Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері


– Ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі қаншалықты өзін ақтай алды?

– Келісім, тұрақтылық деген ұғымдардың мәнін ашып алайық. Әлеуметтік ғылымда екі концепция қалыптасқан.
Функционализм концепциясы қоғамды салыстырмалы тұрақты құрылым, оның су­бъек­тілері (ұлттар, діндер, әлеуметтік топтар, жастар, зейнеткерлер, әйелдер мен еркектер, байлар мен кедейлер) өз қызметтерін (функ­цияларын) атқарып, елдің тыныштығына тырысады дейді. «Батырға да жан керек» де­гендей.
Конфликтология теориясы К.Маркстан бастап, бүгінгі Р.Дарендорфқа дейін қоғам үнемі өзгерісте, қайшылықта болады, дау-жанжалдар жиі-жиі көрініс алады. Сатушы мен тұтынушы, кредит алушы мен банк, жұ­мыс беруші мен жұмысшы, ұлт пен ұлт, дін мен дін мүдделері үйлесе бермейді, сол сияқты мемлекеттер арасында да қайшылықтар кей­-де ашық, кейде бүркемелі түрде көрініс алады. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дейді біздің қазақ. Неміс ғалымы Р.Дарендорф былай дейді: «Дау-жанжалдардың барлығын мойындаған, оларды жеңген адам тарихты өзінің бақылауына алады. Осы мүмкіндікті пайдаланбаған, өзіне қарсылар табады».

Қоғамда келісім мен керісу, қақтығыс пен бейбітшілік араласып, келісім кезінде қай­шылықтар қордаланып, бірте-бірте дау-да­майға айналады, дау-дамайдың алдын алып, қайшылықтарды еңсерген тұста, келісімге ұласады. Ұлтаралық, әлеуметтік даулардың пайдасы да бар, олар әлеуметтік жүйенің көп қозғалмайтын адамның сүйектері, буындары сияқты семіп, қатып қалмауына, жаңаша ойлауға, жаңа жағдайға бейімделуіне, әрекет жасауға итермелейді. Ал қатып қалған тоң­мойын билік шындықты мойындағысы кел­месе, Жаңаөзендегі сияқты қанды оқиғалар­-ға ұласады. Жаңаөзен мәселесіне үңіліп қарасақ, көптеген моноқалалардың мәселесі екенін енді білдік. Қоғамда тұрақтылыққа да, жанжалдарға да негіздер бар, тек елдің ты­нысын, ахуалын алдын ала танып білу қажет. Қазақстан халқы ассамблеясына ақиқат емес, аплодисмент керек сияқты.

Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық моделі дегенімізде оны ешбір мемлекетте қайталанбайтын, ерекше ноу-хау деуге болмас. Әр мемлекеттің бұл салада өзінің қайталанбас жолы, басынан өткен асулары, өкініштері мен табыстары бар. «Бүкіл әлем Қазақстаннан үлгі алып отыр деу» асырып айтқандық бо­лар.

Марк Твен айтқандай, «тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек» деп. Жазушы тәуелсіздіктің жүгі мен жауапкершілігіне, алға ұстаған нысанаға жету жолының қауіп-қатерге, күмән мен күдікке толы екендігін мең­зеп отырса керек.

Тәуелсіздік алғаннан кейін саяси, эконо­микалық, моральдық дағдарысты әр этнос өз ой елегінен, жан дүниесінен өткізеді. Қазақ­тар күні бүгінге дейін «табиғи байлық шетел байларының қолына кетті» деп алаңдаса, сла­вян текті диаспоралар адам құқығы бұ­зыл­ды деп орынсыз алаңдады. Славян тектілер мен немістер пессимистік көңіл күйге бой ал­дыр­са, қазақтар болашаққа сенімді болды. Эт­носаралық қатынастарды бағалауда қазақтар мен этностар өкілдерінің айырмашылықтары анық байқалды. Сол кездегі әлеуметтік зерт­теулерге қарағанда, қазақтар ұлтаралық қатынастарды «достық», «бейбіт» деп си­пат­таса, славян, еуропатектілер оңды баға беру­ге сараңдау, «әр уақытта да достық емес», «қайшылықты» деп бағалаған. Қазақтар «бас­қа этнос өкілдерінің ішінде достарым көп» десе, басқалар «достарым өз этносым ішінде көбірек» деген.

Еліміздің әртүрлі аймақтарында сепара­тистік көңіл күй де байқалды. 1991 және 1992 жылғы этноәлеуметтік зерттеулер бойынша, Шығыс Қазақстан облысында славян текті­лер­дің басым көпшілігі – 42,6%-ы автономия идеясын қолдап, 30,3%-ы қарсы болған. Ал Солтүстік Қазақстан саны сәйкесінше 35,5 пен 33,5% болды. Территориялық автономияны ашық қолдағандардың арасында немістер мен ұйғырлар да бар.

Қазақстанда 1989 жылы Жаңаөзенде, 1994 жылы Шығыс Қазақстанда, 2006 жылы Ақ­тауда, 2006 жылы Теңізде, 2007 жылы Шелекте, Маловодное, Маятаста этносаралық жаппай қақтығыстар болды. Ресейдің кейбір ғылыми басылымдары 1989 жылы Жаңаөзенде болған жағдайдың себебін күні бүгінге дейін қазақ­тардан көреді: «…в 1989 г. националистически настроенная часть населения вынудили ра­ботавших дагестанцев в одночасье покинуть Казахстан и вернуться в Дагестан» деп жазады кейбір басылымдар.
Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әр эт­-нос өкілдерінің бизнеске араласу мүмкіндігі, оларға өз мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтауға мүмкіншілік жасалды. Бірақ барлығы бірдей ол мүмкіндікті пайдаланған жөн, себебі қа­зақстандықтар бүгін де орыстанған қоғам. Көпұлтты қоғамбыз десек те, бүгін Қазақ­станда мемлекет құраушы қазақ ұлтымен алты диаспора бар: орыстар, өзбектер, украин­дықтар, ұйғырлар, татарлар мен немістер, осы­лар ел халқының 95,6 %-ын құрайды. 40-қа жуық диаспора мүшелерінің саны жүзге де жет­­пейді. Қытайда ХХ ғ. 50-жылдардың аяғын­да халық санағы жүргізілгенде, статистер ұсақ-түйектермен қосып, 500-ден астам ұлттың атын келтірген. Үкімет елдің ұлттық құрамын қайта қаратып, бір ғана ұлт қы­тайлықтармен қатар, қырықтан астам диас­пора (қазақтар­да соның ішінде) өмір сүреді деген. Біз елі­міздегі халықтардың санын көбірек көрсетуге ты­рысамыз. Ол да бір саяси мақсат көздеуден болар: осыншама ұлттар сүттей ұйып отыр деп, оны ұлт саясатының үлкен табысы деген мақтан үшін бе деймін.

Шындығында, елімізде славян тектілер аралас некелерде тұрып негізінен орыстан­ғандар. Мысалы, украиндықтар, белорустар, немістер, орыстар арасында аралас некелер алпыс пайызға жетіп қалды. Оларда ана тілдерінде жазатын жазушылар, ақындар жоқ­қа жақын, себебі олар орыстілділер. Кә­рістер де орыстілді, ал татар , ұйғыр, өзбектер арасында қазақ тілі ана тілдерінен кейін екінші орында.

– Ұлтаралық қайшылықтар неден тууы мүмкін?

– Ел ішінің тыныштығы жайбарақат, қа­персіз, бейжай көңіл күйге, келісімнің сыл­быр, марғау, қамсыз ахуалға ұласпағаны ке­рек. Кейде тұрақтылық төңірегінде қара­байыр, жаттанды ресми насихат халықты жалықтырады, этносаралық келісімнің қа­зақстандық моделін проблемаларды мүлдем біржола шешілгендей, барлығы тап бүгінгі­дей бола беретіндей көреміз.

Елімізде жаңа демографиялық ахуал қа­лыптасты. Қазақстан екі қауымдастық (қа­зақтар мен орыс диаспорасы) басым болған мем­лекеттен сан жағынан бір ұлт – қазақ ұлты басым елге айналды. 1999-2009 жыл­дар аралығында қазақтардың саны – 26,0%, өзбектер – 23,2%, ұйғырлар 6,8% өссе, орыс­тардың саны – 15,3%, украиндар – 39,1%, татарлар – 18,0%, немістер – 45,5% азайды. Ұлт саясатын талдағанда қазақ ұлтының мә­селесі алға шығатыны анық. Бүгінгі ақпарат­тық заманда қазақтар өз мәртебесін кеңес заманымен салыстырып қана қоймайды. Өз деңгейін басқа мемлекет құраушы ұлттар­мен, олардың аштық-тоқтығымен ғана емес, басқа мемлекет құраушы ұлт мәртебесімен, ұлттың даму деңгейімен, тіл, мәдениет да­муымен салыстырады. Мемлекет ішінде қа­зақтар, диаспоралардың мемлекеттік тілді меңгеруін қазақты сыйлаудың индикаторы ретінде бағалайды. Ал алыс аудандарда тұ­ратын қазақтар өздерін экономикалық-әлеу­меттік жағынан дамыған өңірлермен салыс­тырады.

Үш тілді меңгеру мәселесі де қазақтарды ойландырады. Кейде біз ағылшын тілін мең­герген, университет бітірген, біздің жастар­-ды Лондон мен Парижде күтіп отырғандай тәрбие жүргіземіз. Осының өзі мемлекеттік тілге, әсіресе, диаспора жастар арасында сал­қы­нын тигізеді. Бұл істе әлемдік тәжірибе­мен есептескен дұрыс. Канада лингвистерінің зерттеулеріне қарағанда, оқушыны екінші, үшінші тілге үйрету үшін сол тілдік ортада қай тілдің қуатты, қай тілдің әлсіз екенін айқындап алу қажет.

Канаданың Сен-Ламберс провинциясында ағылшын тілін ана тілі ретінде терең меңгерген оқушылар үшін француз тілі ана тіліне қауіп төндірмеген. Ана тілі – француз тілін то­лық меңгермеген оқушылар үшін ағылшын тілі олардың ана тілін ығыстырушы қызметін атқарған. Сондықтан екі-үш тілді меңгеру үшін оқушыларды ана тілін меңгеруіне қарай таңдаудан өткізіп, арнаулы топтарда ғана енгізу жөн. Қазіргі үш тілділік саясат Н.Хру­щев заманындағы топырағының ерекшелігі­-не қарамай, аймақтарға жаппай жүгері егуді талап еткен сияқты.

Ұлтаралық қайшылықтар байлық, билік, мансап-мәртебе төңірегінде де этностық топ­тар арасында туып жатады. Байлық, билік, мансап-мәртебе жеке адамдар ғана емес, әр этностық топ үшін де құндылық. Қазақстан­дық диаспоралардың бүгін мемлекеттік би­лікте, оның жоғары басқару органдарында орын алуға тырысатындары айқын. Қазақ­-стан Парламентінде Қазақстан халқы ас­сам­блеясы сайлаған тоғыз депутат этностар­дың сұраныстарын толық қанағат­тан­дырмай­тын сияқты. Тіпті ашу-ызаға толы, іштей наразылығын сыртқа шығара алмайтындар қан­шама? Ресейдің ТМД институты «Қазақ­стан­дағы орыстар» атты жобаға сәйкес Қа­зақ­станда социологиялық зерттеулер жүргізген.

Білім саласының қызметкері, өзіндік өмір­лік жоспары бар, кәсіби мансаптан да үмітті, Қазақстаннан көшу ойында жоқ, жасы отыз­дағы шымкенттік орыс әйел көңіл күйге ерік беріп «Сен өзіңді қазақстандықпын деп есептейсің бе?» деген сауалға былай деп жауап беріпті: «Нет , я не чувствую себя казахстанкой , несмотря на то, что здесь ро­дилась и это моя родина, я не чувствую, что президент и его «программа 2030» что-то делает для людей обычных и простых. Я вижу постоянно, что у нас везде коррупция, пойти в налоговую, пойти в финполицию, фин­контроль, везде надо дать на карман и везде казахские фамилии. Никакие мы не казах­станцы. Почему-то так получается, что все ру­ководящие должности должны занимать или казахи или корейцы, а русские нет. Я вот в суд хожу, все судьи вышли из залов на пе­рекур, все казахи. О чем еще здесь еще можно говорить? Какие казахстанцы? А русские где? Только прислуживают и моют полы.70 школ в городе и в 68 из них казахи директора. И ждут, когда эти двое на пенсию уйдут». Бұл жерде қазақ ұлтының жемқорлық дертіне шалдығуы да ұлтаралық қатынастарға жа­ғымсыз әсер ететіні де көрініп тұр.

– Еліміздегі халықты біріктіруші фактор қазақ тілі деп жиі қайталап жатамыз. Бұл қаншалықты ақиқат? Өйткені ана тіліміздің жағдайының өзі қазір күрделі емес пе?

– Осы тұста латын әліпбиіне көшкенде қа­зақ тілінің ахуалы қалай болмақ деген мәселе қоғамда қызу талқылануда. Қазақстан
ғалымдары латын әліпбиіне көшкен Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстанның ащы са­бақтарын жасырмай алға тартып жатыр. Оларды жинақтасақ мыналар:
1. Күні бүгінге латын әліпбиіне 1928 ж. көшкенмен, әлі де түрік тілінің дыбыстық қорындағы бірқатар дыбыстарды таңбалай­тын түріктер әріптер әліпби жүйесіне енбей қалған. Өзбектерде де ондай мәселе бар.
2. Әзірбайжан, өзбектерді айтпағанда, түріктер сан ғасырлық араб графикаларына негізделген рухани мұраларын пайдалана алмай отыр.
3. Балалар әдебиеті тапшы.
4. Ғылыми әдебиет кирилл графикасында жазылған.
5. Мұғалімдер дайындау мәселесі өз алдына үлкен проблема.
6. Жекеменшік мекемелер іс-қағаздарын латын әліпбиіне көшіруге асықпайтын сияқты көрінеді.
7. Орыс мектептерінде, мысалы, Өзбек­станда, кирилл жазуымен білім береді.
Түрік ұлты болса, бодан емес, билеуші отарлаушы ұлт болған, олардың психология­-сы бөлек, ана тілі бәріне ортақ әзірбай­жан­дықтар мен өзбектер ана тілдерін толық мең­герген ұлттар.

Қазақстандағы жағдай өзгеше. 2009 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың 98,3% ауызекі тілді түсінеді, 95,4% еркін оқиды, 93,2% еркін жазады деп көрсеткен. Өз басым осы деректерге сенбеймін. Бұл жерде этноп­сихо­ло­гиялық факторларды ескерген жөн. Кейбір санақшылар қазақтардың қазақ тілін білмесе де, білем деп көрсетуді талап еткенін айтады, неге олай? десе, «мені орыс деп жазасыңдар, ал мен орыс болғым келмейді» деген. Болмаса «қазақ тілін білмейтіндер көп» демесін деген ой айтқан. «Қазақ тілін білмесем де, оны біл­мейтінімді мойындауға ұялдым» дегендер бар. Сондықтан да қағазда барлығы да аман-сау, теп-тегіс. Тіл саясаты жемісін беріп жатыр деуге де жақсы. Сөз жоқ, тіл саясаты азды-көпті жетістіктерге қол жеткізді, бірақ әлі де өмірде қазақ тілін меңгермеген қазақтар аз емес, ол тілге сұраныс туғызылып отырған да жоқ. Оны міндеттейтін заң әлі жоқ, болмайтын да сияқты. Қазақтардың 92% ауызекі орыс тілін түсінеді, 83,5% еркін оқиды, 79,1% еркін жазады. Бүгін қазақ негізінен екі тілді ұлт бо­лып отыр, ал мемлекетімізде орыс тілі басым.

Өзбекстан, Әзірбайжанмен салыстыр­ған­да, мемлекет құраушы қазақ ұлтының отар­ланған ұлт екені әлі көзге ұрып тұр: 1) бұқара­лық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл, мәдениет әлі басымдыққа ие бола алмауы;
2) азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді бі­лудің міндетті еместігі; 3) мемлекеттік тілді халыққа қызмет жасауға қолданбау; 4) сот жүйесі, құқық қорғау ор­ган­дарының байыр­ғы ұлттың тілін меңгермеуі, сон­дықтан ба­йырғы ұлт­тың тілін қор­ға­мауы. Осындай жағ­дайда латын әліпбиіне кө­шу­дің қандай қиын­дықтар туғы­затыны белгілі. Бұл тек лин­гвис­тикалық емес, күр­делі саяси-әлеу­­мет­тік проб­лема. Бас­­па-
сөзде латын әліп­биіне кө­шу бодан ел пси­холо­гиясынан құтылудың бірден-бір жолы делінді. Бо­дан­дық пси­холо­гияның тамыры әліп­биден тереңірек, сана­да, мәде­ниетте, дәс­түрде, тәр­биеде.
Бір кезде қазақ тіліне мемлекеттік мәр­те­бе берсек, ол тілді ана тілі болғандықтан қазақтар өзінен-өзі меңгеріп кетеді деп есеп­тедік. Дегенмен, олай болмады. Бүгін де бар­лық қазақ латын әліпбиіне ауысады деу асы­ғыс болар. Қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақ оқулықтары, ғылыми әдебиеттері, дайындығы мол мұғалімдері бар орыс мектептеріне бала­ларын беріп жатса, оған ешкім қарсылық жа­сау мүмкін емес.

Елімізде қаптаған орыстілді кирилл әліп­биіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын қа­зақтардың басым көпшілігі бүгін пайдаланады және пайдалана береді. Бұл айналып келгенде тіл, мәдениет жағынан бөлінген қазақтардың жігін онан әрі тереңдетеді.
Сонымен бірге әліпби алмасуы қанша­лықты Қазақстан қоғамының басын бірік­тіреді деген сауал туады. «Халық талабы», «қа­лауы» деген уәждер толықтай қазақ­­стандық­­тардың көңіл күйін, талабын біл­дірмесе керек. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлтішілік ғана емес, ұлтаралық жікті одан әрі тереңдетеді, әлеуметтік-саяси қайшылық­-
тар туғызады.

Ең үлкен мәселе – кирилл әліпбиі тұ­сын­дағы маңызды мәдени мұрамыздың тағдыры не болмақ? Ол мұраның қазақ халқының тарихында теңдесі жоқ, орны бөлек. Кирилл әліпбиі негізінде көне мәдени мұра, ауыз әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазылды. Араб графикасынан латын графикасына, латын графикасынан кирилл әліпбиіне көшкен тұста қоғамның басым көпшілігі сауатсыз еді. Сондықтан ол реформалар қоғамның біршама бөлігіне жә­-не мәдени мұрамыздың да салыстырмалы қарағанда шағын бөлігіне қатысты болды. Бүгін енді халықтың түгелдей сол мәдени мұ­радан айырылып қалу қаупі бар. Оны түсіну үшін Ұлттық кітапханадағы қазақ тіліндегі каталогтарға көз жіберейік.

Жаһандану, американдану, орыстану үрдістері үлкен қарқынмен жүріп жатқан тұста, мәдени экспансия бүгін онсызда қазақ мәдениетіне қауіп төнгізіп тұрғанда, ұлттық тұғырымыз, тіліміз бен мәдениетімізден басқа тілге мәдениетке өту қатері бар.
Бүгін латын әліпбиіне көшу интернетпен байланыстырады. Латын емес, басқа графи­када интернет дамып жатқан жоқ па?
Сонымен, латын әліпбиіне көшуді біз кө­біне көп фонетикалық мәселелермен байла­ныстырып, мәдени, әлеуметтік-саяси мәселе­лерге мән бермей жатырмыз.

Бас-көзіне қарамай, бауырлас елдердің жағымды, жағымсыз сабақтарын сараламай, есептемей, латын әліпбиіне көшу асығыс. Тіпті 2025 жылдың өзі де ойландырса керек. Ең бастысы, қағаз емес, қазақ қазақ тілінде сөйлеп, оқып, жазып, ойлағанда ғана біз әліп­би ауыстыруға кіріскеніміз жөн. Сонымен бірге оған қыруар қаржы да керек. Отаршыл­дықтың бір түрінен қашып, екінші отаршыл­дықтың құшағына енбесек болды.

– Сізді қашанда қазақтың тұтаса алмай келе жатқаны қатты алаңдататыны белгілі. Яғни ұлттық деңгейде ойланатын, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құнды­лықтар негізінде біріккен тұтастық жоқ дегенге келісесіз бе? (Тілімізде тұтастық
жоқ, қазақтілді, орыстілді дейміз. Дінімізде солай уақапшылар, зікіршілер, салафиттер деп бөлшектеніп жатыр, ұлт ұйысатын идеология жоқ т.б) Қайтпек керек?

– Биыл, ресми деректер бойынша, қазақтар елімізде 65%-ды құрады деп
Н.Назарбаев жариялады. БҰҰ өлшемі бойын­ша ұлттық мемлекетпіз, ел ұлттық сипат алды дегенді біл­діреді. Бірақ қазақ ұлт болып ұйысты де­генді білдірмейді. Пре­зидент ең бастысы, қазақ ұлты­ның тұ­тастығын, бір­лігін алға тартты.
Тарихи атамекені бар, сол жерде тұрып жатқан халықты әлі ұлт деуге болмайды. Ха­лықтың барлығы ұлт емес. Мил­лион­даған халқымыз бар, біразымыз шет­те, жер жағы­нан то­ғызыншы орын­да­мыз, бірақ ті­ліміздің, мәде­ниеті­міз­дің, дініміз­дің, дәс­түрі­міздің толық иесі емес­піз. Қа­зақтың ста­тистикалық саны­мен толық қазақтар арасы алшақтау, сан мен сапа үйлеспей жатыр. Де­мек, әлі ұлттық масылдар, рухани арамтамақтар бар, олар кертартпа, қыңыр, қырсықтар. Бірақ олар өзге емес, өзіміздің қандастарымыз, оларды өң­менінен итеруге болмайды. Ев­рейлер тарыдай шашылып, тілі, дінінен айырыл­ған­мен, Из­раильде шоғырланып, ел болып отыр және қандай ел! Ұлттық мүддені қорғауда артық кетер, бірақ еврейлер еш­кім­нен кем түспес.
Басқа тілге ауысқан, басқа дінге өткен, әртүрлі партияға, руға, жүзге бөлінген, бірақ тегі бір, қаны бір қазақтардың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман діні негізінде бірігу қажеттігі туып отыр. Қазақтың бірлігі біздің мақсатымыз ғана емес, сол мақсатқа жету үшін құралы, амалы. Басқа шаруалар осыдан туады.
Қазақтың бір-бірін қолдауы ұлтшылдық емес, тамыр-таныстық қазаққа пайда беретін болса қолдау керек, одан қазақ ұтылмайды. Біздің ұлтшылдығымыз – патриотизм, қа­зақтың мәртебесін өсіру. Шынайы интерна­ционализм ұлтын сүюден басталады. Өзін сыйламаған, басқаны да құрметтей алмайды, басқа сөздің барлығы ақиқатты бұрмалау, ал­дау. Өз жанына жақындарды тарту, биоло­гиялық та, адами да, ұлттық та орта жасау бізге де тиімді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: