АЛТЫНОРДА
Новости

Біздің әкімдер «мерс» пен «япошкаға» құмар

Біздің әкімдер Біздің елдің басқару жүйесінде бастық деген лауазым иелеріне деген тапшылық жоқ. Үкіметтен бастап, жергілікті атқарушы органдарға дейін тізбектеп шықсаңыз, бастықтың неше атасын көресіз. Жалпы шенеуніктердің көптігіне әлдеқашан көзіміз жеткен. Дегенмен, айтпағымыз бұл емес, олар тақымдаған қызметтік көлік жайында. Бұрыннан түрлі деңгейде айтылып жүрген тақырып жақында қайта көтерілді. Әйтсе де бұл жолы да нәтиже шығатынына сенім аздау болып отыр.

Отандық көлікті қызметте пайдалану туралы әңгіме сонау Оразбақов министр болып тұрған заманда айтылды-ау, жаңылмасақ. Кейін «отандыққа отырамыз» деп үкіметтік деңгейде әңгіме болып, тапсырмалар беріліп, оны жүзеге асыруға қатысты мәселелер қарастырылған да болатын. Алайда, қазақстандық көліктер тек ауыл әкімдері мен департамент директорларының «майлы жеріне» жаққанымен, одан жоғарыларға аспай қалғандай. Ал облыс әкімдері, орталық орган басшылары кілең жапон мен неміс көлігімен жүйткігенді жөн көреді.

Мәжіліс депутаттары осыны айтып дабыл қаққанымен, отандық көлікке ойысу науқаны әлі басталған жоқ. Әзірге бұл бастаманы үнсіз іске асырған Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев қана. Бұрын «Шкода» мінген министр қазір «КИА-ға» ауысқан. Айта кететіні, Үкімет мүшелерінің басым бөлігі тегіс «Мерседес-Бенц» көлігін мінеді. Жапон көлігін мінетіндері санаулы. Есесіне, облыс әкімдерінің көбісі жапон көлігін мінгенімен, салтанатты шараларда сүліктей қара мерседеспен жүретіні жасырын емес.

Ал сынға келгенде шүйліге беретін депутаттар өздері қай елдің көлігін пайдаланады. Бақсақ, дәл осы халық қалаулылары отандық көлік мінуден осалдық танытып тұр екен. Олардың қызметтік көлігі «Фольксфваген пассат» пен «Тойота-40» маркілі автокөліктер. Осыдан екі жыл бұрын Мәжіліс депутаттары бюджеттен қомақты қаржы бөлдіріп, ат-көлігімізді жаңартсақ деп ұсыныс жасағаны есте қалыпты. Осылай ұсыныс жасаған қалаулылар Қаржы және бюджет комитетінің жұмыс тобы отырысында «13 – «Toyota Camry-50», 2 «Toyota Land Cruiser», 16 «Skoda Superb-B6» алсақ деген болатын. Депутат Сәкен Жылқайдаров бас болып, ұсынысты қабылдап жібергенде, Нұртай Сабильянов «Мұндай нәрселерді үнсіз қабылдау керек», – деп жөн сілтегенін көптеген басылымдар жазған еді.

2012 жылы Парламенттің автотұрағын жаңарту туралы бастама «2013 – 2015 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заң жобасын қарау кезінде айтылған. «13 – «Toyota Camry-50», 2 «Toyota Land Cruiser», 16 «Skoda Superb-B6» көлігін алуға 262 млн. 480 мың теңге қарастырылу туралы ұсыныс сол уақытты талқыға түсті. Бірақ БАҚ атаулы мәселені бірден іліп әкеткенде депутаттар әңгіменің төркінін басқаға бұрып, «бұл жай ғана ұсыныс» дегендей болды.

Отандық көлік демекші, Қазақстанда құрастыралатын көліктердің бағасы анау айтқандай арзан емес. Мәселен, «Шкоданың» нарықтағы бағасы бес миллион теңгеден жоғары. Қостанайда құрастырылып шығатын Ssang Yong-тың бағасы 22-37 мың доллар шамасында.

Кәрі құрлық Еуропаның шенеуніктері велосипедпен-ақ жұмысқа келіп, кетеді-міс. Оны аз десеңіз, ұзын-сонар кезекте де көппен бірге тұрады. Бұл жағынан келгенде «біздің елдің шенеуніктерін жаяу жүрмек түгіл, велосипед теппейді-ау» деген ойға қаларыңыз анық. Дегенмен, шенеуніктер арасында үнемі болмаса да жұмысқа жаяу келетіндердің бірі экс-министр Болат Жәмішев. Тіпті, білікті қаржыгер, қазіргі банкир Болат Бидахметұлын Астана көшелерінен велосипедпен жүргенін бірнеше рет байқағандай едік.

Ал халық қалаулыларының велосипедпен жұмысқа келе жатқанын елестету қиын. Күн райы құбылмалы боп тұратынг Астанада олай істеу мүмкін де емес әрі біздің қоғам дайын емес секілді. Айтуға тиіс бір нәрсе, Мәжіліске жаяулап келетін халық қалаулылары баршылық. Оларға қызметтік көлік тек жұмысқа келіп-кетуден бөлек, айына 60 сағат жүріп тұруға рұқсат етіледі екен. Яғни, күніне 2 сағат жеке шаруасына пайдалану лимиті бар. Мәжіліс депутаты, Сәмиғолла Оразов бұрынырақ бір әңгімесінде «кей кездері ел қатарлы жол бойынан такси ұстаймын» деп таң қалдырғаны бар еді. Шынымен де, біздің қоғамда депутаттың жол бойында такси тоқтатып тұрғанын көрудің өзі бір қызық екені рас қой.



Қай әкім қандай көлік мінеді…

Бердібек Сапарбаев – Шығыс Қазақстан облысының әкімі – «Lexus LS460»;

Қанат Бозымбав – Павлодар облысының әкімі – «Lexus-LX570»;.

Қырымбек Көшербаев – Қызылорда облысының әкімі – «Тойота Лэнд Крузер»;

Иманғали Тасмағамбетов – Астана қаласының әкімі – «Ауди А8»;

Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері қара түсті мерседеспен жұмысқа қатынайды.

Автор: Жанкелді Қаржан

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/bzdn-akmder-mers-pen-yaposhkaga-kumar-56121/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі