Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

040683998
Астана. 18 қыркүйек. Baq. kz- Батыс Қазақстан облысында өзіне-өзі қол салған жасөспірімдер қатары өсіп отыр. Бұл туралы бүгін облыстық балалар құқығын қорғау басқармасы ұйымдастырған «Балалар мен жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шаралары» атты дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі Елжан Ералы.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу шаралары — мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының стратегиялық міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта 2012-2014 жылдарға арналған өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары жасақталған, облыстық бірлескен жұмыс бағдарламалары жүзеге асырылуда. Дегенмен, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері әзірге көңіл көншітпейді. Алынып жатқан шараларға қарамастан, жыл өткен сайын жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицид жағдайы көбейе түсуде. Мысалы, биылғы сегіз айда 8 жасөспірім өз-өзіне қол көтеріп, өмірлерін қиса, 9 бала өзін-өзі өлтіруге ұмтылған. Былтыр аталған кезеңде өзін-өзі өлімге қиғандар мен өлуге әрекет жасағандар саны бесеуден екен. Өзіне-өзі қол көтерушілердің көбеюі — қоғам үшін өте күрделі мәселе.
Облыстық балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Әли Мәсәлімов 2006-2013 жылдары жасөспірімдер арасындағы аяқталған суицид пен суицидке ұмтылу мониторингісінің нәтижесін баяндады. Ол баяндамасында суицид жағдайына итермелейтін себептерге тоқталып, көп жағдайда оның алдын алуға болатынын айтты. Бұдан кейін сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғизатолла Лямов суицидтің алдын алу ісіндегі сенім телефонының маңызына тоқталып, психолог мамандарды арнайы курстарда көптеп оқыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, осы жиында сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықты алдын алу үшін білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің деңгейі мен сапасын жоғарылату шаралары жөнінде баяндаса, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
Жиын соңында жасөспірімдер мен жастар арасында суицидтік мінез-құлықтардың алдын алу саласындағы ведомствоаралық іс-әрекетті жетілдіру мақсатында қатысушылар тиісті ұсынымдар қабылдады.

http://baq.kz/kk/news/35901

Рубрика: