АЛТЫНОРДА
Новости

Батыс Қазақстаннан үшінші Рейхтың ақшасы табылды

АСТАНА. 9 қаңтар. BAQ.KZ — Жуырда Жәнібек ауданы орталығындағы редакция қызметкерлеріне жалпы білім беретін Т.Жароков атындағы орта мектептің мұғалімі Жасқайрат Қаргин жолыққан. Ол өткен ғасырда Германияның қаржы айналымында қолданыста болған «10-дық пфеннигті» сақтап жүр екен. Бұл темір ақша аудан орталығынан осыдан тура жиырма жыл бұрын табылған.

Сыртқы бедеріндегі жазу бізге беймәлім болған соң, ғаламтор дерегіне жүгіндік. Расымен де, мұндай ескі тиындар интернет-аукцион порталдарында түрлі бағамен көрсетілген екен. Соның қатарындағы «Лот монет» нумизматика және түрлі бұйымдар жинағы дүкенінде мынадай мәліметтер беріліпті.

10 пфенниг 1938 A Германия (лгм4-048)/ Номинал: 10 рейхспфенниг. Жыл: 1938. Сарай: А (А — Берлин, 1850 жылдан бастап). Металл: аллюминдік қола. Салмағы: 4,0 гр. Диаметрі: 21,0 мм.

Қаржылық айналымда 1948 жылға дейін болған.

Пфеннигте «10»-дық номинал мөлшері көрсетіліп, оның жоғарысындағы әріптер «REICHSPFENNIG» (рейхспфенниг) болып оқылады. Төменгі тұста қос бүйіріне емен жапырағы орналасқан «А» әрпі неміс ақшасының шыққан сарайының белгісін білдіреді.

 

 

Екінші беткі жағына Үшінші Рейхтың (фашистік Германия атауы) елтаңбасы бейнеленген. Мұнда оң иығына қарап тұрған бүркіт шеңгелінде емен жапырағы гүлтәжі ортасында свастика белгісі салынған. Төменінде «DEUTSCHES REICH» жазуының аудармасы «Германдық империя» дегенге саяды және «1938» цифры шыққан жылын көрсетіп тұр.

Жалпы, Жәнібек жері Сталинград майданының ең жақын тылы болғаны тарихымыздан белгілі. Мұнда арнайы дайындықтан өткен фашистік барлау қызметінің тыңшылары түсірілгені және олардың бірнеше мәрте тұтқындалғаны жөнінде нақты деректер бар. Және олар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сол кезеңдерде шетелдік диверсанттардың өлкемізге аяқ басқанына мына табылған германдық пфенниг те дәлел. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысынан жеңіс туын желбіретіп елге аман-есен келген майдангерлеріміздің де алып келуі де ғажап емес.

 

zhaikpress.kz