Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 4 сәуір. Baq.kz — Зифа-Алуа Әуезова дәріс оқыған кезде пікіріңізге құлақ қояды, сыпайы да ұстамды. Әрбір қимыл-қозғалысынан кербездік сезіледі. Тақырыпты жан-тәнімен түсіндіргенде Мұхтар Әуезовтің ұрпағы екеніне көзіңіз жете түседі. Сырт кескін-келбеті де ұлы атасына қатты ұқсайды. Шашының бұйралығы, маңдайының кеңдігі, әсіресе, суреттегі біз көрген Мұхтар Әуезовті көз алдымызға тірілтіп әкелгендей болды…

 

 

– Зифа-Алуа Мұратқызы, сіздің шетелде тұрып келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– Нидерландыда (басқаша Голландия деп те атайды) 1998 жылдан күні бүгінге дейін, яғни 15 жылдай тұрып келемін. Ал, егер Ресейді де шетел деп есептесек, 1982 жылдан бастап сыртта екенмін. Сол 1982 жылы Ресейге оқуға түстім. Одан кейін 1991-92 жылдары Ұлыбританияда білім алдым. Арасында Қазақстанға келіп-кетіп те жүрдім. 2004-2007 жылдары Қазақстанға өте жиі келуге тура келді. Тіпті осы жылдары өз елімде тұрдым десем де болады. Себебі, «Білім – Орталық Азия» білім беру орталығында жұмыс істедім. Сөйтіп, керісінше демалыс күн­дері, мейрамда Голландияға барып-қайтып жүрдім.
– Өзіңіздің шетелдегі ғылыми жұмыстарыңыз туралы айта кетсеңіз. Сіздіңше Қазақстан ғылымы қалай дамуда?
– Еуропа мен посткеңестік уни­верси­теттердегі білім беру жүйесін салыс­тыр­сақ, біздің университеттерде де тура сол ака­демиялық жұмыстар жүргізіледі. Оқыту­шылар сол зерттеушілер, зерт­теу­шілер сол оқытушылар. Зерттеу жұмы­сынсыз жәй ғана оқытушылықпен айналысу мүмкін емес. Қазақстандағы, жалпы посткеңестік мемлекеттердегі оқытушы-профессорлардың өз жұмыстарынан тыс әрекеттерінің тым көп екенін байқадым. Содан, оларда ғылыммен барынша тереңірек айналысуға уақыт қалмайды екен. Сабақ беріп, дәріс оқумен шектеліп қалады. Ал Еуропада ғылыми-зерттеу еңбектерін жазбау мүмкін емес. Бай­қауымша, бізде де сондай жағдай жолға қойылып келеді.
Ал өзім қазір Нидерландыда арнайы жобаны басқарамын. «Орталық Азияның интеллектуалды мұрасы» курсы бойынша дәріс оқимын.
– Сіз Еуропада да, Қазақстанда да студенттерге дәріс оқып жүрсіз. Еуро­палық студенттер мен біздің студент­тердің ғылымға деген ынтасында айыр­машылық бар ма?
– Екі жақтың да магистранттары мен докторанттары арасында өте көп ұқсас­тық бар. Мүмкін бір толқын болғандықтан да шығар. Мақсаттары мен мұраттары да бірдей. Еуропа жастарының бір ерекшелігі олар оқуды бітіре салысымен, отбасылы болсын-болмасын ата-анасынан бөлек шығып кетеді. Бұл бір өзіндік еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылу секілді. Ара-тұра ата-анасының үйіне қонаққа барып немесе бір жәшік киімін көтеріп келіп, жуып алып кетіп тұрады (күліп). Экономикалық тұрғыдан қысылмас үшін біздің қазақ студенттері секілді (магистранттар, докторанттар) оқуға да, жұмыс істеуге де үлгеруге тырысады. Негізі, қай жерде тұр­саңыз да, таза ғылыммен айналысу мүм­кін емес. Себебі, сан алуан тұрмыстық-экономикалық жағдайлар соған амалсыз итермелейді. Ал ғылымға жан-тәнімен беріліп, содан ғана опа табуға бас ұрған зерттеуші-ғалымдар саусақпен санарлық. Оған қарапайым мысал ретінде төрт жылдық оқуды тәмамдаған студенттердің бәрі бірдей магистратураға, одан әрі докторантураға оқуға ұмтыла бермейтінін алуға болады. Бұл тұрғыдан Батыс пен Шығыста алып бара жатқан айырма­шы­лық жоқ-ау.
– Біздің қазақта жеті атаға дейін қан араластыруға болмайтынды жақ­сы білесіз. Нидерландыда қалай? 
– Нидерландыда қан тазалығын сақ­тау міндет емес. Егер қан тазалығын бір этнос, ұлт ретінде қарастырсақ, нидер­лан­дылық жігіт жергілікті қызға үйленуді негізгі мақсат тұтпайды. Расында, Нидерландыда этникалық басымдыққа нидер­лан­дықтар ие. Сон­дықтан көбінесе олар бір-біріне үйленіп жатады. Мәселен, Ни­дер­ландыдағы негізгі этникалық топтың пайызы бізден жоғарылау. Ал жеті атаға дейін қан тазалығын сақтау тек қазаққа ғана тән қасиет. Нидерландыда некелік түсінік біздікінен басқашалау. Тіпті, бір жыныстық некеге де рұқсат беріле береді. Кейбір партиялар мигранттардың, оның ішінде батыстық емес мигранттардың келуіне, некеге тұруына қарсы. Оның үсті­не марокколық мигранттар бұзақылардың санын жиірек көбейтеді.
– Біздің қазақта «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тарт­пай қоймас негізге» немесе «текті жердің қызын ал» деп жатады. Еуро­па­лықтардың тектілікке деген көз­қарасы қалай?
– Тектілікті сақтау, текке қарау кезінде болған. Оны қазіргі еуропалықтар бұдан 50 жыл бұрынғы батыстық мәдениетке телиді. Тіпті, ертеректе этностық тазалық­тың талаптары едәуір қатал еді. Кез келген таланттың қанмен берілетіні, мысалы, ғалымнан туған бала ғылымға ұмтылатыны немесе суретшінің баласынан суретке сүйіспеншіліктің байқалатыны табиғи үрдіс. Нидерландыда көбінесе ұсталық талант атадан балаға берілетінді айтады. «Не было чтобы обо руки левые» демекші, отбасылық іс ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратыны рас. Алайда, соңғы 3-4 онжыл­дық­тарда бұл мәселе өзінің өзектілігін жойды. Индивидтік түсінік алдыңғы қа­тарға шықты. Баланың жеке көзқарасы мен қалауы бірінші кезекке қойылды. Тіпті, баланың ата-ана қалауына қар­сы­лық танытуы модаға айналды. Қарсылық білдіру арқылы бала өзінің мінезін, қай­сар­лығын танытады деген түсінік қалып­тасты. Сондықтан көпшілік «таңдау ер­кіндігі» деген жаңашыл философияны ұстанады. Ал тектілік жайлы әңгіме қозғағандарды кездестірмеппін. Бізде әлі күнге дейін тектілікті құрметтейді. Текті жерден қыз айттыруға тырысады.
Мысалы, Нидерландыда мектепке баратын балаға төртінші сыныпқа дейін үй тапсырмасын бермейді. Баланың оқуға деген ынтасын, қызығушылығын жоғалтып алудан қорқады. Балаға өзіне қызығын, ыңғайлысын таңдаттыруға жол ашады. Бұл да бір ерекше тәсіл. Бір отбасында өскеніне қарамастан балалар­дың қызығушылығы әр түрлі болуы мүмкін…
– Еуропалықтарда бәрін алдын ала жоспарлап қойып, уайым-қай­ғысыз жүру әдеті қалай қалып­тас­қан?
– Сырттан солай көрінетін шығар. Жұ­мысқа орналасу барысында: «Сіз өзіңізді бір немесе үш жылдан соң көз алдыңызға қалай елестетесіз?», – деген сұрақ қояды. Мұндай сұрақты қазақс­тандық жұмыс берушілер де қоятын шығар. Бұл, сірә, қоғамдағы тұрақтылыққа (экономикалық дағдарысқа қарамастан) байланысты шығар. Бізде бүгінгі әрекетті тындырайық, «таңғы тамақ тәңірден» деген түсінік сонау кеңестік заманда қалып­тасты ғой. Басымыздан не өтпеді (қайта құру, т.б) ? Сол соққылар халықтың бола­шақты бағдарлауын тежеді. Бірақ ешнәр­сеге қарамастан халық ертеңінің жақсы болатынынға имандай сенді. Ал Батыста индивидуализмге, таңдау еркіндігіне жете көңіл бөлінеді. Егер бізге қалауыңыз, еркіңіз білсін деген ұсыныс айтылсыншы, біз: «Ой, білмеймін. Маған осының өзі де жарайтын секілді», – деп абдырап қала­мыз. Себебі, біз бала кезімізден ата-әженің, әке-шешенің, аға-әпкенің айт­қа­нынан шықпай, үнемі солардың ақы­лына құлақ асып өстік және соған әб­ден үй­реніп қалғанбыз. Қыз тұрмыс құрып, жігіт үйлі-баранды болса дадемалыс күндері туған-туыстарының үйіне қонаққа баруы керек немесе ата-анасына кө­мектесуі қажет. Сенің мой­ныңа белгілі бір міндеттер жүктеледі. Соған «жоқ» деп қарсылық таныта алмайсың. Бізде әлеуметтік бірлік, жақындық бар және одан шықпаған абзал. Бір жағынан, мұн­дай қарым-қатынас өзіндік жылу, қор­ға­ныш, сенімділік ұялатады. Әр түрлі жағ­дай­лар туындай қалған кезде өзіңіздің жалғыз емес екендігіңізге шүкіршілік жасай­сыз. Ал Еуропада мұндай міндетті мемлекет, яғни мемлекеттік-әлеуметтік ұйымдар, институттар атқарады. Ал туыс­қандық қатынас біздегідей берік әрі сенімді емес.
Тіпті, үйсіз жүрген «бомж»-дардың өзіне арналған жуынатын жерлер бар. Олардың жағдайын мемлекет жасап қойған. Мемлекет мұндай жандарға қам­қор­шы. Олар әрдайым үсті-басы таза, тісі жуылған қалпында жүруге міндетті. Мысалы, адамға тән бір үйреніс – әркім өзінің шамасына қарамай тамақты көбі­рек жинақтап қояды. Голландиядағы мем­лекеттік-әлеуметтік ұйымдар әр­дайым кешкілік уақытта кафе, рестораннан қалған тонна-тонна тамақты (нан, пицца, сақтау мерзімі бітуге таяған ет­терді) арнайы азық банкаларына салып, мұқтаждарға таратады. Онымен көбінесе еріктілер айналысады. Жалпы, еріктілер Нидерландыда өте көп. Қазір ешкім елемесе де, ақыретке барғанда есептелер деп олардың көбісі еріктілік жұмыста­рымен айналысады. Яғни кір-қожалақ немеса аш адамды көрмейсіз…
– Батысқа еліктеп, «аттыға ілесе­мін деп, жаяудың таңы айырылыпты»-ның кебін кимейміз бе? 
– Бұл ұғым Бүкіләлемдік Сауда Ұйы­мына қатысты дебаттардан туған мәселе болуы мүмкін. Әлбетте, бұл тұрғыдан сақ болған жөн. Мәселен, Еуропаның эконо­микалық басқару жүйесіне көшу бізге кесірін тигізуі әбден мүмкін. Еуропаға ілесу үшін Шығыс экономикалық жағынан ешкімге тәуелсіз болуға тиіс. Шикізаттың баршылығы өз алдына, оны өңдеуші мың­даған кәсіпорындардың болғаны дұрыс. Тек мұнайдан түсетін қаржыға ғана ауыз ашып отыра бермей, басқа да қаржы көз­дерін табуға тиіспіз. Яғни эконо­ми­калық тұрғыдан әлі талай жұмысты атқару керек.
Тіпті, білім де экономикаға негізде­леді. Ал, экономика мамандардың қолы­мен жасалады. Сондықтан экономистерге сапалы әрі сауатты білім берген жөн. Бізге Еуропадағы білім жүйесінің озық үлгілерін таңдап, қалыптастыру керек. Дегенмен, ол жолға түсе бастадық.
Мәдениетте де солай. Мәдени феномендер ұғымы мәдени тұтастыққа қатыс­ты пайда болады. Мәселен, орта мектеп оқушыларына Еуропадағыдай сексуалдық қатынастарға қатысты сабақтар жүргі­зіледі дегенде, үлкен дау туды. Сондықтан Батыс мәдениетіне еліктеудің өз жөні бар. Қажеттісін, өзімізге ыңғайлысын алғанымыз дұрыс.
– Батысты қанша жерден жа­ман­дасақ та олар ілгері дамудың оңтайлы жолын тауып алады. Ал біз өз дала институтымызды жоғалтып алудың алдында тұрмыз…
– Нидерландыда «Орталық Азияның интеллектуалды тарихы» атты курсты жүргіземін деп жоғарыда айттым. Сіз­дерге де осы тақырып аясында екі рет дәріс оқыдым. Мысалы, жеке өзім де, менің қатарластарым да, тіпті қазіргі студенттер де классикалық неміс философиясын, жалпы Батыстың интеллектуалды мұрасын жан-жақты талқылап, пікір айтып, кейде олардың айтқанына түзе­тулер енгізетінін байқаймыз. Ал өзіміздің интеллектуалды байлығымызға келгенде пікір таластырмақ былай тұрсын, кімнің кім екенін білмейтіндер де жеткілікті. Білгеннің өзінде фрагментарлық түсінік қана бар. Әрі неге бұлай болғанын оңай түсіндіре саламыз. Кеңестік жүйе кезінде жалпы Кеңес тарихы өтілді. Батыстық философия негізінде марксизм-ленинизм қалыптасты, олар социалистік мемле­кеттің теориялық түсіндірмесі болды. Өзіңнің интеллектуалды мұраңды білу міндет емес, бірақ білген абзал. Әрбір британдық Шекспирді оқиды деп айта алмаймыз. Нидерландықтар да солай. Олар өз классикасын көп еске түсіре бермейді. Бірақ оларда сол байлықтарын мейілінше молынан қолдануға мүм­кін­діктері бар. Ал біз болсақ, тек 1991 жылдан кейін рухани байлығымызды жинақ­тауды қолға ала бастадық. Тарихта, далада ұмытылған қаншама есімдерді қайта жандандыруға, табуға тура келді. Ал кеңестік дәуірде олардың есімін атауға тиым салынған, тірідей көмілген еді. Біздің далалық философиямызға қатысты әлі де зерттеулер, толымды еңбектер керек. Бәрін жиып, зерттеп, зерделеп барып, дала философиясының курстарын білім жүйесіне енгізсе, жақсы болар еді. Тіпті, оны қазір жүйеге енгізіп те жатыр-ау…
– Еуропа университеттерінде «Ор­талық Азияның интеллектуалды мұрасы» дәрісін оқуға не түрткі болды?
– Идея тарихын қалпына келтіру. Орталық Азияның интеллектуалды мұрасы жайлы әңгіме қозғағанда үн­дітанушылардың да, арабтану­шылардың да, ирантанушылардың да, синологтардың да, қытайтанушылардың да, түркі­тану­шылардың да ортақ күш-жігері керек. Ұлы Жібек жолы өткен алып шөлді даланың үстінде сан алуан интеллектуалды мүм­кіндіктер қиысып жатты. Оған зороастризм, көне түркі жазбалары, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, араб философиясы, теология (әл-Бұхар туралы), Ислам, осы территориядағы буддизм, христиан діні де кіріп кетеді. Олар көне ескерткіштерден (Авеста) бастап Кеңестік дәуірге дейінгі уақытты қамтиды. Бұл жеке менің тарапымнан түскен ұсыныс, бұл курсты өзім жасадым. Өзбекстандағы, Тәжікстандағы әріптестеріммен де ақыл­дастым, олар да өз тарапынан алып-қосарларын айтты. Бұл курс арқылы еуропалықтарға Орталық Азияны ме­кендейтін ұлттардың ортақ тарихын, ұқсастығын көрсете аламыз. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін бауырлас мемле­кеттердің арасындағы қарым-қатынас өзгеріп, ортақ бір белгілер жоғала бастады. Кезінде олардың бастарын Мәскеу немесе баршаға ортақ орыс тілі қосып тұратын. Тәжікстанда, Өзбекстанда пайда болған жаңа жазушыларды бірден біле қоятынбыз. Қазір ондай жоқ. Тәуел­сіздікпен бірге, бізге оқшаулану келді. Ал ортақ мәдени және интеллектуалды тарих бізді қайтадан бір-бірімізге жақын­дата түседі.
– Нидерландыда Қазақстанды немен байланыстырады?
– Ә дегенде Лондондағы Олимпиада ойындарымен байланыстырады (күліп). Шыны керек, дәл осы 2012-ші жылғы Олимпиададан кейін Қазақстанды танитын голландықтардың саны едәуір артты. Себебі, голландықтар спортты ерекше сүйетін халық. Және медаль саны жа­ғынан Голландия Қазақстаннан бір саты төмен тұрды (күліп). Олар үшін бұл үлкен жаңалық болды. Бәрі «О, Қазақ­стан!», – деп жатты. Қазақстан олар үшін спортшылар еліне айналды. Алғаш рет Голландияда осыдан 5-6 жыл бұрын «қазақ» деген сөзді радиодан естігенім есімде. Жалпы, Қазақстан туралы өте сирек айтады. Тек анда-санда Президент келгенде немесе Байқоңырдан ракета ұшырылғанда (оның өзінде ресейлік ғалымдардың жетістігі тілге тиек етіледі) айтып қалатын. Ал Олимпиадада тұңғыш алтын қолға тигенде: «О, қазақ Винокуров бірінші болып мәреге жетті!», – деп айта бергенде қуаныштан бөркімізді аспанға аттық.
– Голландияда тұратын қазақ­тар­дың жағдайы қандай? Қазақтардың ұйымы бар ма? 
– Қазақтар өте аз. Түркиядан, Ауға­нс­таннан келген мыңға жуық отбасы ғана бар. Оларды көргенде қазақ деп те ойламайсыз. Жерорта теңізінің кескіндері басымдау, аздап түріктенген немесе гректерге тартыңқырап кеткен. Оның үс­тіне түрік тілінің екпіні кәдімгідей байқа­лады. Немесе кәдімгі ауғандық па деп те қаласыз. Әдетте, олардан парсылық ек­пін білініп тұрады. Кезінде кеңестік жү­йенің ұжымдастыру саясаты тұсында, ашар­шылық заманында Қытайға, Қы­тайдан Ауғанстанға, әрі қарай Түркияға ауып кеткен қазақтар ғой бұлар. Сөйтіп, 1960-70 жылдары түріктердің Еуропаға бағытталған жаппай миграциясы кезінде, олар да қоныс аударған. Ең жақсысы, олардың Қазақстанға деген қызығу­шы­лығы өте зор. Қазақстанды үлкен мақ­таныш тұтады, жетістігіне, қуанышына ортақ. Көбі Қазақстанға қайтып келуді, туған жерде тұруды армандайды. Ал мәдениеті жағынан, меніңше, олар бә­рібір түріктерге немесе ауғандарға жа­қын. Бірақ Қазақстанға деген сезімдері ерекше, тіпті үлкен бір романтика байқалады. Қазақстанға келіп-қайтқандары тамсанып, таңданып: «Қымызы мықты», «Жері қандай тамаша!», «Бәрі қазақша сөйлейді», – деп жатады.
– Ал сіздің балаларыңыз ше? Олар Қазақстанды сағына ма? Қазақша сөйлей ме?
– Үлкен қызымды Алматыда босандым, одан кейінгі екеуі Голландияда дүниеге келді. Олар Қазақстанға жиі келіп тұрады. Балаларымызды жолдасым екеуі­міз бастапқыда тек қазақша сөй­ле­теміз деп шештік. Себебі, мұндай мүм­кін­дік кейін оларда болмайтынын біз жақсы түсіндік. Олар төрт жасқа де­йін, яғни бастауыш мектепке бармай тұрып қазақша сөйлеп өсті. Бұлай тәр­биелеуге жолда­сымның ролі айтар­лық­тай болды. Себебі, ол өзі арабтанушы әрі түркітанушы. Ол менің балалармен орысша сөйлесуіме үзілді-кесілді тиым салды. Лингвистерде баланың үш тілді бірдей меңгеруі кесірін тигізеді деген түсінік бар. Яғни анадан бір, мынадан бір үзіп-жұлып үйреніп, ақыр аяғында өз тілін жетік меңгере ал­майды. Сондықтан балалармен үй­де қазақша сөйлесуге тырыстық. Ал 5-6 жасқа дейін екі тілді үйрену өте ың­ғайлы әрі жеңіл. Мектепте голланд тілінде сабақ өтеді. Әлбетте, олар гол­лан­дық ор­тада өсіп жатыр, бірақ соған қара­мастан біздің үй – қазақтың үйі екенін бәрі жақсы біледі. Үлкен қызым қазақша тамаша өлеңдер айтады, фольклорды жатқа біледі. Кейде қазақ туралы, қазақ мәдениеті жайында семинар, лекция өткізетін кезде балалар менімен ілесіп лекция тыңдауға барады. Қазақстан туралы білу олар үшін өте маңызды. Әрі Қазақстанға келгенде өздерін өте байсалды ұстайды. Себебі, олар өздерін ұлы жазушының ұрпағы екенін жақсы біледі және мақтан тұтады. Сыныптастарына арғы аталарының 50 томнан астам кітаптың, соның ішінде «Абай жолының» авторы екенін зор мақтанышпен айтып жүреді.
– Абай, Шәкәрімдер заманында халыққа «жарық» бола білді. Қазір сондай «жарық» болатын кімді айта аласыз? «Сәулесі» бар адамның портретін қалай жасар едіңіз? 
– Ең алдымен, ондай адам іштей адал, өзіндік ұстанымы бар және қандай заман тумасын, қандай саяси идеологияны ұстанбасын адал, таза болып қалуға тиіс. Бұл да бір үлкен проблема. Себебі, идеология жылдам өзгеріске ұшырайды. Сондықтан адамда тұрақтылық, өзгермес ұстаным болғаны дұрыс. «Сәулесі» бар адамның ішкі жан-дүниесінде жақсыны да, жаманды да сезіне алатын өзіне тән ерекшелік болады. Ол адам «прожектор» болғаннан кейін өзін таныта білуі тиіс. Ол өзін де, айналасын да дамытуға әсер етеді.
Ондай адамдар кім деген сұрағыңызға жауап беруге қиналып отырмын. Бірақ бала кезімнен білетіндердің бірі Олжас Сүлейменов. Оның азаматтық ұстанымы, интеллектуалдық шығармашылығы («Аз и Я») – азаматтық ерлігі болып табылады. Ойлы адамдарды сендіре алатын, өзіне ерте алатын азамат. Олжас Сүлейменов мен үшін кеңестік Қазақстанда көрінген үлкен тұлғалардың бірі.
Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов та жүрегінде жарығы бар, халқына «прожектор» бола білген азамат. Басымнан сипаған осы екі азамат мен үшін негізгі тұлғалар.
– Өз мәдениетімізді қаншалықты бағалай алып жүрміз?
– 1991 жылдан кейін көп нәрсе өзгерді. Әсіресе, қазақтың мәдени мұра­сына қатысты. Кеңестік мемлекеттердің ішінде Қазақстанның мәдени байлығы барынша бұрмаланған еді. Кеңестік Одақ құлағаннан кейін қазақтың өз мәдени байлығына жаппай оралу байқалды. Ол драматургиядан да, көркем фильмнен де көрініс тапты. Сондықтан біз қазіргі таңда өз мәдени байлығымызды бағалай алып жүрміз деп айта аламын. Әрі келешекте мәдени байлығымызға деген ынта-құлшынысымыз арта түсетініне сенім­дімін.
– Кейде осы қазақтың бойында «жабайылық» бар сияқты… 
– Қазақ «жабайы» халық дегенмен мүлдем келіспеймін. Кеңестік дәуірде бізде Еуропада болмаған жаппай сауаттандыру етек алды. Ал тұрмыстық жағдай­ға қатысты «жабайылық» басқа нәрсе. Еу­ропамен салыстырғанда, әлбетте, үл­кен айырмашылық байқалады. Техника­лық, тұрмыстық жағынан дамып кеткен қала мен әлі күнге дейін отын тасып, пеш жағып жүрген ауылдың арасында едәуір даму ерекшеліктері сезіледі. Тым құры­ғанда ауылға баратын жол жақсы болса ғой. Біздің Қазақстан территория­сы кө­лемі жағынан Голландиядан 64 есе үлкен. Сондықтан Голландияда бүкіл жерге жол төсеп тастауға болады. Ал бізде қала мен ауылдың арасы ат шаптырым жер болса, Голландияда таяқ тастам жер. Голландияда ауылды жерде тұрған әлде­қайда ың­ғайлы, тыныш әрі абыройлы. Кіп-кіш­кен­тай ауылды жердегі үйден инфра­құрылысы дамыған қала орталы­ғына дейін 20 минутта жете саласың. Оның үс­тіне ауыл үйлерінің кез келгенінде сымсыз ғалам­тордан бастап ком­муни­ка­цияның түр-түрі бар. Ал бізде болса, бәрі сол кеңестік ке­зеңнен қалған ұран­дар. Қазір Ресейде де солай…
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S. Еуропада тектілік бес тиын болса, біздегі тектіліктің белгісін Зифа-Алуа Әуезовадан-ақ байқауға болады. Зиялылық қанында бар. Нидерландыда 15 жыл тұрса да, қазақтығынан айырылмаған, қазақ, араб, ағылшын, нидерланд, орыс тілдерін еркін меңгерген қазақ ғалымдарының бары қазаққа, әрине, зор мақтаныш!
Әңгімелескен Зарина БҮЙЕНБАЙ

 

«Қазақ әдебиеті» газеті

Рубрика: