Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Орталық коммуникациялар қыз­метінің соңғы күндердегі бас­пасөз мәслихаттары еуразиялық ин­теграцияға арналып жатыр. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астанаға еуразиялық интеграция аясындағы өңіраралық байланысты сөз ету үшін арнайы келіпті. Жалғыз емес, жанына көрші Ресейдің Алтай өңіріндегі кәсіп­керлерді ертіп алған. Әкім, әрине, интеграция керек деді. «Шет мем­лекеттермен ықпалдасу, олармен өзара тиімді экономикалық байла­ныстарды кеңейтіп, нығайту үшін интеграция керек» деп сөз бастады.

Облыс шекарасының 840 шақырымы Ресеймен шектесіп жатқанын айтқан әкім ШҚО-ның көрші мемлекеттермен де, басқа мемлекеттермен де қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін тілге тиек етті. «Он­сыз кәсіпорындар өнімін сату мүмкін болмайды. Сосын сол елдегі жаңалықтар мен жаңа технологияларды енгізуге де интеграцияның көмегі бар» деді Б.Са­парбаев. Өңір басшысының дерегінше, бүгіндері ШҚО-да 379 бірлескен кәсіп­орын жұмыс істеуде, оның 230-ы Ресей­мен, 5-і Беларусьпен, 2-3 – Армения, Қырғызстан және Қытаймен бірлесіп құ­рылған. Осы кәсіпорындардың арқа­сында облыстың экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр екен. Мы­салы, 2013 жылдың қорытындысы бо­йын­ша Қазақстанның Ресеймен және Бе­ларусь елімен арадағы сауда айналымы шамамен 1,9 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 300 млн, импорт 1,6 млн долларды құраған.

– Бүгінгі таңда қолға алынып отырған ең үлкен жоба – Ресеймен бірлесіп салы­нып жатқан «Азия авто» зауыты. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 120 мың көлікті құрайтын болады, – деді өңір басшысы. – Қазіргі таңда ШҚО еліміздегі машина жасау саласындағы басты өңір болып есептеледі. «Азия авто» өткен жылы құны 100 млрд теңге тұратын 30 мың машина шығарды. Биыл бірінші тоқсанның өзінде ғана құны 27 млрд теңгеге 8 мың машина шығарды. Зауыт бүгінде Қазақстанның 63 пайыз жеңіл көліктерін шығарып жатыр.

Облыс әкімі автокөлік құрастыру зауытының бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бізде салық салуда жеңілдіктер бар, Ресеймен салыстырғанда төмен. Сондай-ақ электр энергиясы, су бағасы да төмен. – Осы жағдай машина жасау кә­сіпорындарына зор мүмкіндік береді. Бізде жұмыс күші де олармен салыстыр­ғанда арзан. Осының барлығы бізде шығарылатын көліктерді төмен бағамен сатуға мүмкіндік береді, – деді ШҚО әкімі.

Интеграция туралы брифинг болған соң, әкім Белоруссиямен бірлесіп шыға­ратын трактор, бірлесіп өндіріп жатқан сүт өнімдері туралы сөз қозғады. ШҚО-дағы мұнай және газ салалары үшін жаб­дықтар шығаратын арматура зауыты өнімдеріне Ресей мұнайшылары мен газ өндірушілері тарапынан сұраныс жақсы екенін айтты. Мәселен, былтыр бұл зауыт­тың Ресеймен арадағы тауар айна­лымы 3 млрд теңгеге жетіпті. Айтқандай, облыс кәсіпкерлері Алтай өңірінде сауда үйлерін ашып, қазақстандық өнім өн­діруді жолға қоймақ көрінеді. «Біз Өске­менде, құс етін тереңдетіп өңдейтін зауыт аштық. 1 килограмм еттен 70 түрлі өнім жасалады. Кәсіпорын Алтай өңірінде де өз зауытын ашуды көздеп отыр. Сонымен қоса, өңір губернаторымен болған соңғы кездесуде Барнаулда Шығыс Қазақстан облысының өнімдері сатылатын сауда орнын ашу туралы келістік» деді Бердібек Мәшбекұлы.

Бал шаруашылығымен ерекшеленетін өңір бұл салаға да басымдық беріп отыр. ШҚО-да аталған салалар үшін арнайы бағдарлама қабылданып, пантокрин мен бал өнімін шығаруды дамыту жолға қойылғаны белгілі. Нәтижесі сол, бүгінде ШҚО-ның балы Қытай мен Ресейге экс­портталуда. Жуықта ШҚО омарта­шыла­рының өнімдерін Біріккен Араб Әмір­ліктері де тұтына бастауы мүмкін екен. Ал пантокрин Корея, Қытай, Ресейге жөнелтілуде.

Баспасөз мәслихатының БАҚ өкіл­дерінің сұрақ қоятын сәті келгенде Ор­талық коммуникациялар қызметінің өкілі тақырыптан ауытқымауды жиі ескертті. Соған қарамастан, өңір басшысы журна­листер қойған сұрақтың барлығына жауап берді. Мәселен, облыстағы жолдардың сапасына қатысты айтылған сынмен келіспейтінін білдірді. «Облыстағы жол­дар шұрық-тесік» дегенмен мен келіс­пеймін. Біз облыс әкімшілігінде осы мәсе­лені қарадық. Әрине, бәрі жақсы деп айта алмаймын. Бірақ 30-40 жыл жөндел­меген жолдарды бес-алты жылдың ішінде жөндеу мүмкін емес. Оның үстіне біз қа­зіргі таңда экономикамызға, халықтың жағдайына әсер ететін жолдарды жөндеуге басымдық беріп отырмыз деді. Әкімнің айтуынша, биыл жолдарды жөндеуге 21 млрд теңге қаражат бөлініпті.

Риддер қаласында опырылып құлаған тұрғын үй үшін «Қазмырышты» жазаға тарту мәселесі шешілмегенін де әкімнің өзінен білдік. Оның айтуынша, құлаған үйдің иесіне «Қазмырыш» өтемақы бер­ген. Ол қаражат үй салуға немесе жаңа пәтер сатып алуға жеткілікті. Ал өзге 43 үйдің жағдайына байланысты 100-ден 200 мың теңгеге дейін «Қазмырыш» есебінен материалдық көмек бөлінген. «Ал кінә­лілерді жазаға тартуға келсек, әзірге «Қаз­мырышты» жазаға тарта алмаймыз. Өйт­кені қазір бірлескен комиссия құ­рылды, ол шешім шығаруы тиіс. Содан кейін оларға қатысты жаза қолданылады» деді әкім.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана

http://www.aikyn.kz/news/view/47439

 

 

Рубрика: