Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

991068b9433796075e22ae4206dc5c61Қазақтың қолөнер туындылары өзге елдердің мемлекеттік қолдауы арқылы әлемді таңғалдыруда. Мысалы, өткенде Батыстың интернет-аукциондарының бірінде таза жүннентоқылып, оюлармен өрнектелген қазақтың қалы кілемі ең қымбат бағаға сатылып, Ирандағы қазақтардың саудасын жүргізді. Кілемнің жалпы аумағы – 525 шаршы метр, салмағы – бір тонна. Бұл кілемді тоқу жұмысына 400 тоқымашы қатысқан. Кілемде 1 миллиардтан астам жіп түйіншектер өрілген.

Әрине, бұл хабарды естіп, қазақы қалы кілемнің бәсекеден озық шыққанына қуандық, бір жағы қынжылдық. Қуанға­нымыз, кілемнің атағы қазақтыкі екені бол­ды. Қынжылған тұсымыз, әлемнің қазақ кілемін Ирандағы қазақтар арқылы танығаны. Бұдан соң Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12, 30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін «Гиннес» рекордтар кіта­бына енгізіп келді. Тізе берсек, өзге елдерде қазақтың төл туындыларының шоқтығы биік. Шеттегі қазақтардың төл туындылары­мызды насихаттауда бел­сенділігі жоғары. Ал отандық қолөнер шеберлері бұл істе мемлекеттің қолдауы әлі де жетіспейтінін ашып айтуда. Бүгін біз «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, қазақтың қиялы мен идеясынан туындайтын осы бір өнердің өз елімізде тиісінше бағалануы турасында сөз ет­пекпіз.

Ұлттық қолөнер шеберлері арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі екі жылдың ішінде тек бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Бұл – Иранның қолөнер шеберлері орта­лы­ғы маман­дарының ресми ақпараты. Кілем­дерін америкалықтар, жапондықтар, ресейлік­тер белсенді түрде сатып ала­тынын сүйіншілете сөз еткен иран­дықтар «алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене бермек» деседі. Ені – 2,5, ал ұзындығы 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері жарты жылға жуық уақыт қолдан тоқиды екен. Бір қызығы, олардың бұл өнімдерінің әрқайсысының жеке-жеке паспорты бар. Сондай-ақ Иранның сау­да­сын еселеуде ол елдегі қазақтардың қалы кілемі де соңғы орын­да қалып отыр­ған жоқ. Осыны сезінгендіктен олар «ал­дағы бес жылдық межеде кілем сау­дасынан 30-40 млрд АҚШ долларын та­ба­­мыз» деп алақандарын ысқылап отыр.

Жалпы, қолөнер саласын жетілдіру арқылы табысты молынан көсіп отырған елдердің бірі – іргеміздегі Қытай халық республикасы. Қытай үкіметі бүгінде әсі­ресе еліндегі қазақтардың төл туынды­ларына барынша қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттің арнайы қолдауын сезіну арқылы ондағы қазақтар қазақтың сах­налық киімдерін, қазақтың таба нанын, қазақтың ою-өрнектерін «Гиннес» рекорд­тар кітабына енгізіп, бұл туынды­ларын экспортқа шығарып отырған да жайы бар. Мысалы, жоғарыда біз сөз еткен қазақтың сахналық би көйлегін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізген Қытайдағы қолөнер шебері Зият Айдар­ханқызы қазірде мұндай көйлектерді тігуге Түркия, Қырғыз­стан, Малайзия елдерінен арнайы мемле­кеттік тапсырыс алатын көрінеді. Тіпті өзіміздің Қазақ­стан­нан арнайы тап­сырыс беріп тіктіретін мем­лекеттік мәде­ниет меке­мелері де бар екен.

Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:

– Біле білгенге, қолөнер саласы – табысты еселей түсетін сала. Осыны ескергендіктен көптеген елдер қазірде бұл салаға айрықша мән беріп отыр. Әсіресе өзіндік қолөнерінен ажырап, ұмыт қалдырған Германия, Норвегия, Израил сынды елдер бүгінде қазақтың төл туын­дыларына қызығушылық танытуда. Сондықтан біздің қолөнер шеберлері шетелдік нарыққа шығуға барынша күш салуы керек. Мемлекет бұл жағынан оларды қолдауы тиіс. Бұл ретте бізде қолөнермен айналысатын фабрикалар қайта құрылуы керек. Иран қазірде кілем өндіруде бес жылда 30 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде бізде «Алматы­кілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыз­дығы жағы­нан түркі­мен кілем­дерімен бәсекелес болатын. Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фаб­ри­каның аты да, заты да мүлде өзгерді. Қазірде «Ал­матыкілем­нің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ тү­гіл, тұтыну­шыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.

Негізінде, этнографта­ры­мыздың ба­ғам­дауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес одағына мәшһүр 200-ден астам шебер болыпты. Өкініштісі, солардың дені қазірде бұл өнер­лерін жылы жауып қойған. Себебі, бірін­шіден, елде қол­өнер­ге қажетті асай-мү­сей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы. Жалпы, Қазірде Иран, Фран­ция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменс­тан, Әзір­бай­жан елдері осы қолөнер саласына айрықша ден қойып, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге мән беруде. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән беруші­лік жоқтың қасы. Жеке­леген шеберлердің еңбегі мүлде елен­бейді. Кезінде Қазақ­стан­ның оңтүстік облыс­тары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кестелеу, оюлап көрпелер тігу, түрлі ескерткіш заттарын жасау күшті дамыған. Түк­сіз киіз басып олардың бе­деріне қош­қар мүйіз, құс тұм­сық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да бас­қа ою нұс­қаларын салуды біздің шебер­лер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы өзге ел­дер қолөнер ше­берлерін қолдау арқылы бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр. Біз қол­өнердің әлемдік эконо­мика­ның тұтас бір кешені екенін әлі сезінбей отырмыз.

Назгүл АЙТІМОВА, этнограф-ғалым:

– Біздегі қолөнер түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмыт­паған жөн. Ши­кізат­ты дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей, бұл өн­діріс­те өзіндік биіктікті бағындыру қиын. Сондықтан шикізат зәрулігін жою үшін болашақта мемлекеттің қолдауы­мен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажет. Бұдан соң сол шағын кластерлер арқылы көлемді фабрикалар құруымыз керек. Ал қазір санаулы ғана шеберлердің басын қосып, олардың арнайы шебер­лер одағын құру арқылы мәселе ше­шіл­мейді. Егер біз бұл салада шебер­лерге анық қолдау білдіргіміз келсе олар үкіметтік қолдауды сезінгені жөн. Сонда ғана қазақтың төл туындылары әлемдік деңгейде брендке ие болады. Біздің туындыларымыз қазірдің өзінде жоғары брендке ие. Ал оны әрі қарай өрбітіп, жетілдіріп, шеберлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек…

 

http://alashainasy.kz/economica/45016/

Рубрика: