрек ана­ларды өлім жазасына кескен. Жеті жар­ғыда: «Некесіз туған баласын ұяттан (қаса­қана) өлтірген әйел өлім жаза­сына кесіледі» делінген. Қазақ­тың ана­лары «О, құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, шетінен сыпырып ала бер» деп кері кеткен ба­ласын адамның емес, Алланың үкіміне тапсырған.

Әрине, бұл – некесіз туған балалар кө­бей­сін деген емес, керісінше, қыз баланың «болары болғанға» дейінгі тәрбиесіне мән беру қажет деген сөз. Ал бойға бала бітті екен, оны өлтіру арқылы арыңды тыныш­тан­дыра алмайсың. Бұл – басқа әңгіменің өзегі.

БАР БАҚЫТСЫЗДЫҚҚА БАЛА КІНӘЛІ МЕ?

Зерттеулерге қарағанда, жаңа туған ба­лаларын өлтірген аналардың көпші­лі­гінің психикасында ауытқушылық бар екен­дігі байқалған.

Жалпы, әйелдердің баласын өлтіруі кезіндегі психикалық жағдайына мән беру мәселесі тек ХІХ ғасырдың орта тұсы­нан басталған. 1845 жылы Ресей заңдарында әлем­де тұңғыш рет жаңа туған баласының жа­нын алған әзірейіл аналардың психика­лық жағдайын зерттеу, күдіктіге жаза таға­йын­дау кезінде оның психикалық жағда­йы­на байланысты жеңілдіктер жасау қа­рас­тырылған. 1988 жылдары Еуропа­ның көптеген елдерінде психикалық ауыт­қу­шылығы салдарынан баласын өлтіріп алған аналардың жаза­сын жеңілдеткен.

Мейрамгүл ЕСЕНҒҰЛОВА, психолог, педагогика ғылымының кандидаты: 

— Жаңа босанған аналардың қылмысқа баруы уақытша психикалық ауытқушы­лық­тың әсері болуы мүмкін. Қылмысқа бар­ған аналар сол сәтте аффектілік күйде болады, яғни өздерінің іс-әрекеттеріне есеп бере алмайды. Бұл жағдайда аналар өздерінің не істеп, не қойғандарын білмей қалуы әбден мүмкін. Яғни әйелдердің босанғаннан кейін осындай қылмысқа баруы оның аффектілік жағдайда болған­дығының салдары болуы кәдік. Аффектілік жағдайда адам өз-өзін басқара алмайды, өзіне-өзі иелік ете алмайды.

Жалпы, кез келген жүкті әйелдің бо­йын­да көңіл күй өзгерісінің болуы – қалып­ты жағдай. Ал кейбір әйелдер бала туған­нан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүм­кін. Оның себебі болашақ анаға бо­сан­ғанға дейінгі әсер еткен ішкі және сырт­қы факторлардың қаншалықты деңгейде ықпал етуіне байланысты. Ықпал еткен факторларды дұрыс түсініп, оң шешімін таба білуге тұлғаның психологиялық ерек­шелігі мен дайындығы негіз болады.

Жүкті әйелдің психологиялық жағ­дайын­дағы өзгерістерге дәрігерлер мен айналасындағы ортасы назар ау­даруы қажет. Белгілері: түсініксіз, баяу сөй­леп, бала туралы кеңестерді жүрдім-бар­дым тыңдауы, не болса соған жылай беруі, өзін әлденеге кінәлі сезінуі.

Психологтың пікірінше, анасының өсіп қалған баласына қол салуы әлеуметтік жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі қарастырылады. Біріншісі — әйелдің күйеуін жек көруі. Бұл жағдайда әйел өшін баласынан алады, барлық бақытсыздыққа баласы кінәлі деп санайды.

Екінші себеп — ішімдікке жақын болу. Ішкен әйелдің жайы белгілі, ал егер күйеуі ішімдікке жақын болса, бала байғұс тағы да соған кінәлі болып шыға келеді. Әйелдің күйеуіне деген ашу-ызасы, өкпе-реніші күннен күнге ұлғайып, әбден көңілі қалып, оның ішіп келетініне ғана емес, тұрмыстың ауырлығына, жағдайдың жоқтығына, тіпті көршілердің нашарлығына, шкафтың есігінің сықырлап, жүйкеге тигеніне дейін бейшара балалар кінәлі болып, ақыры оны шешесі ұрып-соғып, қансыратып, аяқ-қолын сындырып, күндердің-күнінде өлтіру­ге дейін баруы мүмкін.

Психологтың айтуынша, баланы жек кө­ретіндердің қатарында әлі жастық буы ба­сыл­маған, желігі тарқамаған тым жас аналардың, сонымен қатар өзін қатты жақсы көретін, бәрі өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдердің болуы мүмкін.

БІЗГЕ ДЕ «БЭБИ-БОКС» КЕРЕК ПЕ?

Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, үнемі жолыңды байлайтын жоқшылық, баланың болашағына деген сенімсіздік, қиналғанда жанында ешкімнің жоқтығы да аналарды тығырыққа тірейтіні рас. Қазіргі қоғамда жалғызбасты аналарға үкімет тарапынан қаржылай көмек көрсетілгенімен, оның жанына демеу болатындар аз…

Аяғын шалыс басып, тұрмысқа шықпай бала сүйіп қалған қыздар былай тұрсын, ерінен айырылған, не ажырасқан аналар­дың арасында да ешкімнің көмегіне ие бола алмай, балаларын қалай бағарын, қай жаққа жарыларын білмей дал болып жүр­­гендер бар. Қазіргі қоғамда тіпті туған немерелерін ақылы бағатын әжелер де бар екен.

Аналардың осынша агрессияға бой ал­дыруына тек аталған нәрселер себеп бо­лып отыр деуге де болмайды. Тасбауыр қо­ғам­нан іздеу керек мәселенің төркінін. Әйел бойындағы аналық сезімнің әлсіреуі­не себеп болған нәрселерді түстеп айтып беру оңай емес.

Кейбір елдерде аналар балалар үйінде өскен жеткіншектері үшін мемлекетке ақша төлеуден қашу мақсатында оны өз қолы­мен өлтіріп тастайды екен. Ресей, Белорус­сия психологтары Германия, Австрия, Бель­гия, Швейцария секілді мемлекеттер­де жұ­мыс жасайтын бэби-бокстар ашу жөнін­де ұсыныстар көтерді. Бэби-бокс дегеніміз — ауруханалардағы арнайы терезелер, ол жерлерге баласынан бас тартқысы келетін әйелдер анонимді түрде тастап кете алады. Алайда мәселені бұлай шешуге болмайды. Себебі баласын бір рет тастап кеткен әйел екінші рет, оныншы рет тастап кете беруі мүмкін емес пе…

 

Р.S.

Анасының баласын өлтіргені жөніндегі қылмыстық оқиғаларды саралап қарасаңыз, «психикасының ауытқушылығы салдарынан…», «ішімдік ішіп отырғанда…», «некесіз бала туғандығынан…», «күйеуінен ажырасқан соң…», «жүктілік жоспарына кірмеген…» деген секілді себептерді ғана көруге болады. Ал оның не үшін ішімдікке салынғаны, не үшін ажырас­қаны секілді түпкі мәселеге мән бермейміз. Ағаштың бұтағын кесіп, жапырағын кескеннен тамыры қиылмайтынын ұмытпауымыз керек.

Автор: Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе

http://alashainasy.kz/main/43205/

 

Рубрика: