Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Еліміздің көшбасшы партиясы «Нұр Отанның» саяси доктринасын жасау бағытындағы бірлескен жұмыс ақырғы кезеңіне шықты. «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің төрағалығымен осы доктрина жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы өзінің қорытындылаушы үшінші отырысын өткізді. Осы жиында топ мүшелері саяси доктринаның «жұмыс жобасын» талқылап, қабылдады. Бұл жоба алда енді ішкіпартиялық кең талқылауға шығарылады. Одан кейін билеуші партияның съезінде қабылдауға ұсынылады деп күтілуде.
–Біз партия үшін өте маңызды, стратегиялық құжат – жаңа саяси доктрина жобасын әзірлеу бойынша ауқымды әрі күрделі жұмыс жүргіздік,–деді жұмыс тобы мүшелеріне қайы­рылған «Нұр Отан» Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек.
– Осы уақытта әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңіз орасан зор. Ол үшін баршаңызға алғыс айтамын.
Бауыржан Байбек Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, өзі де, өңірлік іссапар­лары кезінде түрлі еңбек ұжымдарындағы, бастауыш партия ұйымдарындағы кездесулер барысында азаматтармен осы доктринаның басты бағыттарын талқылап, олардың ой-пікірлерін тыңдапты. «Жалпы, сол кездегі құжат жобасының өзі партияластарымыздың қолдауына ие болған еді. Ал содан бері доктрина тағы біршама өңделді. Енді партияластарымыз­дың кеңейтілген талқылауына шығарылады» деді ол.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары құжат жобасына «шынымен де сапасы өте жоғары, жан-жақты ойластырылған әрі өте мазмұнды құжат болып шыққалы тұр» деген баға берді. «Ерекше атап өтетін жағдай,–деді ол,–Қазақстан халқы ассамблеясының жуырда өткен сессиясында Елба­сымыз, партия Төрағасы Н.Назарбаев: «Халқымыздың басты принципі – қоғамдық келісім болуы тиіс, ата-бабамыздың дәс­түрлерін сақтай отырып, біз бірлік, толеранттылық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсете білуіміз қажет» деп айтқан еді. Бұл жерде Елбасының осы сөзінің доктринамен үндестігі мен үйлесімділігі байқалады. Себебі, доктринада да қоғамдық келісім, дәстүрлер, бірлік деген ұғымдар басты басымдықтар мен құндылықтар қатарына жатқызылған».
Отырыс кезінде Бауыржан Байбек доктринаның ақырғы нұс­қасы туралы айтып берді: біріншіден, жұмыс тобы құжаттың құрылымын айтарлықтай қайта өңдеп шыққан. Атап айтқанда, «Жаңа бағыттың мақсаттары» тарауына «Әлемге ашық Қазақстан» бөлімі қосылды. Ал мемлекет пен демократияны нығайту тарауы «Азамат және мемлекет» тарауымен біріктірілді.
– Екіншіден, доктрина жобасына «Бірлік» және «Адам» атты жаңа құндылықтар еніп отыр,–деді Б.Байбек. – Доктринада Тәуелсіздік «еліміздің басты жетістігі» ретінде жарияланады. Философ және әлеуметтанушы ғалымдардың ұсынымдарын басшылыққа ала отырып, «Отбасы» және «Дәстүр», «Еңбек» және «Болашаққа ұмтылыс» құндылықтары біріктірілді. Үшіншіден, құжаттың 4-тарауы түбегейлі түрде қайта қарал­ды. Баяндау тәсілінің өзі өзгертілді. Біз сайлауалды Тұғыр­намасына тән стилистикадан бас тарттық та, бұл тарауды декларативті формада жаздық.
Бір қызығы, бұл құжатта еліміздегі жетекші партияның басым­дықтары, дәрежесіне қарай реттеліпті. Мұны партия Төраға­сының бірінші орынбасары «айтарлықтай өзгеріс» ретінде атап өтті: «Бірінші орынға әрдайым экономиканы, одан кейін әлеуметтік саясатты қоятын, тек содан кейін барып, мәдениет пен руханиятты орналастыратын белгілі бір дәстүр қалыптасқаны мәлім, – деді Бауыржан Байбек. – Бірақ доктрина басты философиялық-саяси құжат саналады, әрі оның жобасында басты құндылық ретінде «Адам» жарияланатындықтан, біз партияның үстем басымдығы ретінде «Бірлік пен келісімді», «Төл мәдениет пен руханиятты» белгіледік». Тек үшінші болып, «Қуатты эконо­мика» басымдығы орналасыпты.
– Біз Қазақстанның ХХІ ғасырдағы орнықты дамуының кепілі – бірінші кезекте, біздің қоғамда белгілі бір мәдени-адамгершіліктік құндылықтарды қалыптастыру болады деп санаймыз!–деп нықтады ол. – Сондай-ақ құжаттың 4-тарауына «Зияткерлік ұлт» басымдығы енгізіліп отыр. Сонау 2008 жылы-ақ Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Назарбаев «Зияткерлік ұлт – 2020» ұлттық жобасына баста­машы болды. Уақыттың өзі Елбасының бұл идеясының көреген бастама екендігін растады. Өйткені болашақтың негізін технологиялар мен білім құрайды.
Жұмыс тобының кешегі отырысы барысында да ақырғы нұсқа жетіле түскендігін айта кеткен жөн. Мәселен, Мәжіліс депутаты Светлана Романовская құжатты сәл толықтыруды, сөйтіп, тек «әртүрлі саяси партиялар мен саяси күштер» ғана емес, сондай-ақ «барлық қоғамдық-демократиялық күштер» ұсынған үздік бастамаларды да жүзеге асыруды ұсынды. Өйткені мысалға, үкіметтік емес ұйымдар «саяси күш» болып табылмайды. «Бұл шынында, біздің бүкіл бірлескен жұмысы­мызға қатысты екен. Өте дұрыс ескертпе, біз оны міндетті түрде ескереміз» деді «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары.
Көшбасшы партияның саяси доктринасы қоғамның әртүрлі топтарын біріктіруге әлеуетті. Ал ұлтты ұйыстыру, қоғамды жұмылдыру, әртүрлі саяси күштерді топтастыру қандай да бір ортақ құндылықтар негізінде жүзеге асырылуға тиісті. «Қазіргі кезде халықты бұйрықпен, күштеп, қуып біріктіру мүмкін емес. Ол бірігу, ынтымақтасу – бәрінің мүддесін қозғайтын, бәрі қолдайтын бірегей құндылық айналасында өрілуі керек. «Нұр Отан» доктринасының түп-төркінінде Қа­зақстанның барлық азаматтары жақтайтын құндылықтары жатыр. Сол себепті ол әртүрлі саяси күштерді, әртүрлі әлеуметтік топтарды Қазақстанның және оның әрбір азаматының гүлденуін қамтамасыз ету секілді мемлекет ал­дында тұрған үлкен міндеттер айналасында біріктіретін тұжы­рымдамалық құжат болады»,– дейді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Ол доктрина жобасында «Қазақстан Тәуелсіздігін сақтау және нығайтудың» ең басты құндылық ретінде нақты айқындалғандығын айрықша атап өтті: «Құжатта партияның басымдықты міндеті – тәу етер Тәуелсіздігімізді нығайту деп, қолмен қойылғандай жазылған. Мәселе осылайша дұрыс қойылып отыр. Өйткені бәрі егемендіктің арқасы, ол болмаса, экономикалық өрлеу де, әлеуметтік мәселелерді шешу де, басқалары да болмайды. Біз егемендікті өзінен-өзі болған құ­былыстай қабылдамай, оны шын мәнінде, қорғап, аялап сақтап, нығайтуға, келер ұрпаққа тапсыруға тиіспіз. «Нұр Отан» доктринасының күшті жағы да осында деген сенімдемін».
Мәулен Сағатханұлы саяси доктринаның,қабылданған соң, шынайы іске қосылуына депутаттардың да үлес қосатындығын айтты: «Съезде қабылданса, одан кейін доктринаға сәйкес, депутаттық корпус үшін де іс-шаралар жоспарын нақты белгілеу қажет болатын шығар. Біз, «нұротандық» депутаттар осы құжатты халыққа түсіндіруге белсенді атсалыса аламыз. Парламент депутаттарының сайлаушыларымен келесі кездесуіне біз осы жаңа құжатпен аттанамыз деген үміттемін. Біз сонда ауыл-аймақта партиямыздың саяси доктринасындағы негізгі құндылықтарды, басты идеяларды, ортақ мақсаттарды түсін­діреміз» деді ол.
«Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты бұл доктрина жобасы жетекші партияның ХХІ ғасырдағы миссиясын анықтайды: онда дамудың эволюциялық жолын қамтамасыз ету, өркендеген, бәсекеге қабілетті, әрі бұқарашыл мемлекетті қалыптастыру міндеті белгіленген. Ол сондай-ақ әрбір қазақстандықтың табысқа жетуін діттемек.
– Кез келген саяси күштің, әсіресе, саяси партияның бағдарла­масы болуы керек,–дейді Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссияның төрағасы, Мәжіліс депутаты Қуа­ныш Сұлтанов. – Қабылданғалы отырған саяси доктрина Елбасының 2050 жылға дейінгі стратегиясыменен тығыз байланысты. Кез келген ұлы іс ұлтты жұмылдыру арқылы, әрбір адамның саналы құлшынысы көмегімен жүзеге асады. Ал Қазақстан Көшбасшысы жариялаған жаңа саяси бағыт – үлкен халықтық іс. Біздің «Нұр Отан» болса, халықтық партия. Сондықтан оның Доктринасының жобасында партия­ның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықты ұлы мақсаттарға ұйымдастыру жайы ойластырылған». Оның айтуынша, доктринада мемлекетіміздегі ең негізгі шешілетін мәселелер, сақталуға тиісті құндылықтар, алда игерілетін жаңа межелер қамтылған.
– Бұл доктринада Қазақстанның дамуына центристік көзқа­распен қарау байыпталған,–дейді Қазақстан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайырбек Сүлейменов. – Бұл ретте экономикалық либерализм мен әлеуметтік консерватизм симбиозы көрініс тапқан. Яғни экономикалық реформалар белсенді жалғасын табады, сонымен бірге елімізде әлеуметтік сала басымдық болып қалады, азаматтардың құқықтары кепілдендіріледі. Бұлар жайында Елбасы өз Жолдауларында айтқан.
Жиынды қорытқан Бауыржан Байбек барлық ұсыныстар мен ескертпелердің ескерілгендігін айтты. Енді доктрина жобасы «Нұр Отанның» Саяси кеңесі мүшелеріне жіберіледі, сондай-ақ партиялық ұйымдардың қарауына беріледі.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz

Рубрика: