Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Дат! Қазақстан келімсектердің жатақханасы емес, ол — қазақтың ата мекеніСоңғы уақытта еліміздің бұқаралық құралдары мен ақпараттық кеңістігінде біртұтас ұлт идеясы қызу талқылануда. Алайда бұл мәселені талқылаудан бұрын ұлт деген түсінікке анықтама беру қажет. Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәліметке сәйкес, ұлт — ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады. Қазақстанда негізгі автохтонды бір ұлт, бір этнос бар. Ол — қазақ халқы. Еліміздегі 130-ға жуық басқа ұлт өкілдері этностық топтар мен диаспоралар болып табылады. Қазақ Ұлтын қалыптастырған шешуші этнос жасаушы белгілер ретінде қазақтың ортақ аумағын, ортақ мемлекетін, ортақ тілін, діні мен ділін, ортақ тарихи тағдыры мен психологиялық ерекшелігін, ортақ этногенетикалық тегі болуын атау керек. Қазақ ұлтының кейбір белгілері өте айқын болса, кейбір белгілері әлі әлсіз, даму мен қалыптасу үстінде.

 

Жалпы, кез келген мемлекетқұрастұрушы ұлт елдегі диаспораларды біріктіру үшін өзі біртұтас болуы керек. Өйткені біртұтас, кемелденген халық қана ұлт деңгейіне көтеріліп, елдегі диаспоралардың басын біріктіруге қабілетті. Сондықтан Қазақстандағы бүкіл этностардың басын біріктіріп, біртұтас ұлт қалыптастыру үшін, ең алдымен қазақ халқы біртұтас ұлт деңгейіне көтерілуі тиіс. Алайда бүгінде қазақ халқы сондай ұлт деңгейіне көтерілді деу, жұмсақ айтқанда шындыққа жанаспайды.

Бүгінде қазақтың өзі бірнеше әлеуметтік топқа бөлінген. Ең алдымен қазіргі қазақтар тілдік белгі бойынша қазақ тілді және орыс тілді болып, екі топқа бөлінеді. Бұл аз болғандай біз ата-бабасының жерін аңсап, алыстан ата-жұртқа қоныс аударған бауырларымызды «оралман» деген үлкен топқа жатқыздық. Ол ол ма, сол оралмандардың өзін қоныс аударып келген мемлектіне қарай «қытай», «монғал», «қарақалпақ» деп, тағы бірнеше топқа бөліп тастадық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Монғолиядан қоныс аударып келген айтыскер ақын бауырымыз айтыс үстінде «Монғолияда жүргенде қазақ едім, ата-жұртқа көшіп келіп «монғол» атандым», деп республика халқына өкпе-назын жеткізген еді. Сол кезде әке-шешесі ертеректе Қытайдан көшіп келген таныс бір азамат «біз елу жылдан бері елде тұсақ та, әлі «қытаймыз» мыналар келе сала қазақ болғысы келеді» деген еді.

Ең өкініштісі, елімізде қазақ халқын біртұтас ұлт ретінде қалыптастыратын ұлттық идеология жоқ. Ал бүгінгі таңда қазақ халқын, қазақ ұлтын осындай деңгейге көтеретін ұлттық идеология ауадай қажет. Өйткені қазақ халқы кемелденген, біртұтас ұлт деңгейіне көтерілмей еліміздегі этностардың басын біріктіріп, біртұтас қазақ ұлты ретінде қалыптастыра алмайды.

Бұл аз болғандай қазақ халқы әлі күнге дейін кеңес өкіметі кезеңінен қалған мұрадан арыла алмай отыр. Кейде басқадан емес өз қандастырымыздан, әсіресе, орыс тілді бауырларымыздан «елде жалғыз қазақтар ғана қалса, біз мемлекет, ұлт ретінде өмір сүре алмаймыз» дегенді естігенде, еріксіз қынжыласың. Ол аз болғандай, «қазақтар жалғыз қалса, жүзге, руға бөлініп, қырылысады» деп, сәуегейлік танытады.  Бұл кеңес үкіметі кезіндегі «бөліп тастап, билей бер» саясатының салдары екені айтпаса да түсінікті. Ал шын мәнінде қазақ әруақытта біртұтас халық болған. Соның нәтижесінде ата-бабамыз бізге осындай кең-байтақ даланы мұраға қалдырып отыр. Жерінің аумағы бойынша Қазақстан дүние жүзі бойынша  тоғызыншы орында болар ма еді?

Кезінде кеңес өкіметінің солақай саясаты салдарынан тағдыр тәлкегіне ұшырап, шет елдерге тарыдай шашылған бауырларымыз етек-жеңін жиып, ата-мекеніне оралып жатқан шақта оларды сыртқа теппей бауырмызға басқанымыз жөн. Қайта құдайға шүкір, олар шет елде жүріп, ассимиляцияға ұшырап, шыққан тегін ұмытып кетпегеніне қуанбаймыз ба?! Ал елге келгенде оларды қалың жұрттың ішіне кіргізіп жібермей арнайы орталықтарға қабылдап, ата-жұрттағы өмірге бейімдеу қажет еді. Мүмкін сонда алыстан келген ағайын елдегі өмірге тезірек үйренісіп кетер ме еді. Өйткені шет елде, жат жұртта жүргенде кез келген адам бойын сергек ұстап, әруақытта жанжағына күдікпен қарап, секемшіл болады емес пе.

Осы орайда тағы бір заңды сұрақ туындайды. Осы қазақтың кең-байтақ даласын қазақтан басқа кім қорғады? Ешкім! Қазақ даласы үшін, қазақ елінің азатығы мен еркіндігі үшін ешқандай ұлттың қамсықтай қаны тамған жоқ. Осы Ұлы даланы ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен көзінің қарашығындай қорғап келген. Тарихқа көз жұгіртсек, сонау Тұмар патшайым кезінен қазіргі заманға дейін қазақ елі, қазақ жері үшін қазақтан басқа ешбір ұлт қан төгіп, сыртқы басқыншылардан қорғаған емес. Ендеше, қазақ халқы елін, жерін қорғап, егемен ел құруға қабілеті ұлт. Тәуелсіз, жас Қазақ мемлекетінің тарихы соның айғағы.

Ал жүзге, руға бөліну мәселесіне келетін болсақ, иә, әруақытта қазақтар жөн сұрайды. Қазақта «Жеті атасын, білмеген жетесіз», деген нақыл сөз бар. Өйткені өткенін білмегеннің болашағы жоқ. Бір жағынан бұл қан тазалығы мен тән тазалығын сақтаудың жолы. Баршаға белгілі, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайды. Сондықтан халқымызда ақыл-есі кем туатын балалар жоқтың қасы. Өйткені үйлену жөнінде әкесінен рұқсат сұрап келгенде, әкенің балаға қоятын бірінші сұрағы «әкесі қай ел екен?». Бұл қағида ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан тәртіп. Оны ешкім бұза алмайды, бұл – қанға сіңген қасиет.

Алайда кеңес өкіметі кезінде коммунистер қазақтардың осы әдетін өзінің арам пиғылында пайдаланып, теріс сипат берді. Сөйтіп, бір жүздің азаматын басқа жүздің азаматына айдап салып, румен рудың арасына от салды. Дегенмен бүгін біз осы кертартпа әдеттен арылып, жаңа заманға сәйкес жаңа дәстүр қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, алдымен қазақтың басын біріктіріп, біртұтас ұлт ретінде қалыптастыратын ұлттық идеологияның атқарар ролі ерекше.

Сондай-ақ соңғы уақытта көңілді алаңдадатын тағы бір ұран пайда болды. Посткеңестік кеңістікте бұрынғы одақтас республикалар ұлттық мемлекеттерін құрып, дамудың жаңа деңгейіне шыққан шақта біздің елімізде «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! (Казахстан – наш общий дом!)» дегенді шығарды. Ортақ үй дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда, жатақхана емес пе!? Жан жағымыздағылардың барлығы өздерінің ұлттық мемлекетін құрып жатқан шақта неліктен қазақ жері жатақхана болу керек?!

Қазақтың дархан даласына кім сыймады? Қонақжай халқымыз елімізге өз еркімен, еркінен тас қоныс аударғандардың барлығын бауырына басып, құшақ жая қарсы алды. Қош делік, оған ешкім қарсы емес, қысылғанға қол ұшын беріп, жабыққанға қолдау көрсету халқымыздың қанына сіңген қасиеті. Алайда кезінде осылай жабығып, тарығып, келген ағайынның ұрпағының қазіргі таңда қазақ халқына, қазақ тіліне, мәдениетіне менсінбей, жатсына қарағанын көргенде еріксіз қынжыласың.

Сондықтан қазақ билігі біртұтас ұлт идеясын жүзеге асыру үшін қазақ тіліне деген қүрмет сезімін қалыптастырып, ана тілімізді шынайы мемлекеттік тіл деңгейіне көтерге жағдай тудыру қажет. Осы орайда, Елбасымыз өте жақсы мүмкіндік беріп отырған жоқ па! Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген Жолдауын алсаңыз, қазақ тілін дамытып, оның қолдану аясын кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Ал тіліміздің мәртебесін көтерудің жолдары аз емес. Мәселен, еліміздегі ең жоғарғы лауазымдарға тағайындау кезінде үміткерлердің мемлекеттік тілді білуіне басты назар аударған жөн. Жалпы, мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызмекте қабылдауға тыйым салған жөн. Өйткені кез келген шенеунік өз деңгейінде мемлекет атынан сөйлейді. Кейде небір оқиғалар болған кезде жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме, сұқбат бергенде болған оқиғаны орысша баяндайды да қояды, көңілі түссе қазақша айтады, әйтпесе,  қазақ урналистері «осыңызды қазақша айтыңызшы», деп жүгіріп жүргені. Ең сорақысы, сол шенеуніктердің басым көпшілігі қазақ тілінде сұқбат беруге әбден қабілетті, өзіміздің қаракөз бауырларымыз екендігі. Міне, бұл өз тілінен жерінудің шынайы көрінісі.

Осындай сорақылықтардан арылу үшін ең алдымен өзіміздің қаракөз бауырларымызды мемлекеттік тілді құрметтеуге тәрбиелеу қажет. Бүкіл қазақ этносы біртұтас халық ретінде өз ана тілін құрметтейтін, ана тілі дегенде, ішкен асын жерге қоятындай жағдай тудырмай, біз ана тілімізді шынайы мемлекеттік тіл деңгейіне көтере алмаймыз.  Сондықтан ана тілінің мәртебесін көтеруді өзгеден емес өзімізден бастауымыз қажет. Оның үстіне, Әділет министірі Берік Имашев бауырымыз қысқа мерзім ішінде ана тілін еркін меңгеріп, ана тілін құрметтеудің тамаша үлгісін көрсетті емес пе! Ендеше, басқа билік басындағы шенеуніктер Берік Имашев мырзадан үлгі алулары керек. Олай болмаған жағдайда өз еркімен ана тілін меңгеругісі келмейтін қазақтарды мемлекеттік тілді игеруге мәжбүрлеген жөн, және бұл шараны билік басындағы қаракөз бауырларымыздан бастау керек. Еліміздегі бүкіл қазақ мемлекеттік тілде сөйлейтіндей жағдайға қол жеткізген жағдайда, біз басқа ұлт өкілдерінен мемлекеттік тілді білуді талап етуге моральдық құқыққа ие боламыз. Сонда ғана басқа ұлт өкілдері біздің көзімізд шұқи алмайтын болады, сонда ғана біртұтас қазақ халқы еліміздегі ұлттық диаспоралардың басын біріктіріп, біртұтас ұлт ретінде қалыптастыруға қабілеті болады.       Міне, осыған кол жеткізгенде біз ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігін? Яғни біртұтас қазақ ұлтын қалыптастырға қабілетті боламыз.

Қайрат Матреков    

 

 

 

Рубрика: