Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ғалым Байназаров, қаржыгер


Қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ғалым Байназарұлының туып-өскен жері. Қаржыгер осы мекеннен шыққан Ыбырай Алтынсарин, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленовтерді мақтан тұтады.
Торғай өзені Ұлытаудан бастау алады да, Торғай ойпатының аңғарымен Тосын құмын жағалап, Ырғызға қарай өтіп, Қызылорданың солтүстік беткейіндегі құмға келіп сіңіп кетеді. Бір жағы құм, бір жағы ашық дала. Көлшік-көлшік, тоғайлы, шұрайлы жер болған. Еліміздің соңғы ханы Кене патшаға қарсы көтеріліс жасағанда екі-үш жыл бойы Торғай танабында болып, әскерін азықтандырған екен. Шақшақ Жәнібек – тарихта бар, белгілі тұлға. Біздің кейіпкеріміз сол Шақшақ бабаның тұқымы болып келеді.

Әкемнің қорегі ағарған еді

– Ауылымыз Қызылжар Ақшығанақ­қа қосылып кейіннен «ХХІ партсъезд» атындағы кеңшар аталды. Бұл – аудандағы ең ірі шаруашылық болатын. Кеңшарда­ғы 45 мың аналық қой кейбір жылдары тө­лімен есептегенде, 70-80 мың басқа же­тетін, – деп бастады әңгімесін Ғалым аға. – Әкем Байназар қарапайым шаруа, өз заманында ел-жұртына сыйлы болған жан. Қайратты, жұмыс істегенде екі-үш адам­ның нормасын орындап, жапырып жібере­тін. Мен 1945 жылдың 17 қыркүйегінде дүниеге келіппін. Бірақ құжат бойынша 1944 жыл деп көрсетілген. Бұрын елде кол­хоз шаруашылықтары көп болды. 1953-1956 жылдары тың игеру басталғанда кеңшар құрылды. Әкемнің тіршілігінің арқасын­да ештеңеден тапшылық көрген жоқ­пыз. Ұмытпасам, 1951-1953 жылдарға дейін қолға ақша бермейтін. Еңбек кітапшасы­на таяқшалар белгілейді, дүкенге барып сол таяқшаларға қарай еңбекақысының орнына қант-шайын, азық-түлігін алатын. Сауын­ға, соғымға жетерлік мал ұстап, оны семір­тіп Арал, Ырғыздың базарларында са­тып, киім-кешек әкелетін. Кейін ақша шы­ғып, халықтың тұрмысы түзеле бастады. Әкей денсаулығының мықтылығы­ның арқасында 101 жасқа дейін ғұмыр кешті. Зор денелі болғанмен, тамақты аз ішетін. Мамыр айынан бастап, қыркүйектің соңы­на дейін бие саудыртатын. Негізгі қорегі ағарған – қымыз. Жаратылысынан мейі­рімді, ешкімге қиянат жасамайтын, қолы ашық, қайырымды, өр мінезді адам бола­тын. Оған батылы барып ешкім тиіспейтін, бірақ тиісе қалған жағдайда аямайтыны анық еді. Әділеттілікті, басының бостан­дығын сүйетін. 1952 жылы әкейге «дүмше молда» деп айып тағылып, сотталып кете жаздайды. Сондағы бар айыбы – ескіше азғантай сауаты болғандығы, ешкімге тәуел­ді болғысы келмейтін турашылдығы. Аға­сы Ерназардың баласы Мизамбек колхозда басқарма болды. Кейін ол басқа жұмыс­қа ауысып кетті. Дегенмен колхоз басқарған­да бақталастық бар дегендей, біреулерге тізе­сі батқан болуы керек, олар әкемнен өшін ала алмай, туысқанына қысастық жасағаны ғой. Арызды қараған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шәпкенов арабша өте сауатты болыпты. Әкеме араб тілінде сұрақ қояды, жауап жоқ. Бірнеше сұрақтан кейін оның дін жолына түскен кі­сі емес екендігіне көзі жетіп, сот үстінде ақ­тап, құтқарып жібереді. Сөйтіп, аман қалады. Міне, әкеміздің осындай мінез-қасиеттері жасымыздан бойымызға сіңіп, еркіндік пен әділеттілікті қастерлеп өстік. Біз, анамыз Балжарқынға да тартқанбыз. Анамның көзі көкпеңбек, өзі аппақ болатын. Нәзіктеу, шашы тобығына түсетін, өте сұлу жан еді. Анамыздың інісі – нағашымыз – Көбен­тай Барболсынұлы әйгілі жырау, елге белгілі өнер иесі болған. Біздің әдебиетке, өнер­ге құштарлығымыздың анамыздан, осы нағашыларымыздан бастау алғаны аян. Елдің тұрмыс-ахуалы төмендей баста­ған 1928-1929 жылдары әкем Арал станса­сы мен Ырғыздың арасында жүк тартқан. Өзі еңбекқор, қайратты, жас жігіт кедей-ша­руа табының өкілі ретінде көзге түсіп, Ыр­ғыз ауданындағы колхоздастырудан бұ­рын құрылған алғашқы шаруа бірлестіктері­нің бірінің басшысы болады. Сол жылда­ры шешеммен танысады. Екеуі табы­сып, шаңырақ көтереді. Шешеміз өте тапқыр, ақылды, суырып салатын ақындығы бар, ақжарқын, әңгімешіл кісі болды. Ел-жұрт, үлкен қайнағалары оны қатты сыйлайтын.

Қыздар кетті күйеуге…

Негізі, оның анасы жеті құрсақ көтер­ген, содан аман қалғаны аға-апасы және кенжетайы – Ғалым. Ағасы Сәбит өз өңірі­не өте белгілі, омырауына Ленин орде­нін таққан шопан. Ал апайы Сара бухгал­тер болып істеді. Экономика саласына бет бұруына апайының әсері болғандай. Қазір екеуі де зейнет жасында. Кішкентай Ғалым аға-апасына іле­сіп 5-ке толмай мектепке барды. Бірінші сыныпты бітірмей тұрып қыс басталар алдында екі колхоз қосылып, мектеп кө­шіп кетті. Әкей жұмысын ауыстырып, мектеп көшкен жерге наурыздың соңында қоныс аударады. Бұл қыс айларында үйінде өз бетінше оқыған. Жаңа қонысқа барған соң әкей оны мектеп директорына алып ба­рып, «Мына баланың оқуын тексеріп көрші, әрі қарай алып кете ала ма?» дейді. Дирек­тор «Бірінші сыныптың бағдарламасын қол үзбей оқыған балалармен бірдей қа­бі­ле­ті бар екен, үлгеріп тұр. Бірақ заң бойын­­ша жасы жетпеуіне байланысты бұл баланы мектепке қабылдауға болмайды» деп, бес жасынан бірінші сыныпты қайта оқы­тыпты. Алғашқы сыныптан-ақ кілең бес­тікпен оқып, өлеңге, әнге құмар болды. Жастайынан қоғамдық жұмыстарға ара­ласып, мұғалімдерге көмектесіп жүретін. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда уақы­ты­лы мектепке бармай, сосын бұлармен бір­ге оқығандар болды. Алғашында 40-тың үстінде бала оқыса, соның он жетісі ғана орта мектепті бітіріп шықты. Бойжеткен қыздар да бұлармен бірге оқып, үшінші, бесінші сыныптардан кейін олардың көбі күйеуге шығып кетті…

Әскери құпия зауыттағы күндер

Ол мектепті жақсы бітірді. Аттестатын­да екі-ақ төрт, қалғаны түгел бес. Бір жыл­дан кейін С.Киров атындағы Қазақ Мем­лекеттік университетінің (қазіргі әл-Фара­­би атындағы ҚазМУ) экономика факульте­тіне оқуға түсті. Конкурс өте жоғары бол­ды. Соған қарамай төрт сабақтан емти­хан тапсырып, соның үшеуінен бес, орыс тілінен төрт алып, жоғары баллмен оқуға қабылданды. Адамның ең бір ұмытпайтын шағы – студенттік кезең, саналы өмірдің алғаш­қы бір баспалдағы сияқты. Өмірге басқаша көзқараспен қарайсың. Ата-анадан алыс­тасың. Ол кезде сабақты жақсы оқыған балаларға не шәкіртақы, не жатақхана беретін. Жағдайы жоқтарға екеуі де тие­ді. Бұлар шәкіртақыны таңдады. Сөйтіп, төрт жігіт жеке пәтерде тұрды. Достары Талдықорғаннан Алтынбек, Жамбылдан Тұрғын, Алматы облысынан Орынба­сар болды. Олармен қазірге дейін байланыс­та. Бәрі де үлкен-үлкен қызметтер атқар­ған, ел-жұртқа белгілі азаматтар.
– Қазақ мектебін бітірген біздер үшін университетте бірден орысша оқу оңай болмады. Қазақша бөлім жоқ, сабақ бір­ыңғай орысша жүргізілді, – деп сабақтады әңгімесін Ғалекең. – Біз орыс тілін тезірек меңгеру үшін қазақша оқуды таза қой­дық, бірыңғай орыс газет-журналдарын оқи­тын болдық. Университетте де үздіктер­дің қатарында жүрдік. 1964 жылы үшінші курста оқып жүргенде, Ұлы Отан соғысы кезінде бала аз тууына байланысты, бізді әскерге алып кетті. Пойызбен бес тәулік жүріп, Ресейдің Иркутск облысына үлкен әскери құпия зауытқа келіп түстік. Әске­ри өмірге де қалыптасып, үйрендік. Әрине, мектептен кейін бірден әскерге алынған балаларға қиындау болды. Біздер – бұрын­ғы студенттер, аздап болса да өмір кө­ріп, сауатымыз ашылған, арамызда спортшы­лар, әнші-күйшілер, қабілетті жастар көп болды. Дивизия командирінің назарына ілігіп, тапсырмаларын орындайтын­быз. Үгіт-насихат жұмыстарын, спорттық, мә­дени шараларды ұйымдастырдық. Бәріміз де бокспен айналыстық. Дивизиямыз үл­кен болатын. Бір жарым жылдан кейін біз­ді Қазақстанға қайтарды. Бұл КСРО мен АҚШ арасында қырғиқабақ соғыстың қызып тұрған кезі. Кеңес үкіметі Қазақстан территориясында «СС-20» стратегиялық ракета кешендерін салуға кірісті. Мате­матикалық, инженерлік-техникалық тә­сілмен зерттеп, есептегенде бірі Қазақ­станның бұрынғы Целиноград облысы Державинск қаласы территориясында, екіншісі Балтық жағалауында орналасу керек болды. Осы екі нүктеден «СС-20» орнатылса, Американың континенті бұ­ған қарсы құрал жіберсе, бұл одан бұрын «жауап беріп», жояды екен. Мұның артық­шылығы – сол. Екі дивизияны ақпан айында айдалаға апарып тастады. Ең жа­қын елді мекен 40 шақырым. Бірнеше мыңда­ған қатардағы әскери адамдар сол жерде үш кезекпен жұмыс істеп, «СС-20» кешенінің негізгі нысандарын және Державинск қаласын екі жылға жетпейтін уақыт ара­лығында салып шықты. «СС-20» кешені бір орталықтан басқарылатын – басқару орталығы, автожол, темір жолдар, жерас­ты кабельді байланыс жүйесі салынып іске қосылды. Қысқасын айтқанда, бәрі әске­ри құпияға толы істер болды. Әскерде үш жылдай болдым. Шалғайда болғандық­тан бізді штаб жұмыстарына, бухгалтер­лік есеп-қисапқа да тартты. Мен әске­ри бөлім бухгалтерінің орынбасары бо­лып, банк жүйесінің жұмысымен сол кездер­де танысып, әскери бөлімнің банктегі есеп шотын жүргіздім.

Тарихы бөлек Торғай

Әскерден босап келгенде, Қазақ мем­лекеттік университетінің экономика фа­культеті Халық шаруашылығы институты болып бөлініп шығыпты. Ол оқуын сон­да жалғастырды.
– Болашақ зайыбым Әсия менің жа­ңа курсымның старостасы екен, – деп жалға­­ды әңгімесін Ғалым аға. – Орал (қазіргі Ба­тыс Қазақстан) облысының қызы. Мектепті алтын медальмен бітірген. Біз достастық, бір-бірімізді ұнаттық. Мен – жас солдат­пын, ол – оқу үздігі, комсомол, спортшы, сұлу дегендей… Одан артық не керек? Әсия­ны Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономи­калық университетіне жібермекші бол­ған, «Бөлек кетсек жолымыз қайта түйіспей қала ма?» деп, мен үшін бармай қалды. Шаңырақ көтердік. 1969 жылы институтты бітірген соң бізді Қостанайға жіберді. Бар­ған күннің ертеңіне-ақ келіншегімді облыс­тық қаржы бөлімі жұмысқа алды. Облыстық банк басшысы С.И.Самко «Өзіңнің ту­ған жерің – Жангелдин ауданына барасың» деп мені жұмысқа алмай қойды. Аудан­дық банктің бастығы К.Мәулетов екі жыл бұрын мені жұмысқа алу жайлы «Шалғай аудан, бөтен ешкім бармайды, жергілік­ті маман өзімізге керек» деп өтініш беріп қойған екен. Елімізге белгілі қаржыгер Қолан Аманов Қостанайдың облыстық қаржы бөлімі бастығының орынбасары болатын. Кейін Қаржы министрінің орын­басары қызметін атқарды. Қазаққа жаны ашитын кісі еді. Қостанайда қазақтар аз, оның үстіне келіншегімнің институт­ты қызыл дипломмен бітіргенін ескеріп, «Пәтер алып беремін, осында қалыңдар» деді бірден. Облыстық банктің басты­ғы С.Самко «Сен де жұмысқа кір, бірақ бәрі­бір ауданға барасың» деді. Тамыздың 16-сында жұмысқа алындым, бірақ күнде таңертең «Ауданға баруың керек» деп ша­қырды да тұрды. Көнуге, ауданға барып қатардағы экономист болып жұмыс істеу­ге тура келді. Зайыбым аудандық Қар­жы бөлімінің бюджет бөлімінде жұмыс­қа кірісті. Үй жоқ, бір жылдай пәтер жалда­дық. Бір күні жалдамалы пәтеріміз саты­лып кетті, баратын жеріміз жоқ. Банк­тің меншігінде екі-үш пәтер бар екен. Со­ның бірін босатып бізге берді. Бәрін тәптіш­теп айтудың қажеті жоқ, оның да толып жат­қан мәселелері болды. Біз осылайша біртін­деп жап-жақсы, үйі бар жас отбасы болып шыға келдік. 1970 жылы қызымыз Светла­на, 1972 жылы ұлымыз Бақытжан өмірге келді. Екі жылдан кейін Әсия аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары болды. Екі жарым жылда мен аудандық банктің бастығы қызметіне кірістім. Қызмет бабында біз жылдам көтерілдік. Сол ауданда жеті жылдай жұмыс жасадық. Бұл жылдар алдағы өміріміз үшін үлкен сабақ болды. Көп нәрсені үйрендік.

Әсия мектепте де, институтта да орыс­ша оқыған. Ал Жангелдин ауданында барлық ісқағаздары қазақша жүргізіліп, орыстарға дейін қазақша сөйлейтін. Осыған байланысты Әсия тіл жағынан біраз қиындықтарға душар болды. Деген­мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері, «Жұлдыз» журналдарын оқып жүріп қазақшаны жылдам меңгеріп алды. Әке-шешелеріміз әуелі біздің қолымызда болды. Кейін әкем ауылдың ауасын аң­сап елге оралды. Біз олармен тығыз қаты­наста болдық. Ауданда өзіміз қатарлы жас­тардың арасына тез сіңісіп, орта таптық. Өміріміздегі студенттік кезден кейінгі ең жақсы уақытымыз осы ауданда өтті деп айта аламыз. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне банк тарапынан тиім­ді жағдай туғызуға көп көңіл бөлдік. Аудан басшыларының банк жұмысына дұрыс көзқарасы қалыптасып, көптеген игілікті жұмыстар тындырдық. 1970 жылы Торғай облысы құрылды. Аудандық банктің бастығы К.Мәулетов 1971 жылы облыстық банк ашылып, жұмыс­қа шақырылды. Мен оның орнында қалдым. 1973 жылы мемлекеттік банктің аудан­дық бөлімінің бастығы қызметіне бекітіл­дім. Жаңа облыс орталығы Арқалық қала­сы салынды. Жаңа мекемелер, шаруашы­лық өндіріс салалары ашылып жатты, көпте­ген мамандар керек болды. Облыстық банктің бастығы В.М.Ютиш мені жұмысқа шақырып, 1976-1985 жылдары облыстық банктің қалалық басқармасының басты­ғы болдым. Торғай облысының тарихы ерекше. Облысты Сақан Құсайынов, Ер­кін Әуелбеков сынды білікті басшылар басқарды. Олар облыстың жылдам көтері­луі үшін көп жұмыс жасады. Облыс орталы­ғы Арқалықта кішігірім зауыт-фабрика­лар, сәулетті ғимараттар, әуежай, темір­ жол кешендері бой көтеріп, еліміздегі көр­кем қалалардың біріне айналды.

Ауданнан астанаға дейін

Алматыға келген соң да Қолан Ама­новпен қатар жұмыс жасап, араларында үлкен сыйластық болды. Өміріне оң әсер етіп, қолғабыс жасаған жанның бірі Жангелдин ауданында алғаш жұмысқа қабылдаған – Кеңесбек Мәулетов. Ұлағат­ты ұстаз, еліміздегі банк саласының ірі мамандарының бірі ол бай тәжрибесін ор­таға салып, жастардың жұмыс үйренуіне кең жол ашты. Банк саласының бүкіл қырсы­рын үйретті. Аудандық, кейін облысқа келгенде Ғалекеңнен бұрын қалалық банк­ті басқарды. Сөйтіп, ол кісіден банкті екі рет қабылдап алуға тура келді. Олар қазір­ге дейін сіз-бізі жарасқан аға-інілер. В.М.Ютиш те бұрын әскери адам болған­дықтан тәртіпті жақсы көретін, қабілетті, шебер басшы болды.
Жаңадан құрылған облыста шешімін таппаған мәселелер көп, банк саласы­ның жұмысы да өте ауыр еді. Облыс басшыла­рымен бірлесе отырып, осы мәселелерді ше­шу­ге білек сыбана кірісті. Тынымсыз атқар­ған жұмыстың нәтижесінде, облыстық банк Кеңестер Одағы кезіндегі Бүкілодақ­тық жарыста ауыспалы Қызыл туды үш рет жеңіп алды. Ал Ғалым Байназарұлы бас­қарған қалалық банк екі рет Қызыл туға ие болды. Осылайша жоғары жақтағылардың көзіне түсті. Банк саласында клиенттермен жұмыс істеу мәселесінде көптеген жаңа­лықтар енгізді. Қазіргі «Бір терезе» жұмыс істеу тәсілін олар сол кезде-ақ іске асыр­ған. Өзге облыстардың банк қызметкерлері келіп тәжірибе алмасатын. Республикалық банк басшылығы іс нәтижелерін жоға­ры бағалап, жұмысқа шақырды. 1985 жылы жаз айында Алматыға келіп, астанадағы еңбек жолы еліміздің Ұлттық банкін бас­қаруға, тұңғыш төл валютамыз – теңге­ні шығаруға, дербес банк жүйесін қалып­тастыруға дейін алып келді.

Ойтамызық

– Қазір еліміздің экономика саласында шетелдік инвесторлардың үлесі өте зор. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары өзімізде ақша болмауына байланысты шетелден көбірек қаражат тартуға тура келді. Қазір соған басқаша көзқараспен қарайтын кез туды. Елбасы бұл мәселеге назар аудартып та келеді. Қарашығанақ, Қашағандағыдай мұнай өнімін шығаратын мекемелерден үлесімізді ұлғайтып жатырмыз. Осы бағыттан таймай, мұны әрмен қарай күшейтуіміз керек. Кен орындарын еліміздің иелігіне қайтарып алатындай жағдайлар туғызуға тиіспіз. Біз жерімізге, мүлкімізге, пайдалы қазбамызға өзіміз ие болатындай деңгейге жетуіміз керек. Бұл – ұлы мақсаттардың бірі. Осы бағытта жұмыс жасайтын кадр саясатына жіті қарауға тиіспіз. Қазір Үкіметте, басқа да басқару органдарында шетелден оқып келген жастарымыз жұмыс жасап жатқанына қуанамыз. Бірақ солардың менталитеттері кейде байырғы қазақ жұртының менталитетіне сәйкес келмейді. Басқа мәдениетке табынудан арыла қоймаған, соның бағытында қалып қойған жастардың ұлттық мәселелерге кейде салғырт қарайтыны байқалады. Кейде сол жағынан ұтылып жатамыз. Біз – кең байтақ қазақ жерінің иегеріміз. Жеріміздің кеңдігі, біздің басқа елден артықшылығымыз, бұл келешектегі үлкен байлығымыздың басы болуға тиіс. Бұған осы уақытқа дейін қол жеткізе алмай келеміз. Мысалы, ауыл шаруашылығының, соның ішінде мал шаруашылығының деңгейі Кеңес Одағы тараған 1990 жылдармен салыстырғандағы деңгейге әлі жеткен жоқ. Жерімізді, елімізді көтергіміз келсе ауылды көтеруге күш салуымыз керек!

Жапты жала, жақты күйе…

– Облыста істеп жүрген кезімде әріп­тесімнің бірі мен туралы өсек таратып, облыстық банктің бастығына жалған ақпарат жеткізеді. Сөйтіп, алтын уақытым­ды қор қылып, біраз уақыт онымен айты­суға тура келді. Мұның соңы тіпті мені жұмыс­тан шығарамын дегенге дейін жетті. Бірақ жұмысымда мін жоқ. Оған қарсы тұруға, дәлелдеуге тура келді, – деп жалғады ол әңгімесін. – Сол кездері облыс басшылары облыстық қаржы бөліміне орынбасар болуға, сосын осы бөлімді басқаруға жұмысқа шақырып жүрген-ді. Үстімнен арыз жазған кісіні шақырып алып сөйлестім. Орын­сыз қаралағаны үшін бірден жұмыстан шыға­рып жіберуге де болар еді, бірақ адамгерші­лік танытып, «Сізді жұмыстан шыға­рып тастау менің құзырымда. Дегенмен бір рет кешірейін, бірақ бұдан былай мұн­дай әрекет қайталанбайтын болсын» дедім. Ол да өз ісінің үлкен маманы болатын. Екеуіміз кәсіби маман ретінде өзара тіл табысып, түсіністік. Кейін онымен қарым-қатынасымыз дұрысталды. Республикалық деңгейге шығып, банк саласында 1987 жылы басталған үлкен реформаларды іске асырып, Қазақстан­да алғашқы екі деңгейлі банк жүйесін құ­руға тікілей атсалыстық. Маманданды­рылған мемлекеттік «Агробанк» жүйесін құрушылардың бірі болдым. Оның жұ­мысын жаңа талаптарға сәйкестендіріп қайтадан қалыптастыруға көп тер төгуге тура келді. Жұмысымыз өте жақсы жүріп жатты. Коммерциялық банктердің енді
ғана аяғынан тұрып жатқан кезі. Күнде жаңа мәселелермен айналысамыз, тың шешімдер қабылдаймыз, соның көпшілі­гінің көшбасшысы болдым. Маңайыма он­шақ­ты мықты маман топтастырып, олармен бірге жаңалықтарды ағымдағы іс тәжіри­бесіне енгізіп жаттық. Біз шетелдермен де іскерлік байланыста болдық. 1989 жылы 25 адамды Германияға бір айлық оқуға алып бардым. Бұл бұрын біздің банк тарихын­да болмаған жағдай. Оның да әрқайсысы­мызға үлкен көмегі тиді. Сол кезеңдегі еліміз­дегі ең ірі банк «Қазақстанның Агробан­кін­де» жемісті еңбек еттік. Одан кейін Ұлттық банкте, С.Терещенко мен Ә.Қажыгелдин премьер-министр болғанда олардың ке­ңесшісі қызметін атқардым. Осы қызметте жүргенімде менің үстімнен қылмыстық іс қозғалып, 1995 жылы сәуір айында 18 күн ҰҚК-нің түрмесінде жатып шықтым. Тексеріс барысында маған тағылған кі­нә дәлелденбей, Жоғарғы прокуратура ақтап, бостандық беруге мәжбүр болды. Оған себепкер болған адамдар әлі күнге бар. Бірақ олардың аты-жөнін айтқым келмейді. Себебі кейін көпшілігі кеші­рім сұраған. Аман-есен, ақталып шыққан соң моральдық шығын келтіргендері үшін қайта сотқа беруіме болар еді. Бірақ сол бір қиын шақта маған дем беріп, тоқтатқан кісі­лер болды. Соның бірі – жерлес ағам, журна­лист Сабыржан Шүкірұлы. Өте тәжірибе­лі, саясатқа жүйрік жан. «Алдыңа келсе атаң­ның құнын кеш» деген қазақы түсінік бар» деп ол мені тоқтатты. Осы бір нақақ­тан қаралау менің кейінгі өмір жолыма үл­кен кедергі жасады. Жасымыздан өмір жолы­мыз адал еңбегіміздің нәтижесінде бірша­­ма сәтті болды. Қатардағы банк қызметке­рінен еліміздің банк жүйесінің басшы­лық қызметіне дейінгі қиын да қызғылықты өмір жолынан өттік. Жаңа дербес банк жүйесінің іргетасын қалап, дүниежүзіне танымал етіп, еліміздегі нарықтық эко­номиканың бастаушыларының қатарында, елдік тұрғыдағы үлкен саясатпен айналы­сып, көптеген мәселелер бойынша жаңаша шешім іздеуге, ізденуге тура келді. Сол кездердегі Кеңес мемлекеті құлап, тоқырау­дың аса қиын жағдайында банк жүйесі Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы­мен еліміздің алдында тұрған көптеген күрделі мәселелердің ойдағыдай шеші­мін тауып, экономиканың күрт құлдырауын баяулатуға септігін тигізді. Негізгі өнді­ріс ошақтарын сақтау үшін керекті қаражат көмегін ұйымдастырып отырды. Осылай­ша банк жүйесінің танымалдығы артып, негізгі қаражат орталығына айналып, абыройға ие болды. Міне, осыны көре алмаушылар, қауіптенушілер болса керек. Ұлттық банктің төрағасы қызметінен ке­туім мен осы жағдайлар бір-бірімен сабақ­тас болды деп ойлаймын. Бұл маған зымы­рап жүріп бара жатқан пойызды кенеттен тоқтатқанмен бірдей үлкен соққы болды. Жастайымнан жұмыс істеп келе жатқан банк саласынан қетуіме тура келді. Біраз уақыт жеке бизнеспен айналыстым. Дегенмен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғарғы экономикалық кеңеске жұмысқа шақыр­ды. Ол кейіннен Экономикалық саясат бө­лі­мі болып қайта құрылды. Елбасымыз бі­раз ақыл айтып, «Құқық қорғау органда­ры тарапынан мүмкін қателіктер болған шығар, ақтығыңа көзіміз жетіп отыр. Сені жұмысқа шақырамын» деді. Елбасының бұл сөзі де өткенді қайта қазбаламай, тоқ­тамға келуіме себепші болды. Президент Әкімшілігінде жұмысқа қайта араласа бастадым. Үкімет Ақмолаға көшті. Ол ба­лаларымның түгел аяқтана қоймаған кезі, бірі студент, бірі оқушы дегендей. Оларды тастап кете алмадым, «Халық зейнетақы қоры» құрылтайшысы Т.М.Жаңабаев мені төрағалық қызметке шақырды. 2001 жылы Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, Астанаға жол түсті…

Ойтамызық

– Қазақы ауылда туып, тәрбие, өнеге алып өскендіктен қазақтың тілінен бастап, оның әдет-ғұрпының бәрі мен үшін ыстық. Мен ұлтшыл емеспін, бірақ өз халқын өте жақсы көретін, сүйетін, ұлтжанды қазақтың бірімін. Ұлттық банк төрағасы қызметінен кеткеннен кейін «Байназаровтың Ұлттық банктен кету себебінің бірі – осы» деп журналистер жарыса жазды. Оның мынадай сыры бар. Кеңес Одағы кезінде біздің банк жүйесін облыстық, республикалық деңгейде қазақ нәсілді азаматтар басқармаған. Банк саласы одақтық жүйе болды да, басшылық қызметте тек орыс халқы өкілдері отырды. 1992 жылы қаңтар айында Ұлттық банк төрағасы қызметіне кірістім. Банк Ұлттық мемлекеттік банк аталатын. Банкте бар болғаны 15-20 пайыздай ғана жергілікті ұлттың өкілдері екен. Алдымызда Ұлттық банк дәрежесінде даму мақсаты тұрды. Қазақ елі егемендігін алып, тіл, басқа да мәселелерді ұлттық дәрежеде дамытуға барлық салаларда бетбұрыс жасалынып жатты. Банктегі қызметкерлердің көпшілігі зейнет жасына жақындап та қалған екен. Банктің барлық облыстағы басшы қызметін қазақ азаматтарының қолына беруге тура келді. Орталық аппаратта да қазақтардың үлесін көбейтуге ден қойдық. Онда істеп жүрген танымал орыс достарымызға «Бұл ешқандай қысымшылық емес, уақыттың талабы, егемен ел ретінде дамуымыздың алғышарттарының бірі. Сондықтан біз өз халқымыздың өкілдерін тәрбиелеп, өсіруіміз керек» дедік. Орыс әріптестеріміздің көбі бұған үлкен түсіністікпен қарады. Қазақ азаматтарын жоғарылатуға, сол кездері сайланып жатқан облыс әкімдері, аудан басшылары үлкен құштарлық танытты және қолдау жасады. Осылайша банк жүйесін қазақыландырдық. Бұл кейін зор пайдасын тигізді…

Ғалым ағамен экономика, банк, қаржы саласы жайында бірнеше рет сұхбаттасудың сәті түскен. Бүгін оның өмір жолына зер салдық. «Бұл өмірде мен кіммін?» деп өз-өзіме сауал қойған жан емеспін. Бірақ менің жасыма келген әрбір адам артына көз салып, ойланатыны анық. Адамның өз-өзіне баға беруі қиын. Дегенмен өмір жолым халқымыздың тағдыры мен экономикалық жағдайына көп байланысты болды. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдардағы елдің қиын ахуалы әлі күнге есімде. Біз нарықтық экономиканың негізін қаладық. Бүгінде соның жемісін жей бастадық. Атқарған жұмыстарымның бәрі дерлік өте жауапты қызметтер болды. Сондықтан көп уақытымыз жұмыста өтті. Тіпті балалардың қалай өскенін де білмей қалдық. Ал немеренің жөні бөлек екен. Үш баламыз – Светлана, Бақытжан, Меруерттен сегіз немереміз бар. Мүмкіндік болып жатса солармен көбірек уақытымды өткізгім келеді» дейді ол. Ғалекең зейнет жасында, бірақ мемлекеттік қызметтен қазір де қол үзген жоқ және атқарып жүрген жұмыстары еліміздің болашағы үшін қыруар пайда әкелетін келелі істер. Алда жоспар да, жасалынуы тиіс істер де көп. Көкейдегі ұлы мақсат, ұлы армандар орындалса, халқымыздың болашағы жарқын да кемел болмақ. Осындай ұлтжанды азаматтарымыз тұрғанда ол күндерге де жетерміз…

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: