АЛТЫНОРДА
Новости

Біз неге қазақша емес, арабша амандасамыз?

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ұлттық құндылықтарымен бірге қатар ата-баба ұстанған дінімен де қауышты. Құдайға шүкір, бүгіндері еліміздегі мұсылман қауым халқымыздың 70 пайызын құрайды. Осыған байланысты діни мерекелер де қайтадан жаңғырып, мәселен Ораза айтын демалыс күндері де етіп алдық. Алайда қоғамдағы діншіл адамдар қатарының күн санап артуымен байланысты тілдік қолданысымызда арабша сөздер де қарқын алып келеді. Бір қарағанға мұнда тұрған дәнеме жоқ секілді. Бірақ «Алаш айнасы» басылымы қолданыста бар қазақша сөздің орнына арабшасын пайдалану ана тіліміздің қадірін қашырып тұрған жоқ па деп алаңдайды… 

Біз бұл арада Құрандағы сөзге немесе араб тіліне үдере бас көтерейік, онымен тілімізді шұбарламайық деп жатқанымыз жоқ. Керісінше, ислам дінімен қауышқан секілді, кезінде араб тілінен қазақшаланып алынған, бірақ кеңес заманында діни мағынасы ұмыт боп кете жаздаған сөздерді тілдік қолданысымызға қайта енгізу жағын мәселе етіп көтеріп отырмыз.

Шыны керек, қазір діншіл адамдар ортасына түсе қалсаңыз неше түрлі діни сөздерді естисіз. Әрине, арнайы сауатын болмаған соң түсінбейсің. Тағы бір жағынан, ол да өзге тіл ғой. Тартынасын. Мүмкін бұл дұрыс та емес шығар. Бірақ ондай жайт біздің қоғамда көп кездеседі. Өйткені «Ауызы күйген үріп ішеді» демекші, орыс тілінің зардабы әбден өткен қазаққа қазір қазақы қалпын сақтау аса маңызды. Әр заманның өз келбеті бар. Ал бүгінгісінде ұлттық иммунитет күшейіп тұр. Сондықтан өзгеге үрке қарау қоғамда басым. Мәселен, бүгіндері автобуста билет таратушы аялдаманың бұрынғы кеңес заманындағы атауын атап қалса, оны қазақтар талап жеп қоя жаздайды. Жарнаманың қазақшасы қате ме, оны масқаралап ғаламтордан, телеарнадан бір-ақ шығарады. Тура осындай жағдай дін саласында да көрініс тауып қап жатады. Бір мысал.

Бір отырыста біреу «Астагфируллаһ» деп қап еді, екіншісі оған «Астапыралла» деп неге қазақша айтпайсын деп бас салды. Содан оның арты үлкен тартысты әңгімеге айналды. Қоғамда осындай түсінбестік орнамас үшін де таяуда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Алла» сөзін қалай жазу керектігін нақтылап, арнайы пәтуа шығаруға мәжбүр болды емес пе?.. Діни басқарма жанындағы арнайы Ғұламалар кеңесі осы тамыз айының басында «Аллаһ» деп жазу қазақ тілінің үндестік заңына қайшы деп тауып, оны «Алла» деп жазу дұрыс болады деп шешті. Сол секілді олар қосарлана жазылатын, мысалы «Құдай Тағала», «Алла Тағала» сөздеріндегі екіншісін бас әріппен жазу қажеттігін бекітті. Осылайша бұл шара қоғам ішіндегі ұзақ жылғы принципті дауға нүкте қойды. Осы жағынан алғанда, қазақтың тіл заңдылығымен санасқан діни басқармамызға қатты разымыз. Ал қазақтың тіл заңдылығына сүйенгеніне емес, арабшасына көңілі көп ауып тұратын халыққа мұндайда не деу керек? Мұның жайын тіл маманынан сұрап көрген едік.

Тіл маманы Анар Фазылжанова арабша діни сөздердің өз тілімізге байырдан бейімделген нұсқасын пайдаланбау халқымызда ұлттық тіл білімінің жоқтығынан орын алып жатыр деп санайды.

Анар Фазылжанова, тіл маманы:

– Бұл мектептегі білім беруден бастап жоғары білім беруге дейінгі аралықта қазақ тілінің алдыңғы қатарға шығарып отырмағандығымыздан орын алып отырған жайт. Бір дін ғана емес, сонымен қатар басқа да салаларда қолданылмай жатқан қазақтың сөздік қоры өте көп. Қазақтар неге өз тілінде бар сөзді қолданбай, арабшасын бұзбай пайдаланады? Себебі олардың санасында ұлттық тіл білімі жоқ. Мәселен, «Аллаһ ай» дегеніміз біздің алақай деген сөз. «Баррикаллаһ» дегендері бәрекелдіміз. Мұны бізде біреу білсе, біреу білмейді. Кейбіреулер қазақша емес, арабша амандасып жатады. Мысалы, «Ассаламағалейкүм, Уағалайкүм-әссәләм!» деп амандасудың орнына «Ас-саляму аллейкум, Уа-аллейкум ассалам» деседі. Мұндайда ұлттық тіл білімі жоқ адамдарға біз қазақиын пайдалан деп бұйыра алмаймыз. Өйткені бұл олардың қателігі емес, қателік, әу баста, білім жүйесінен кеткен.

Сондай-ақ тіл маманы қазақтарға араб сөздері ертеден еніп кеткенін, тіл заңдылығына әбден бейімделгенін баса айтады. Бірақ осыны дін саласында жүргендер де, жамағат қауым да көбіне аңғара бермейді екен.

«Мешіт пен жамағат арасында коммуникация неге қарқынды дами алмай жатыр? Неге дін саласының адамдары сөйлегенде біз басқа әлемге түсіп кеткендей боламыз? Себебі олардың қолдынысындағы кәсіби сөздер қарапайым халыққа түсініксіз. Ал егер олар өз сөзіне халықты ұйытамын десе, ең алдымен, қазақ тілін зерттеумен шұғылдануы керек. Онда да араб тілінің қазақ тіліндегі қолданысын. Мәселен, ескі кітаби тіл деген бар. Оны кейбіреулер шағатай тілі деп атап жүр. Бірақ ол олай емес. Бұл түркі халқына арналған ортақ жазба тілі боп табылады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім, Абай атамыздың еңбектерінен көне кітаби тілді көптеп кездестіруге болады. Мұндағының барлығы дін саласы қызметкерлері үшін дап-дайын мүмкіндік. Өз басым, қазақ үшін діни уағызды Шәкәрімнің, Абайдың тілімен жүргізу 100 пайыз жетістік деп ойлаймын. 

Жалпы, кез келген салада өзге тілдегі терминдермен қатар ұлттық сөзжасамдарды қатар пайдалану тәжірибесін қазақтың білім беру жүйесіне енгізу қажет. Сонда тілімізді бұрайтын бөтен сөздер бізге енбейді әрі тілдік қорымыз тарылмайды, бай болады», — дейді А. Фазылжанова.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/politics/53264/