Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ақын Мұхтар Шахановтың «12-3=?» деген поэмасын көбіміз оқыған болармыз. Оқиғасы, қысқаша тұжырып айтсақ, мынадай: Баяғыда бір хан барлық би, әскербасы, қазыларды тек ақсақалды қарттардан сайлау жөнінде заң шығарады. Осылайша ел жас қауым тәрбиесін ұмытып, әңгімені тек қарттықтан бастайтын болады. Хан бір күні көрші жатқан елге соғыс ашады да, тас-талқан боп жеңіліп, өзі тұтқынға түседі. Жеңген елдің әміршісі оған жұмбақ жасырып: «Не қалады он екiден үштi алса?» дейді. Хан таппайды. Сол арада бір жас жігіт сұрақтың жауабын тауып, ханды өлімнен құтқарады.

«Егер он екiден үштi алсақ, Еш­те­ңе де қалмайды» деген жігіт, әр жыл­дың он екі айдан тұратынын, он екі айда үш ай көктем барын, тоғыз ай­-дың тағдыры осы үш айға байлаулы тұрғанын дәлелдегенде, қол бастай­-тын жігіттерді қорада ұстап келген хан бас бармағын шайнайды. Е.Евтушенко орыс тіліне аударған осы поэма кезінде кеңестік цензурадан әрең өткен. Енді ше, СОКП ОК-тінде отырғандардың бәрі сүйегін әрең сүй­реткен қаусаған кәрі шалдар болса…

Бүгінде заң да, заман да 180 градусқа өзгерген. Жастық культі желдей есіп тұр. Мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан бала бастық самай шашы ағарған әке­сіндей адамға әкіреңдеп сөйлейтін за­ман. Қылшылдаған 25-тегі жігіттер аудан әкімі болудан дәмелі. Астанадағы Алматы ауданының әкімі Павел Кула­гин 26 жаста. Биліктің жасы жасарған үстіне жасарып келеді. Шынында да, билік басына келетін саясаткер үшін жас мөлшері маңызды ма? Саясат тарихында бұған мысал көп. 1940 жылы Гитлер әлемді қалтыра­тып тұрғанда, Ұлыбританияның пре­мьер-министрі әрі қорғаныс министрі болып 65 жастағы Уинстон Черчилль сайланады. Оның Парламентте өз ұлтына арнаған алғашқы сөзі былай басталған: «Менің сендерге қан мен терден, көз жасы мен ауыр еңбектен басқа ұсынарым жоқ». Оның осы сөзінің нәтижесі бүкіл әлемге белгілі. Черчилль 1951 жылы 77 жасында екін­ші рет премьер-министр болып сай­ланып, 1955 жылға дейін тақта отыр­ды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң ФРГ-нің тұңғыш канцлері болып 73 жастағы Конрад Аденауэр таққа отырды. Қазіргі Германияның негізін салған ол 14 жыл тақта отырып, 1963 жылы 87 жасында доғарысқа кеткен. Осы уақыт ішінде ол соғыстан қисап­сыз қирап шыққан еліне әлемдік же­тек­ші держава дәрежесін қайтарып берді. 1953 жылы АҚШ-тың 34-прези­-денті болып 63 жастағы Дуайт Эйзен­хауэр таққа отырды. 1956 жылы 66 жа­сында ол екінші қайтара президент бо­лып сайланады. Кәрі тарланның Кореядағы соғысты тоқтатып, ком­му­нистік сенімдегі ғалымдар мен қай­раткерлерді қуғындауды тоқтатқанын айтсақ та жетеді. Генерал Шарль де Голль 68 жасын­да Францияның басшысы болып сай­ланған. НАТО-мен байланысын үзіп, французға бағынышты елдерге тәуел­сіздік әперген ол 1965 жылы 75 жа­сын­да Франция президенті болып екінші қайтара сайланады. Қытай реформасының атасы сана­латын Ден Сяопин 1976 жылы 72 жа­сында коммунистік Қытайды басқар­ған. Қытай қазір әлемдегі екінші дер­­­жава болса, ол – осы Ден Сяопин­нің еңбегінің арқасы. 1989 жылы 85 жасында билік бұтағынан біржола кетсе де ол ұлтының рухани көсемі болып қалды. Қытай халқы үшін ол теңдессіз бедел иесі. Рональд Рейган 1980 жылы 69 жа­сында АҚШ президенті болып сай­ланды. Екінші рет қайта сайланып, 1989 жылы 77 жасында тақты босат­-ты. Оның орнына 65 жастағы Джордж Буш отырды. 2008 жылы 72 жастағы Джон Маккейннің Барак Обамамен бірге АҚШ президенттігіне таққа та­лас­қанын ұмытқан жоқпыз. Фран­цияны Француа Миттеран 78 жасына дейін биледі. Юрий Андропов Кеңес Ода­ғының басшылығына келгенде 68 жас­та болған. Оның жемқорлықпен қалай күрескенін жұрт әлі ұмыта қоймаған болар. Израильдің қазіргі президенті Шимон Перес 90 жаста. Жаһандық өкіметтің ұшар басында дәл қазір 90 жастағы Генри Киссинд­жер мен 98 жастағы Дэвид Рокфеллер тұрғанын да ұмытпайық. 83 жастағы Сорос пен 85 жастағы Бжезинскийдің әлемдік ақша саясатында қалай атой салып жүр­генін айдай әлем біледі. Міне, Аме­риканың ақиқаты. Осы мысалдарға қарап-ақ мемле­кеттік қайраткерлердің табысты бо­луын­да жас мөлшері емес, жеке са­па­лық қасиеттері басты рөл атқараты­нына көз жеткізуге болады. Ел басына ауыр қиыншылық туғанда көптеген мемлекеттердің жасы шау тартса да, аса тәжірибелі қайраткерлерді билік басына отырғызғандарына кәрі та­рихта мысал көп. Бұған керісінше 36 жасында Гру­зияның президенті болған Михаил Саакашвили сияқты жас сайып­қы­рандарды да тізбектеуге болар еді. Со­ны­мен, қайсысы дұрыс: ыстық қайрат, жас жігер, күтпеген батыл шешім, ашық шабуыл ма, әлде суық ақыл, ты­ныш сақтық, теңдей шешім, даналық жүріс пе? Баяғыдан келе жат­қан ри­торикалық сұрақ. Есте жоқ ескі за­манға сүңгімей-ақ, өзіміз куә бол­ған осы заманнан-ақ мысал терейік.

Келмеске кеткен Кеңес Одағын бас­қарған элитаның орташа жасы 72 жас болыпты. Кәрі тарландар орындарына тастай жабысып, бе­кер­­-ге сі­ресіп отырмаған екен. Олармен са­лыс­тырғанда әлдеқайда жас санала­тын 54 жастағы Михаил Горбачев өкімет басына қалай келді, солай билік бұта­ғын қаусаған шалдардан тазартуды бастады. СОКП-ның ХХVI сьезінен соң 74 обкомның бірінші хатшысы бірдей орындарынан босатылыпты. Саяси элита бірден он жасқа жасарып шыға келген. Осы кадрлық револю­цияның нәтижесінде экономика өсіп, халықтың жағдайы жақсарды ма? Керісінше мәңгі мызғымас Комму­нис­тік партия құрдымға кете бастағаны, оның ақыры не болғаны біз айтпасақ та белгілі. Борис Ельциннің тұсында саяси элита одан да жасара түскен. Отыздағы жігіттер топырлап билікке келе бас­таған. Сол кезде Ресейдегі губерна­тор­лардың орташа жасы 55 жас болыпты. Қазір орыс элитасы қайта қартаюды бастағандай. Ресей президенті Путин мемлекеттік қызметтегілердің жасына қарай шектеу мерзімін ұзартып, іскер адамдар енді бұрынғыдай 60 емес, 70 жасына дейін маңызды постта қызмет атқара беретін болды.

Бұл мәселе Қазақстан жағдайында қалай? Бізде де тәуелсіздік салтанат құр­ған соң өрімдей жастар билікке келе бастады. Бұл орайда 31 жасында министр болған Алтынбек Сәр­сен­баевты, 32 жасында Семей облысы­-­ның әкімі болған Ғалымжан Жақия­новты, 37 жасында Ауылшаруашылық министрі болған Сауат Мыңбаевты,
40 жасында мемлекеттік Кіріс ми­нистрі болған Зейнолла Кәкімжанов­тарды алдымен ауызға алуға болады. Болатбек Қуандықов Қызылорда об­лысының әкімі болып тағайын­дал­ған­да 39 жаста, Оңтүстік Қазақстан об­лысының әкімі қызметіне кіріскенде Асқар Мырзахметов 47 жаста болатын. 32 жасында Экономикалық даму және сауда министрі болған Қайрат Ке­лім­бетов, 32 жасында Индустрия және сауда министрі болған Әсет Исекешев, 38 жасында Байланыс және ақпарат министрі болған Асқар Жұмағалиев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары 39 жастағы Бауыржан Байбек бар. Қазіргі ең жас министр – Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Әбденов 36 жаста. Бұлармен қоса, 28 жасында Экономикалық даму және сауда вице-министрі болған Абай Ескендіровты,

28 жасында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болған Қаныш Тілеушин, 29 жасында Қа­зақстан Президентінің көмекшісі болған Қуандық Бишімбаев, 27 жа­сында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болған Дәулет Ерғожин, 32 жасында Көлік және ком­муникация вице-министрі болған Асылбек Дүйсебаев, 33 жасында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Серік Шапкенов, 33 жасында Оңтүстік Қазақстан об­лысы әкімінің орынбасары болған Са­парбек Тұяқбаев, 28 жасында Атырау облысы әкімінің орынбасары болып отырған мамандығы журналист Шың­ғыс Мұқан бар. Әрине, «он үште отау иесі» деп бі­летін қазақ үшін отыз бен қырықтың арасы анау айтқандай жас болып са­налмайды. «Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» деп тегін айтылмаған. Бұрынғы Кеңес Одағы елдеріндегі билік пен саясатта жастық культі желдей есіп тұрса, керісінше, кәрі Батыста билік тізгінін суық ақылдылар босатпай отырғанын жоғарыда там-тұмдап айтқан болдық. Айтпақшы, ақын Мұхтар Шаханов­тың саяси биліктің жас мөлшеріне қатысты көзқарасы бүгінгі қоғамға сай өзгерді ме, жоқ па, оны ақынның өзінен сұрауды
ұмытып кетіппіз…

Төреғали ТӘШЕНОВ

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: