Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тарихта аты ерекше аталатын тұлғалардың тұлғасы Шыңғыс хан екені әмбеге аян. Оның жаугер төрт ұлының аттары да тарихта танымалдылығы жағынан әкелерінен кем түспейді. Соның ішінде Жошының орны бөлек. Ол туралы аз жазылған жоқ. Жошының өзгелерден (Төле, Шағатай, Үгедей) ерекшелігі – оның ізін жалғастырушы, Жошы негізін қалаған Алтын Орданы түпкілікті алпауыт мемлекет етіп құра білген Батудай ұлының болуында. Бату әкесі құрған «Жошы ұлысы» деген атауға ие болған қырық құрау рудан құралған көшпендi дала мемлекетін қаһарлы империяға айналдыра білді. Керегесін кеңейтті. Шаңырағын тіктеді. Ол басқарған империяның шығысы Ертіс өзенінен басталып, батысы Дунай дариясына дейінгі аралықты алып жатты. Бату әкесінен гөрі, атасы Шыңғыс хандай қаһарлы еді. Халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.

 

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1225 жы­лы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерін Шыңғыс ханның мұрагер немересі Жошының баласы Бату басқ­а­ра­тын болды. Батудың самсаған әскері 1236 жылы Кама өзені бойындағы Булгарияны, Мардваларды талқандап, 1237–1240 жыл­дары орыс жеріне келді. Орыс қала­ларын талқандап, Еуропаға өтті.

Бату басқарған моңғол армиясы По­ль­шаны, Германияны, Австрияны, Венг­рияны, Чехияны, Молдавияны, т. б. ел­дер­ді басып алды. Әлем тарихында Бату де­ген аты қалды. Ол 1243 жылы Еділ са­ға­сынан Сарай қаласын салдырды, бұл қа­лада алтынмен аптап, күміспен күптелген сән-салтанатты хан сарайы, төңіректің төрт бұрышынан келген саудагерлер жи­налатын сауда алаңы болды. Алтын Ор­даның астанасы алғашқы кезде Сарай-Бату қаласында (қазіргі Астрахань маңын­да) болды. Кейінірек Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай-Батудан жоғарырақ) кө­шірілді. Мұның бәрі ресми дерек. Ал тарих Батудың қазынасы өте мол болған де­генді келтіреді. Бәлкім рас та болар. Өйткені жалпақ дүниені табанына басқан билеуші, басып алған жердегі барлық қазынаны өзі салдырған Сарай-Бату шаһарына тасығаны белгілі. Азия та­рих­шылары «Батудың қазынасының көптігі сол, ол өзі салдырған шаһарды алтынмен аптады, күміспен күптеді. Жаулап алған жерлерден шеберлер алдырып, қаланың сән-салтанатын арттыратын сарайлар сал­дыртты. Сол заманда Сарай-Батудан көр­кем һәм бай қала еш маңда жоқ еді» деп жазады.

Батыс тарихшылары «Венгрия, Че­хия, Австрияны, т.б Еуропа елдерін шапқан Бату хан ол елдің бүкіл қазынасын қотарып әкетті. Сұлу қыз-қатындарын да қалдыр­ма­ды. Оны өзінің сарбаздарына таратты. Байлықтың біразын көзге түскен батыр нояндарына тарту етті. Оның астанасында болғандар шаһардың ғажайып сұлулығына тәнті болғандарын айтады. Шығыстан келген жабайы қолбасшы осындай керемет қала салғызды дегенге сенгің келмейді» деп жазған. Кім, не десе де ұлы Шыңғыс қа­ғанның немересі, атақты қолбасшы Жошының ұлы Бату хан әлемді тітіреткен аса қаһарлы хан болғаны анық. Оның жаугершілігі өз алдына. Біздің айтпағымыз, сол Бату ханның әлемге аңыз болып тараған екі алтыннан құйылған арғымағы жөнінде болмақ. Аңызға сүйенетін болсақ, Бату басып алған елдерден жиналған алтыннан екі сәйгүлік құйдырған. Аттың көздеріне жақұт тастар орнатылған. Сом алтынан жасалған бұл екі пырақ Сарай-Бату шаһарына кіре беріс қақпаға қойы­лып, қаланың сәнін кіргізіп тұрған көрі­не­ді. Батухан дүниеден өткен соң оның орнын басқан Береке хан алтын аттарды өзі орда тіккен Сарай қаласына көшірген. Ол қа­зіргі Ресейдің Волгоград облысын­дағы Царев селосының маңы. Бұл алтын аттар кейіннен билік тізгінін қолына алған атышулы хан Мамайдың кезінде жоғалып кеткен. Өйткені Мамай Күлік шайқасында жеңіліп, кейін шешінген кезде алтын ат­тарды алып жүруге мұршасы болмай қал­ған көрінеді-мыс. Кейбір аңыз-әңгі­ме­лерде алтыннан құйылған аттар Ма­май­мен бірге көмілген дегенді келтіреді. Кім біл­сін? Қысқасы, бүгінгі күні алтын атты табу­ға талаптанған қазына іздеушілер Ле­нинск қаласының маңында ағып жатқан Ақтөбе (Ахтубы) өзенінің жағалауындағы ескі қорғандарды жиі қазады. Бірақ «тап­тық» деген ешкім жоқ.

 

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: