Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жириновскийді біз не үшін жақтырмаймыз?  Қазаққа қастығы, қиямпұрыс ойлары үшін. Алматыда туғаны болмаса, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Жириновскийді орыстың ұлттық мүддесі үшін, оның ішінде тілі үшін шыр-пыры шығып жүрген саясаткердің бірі ретінде мойындауға болатын шығар. Дәл қазір қазаққа осындай тұлға жетіспей тұр десек ешкім жағамыздан ала қоймас. Айтпағымыз, таяуда Ресейдің Либерал демократиялық партиясы Мемлекеттік Думаға «Тіл тазалығы туралы» заң нұсқасын ұсынбақ. Тіл майданына келгенде ұрдажық әрекеттерімен жиі көзге түсетін генерал Қасымов пен желтоқсаншыл Хасен Қожахмет те, Кенесарымыз да, Жасаралымыз да үнсіз.    
Аталмыш заң жобасы журналистерге, жазушыларға, мұғалімдерге орыс тілінде баламасы бар сөздерді қолданса, шара қолдануды қамтамасыз етеді. Жасыратыны жоқ, республикамызда тілді бірден-бір шұбарлап отырған телеарналар екені айдан анық. Әсіресе, шет тілінен аударма түріндегі сериалдар мен атыс-шабысқа толы қанжоса фильмдердегі сюжеттің көркемдігі, эстетикалық талғамы туралы сөз қозғаудың өзін айтпағанда, тілдік қорының жартысы анайы, ауызекі, бұзақылардың жаргондарынан тұрады. Мұны көрген жас балалар оны әп-сәтте қағып алады. Миына қона қалады. Баяғы «туши свет, моргало выколью…» дегендер модадан қалған. Турасын айтып көзіңді шарасынан шығарады.
Жириновскийге оралайық. Бізге ақымақ көрінгенмен, ақылды ойлар айтатыны бар кейде. Әсіресе орыстың мүддесі тұрғысынан.     «Американдық, ағылшындық сөздермен әбден жанымызды қинап болды. Заң жобасында сөздік бойынша орыстың қалыпты сөзін пайдалану жолын ұсынамыз. Ол заңның орындалуына барымызды саламыз. Әрбір журналистің, теле-радиобағдарламасын жүргізушінің, мұғалімнің, ғалымның, жазушының үстелінде сондай тізім жатуы тиіс. Олар тілді шетелдік қоқыстардан тазарту керек»,–деп сайрайды ол. Жириновскидің айтуынша, ана тілін тазалауға кіріскен алғашқы мемлекет Ресей емес. Осыдан алпыс жыл бұрын Түркияда ана тілін араб, парсы, француз тілдерінен тазарту науқаны болған. Бастамашылар тіл тазалығын сақтамағандарға белгілі  көлемде айыппұл салуға, қажет болса жұмыстан шығаруға  шақырады.
Осыдан ондаған жыл бұрын астаналық  «Азамат таймс» газетінің бас редакторы, орыс тілді журналист Ерлан Акмурзин Мәскеуге барып, Владимир Жириновскийден сұхбат алды. Сонда жас Астанаға сәттілік тілеп жап-жақсы-ақ сұхбат беріп  отырған Жириновскидің газеттің мұқабасына көзі түсіп кетіп: «Азаматың» түсінікті, орысшасы-гражданин. Ал, ағылшынша таймсың қай сасқаның? Қазақтың басты ордасында орысша шығарғаныңмен қоймай, айдаладағы Англия сені қаржыландырып отыр ма, бұл қай басынғаның? — деп төбесінен төніп келгенде, әріптесіміз Ерлан Акмурзин жұдырық жұмсап жібере ме деп зәресі ұшыпты.  Оны маған Ерлан Акмурзиннің өзі жырдай етіп әңгімелеген болатын.
Қысқасы, осы «жынды мінезді» Жириновский жерлесіміздің бастамасын біз де қостап, осы мезетті пайдаланып,  ана тіліміздің «кір-қоңын» бір тазартып, адалын аршып алсақ, латынға көшкенге дейін біржақты сұрыпталып қалар ма едік?!

 Ескендір ЕРТАЙ, 
Астана

 

http://www.halyksozi.kz

Рубрика: