Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тарихшылар Шыңғысханды моңғол, Шы­ғыс Моңғолиядағы Онон және Керулен атты өзеннің бойында туған, сонда өмір сүр­ген дейді. Шыңғысхан – жалайыр тайпасынан шыққан адам және Іле бойында туған деген Тілеуберді Әбенайұлының дәлеліне қазақ ғалымдарының пікірі әзірше ала-құла.
Шыңғысханды моңғол дегізіп жүрген – Керулен мен Онон өзенінің Моңғолияда бол­уы. Ал, шынын айтқанда, Моңғолияда Керу­­­лен деген өзен жоқ, ол өзеннің аты – Хэрлэн (Хэрлін). (“Моңғолдың құпия шежі­ре­сі”.Өлгий, 1979. 40-бет). Оны зорлап Керулен жасап жүрген –тарихшылар. Моң­­­ғо­­лиядан келген қазақтардың айтуына қарағанда, Ононды моңғолдар Онын дейтін көрінеді. Керуленнің де, Ононның да моң­ғолша мағына­сы жоқ, өйткені олар түрік сөзі: Кер+өлең, яғни “Кері+өзен” және Өнән, яғни “үлкен” деген мағына береді.

Ал енді Шыңғысханның моңғол емес еке­ніне қалай көз жеткізуге болады? Рәшит-әт-дін былай дейді: “Бұрқан-Қалдұн тауы­ның бет­кейінен ағатын өзендерді тү­гендеп сана­маласақ, былай болады: оңтүстік жағынан, ортасынан (с южной стороны, в центре) – Кэлурэн, шығысынан (с востока) – Онон, солтүстік-шығысынан (с большого северо-востока) – Кирэкту, солтүстіктен (с большого севера) – Киркачу, жоғарғы солтүстіктен (с большого севера) – Чику, жоғарғы солтүстік-батыстан (с большого северо-запада) – Калаку, оңтүстік-батыс ортасынан (с среднего юго-запада) – Кара, оңтүстік-батыс ортасынан (со среднего юго-запада) – Бурачиту, оңтүстік-батыс биігінен (с большого юго-запада) – Дулэ” (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы”, 1-том, 2-кітәп. Москва-Ленинград, 1952, 234-бет).

Ғалымдардың айтуынша, Бұрқан тауы – кәзіргі Моңғолиядағы Хэнтэй тауы. Енді кар­та­ға қарайық. Керулен (Хэрлэн) де, Онон (Онын) да Хэнтэйден басталып, оңтүстіктен сол­түстікке, яғни теріскейге қарай ағып жа­тыр. Және екеуі де бір бағытқа – солтүс­тік-шы­ғысқа қарай ағады. Рәшит-әт-діннің жаз­уы­на мүлдем қарама-қайшы. Ал Іле (Ыла), Рәшит айтқандай, Бұрқанның шы­ғы­сынан ақса, ал Қаратал Бұрқанға жалғасып жат­қан Бурақожыр тауының оңтүстігінен, Бу­рақожыр мен Баркөрнеудің ортасынан бас­та­лады. Бұл не деген сөз? Бұл – Хэрлэн Керу­лен емес, Онын Онон емес, Хэнтэй Бұрқан емес деген сөз. Мұны басқаша тұжырымдау мүмкін емес. Демек, Керулен мен Ононды, Шыңғысханды кәзіргі Моң­ғо­лия­дан іздеу – ғылыми қателік. Бұл – тарих­шы­лардың тарихқа жасаған қияна­ты.

Жоғарыда санамаланған өзге өзен­дер­дің ішінде Хэнтэйден күнгейге қарай тек То­лы өзе­ні ағады. Табиғаттың заңы бойынша, сол­түс­тіктен басталған өзен ешқашан сол­түс­тік­ке қарай аға алмайды. Ал жоға­ры­дағы жазу бойынша, өзеннің бәрі, Керулен мен Ононнан басқасы, солтүстіктен жә­не Бұрқан тауының оңтүстік жағынан бас­талуға тиіс. Бұған мән бермеген тарихшылар: “Кирэкту мен Киркачу анықтал­ма­ды. Сірә, бұл екеуі Селенганың төмен жа­ғына құятын салалары болар (бәлкім, Ме­­ньзидің саласы). Селенганың Үл­кен Сібірге қарай ағатын Чику деген оң жақ саласы деп танылады, кәзіргі күнде Меньзи (Миндж-гол) деп аталатын бұл сала Хэнтэй тауынан Керулен өзенінің қасынан бастау алады. Калаку (мәтінде Клку) аталатын өзен анықталған жоқ; сірә, ол Орхон өзенінің ең соңғы саласы Иро өзені болу керек. Иро да Хэнтэй тауынан басталады. Тізім бойынша аталатын келесі Кара өзені Орхонның сол жақ саласы Хара немесе Харагөл өзенімен орайласады. Соңғысы Хэнтэй тауынан басталады және оның өргі жағы Ұлан-Баторға тым жа­қын жатыр. Бурачиту өзені әзірше еш өзенмен орайластырылған жоқ. Тізімдегі соңғы өзен Дулэ (дүлэ) – Толы өзені, Орхон­ның үшінші үлкен саласы, Хэнтэйден бастау ала­ды”,  – деп түсіндіреді (сонда, 234-бет­те­гі сілтеме).

Көріп отырғанымыздай, тізімдегі төрт өзен (Кирэкту, Киркачу, Калаку, Бурачиту) кәзіргі өзеннің ешбіріне телінбеген, дұрысы – телінетіндей өзен ол маңнан табылмаған жә­не телінгендерінің бәрі жеке өзен емес, Орхон мен Селенганың салалары ғана. Рәшит-әт-діннің тізіміндегі анықтамаға бә­рі қарама-қайшы. Ал оған мән бермеген та­рихшы, сөз жоқ, тарихты бұрмалайды. Егер Өненді, Ті­леу­берді айтқандай, Жетісу­да­ғы Іле деп, Шоқан жазған Бұрқан тауы мен Түрген то­ғайын Шыңғысханның ата­ме­кені деп танысақ, онда Бұрқан тауының “жоғарғы солтүстік-шығысынан“ аққан Кирэкту өзенін Қорғас деп, “жоғарғы сол­түс­тіктен” ағатын Киркачу өзенін Үсек (Түрген) деп, өйткені “Қыр+ қашу” деген сөз бен Түргеннің “жылдам, тез” деген мағынасында жақындық бар; “жоғарғы солтүстіктен” аға­тын Чикуды не Шежін, не Тышқан деп, “жоғарғы солтүстік-батыстан” ағатын Калаку өзенін Қайшы деп, “оңтүстік-батыс ортасынан” ағатын Кара өзенін Қойбын деп, “оң­түстік-батыс ортасынан” ағатын Бу­ра+читу өзенін Бура+қожыр өзені деп, ал “жоғарғы оңтүстік-батысынан” ағатын Ду­лэні Теректі деп шамаласақ, бәрінің орны Рәшит-әт-дін­нің жазуымен дәлме-дәл келеді. Және мұ­ның бәрі сала емес, жеке-жеке өзен. Бұ­ған мән бермеу, меніңше, тарихқа мән бер­меу.

Сонда шын Керулен мен шын Өнән қай­да? Оған көз жеткізу үшін, біраз салыстыру жа­сауға тура келеді.

“Моңғолдың құпия шежіресі” былай дей­ді: “Чингис-хаган Жамухадан ығысып, Онон өзенінің Зээрэн деген шатқалына ты­ғы­лады” (Өлгий, 1979. 55-бет).

Тілеуберді Әбенайұлы қытайшадан тіке­лей аударған “Шыңғысханның қузауыры” былай дейді: “Шыңғыс-қаған Жәмікеден ығы­­сып шегінген беті Өненнің Зеренді Қап­ша­ғай шатқалына бекініс құрды” (“Құпия ше­­жіренің құпиясы”. Алматы, 2010, 495-бет).

Мұндағы мәселе “Қапшағай” деген сөз­ді тастап кетуде ғана.

Тағы “Құпия шежіре” былай дейді: “Мұ­ны ет құлағымен естіген Хасар Тэмүжинді біл­дір­мей ну орманға қарай қашырып жі­береді. Тай­чиудтер оны біліп қойып қуады. Бі­рақ асқар шыңның нуына сүңгіп кеткен­діктен, адасып қалады да, орманды ту сыртынан қор­шайды” (сонда, 36-бет).

Ал енді Тілеубердінің аудармасын оқып кө­­релік: “Тәйжігіттер көріп қалып, Түрген тауы­на дейін қуды. Темежан нуға сүңгіп кет­кендіктен, Тәйжігіттер кейіндей берген. Олар ақыры сырттай қоршауға алуға мәж­бүр болды” (сонда, 482-бет).

“Түрген тауы” деген сөзді “Құпия ше­жі­ре” аудармай тастап кеткен. Өйткені ондай жер Моңғолияда жоқ. Ал енді осы “Моң­ғол­дың құпия шежіресі” арап қәрпімен Қытайда да шыққан. Онда былай: “Тайшығұттар оның артынан қуа жөнелді. Темушин Тергуне шо­қысының қалың орманына кіріп кетті де, ғайып болды. Тайшығұттар оның соңынан кі­ре алмай, тауды қоршап алды” (Ұлттар бас­пасы. Пекин, 2005, 23-бет).

Түрген мен Тергуне атауы бір-бірімен мән­дес. Екеуі де “тез”, “жылдам” деген ма­ғы­на береді (Махмұт Қашқари. “Түрік сөз­дігі”. Алматы, 1997. 1-том, 407-бет. “Терк-тез”). Алайда, бұл арада “Түрген” деп жа­­зылуға тиіс екенін дәлелдеу үшін, Лубсан Данзанның “Алтын шежіресіне” жү­гінейік. Онда әуел-гіде: “а он въехал в Чашу Тэгунэ-Ундур, тайжигуты же (туда) войти не смогли и охраняли выхода из леса”, – деп “Түр­ген” дегенді “Тэгунэ” деп, түрлендіріп жаз­ғанмен (“Алтан тобчи”, Москва, 1973, 76-бет), тағы бір жерде дәл жазады: “После того (Дабан-хаган) кочевал на Керулене. Дабан-хаган выступил в военный поход на монголджинов и, быстро двигаясь, заночевал у брода на реке Тургэн“ (сонда, 281-бет).

Бұл Түргеннің Жетісудағы Бұрқан таудың дәл батыс іргесінен ағып жатқанын, кәзір Үсек деп жүрген өзеннің ертеде Түрген атал­ғанын 1856 жылы Қашғар күнделігінде Шо­қанның жазғанын, ол арада Түрген то­ғайы мен кентінің болғанын “Шыңғысхан – Іле өңі­рінің ұланы” атты мақаламызда жаз­ғамыз (“ҚӘ”. 27.04.12).

Жоқ Түрген мен жоқ Бұрқанды сан ғасыр бойы Моңғолиядан іздегенімізді мен тек тарихшылардың кінәсі деп білем.

“Моңғолдың құпия шежіресі” былай дей­ді: “Чингис-хаган мен Тоорил-хан екеуі әс­керін алып Вангин-чансамен күш қоспақ боп Улзны өрлеп барса, Улзның Хусуту-ши­түэн, Нарату-шитүэн деген жерінде Мэн­гүл­жін-сүулт бастаған татарлар қоршау бе­кі­ніс салып алыпты” (Өлгий, 1979, 57-бет).

Пекинде басылған “Құпия шежіреде” былай: “Олар Ұлжа өзенінің Хусуту-шитүген, Нарату-шитүген деген жеріндегі Менгүлжін сегулту татарларына барып еді, олар сонда қоралап қорған жасап алыпты“ (2005, 59-бет). Кейде қоңырат дегенді тарихшылардың “кунгират”, “унгират”, «онгират» деп жаза беретініне қарап, “Ұлжа” дегені “Құлжа” шығар деп еріксіз ойлайсың.

“Алтан тобчиде” бұл атаулар “Улдз өзені”, Нарату-шитугэн деп жазылған (Москва, 1973. 107-бет). Ал Рәшит мұны анық­таңқырап жазған: “Он тотчас собрал войска, которые бы­ли поблизости, и выступил против татар из местности по реке Онон… В мес­тности, называемой Улджа, он остановил Муджин-Султу, разбил его войско, его (самого) схватил и убил” (“Жылнамалар жинағы”, 1-том, 2- кітәп. 93-бет).

Мән беріп оқыңызшы, Онон өзенін бойлап (по реке Онон) Улджа деген жерге ке­ле­ді.

Енді Тілеубердінің қытайшадан тікелей аударған “Шыңғысханның қузауырына” жү­гі­нейік: “Шыңғыс-қаған мен Тұғырыл-хан екеуі Құлжа өзенін құлдай аттанған… Татарлар Құсты-Шаты жанындағы Нараты-Шаты жерінде қорық (бекініс) құрған екен” (Алматы, 2010. 496-бет).

Енді картаға қарайық. Құлжа өзенін құл­дай жүрсең, Нараты жотасы Іле өзені­нің бас жағында тұр. Ілені бойлай жүрсең де, Құл­жаны құлдай жүрсең де, Нараты-Ша­тыға келетіні тарихта дәлме-дәл жазылған жә­не солай екені картадан көрініп тұр. Құл­жа – Құлжа, Нарату–Нараты болып тұрса, онда неге Онон Іле болмайды? Оның үстіне “нар” да, “ат” немесе “ату” да тек тү­рік сөзі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал егер Шыңғысхан Моңғолиядағы Онон өзенін бойлай жүрсе де, құлдай жүрсе де, татарларға тап болуы еш мүмкін емес, өйт­кені құлдай жүрсе, Амур өзеніне барады, бойлай жүрсе, Хэнтэй тауының үстіне шы­ғады. Қай жағына барса да, не татар, не На­раты жоқ. Демек, тарих­тағы Онон Моң­ғолиядағы Онон емес.

Барлық тарих Шыңғысханның Хөдөө-Арал, Хөде-Арал, Көде-Арал деп түрлендіріп жа­затын жердің маңайында туғанын жазады. “Қыр” дегенді моңғолдар “Хөдөө” дейді. “Қыр” мен “төбе” – қазақта мағыналас сөз­дер. Оның үстіне Шыңғысханнан жүз жыл бұ­­рын өмір сүрген М.Қашқаридың “Түрік сөз­дігінде” төбені “көту” деп көрсетіпті (Ал­маты, 3-том, 298-бет). Тіпті түпнұсқада Көту – Арал болуы да мүмкін. Сонда Жетісу­да­ғы Бұрқан сол Бұрқан болса, Түрген сол Түрген болса, сол Бұрқаннан 50-60 ша­қырым, Орбұлақтан он шақты шақырым шы­ғыста жатқан Арал төбе неге сол Қыр тө­бе болмайды? Тарихта айтылатын Екі Бө­лек тау – Үлкен Қотырқай мен Кіші Қо­тыр­қай да сол Арал төбеден бес шақырым­дай шығыста Шұбар деген жерде тұрған жоқ па?

Шұбар демекші, “Құпия шежіре” оны “Жу­бур”(Өлгий, 1979, 44-бет), Қытайда ау­да­рыл­ғаны “Жубура” десе (Пекин, 2005, 37-бет), Тілеуберді түпнұсқа саналатын қы­тайшадан “Шұбар” деп аударады (Алматы, 2010, 488-бет).

Моңғолдық “Құпия шежіре” былай дей­ді: “Енді Тэмужин Бэлгүтэй екеуі Бөрте-ужин­ді көру үшін, Хэрлэн өзеніне қарай ат­танады” (Өлгий, 1979, 40-бет).

Ал Қытайлық “Құпия шежіре” былай дей­ді: “Екеуі сол жүргеннен жүріп отырып, Ке­ролұн өзенін құлдап Шекжер, Шиғұрғу де­ген екі таудың ортасына барған құңғырат р­ул­ары мен Дей-сечен ауылдарының сонда қон­ғанын көрді” (Пекин, 2005, 29, 30-бет).

Сәкен Сейфуллин кезінде былай деген екен: “Орхон, Керөлең, Онон өзендерінен Қа­ра теңізге шейін, Қырымға шейінгі кең жайыл­ған екі арадағы бытыраған түрік ру­лары Шыңғыстың қол астында болған” (Ал­маты, 2007, 7-том, 14-бет).

Тарихшылар Керулен, қазақ Керөлең де­ген өзенді Моңғолиядағылар бұрмалап Хэр-
л­эн деген. Себебі, оларда Керөлең деген өзен жоқ, Хэрлэн бар. Шекжер дегеніміз Хо­резм­мен, яғни Сарт+ауылмен шекара еке­нін бар­лық тарихшы жазған. Ол – даусыз. Шиғұрғу дегені, сірә, Шыршық болуы мүм­кін. Мәселе онда да емес. Мәселе – сол кезде де қоңырат­тардың Хорезммен шекаралас, іргелес Отырар маңында отырған­ды­ғында. Сонда деймін-ау, сонау Хэнтэй тауының теріскейінде жат­қан моңғол екі арада керей, меркіт, найман, татар, қара­қытай тайпалары жатқанына қара­мастан, қоңыратпен қалай құда бола берген? Мүм­кін бе? Не ол моңғол мына моң­ғол емес, не қоңыраттың ханы Дей-сечен Хорезм­мен ір­гелес жерде тұрған емес деген ойға ерік­сіз келесіз. Бірақ сол қоңыраттар әлі сол жер­де отыр емес пе? Тарих өтірік айта ма, біз бе?

Көріп отырсыз, Шыңғысханға қатысты жер-судың бәрі Жетісу өңірінен – Бұрқан тау­дың айналасындағы Қаратал-Үсек-Іле өзендерінің арасынан табылады. Тізбелей берсек, ондай сәйкестіктен аяқ алып жүре алмайсыз. Ал тарихта: “Бұрхан-Халдун. Мес­то нахождения не установлено. Возмож­но, современный горный узел Хэнтэй”, – деп дүдәмал жазылған (Рәшит-әт-дін. «Жыл­нама-лар жинағы». Москва-Ленинград, 1952. 1-том. 2-кәтәп. 10-беттегі сілтеме).

Енді Шыңғысханның түп-тұқыйанына тоқталайық.

Адам аттары сәл-пәл құбылып, бәлкім, бұр­маланып жазылғаны болмаса, оның ата-бабалары туралы деректе ала-құлалық жоқ.

Түп атасы – Буртэ-чинэ (Борте-Чино), түп әжесі – Коай-Марал (Куа Марал), одан – Ба­тачи-Каан, одан – Тамач (Тамаша), одан – Добун-Баян, әйелі – Алан-Гоа. Алан-Гоа Бэлгунут(ай), Бугунут(ай) деген екі ұл туған соң, Добун-Баян жастай қайтыс болады. Міне, осы ұлдардан және олардың бірге туған бауырларынан таралған ұрпақтың бәрі «дарлекиндер» деп аталған (Рәшит-әт-дін. «Жылнамалар жинағы». 1-том, 2-кітәп, М-Л. 1952. 9, 10-бет).

Дарлекиндер туралы тарих былай дейді: “В ту пору из тех монголов, название которых джалаир – а они суть из дарлекинов – и обс­тоятельные изложенные ветви и разрядов (аснаф) племен, которых было дано, несколько племен обитало в пределах Кэлурэна, они сос­тавляли семьдесят куреней… Эта река Кэлурэн близка к области Хитай” (сонда, 18-бет).

Сонда Шыңғысханның түп атасы дарлекин, яғни жалайыр болса, ал олар Керулен­нің маңын жайласа, ол өзен Қытай ай­ма­ғына жақын болса, Керуленіміз Терісаққан, яғни кәзіргі Көксу – Қаратал өзені болма­ғанда, не болады?

Бірақ жалайырларды Моңғолиядағы Хэрлэн, Онон бойынан ауып келген деп айтып жүрген тарихшылардың да бар еке­нін айтпай кетуге болмайды. Алайда, тарих ертеде де, кәзір де түрік деп аталатын ха­лықтың Дешті Қыпшақ даласы мен Қытай қорғанына дейінгі аралықты жайлап жатқан ел екенін айта ке­ліп: “(Все народности) по настоящее время сидят и сидели (на всех этих местах) по (искони) обусловленному (дре­вним обычаем) постановлению”, – деп жазады (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жи­на­ғы”, Москва-Ленинград, 1952. 1-том, 1-кітәп. 74-бет).

Бұған қарағанда, Шыңғысхан заманында Керөлең мен Өнән және Түрген өңірінде отырған жалайырлар әлі сол орнында отыру­ға тиіс. Және олар отырған жер Мо­ғолстан, яғни Жетісу болған. Бірақ тарихшылар оны былай бұрмалапты: “Обитали в местностях с многочисленными летовками и зимовками, известных под именем Могулистана (т.е. страны монголов – А.С.) и принадлежащих народу кераит как-то: (по рекам и озерам) Онон, Кэлурэн, Талан-Балджиус, Буркан-Калдун, Кукана-Наур, Букр-Наур, Каркаб, Куйин, Эргунэ-кун, Калаир, Селенга, Баргуджин-Токум, Килал-джин-Элэт и Уткук, кои смежны с Китайской стеной” (сонда, 73-74-бет).

Кітәпті саралаушы әрі түсінік беруші А.А.Семенова Моғолстанды “моңғол елі” деп түсіндіріпті. Алайда, Моғолстан – Же­те де­геннің Жетісу екенін бұл күнде біл­мей­тін тарихшы жоқ деп ойлаушы ем. Өйт­кені Ду­лати­дың шығармасы, Ақсақ Темірдің жо­рықтарын жазған “Зафарнамалар” оны әлде­қашан дәлелдеген. Және оның үстіне, Қытай қорғанымен іргелес жатқан ел екені ап-ай­қын айтылып тұрған жоқ па? Ал сонау Шығыс Моңғолияда жат­қан Керулен, Онон­ қа­лайша Қытай қорғанымен ірге­лес бола алады? Екі елдің арасында ол кез­де ойрат тайпасы, таңғыт елі, шүршіттер, ти­беттіктер жатқан жоқ па еді? Ондай-он­дайды есепке алмай, тарихшылар белден ба­са беретін болса, тарих тарих болудан қал­май ма?

Ал енді жеке сөз бен атауларды, тер­мин­дер­ді тарихшылар неге бұлай бұрма-лай бер­ген? Өйткені олар, біріншіден, Шың­­ғыс­ханды моңғол деп білген. Екін-шіден, моң­ғол­дарды да түрік деп түсінген. Үшіншіден, түрік сөздерін кәзіргі моңғол тіліне бейім­деп, бұрмалап, Шыңғысханды моңғол жа­сауға тырысқан. Төртіншіден, “моңғол” мен “моғол” сөздерінің о баста бір мағыналы сөз­ден тара­ғанын түсінбеген. Бесіншіден, Шың­ғысханды түрікке жа­қындатқанның бә­рін кеңес тарихшылары «пантүрікші» деген атпен қаралап отырған (1952 жылы шық­қан Рәшит-әт-діннің кітәбіне жазған И. Пет­рушевскийдің алғы­сөзін қараңыз: 11-бет). Тағы-тағылар.

Моңғолияда тұратын қазақ тарихшысы Ислам Қабышұлының “Құпия шежіре” туралы айтқан мына сөзіне қараңызшы: “Оның көп­теген сөзі – көне түрік сөзі. Неге қа­зіргі қа­зақ сөзі қалпында сақталуы таң­дандырмай қоймайды. Жазылғалы 740-тай жыл болған бұл әдебиетте қазақ сөзі қалай сақталып кел­ді? – дей келіп, – Ескі моңғол тіліндегі нұс­қада қазақ сөздері, оның мақал-мәтел-дері де мол кездеседі”, – дейді (“Керейлер керуені”, Өлгий, 1978, 14, 15-бет).

Байқадыңыз ба, “ескі моңғол тіліндегі нұс­­қада” дейді. Демек, қазіргі нұсқада қа­зақ сөзі азайған. Дұрысы: азайтқан. Әйт­­песе сөз өздігінен азайып, өздігінен кө­бей­мейді ғой. Мұны бұрмалау демегенде, не дей­міз? Бұл бұрмалаудың арғы тү­біне үңіл­сек, бұл шығар­ма әуелде моңғол жазуынша жа­зылған деген пікір де иландырмайды. Онда қазақ сөзінің шектен тыс көп болатын себебі: әуелгі нұсқа түрік тілінде, Тілеуберді дәлелдегендей, арап қәрпімен жазылған.

Енді шежіремізге қайта оралайық. Добун-Баян өлген соң да Алан-Гоа күйеусіз үш ұл туа­ды: Букун-Катаки, Салджи, Боданчар деген. Бөрте-шинаның бұған дейінгі ұрпағы жалпы жалайыр аталып келсе, бұл үш ұлдан тараған ұрпақ нирун жалайыр, яғни нұр­дан жаралған жалайырлар аталады. “Нирун” де­генді аудармашы орыстың “чресла” деген сөзімен түсіндіреді. В.Даль оны “поясница, крестець или наружность тела над тазом” депті. Бел, сегізкөз секілді. Бәл-кім, “бел жа­лайыр” немесе «жұлын жа­лайыр» дегені ме, кім біледі?

Боданчардан – Бұқа, одан – Дутум-Мэнэн, одан –Қайду, одан – Байсұңқар, одан – Тум­бинэ-хан, одан – Қабыл-хан, одан – Бартан-ба­хадүр, одан – Есугэй-ба­ха­­дүр, одан Чингиз-хан туады. Бұлар және олардың ұрпағы – бәрі нұрдан туған жалайырлар (дарлекиндер). Сонда тек Шыңғысхан ғана қалайша жалайыр болмайды?

Түрік тілін түсінбейтіндер Шыңғысхан сө­зінің төркінін, меніңше, дұрыс талдап жүр­ген жоқ. Бәрі “шың” дегенді “күшті”, “мық­ты” деп түсіндіреді де, “гис” деген со­­ның көпше түрі дей салады. Ал түрік ті­лін­де “гис”, “гиз”, “ғыс” деген көптік жал­ғауы бол­ған емес. Оның үстіне бір кісінің атына көп­­тік жалғау қосудың қан­дай қажеттігі бар? Ол сөздің мағынасы әрі биік шың, әрі терең құз дегенді білдіретін “Шыңқұз хан” болу­ға тиіс. Кезінде: “Шыңғыс деген ат “шың құз” деген сөз болады», – деп Сәкен Сей­фуллин жазған екен (2007, 7-том, 14-бет). “Шыңғысхан” шы­ғармасында Мұхтар Мағауин де солай депті.

Тарихқа Шыңғысханды берген халықтың қай өңірді мекендегенін анықтай түсу үшін, тарих деректеріне тағы ден қойып көре­лік.

Рәшит-әт-дін: “Население Китая обитало бок-о-бок с этим (тюркско-монгольским) наро­дом, с его областями и (вообще) с местами его кочевок” (“Жылнамалар жинағы”. 1-том, 2-кітәп, Москва-Ленинград, 1952. 7-бет).

Кәзіргі Моңғолияның орналасуы осыған сай келе ме? Қытай екеуінің арасында ой­раттар, шүршіттер, таңғұттар, тағы басқалар болған. Ал Жетісу түріктері Қытаймен ол кез­­де де, кәзір де шекаралас. Шаған, яғни ақ татарлар Қамбағай-қағанды Қытайға ұс­тап бермек болғанда, дуклат, яғни дулат тай­па-сының адамдары оның ұлына кө­мек­тесіп, аман алып қалады. Сол үшін татарлар дулат тайпасын қырғынға ұшыратады (сон­да, 24-бет).

Мен, мысалы, дулат тайпасы кәзіргі Моң­ғолия маңайын мекендеді дегенді оқы­ған емес­пін. Ал олардан шыққан Камар-ад-дін деген адамның Моғолстанды, яғни Же­тісуды билегенін білемін.

Рәшит-әт-дін: “В последствии Кадан-ба­хадур и Кубула-каан ушли особняком на свои юрты в землю (племени) куралас” (сон­да, 36-бет).

Құралас руы дулаттың да, қоңыраттың да, жалайырдың да құрамында болғанын ше­жіре айтады. Бірақ бұл тайпалардың бір­де-бірінің “өз жұрты” кәзіргі Моңғолия емес.

“Фуджин на китайском языке – жена (хатун), а так как они (племена Есугэй-ба­ха­ду­ра) жили поблизости пределов того госу­дарство (т.с. Хитая), то употребляли их вы­ражения” (сонда, 51-бет).

Шыңғысхан кенже інісі Тэмугэ-өтчигинге бес мың әскер беріп, елдің солтүстік-шы­ғы­сына орналастырады. Тарих ол туралы: “Его область и юрт находились на северо-вос­токе в отдаленной части Монголии (Му­гулистан), так что по ту сторону их не было больше ни од­ного Монгольского племени” (сонда, 56-бет).

Бұл тарихшы өз қатесін өзі шығарып тұр. Моңғолияны Моғолстан деп түсінді­ріп­ті. Демек, мұндағы әңгіме кәзіргі Моң­ғо­лия туралы емес, сол кездегі Моғолстан, яғни Же­ті­су туралы. Өйткені кәзіргі Моң­ғо­лияның сол­түстік-шығысында кенже іні­­сіне басқар­татын қандай моңғол жері болуы мүмкін? Оның ар жағында моңғол тай­пасы орналасатындай жер жоқ, мұхит қа­на бар. Мұның бәрі Моғолстанды Моң­ғолия деп қате аударудан туған келеңсіздік еке­ні көрініп тұр.

“Граница найманов соединились с границами юрта Чингиз-хана” (сонда, 66-бет).

Моңғолияның орналасуы солай ма? Моң­ғолдар мен наймандардың екі ортасында ол кезде керейттер, кей жерінде меркіттер болды ғой. Ал Жетісуда солай: жалайырлар мен наймандар бір-бірімен ежел­ден іргелес.

“У Джамукэ-Сэчэна, который принадле­жал в ветви нирун и был предводителем и эми­ром племени джаджират, был родственник, … он отправился на грабеж и в местность, называемую Улагай-булак, в пределах Саари-Кэхэр, бывшую юртом Чин­гиз-хана. В тех окрестностях находилось жилище (ханэ) Джо-чи-Тармалэ из племени джалаир, предки которого вследствие того, что шайка джалаиров убила Му­нулун, (жену) Дутун-Мэнэна, и его сыновей стали пленниками… и рабами … предков Чингиз-хана” (сонда, 85-бет).

Мұндағы әңгіменің бәрі жалайыр тайпа­сына және солар мекендеген жерге қа­тысты. Улагай-булагыңыз Сарықыр, яғни Са­рөзек аймағындағы Айнабұлақ болады. Ол араны мекен етушілердің көбі кәзірде де жалайырлар. Мұндай сәйкестікті ешкім әдейі жасай алмайды. Тек оны мойындау керек.

“Он (Он-хан – Б.Н.) пришел в местность, называемую Гусэку-наур, поблизости от юрта Чингизхана – место, где они (некогда) жили вместе с Есугэй-бахадуром, (откуда) он послал вверх по (реке) Кэлурэн к Чингис­хану двух своих нукеров” (сонда, 110-бет).

Картаға қарап, осы жағдайды көз ал­ды­ңызға елестетіп көріңізші. Мүлдем түсі­не алмайсыз. Моңғолиядағы Керуленнің төмен жағынан Он-хан қалай келеді? Оның елі о жақта емес, Керейлер мен Керуленнің екі ортасында Хэнтэй тауы жатыр. Және Гусэ­ку-наур деп отырғаны Жетісудағы Бұрқан тауы­ның дәл түбінен ағып жатқан Үсек өзені емегенде, қай өзен?!

“В пределах местности, которую называют Саари-кэхэр “Чингиз-хан” и Он-хан вст­ре­тились друг с другом” (сонда, 116-бет).

Моңғолияда Сарықыр немесе Сарөзек ат­ты жер бар ма екен? Бұл – таза түрік сөзі. Демек, түрік жерінде, Жетісуда.

“Он (Сангун – Б.Н.) … через … пределов Монголии (вилайат- и Мугулистан) и ушел в область Бурк-Туббэт” (сонда, 134-бет).

Тарихшы-аудармашының Моғолстанды Моң­ғолия деуіне тағы куә болдық. Тибетке Же­тісу арқылы өткені беп-белгілі болып тұр. Бір сөзді теріс түсіндіру арқылы қан­ша­ма тарихты тас-талқан қылып отыр.

“После того Менгу-каан устроил курилтай в местности …, которая находится в се­ре­дине Могулистана” (Рәшит-әт-дін. “Жыл­на­малар жинағы“, ІІ-том. М-Л, 1960, 145-бет).

Мұндағы көп нүкте тұрған жердегі сөзді ау­дармашы Ю.П.Верховский мен сілтеме­лерді түсіндіруші Б.И.Панкратова “Хорхонах Джубур” деп табады. Біз бұл “Джубурдың” Шұбар екенін айтқамыз. Сонда ол Шұбар­дың Моғолстан–Жетісудың дәл ортасында екені дәл айтылып тұрған жоқ па?

Шет жерде ұзақ соғысып, елді сағынған Шың­ғысхан әскерлерінің мына сөзіне қа­раңызшы: “Теперь мы, освободив сердце от (заботы) о них, согласно требованию, ко­торое было определено приказом Чингисхана, бог даст, сможем прибыть в Могулистан” (Рә­шит-әт-дін. “Жылнамалар жи­на­ғы“, М-Л. 1952. 1-том, 1-кітәп, 226-бет).

Олардың туған жері кәзіргі Моңғолия емес, Жетісу, яғни Моғолстан екені осы сөз­дан анық көрініп тұр.

Шыңғысхан 1224 жылы Ресей жерінен ора­лады. Оны тарих былай жазады: “Когда он дошел до пределов своих орд, к нему выш­ли навстречу Кубилай-каан, которому было один­надцать лет, и Хулагу-хан которому было девять лет. Случайно в это время Ку­билай-каан подбил зайца, и Хулагу-хан дикую козу в местности Айман-хой, на границе страны найманов, близ Имил-Кучина, по ту сторону реки Хилэ (?), поблизости от области уйгуров” (сонда, 229-бет).

Еміл өзені Шыңғысхан ордасының шеті са­налса, орданың өзі сол маңайда, яғни Же­тісуда екенін болжау соншалық қиын ба? Жә­­не Емілге жақын жерде деп анық айтып тұр ғой. Хилэ дегені, сірә, Іле болар?

“В Монголии есть большая гора, которую называют Бурхан-Халдун (мен осы ау­дармаға күмәндімін. “В Могулистане” болуы мүмкін) с одного склона этой горы стекает множество рек. По тем рекам – бесчисленные количес­тво деревьев и много леса. В тех лесах живут племена тайджиутов. Чингис-хан (сам) выбрал там место для своего погребения” (сон­да, 233-бет).

Тайджиут тайпасының жалайырларға жа­татынын жоғарыда айтқамыз. Жалайырлар­дың ежелден Жетісуда тұратыны тағы белгілі. Ендеше Бурхан-Халдун Моң­ғолияда емес, Моғолстан–Жетісуда. Шың­ғыс­хан сонда жерленген.

Керейлердің мекен-жайы жайында тарих былай дейді: “Они (представляют) собою род монголов, их обиталище есть (по рекам Онону и Кэрулэну, земля монголов. Те округа близки к границам хитайской страны” (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы”. 1-том, 1-кітәп, М-Л., 1952. 127-бет).

Енді картаға қарап көріңіз. Моңғолия­да­ғы Хэрлэн мен Ононның қай жағында ке­рейлер тұруы мүмкін? Ондай жерді таба ал­майсыз. Ал олар Шыңғысхан кезінде де, кә­зір де Жетісуда жалайыр тайпасымен іргелес өмір сүріп келеді.

Тіпті былай ойлауға да болады: Керулен мен Ононның бойында жалайырлар, ма­ңайында керейлер, оның қасында меркіттер, сол төңіректе татарлар, қоңыраттар, дулаттар тұрса, сонда кәзіргі моңғолдардың өзі қай­да тұрған?

Алакөлдің шығысында Тоқта деген тау, жай­лау бар. Ол, сірә, меркіттердің ханы Тоқ­таның атымен аталған болу керек. Өйт­кені тарихтарда айтылатын жер мөлшері соған сәйкес келеді.

Кербұлақ ауданында, Сарөзектің шы­ғы­сында Шаған деген тау бар. Оны қазақтар бұ­рын Жеке тау депті. “Тұлыған Бөлтақ” де­генді Тілеуберді Тұл Бөлек тау, яғни Жеке тау деп түсіндіреді. “Шаған” дегеннің қа­зақша “шаңқан” деген баламасы бар, “ақ” дегенді білдіреді. Шыңғысхан бір татар баланы бесінші балам болады деп, Бөртенің бауырына салып, атын Шаған қояды. Ол үл­кейгенде бүкіл шаруашылыққа қарап, азық-түлік дайындап, мал-жанға ие болады. Соның ауылы орнаған жер кейін, сірә, Ша­ған аталып кеткен болу керек.

Алтынемел мен Баркөрнеудің екі ортасында Керей сайы, Жалаңаштың шығы­сын­да Үш Меркі (Үлкен Меркі, Орта және Шет Меркі) сайы бар. Соның бәрі Шыңғысхан та­рихымен байланысты.

Шыңғысханнан бір ғасыр бұрын жасаған Махмұт Қашқари Іле өзенін Ыла дейді. Ылай дегені болу керек. Шыңғысханға қатысты ың­ғайсыз жәйттің бәрін «Құпия шежіре» де, «Қузауыр» да, Рәшит-әт-дін де жасырып-жауып жазады. Мәселен, Қазыбек бек Тауа­сарұлы: «Темірдің (Шыңғыстың) әкесі Есу­кей ерте өліп, оның шешесі Өлең қо­ңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді. Өлең­нің Мең­ле­кеден туған он ұлы Темірді бө­лектеп, шы­дат­паған. Сонан соң ол олардан безіп, қайта жалайыр ішіне қашып кет­ті», – дейді ( «Түп-тұқыйаннан өзіме ше­йін», 1993, 95-бет). Шежіреші ақын Қа­зан­ғап Байболұлы да осы-ны айтады. Алайда, Рә­шит-әт-дін Өлеңнің тағы күйеуге тигенін ай­тады да, бірақ оның ол күйеуінен де ба­лалы болғанын айтпайды. Ал «Құпия ше­жіре» ол жағына бармаған. Соған қарағанда, Шың­ғысхан Ыла(й) дария­ның бойында туып-өсті дегенді де айтқысы келмей, Үлкен (Өнән) дария деп, өзеннің өз атын емес, сый­патын айтқан болу керек деп ойлаймын. Ілені Ононмен шатастыруымыздың басты се­бебі содан болса керек.

«Шыңғысхан наймандарды шауып, Таян-хан­ды өлтірген соң, барыс жылы ұлы жиын өт­кізіп, ұлы той жасап, Онон өзенінің бойына тоғыз түпті (девяти-конечный) ақ туын тік­ті, сонда оған Шыңғысхан атын берді» (Рә­шит-әт-дін. «Жылнамалар жинағы», М-Л., 1952, 1-том, 1-кітәп. 138-бет).

Енді Махмұт Қашқаридың мына сөзіне қа­раңыз: «Ханның қол астында елі мен жері, қа­лалары қаншама көбейіп кетсе де, мәр­тебесі қаншама өссе де, ту тоғыздан асы­рылмайды»(«Түрік сөздігі», Алматы, 1998. 3-том, 182-бет).

Бұл – түрік елінің заңы. Ал түрік елінің за­ңы­на бағынып отырған Шыңғысхан қа­лайша түрік болмайды?

Тағы Рәшит былай дейді: «Все их юрты прос­тираются от пределов страны уйгуров до границ Хитая и Джурдже, в тех областях, ко­торые ныне называют Могулистан» (сонда, 153-бет).

Мұны мойындамау, меніңше, шектен шық­қандық. «Бұл тайпаның бәрінде нақпа-нақ және анық сақталған рулық баян (ше­жіре) бар, өйткені моңғолдардың ғұрпы со­лай, олар өз бабаларының туыстығын сақ­тайды және дүниеге келген әрбір балаға со­ны үйретеді. Моңғолдардан басқа, тек араб­тарды қоспа-ғанда, ешбір тайпада мұн­дай әдет жоқ, арабтар да өз тектерін жа­дында сақтайды», – депті Рәшит (сон­да, 13-бет).

Ал бұл әдеттің тек қазаққа тән екенін кім жоққа шығарады? Ол моңғолдың кәзіргі Моң­ғолияда тұрып жатқан моңғол еместігі осы­дан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Шың­ғыс­хан­ның: «Тәңірім өзі жар болсын!» – деп сөй­леуі де, («Моңғолдың құпия шежіресі», Пе­кин, 138-бет) «мен қазақпын» деп тұр емес пе? Біз әзір де солай сөйлейміз ғой.

Осы мысалдардың өзінен де тарих пен та­рихшылардың айтуында үлкен алшақтық жатқанын аңғару қиын емес. Қашан шетелдің ғалымдары шайнап берер екен деп күтіп отырмай, түпнұсқа орнына жүретін шы­ғар­маларды өз ғалымдарымыз оқып, тал­дауы қажет деп ойлаймын. Сонда тарихымыз бұр­малауға ұшырамайды. Және бұған әлде­-
бі­реулер құсап, “Шыңғысханды қа­зақ қыл­ғанда не ұтамыз?” деп тоғышар­лық­пен қа­рауға болмайды. Өз тарихын түген­дей алмаған ха­лық­ты мықты халық деп айту­ға өзге түгіл, өз аузымыз бармайды. Ие­сіз қал­ған тарихты иеленушілер табылады.

“Моңғол” сөзінің түп-төркіні анықтал­мауы да тарихтың бұрмалануына дем беріп ке­леді. “Моңғол” деген “мәңгі ел” сөзінің өз­герісінен туындаған деген пікірді Хасен Қо­­жахметов ініміз айтты. Үндестік заңы бойын­ша “мәңгел” деп айтылатын сөзді өз­ге ел “моңғол”, “маңғол” деуі мүмкін. “Мәң­гі ел” деген – мәнді, беделді сөз. “Маң­­ғұл” деген, “маңу” және “құл” “кісі” деген сөз­дердің қосын­дысы, яғни “көш­пен­ділер” деп қарау­шылар да, “мың қол” деген сөзден шыққан деу­шілер де бар. Алайда, бұлар “моң­­ғол” сө­зі­не қатысты айтылғанмен, “мо­­ғол” сөзіне тү­сінік бере алмайды. Ал “моң­­ғол” дегеннің о баста “моғол” атал­ға­нын тарих анық айтады.

Түрік тайпаларының басын қосып бір мем­лекет құрғаннан кейін Шыңғыс-хан ол мем­лекеттің атын жеке бір тайпаның атымен атамауы – заңды. Өйтсе, бақта­лас­тық­тан ешқашан ел ішінде тыныштық болмас еді. Сондықтан бәріне ортақ ат қоюы – орынды. Ол ат – моғол.

“Шыңғыс-ханның атасы Иесуге-баһадур мо­ғол қауымында патша болды”, – дейді Қа­дырғали би Қосымұлы Жалайыр “Шежіре жи­нағында” (Талдықорған, 2008, 42-бет).

Құбылай-ханның Қытайда жүргізген бас­шылық саясатын айту барысында Рә­шит-әт-дін: “А Мо-цянь – это та же деревня и(ли) ху­тор”, – дейді, ал оны түсіндірушілер: “Мо-цянь, дословно “сотня земли” и “тысяча земли” дейді (“Жылнамалар жинағы”, 2-том, М-Л., 1960, 177-бет).

Бұған қарағанда, егер “мо” деген ол кез­де «мыңдаған», «жүздеген» сияқты «көп», «мол» деген мағына берген тәрізді. “Мо-қол” деген онда “мол қол” деген мағына бер­мей ме?

Түрік сөзін бір түсінсе сол түсінеді-ау дей­­тін Қадырғали Жалайырдың сөздеріне мән беріп көрейік: “Бұл қауым да белгілі, тә­жіктер оларды «моғол» деп атайтын. Бұ жа­мағаттардың да қауымдары өте көп еді… Жыл­дар өткен сайын көп болып өсіп-өнді. Олар­дың ұрпағы тіптен көп болды. Есім­де­рі­нің моғол атауы солай кетті, тағы бір бас­қа қауым­дар олармен еді. Алла-тағала жар болып, төрт жүз жылдай уа­қыт өткен соң, олар­дың ұрпақтары көбе­йіп, іргелі ел болды… Оларды, яғни осы­нау қалың түрікті «мо­ғол» деп атады (“Ар­мысың, әз баба” кітәбі. Қа­дырғали би Қосымұлы Жалайыр. “Ше­жірелер жинағы”. Аударғандар: Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов. Талдықорған, 2008. 13-бет).

Бұған қарағанда, “мо” сөзі “мол” дегенді біл­діреді. Бұл сөз – Шыңғысхан мемлекет құрғанға дейін де бар сөз. Өзара жалайыр ішіндегі айтыс-тартыста Шыңғысханның ті­келей бабалары өзгеден молмыз, көппіз, ауызбірліктіміз деген ниетпен өздерін мо­ғол атаған тәрізді. Сол ат кейін Шыңғысхан құр­ған мемлекетке де атау болған. Шың­ғыс­ханның өз атамекенінде “моғол”, “Мо­ғол-стан” деп дұрыс айтылғанымен, сырт жер­де «моңғол», «маңғұл», «мұңғұл» болып бұр­маланып кеткен болу керек.

 

 

Бексұлтан Нұржекеұлы

http://qasym.kz

 

Рубрика: