Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

домаҚарағанды облысында азаматтарды тұрғын үй кезегіне қоюды және мемлекеттік қордан тұрғын үй бөлуді автоматтандырылған жүйемен іске асыру тұжырымдамасы әзірленуде. Ол жұртшылықтың баспанаға қол жеткізу барысындағы жұмысын едәуір жеңілдетеді деп күтілуде. Бұл мәселе осы аптада облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өткізген кеңесте талқыланды.

 

— Бүгін біз аса маңызды мәселені қарастырып отырмыз. Ол менің есептік кездесуімде және азаматтарды жеке қабылдау кезінде де көтерілген болатын. Біз мемлекеттік тұрғын үй қорынан электрондық мүмкіндіктер мен Интернет арқылы бөлудің тұжырымдамасын талқылау үшін жиналып отырмыз. Баспана алуды автоматтандыру – басты міндет, — деді облыс әкімі кіріспе сөзінде.

«WТО ақпараттық жүйелер орталығы» компаниясының директоры Максим Карстеннің айтуынша, жоба аясында кезекте тұрғандар тізімі мен тұрғын үй немесе жер телімін алғандар тізімін автоматтандыру, сондай-ақ тұрғын үй мен жер телімін алған азаматтардың қайта кезекке тұруына жол бермеу мақсатында тізімді тексеру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ жобада уәкілетті тұлғаларға қос тізімнің жағдайы туралы нақты ақпарат беру, тізімдердегі өзгерістер бойынша хаттама толтыру, азаматтардың кезекте тұрғандар тізімі туралы мәліметке қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланған.

Жоба қазіргі қолданыстағы «Облыстың бірыңғай диспетчерлік қызметі», «Қарағанды облысы әкімдігінің ішкі порталы» және «Қарағанды облысының электронды қызмет порталы» ақпараттық жүйелерін пайдалану арқылы жүзеге асырылатын болады.

Бағдарламаны талқылау барысында облыс әкімі орталықтандырылған бақылау мен жүйені «бір терезе» әдісі бойынша пайдалану қажет екенін айтты.

«Азаматтардың кезекте тұру жағдайы туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Оның ішінде кез келген тұтынушыға тұрғын үй комиссияларының кезекке қою туралы хаттамалық шешімдерін, тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне қойылғандығы жөніндегі ресми анықтаманы беру, бағдарламаны қолдану бойынша уәкілетті органдар үшін техникалық регламент әзірлеу мәселесіне баса мән берілуі тиіс. Сонымен қатар бағдарлама бір азаматтың тұрғын үй кезегінде бірнеше өңірлерде тұрған-тұрмағанын да дәл көрсете білуге қауқарлы болу керек. Басты мақсат – бұл облыс тұрғындарына ақпарат беруді мейлінше жеңілдету», — деді Бауыржан Әбдішев.

Жиын соңында «WТО ақпараттық жүйелер орталығы» компаниясына облыс әкімі аппаратымен бірлесе отырып айтылған сын-ескертулерді негізге алып, бағдарламаны екі апта мерзімде қайта пысықтау тапсырылды.

Қ. Жұмағалиұлы

Қарағанды

Рубрика: