Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Біз батыр болғанбыз! Жаттанды сөз. Сол батырлы­ғымызды кітап бетін ашпайтын ұрпағымызға немен дәлелдейміз? Ақылы жеткені өнері арқылы жеткізіп жатыр. Ал, біз, санамыз Мексика, Бразилия, Аргентина мен Колумбия телехикаяларынан уланып тарихи дүниелерге шөліркеп жүргенде, Корея мен Түркияның түп-тамырын қазақша сөйлеттік. Бойымызға оңай сіңіріп барамыз

Қазақтың кез келген ханы, әрбір батыры туралы телетоптамалар әзірлеуге болады. Бірақ, біз жабылып жүріп, жер бетінен әлденеше ғасыр бұрын жоғалып кеткен мемлекетпен соғысқанымызды қайта-қайта түсіреміз. Орыс патшалығына қарсы әл-дәрмені кеткенше күресіп баққан Кенесары хан туралы жақ ашуды қойдық… Біз осы өткенімізбен мақтана алып жүрміз бе?

Иә! Бірақ, мақтанудың басқа бір оңайлау әдісін тауып алдық. Ішіп алып, «мен Қабанбайдың ұрпағымын» деп жер тоқпақтағандарды да көрдік. Бұл – біздегі өткенімен рухтану ұғымының ұсақталып кеткенінің бір ғана көрінісі. Тарқатып айтып көрейікші.

Біз Шыңғыс ханды қазақ қылуға құмар боп алдық. Түнеугүні түбі түркі деген байламға келді деп байбалам салдық. Тимучиннің түркі болғаны бізге қандай рух береді? Аласапыран мына әлемде бір күні екіншісіне, бүгіні ертеңіне ұқсамайтындай күй кешіп жатқан мемлекеттердің алдында Шыңғысты түркі деп, он ғасыр бұрын жарты әлемді жаулағанын бұлдайық па? Оның түркі, яки қазақ болғаны біздің тұралап қалған ғылымымызды көз ілеспес жылдамдықпен дамытып, ғылымы қарыштаған елдердің қатарына енгізеді деген кепілдік болса, қанекей?! Өзге елдердің жасап берген дайын технологиясын дұрыс пайдалана алмай жүріп, ықылым заманда дүниежүзін билегенімізді немересіне бір ертегіні қайталай беретін алжыған әжедей жырлай бергеніміз қисынсыздау сияқты.

Біздің ата-бабаларымыз алтын сауыт киген деген арзан мақтану белең алып барады. Нақты дәлел ретінде «Алтын Адамды» алға тартады. Сөз жоқ, баға жетпес бай мұра. Әлемдік өркениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде мойындалды. Бірақ, дәл қазіргі кезбен салыстыру да керек шығар. XXI ғасырда ауылдық жердерде ауыз суға жарымай, әке-шешесінің жұмыссыздығының кесірінен жалаңбұт жүрген балаларды көре тұра, біздің дәуірге дейінгі кезеңде алтын сауыт кигенімізбен малданатынымыз қалай?…

Жеріміз үлкен, қазба байлығынан бөлек құнарлы­лығын айтып көкірек кереміз. Иә, Қазақстанды әлемнің саяси картасынан оңай табуға болады, жер байлығы да ұшан-теңіз. Бірақ, қазба байлықтың пайдасын қара халық көрмей отырып, мақтануымызға не жорық? Ұлан-ғайыр далада таздың селдір шашындай болған халық экономикаға серпін бере алмайды. Табиғи өсіммен демографияны дамыта алмайтынымызды түсіне тұрып, қазақ көшін қолдан (экс-үкіметтің «қолмен басқару» механизмі болған) тоқтаттық. Шеттегі қазақтың елге оралуын талап ете алмай отырып, бірлігі бекем ұлтпыз деп тағы бәлсінеміз…

Тіліміз бай деп бөсетініміз тағы бар. Қазіргі заманда ғылымның, техниканың тіліне айналмайынша, тілді бай деп айтуға бола ма? Ана тіліне шын жаны ашитындардың бірі әлем игілігі үшін жаңалық ашпаса, тіліміз бай деп айғайласақ та ешкім құлақ аспайды. «Басқа тіл керек емес, өз тіліміз бай, сол ғана қажет» деп зар жылайтындар, тек қазақ тілінде даму мүмкіндігінің шектеулі екенін біле ме екен? Біздің интеллектуалдық деңгейімізді көтеріп келе жатқан (уақытша дейікші) орыс тілінің қазаққа пайдасы мол. Егер орыс тілін шектесек, жаппай ағылшын тіліне көшуіміз қажет. Ал, интеллектуалды ұлт болмасақ, бізді кім көрінген басынуын тоқтатпайды.

Ата-баба дәстүрін берік ұстайтын ұлтпыз десек те секталар мен теріс ағымдардың жетегінде кете бардық. Ұлт дәстүріне қайшы келетін әрекеттерге бару белең алды. Бірінші кезекке дәстүрін, мәдениетін, ұлтын емес, дінді қоятын, сөз көтере алмай тәкәппарсынатын, радикалды ойлайтындар табылды. Басқа дінге шатылған қазақтардың саны жыл санап өсіп барады дегенді естігенде құйқа шымырлайды. Жаһандану деген жаңа мәдениеттің бізде қалыптасуына оңай жол бере салуымыз ұлттық иммунитетіміздің деңгейін көрсетіп берді емес пе?!

Өтірік көлгірсиміз, шынтуайтында дәл қазіргі заманға сай мақтанатын дүниеміз аз. Қыл аяғы «әу демейтін қазақ жоқ» деп шіренетін қазақтың бүгінгі әншілері бұралқы иттер құсап бұраңдап, шиқылдап кеткеннен кейін, мақтануға да ештеңе қалмады ма деп қалады екенсіз…

Қазіргідей ақпараттық заманда өткеніңмен мақтанудан гөрі бүгініңмен бәлсінген дұрыс. Халықаралық қауымдастық бізді тарихымызға қарап емес, дәл қазіргі қал-қадірімізге қарап бағалайды. Оны қарапайым азаматтардың арасындағы өзара қарым-қатынастан да аңғаруға болады ғой. Кеше дүрілдеп тұрған шенеуніктің бүгін басынан бағы тайса, оған деген сый-құрмет бәрібір кешегідей болмайды. Қарапайым мысал айтайықшы, «Қазақфильмде» бірнеше көркем дүниелерді өмірге әкелген режиссер Едіге Болысбаев қазір кім? «Шаңырақ», «Ұлтуған» сынды фильмдерімен қазақ өнерінің өркендеуіне үлес қосса-дағы бүгінгі кейпі – кәнігі маскүнемнен айырмасы жоқ. Бұрынғы өнер иесімен сұхбаттасуға барған әріптестеріміз түрінде тұлғалық қасиет қалмағынын жеткізді. Әрине, оның бұрнағы жылдары атқарған жұмысын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, бүгінгісімен қарап бағалаймыз. Дәл сол жеке адам сияқты әрбір мемлекетті де қазіргі жетістігіне қарап мойындайды. Жапония, АҚШ, Германия ғылым арқылы дүниежүзінде төңкеріс жасап отыр. Ал, Қытай еңбекқорлығымен, заман ағысынан қалмайтындығымен ерекшеленіп келеді.

Міне, кез келген саласын жемқорлық жайлап алған қоғамның бір мүшесі ретінде «бізде мақтануға тұрарлық ештеңе қалмады» дегенді айтқымыз келген..

Жаркын Тусiпбекулы

http://www.ulttimes.kz/

 

 

Рубрика: