Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

“Осы біздің Оралбай Әбдікәрімовіміз жемқорлықпен шын күресіп жүр ме, өтірік күресіп жүр ме, білмейміз ғой», – деп соқты бір әріптесіміз. Сол Оралбай ағамызға бір сұрақ қойғымыз келіп отыр. Оның мәнісі мынандай:
Жемқорлықтың кесірі міне, бала-шағаға да тиді. Бала-шаға болғанда да, әне-міне туайын деп отырған әйелдерді ырысынан қаққалы отыр. Бұрын босанар алдындағы туыт ақысына 400-500 мың теңге алатындар, енді ондай ақша алмайтын болды. Ары кеткенде 186 мың теңге ғана алады, егер депутаттар қолдаған заңға қол қойылып кетсе. Адал еңбегімен көтеріңкі айлық алып, оның біраз пайызын зейнетақы қорларына аударып келгендер қосақ арасында кететін түрі бар. Себебі біреулер заңның осал тұсын тауып алып, босанар алдындағы туытақысын миллионыңыз не, миллиардқа дейін көтеріп қақшып түскен көрінеді. Нақтылай айтқанда, 9 әйел 33 миллиард теңге туытақы алыпты. Біреу заң бұзса, оған басқалардың не қатысы бар? Біздің білгіміз келгені осы еді.
Жалпы, жемқорлықтың аш қасқырдай жалақтап, жүрмейтін жері жоқ. Қасқыр деп жайдан-жай айтып отырған жоқпыз өзі. Шындыққа бергісіз мынандай бір қысыр әңгіме бар. Бір қасқыр ауыл-елге тыныштық бермей қойыпты. Ауыл ақсақалдары оны мәмілеге шақырып: «Қасеке, үй басы анда-санда бір қойдан өз қолымызбен беріп отырсақ, мына сойқаныңды тоқтатасың ба?», – депті. Қасқыр «жоқ» деп, көнбей қойыпты. «Екі қойдан берсек ше?», – десе, қасқыр тағы да бас шайқапты. «Апыр-ай, оған көнбесең, басқа не керек өзіңе?», – деп таңырқасыпты ақсақалдар. Сөйтсе Қасекең: «Маған абырой керек», – дейтін көрінеді.
Біздегі жемқорлық тура сол. Айлығыңды көтерейік десе де қоймайды. Құдды алған беттен қайтпаймыз деп анттасқан, серттескен адамдар секілді. Әйтпесе, жемқорлыққа қарсы неше түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Енді келіп: «Мына заңды өзгертпесек, жемқорлар оның әлсіз жерін тауып алыпты», – деп, қарап отырмыз. «Шегірткеден қорыққан егін екпейдінің» кері баяғы. Мәселе ақшада емес, ықыласта, әрі-беріден кейін. Туытақысы мен жөргекпұлдың бала санын көбейтуге ықпалы зор деп баяғыдан айтып келеміз. Енді соған көз алартсақ, не болғанымыз?
Ендеше мәселеге басқаша қырынан келу керек. Айласын асырған тоғыз әйел ме, тоқсан әйел ме, онымен заң орындары айналысқаны жөн емес пе? Сөйтпесе бала тапқан әйелдің бәрі қылмыс жасағандай қуыстанып отыр. Бір басылым тіпті: «Бала тапқанын бұлдаған бұл неғылған әйелдер?!» дегенге дейін барыпты. Шындап келгенде, заңның осал тұсын сол заңды қабылдар кезде неге ескермеген? Неге алдын ала тиісті тосқауыл қойылмаған? «Бәрін ай та, бірін айт, жөргекпұлдың жырын айт» деген де заман болып еді, енді сол заман қайта туайын деп тұр ма сонда?
Қазіргі талқылауларға қарасаңыз, зейнетақы қорларын тұралатқан басқа емес, жөргекпұл сұраған жүкті әйелдер сияқты елестейді көзіңізге. Шын мәнінде олай емес қой. Халықтың көбі екі бала, үш баламен шектеліп жатыр. Әйелдер жаппай босанып, демография өсіп кетіпті дегенді әзірге естіген жоқпыз. Егер тап солай болса, онда Құдайдың бергені емес пе? Әлеуметтік қолдау мен зейнетақы қорлары қалта қампайтуға емес, керісінше сондай игілікке жұмыс істеуі керек қой. Өмір жастың ұзаруы мен халық санының өсуі шығын әкеледі деген не сұмдық?
Тағы бір айтатын нәрсе, осы біздің зейнетақы қорлары ана бір жылғы үй алатындар мен салатындардың үлескерлігі бастан кешкен дағдарысқа бастап келе жатқан жоқ па? Зейнетақы қорлары қызметкерлерінің айлығы мен шайлығын есептеп отырған кім бар? Әлгі әйелдерден даулап отырған миллиардтар сол жақтан да табылып қалмас па екен? Заңның осал тұсын басқа-басқа, олар өздері де білмейді дегенге кім сенеді.
Елбасының ана бір жылы бір компания басшыларына: «Қанша айлық аласың?», – деп, ел алдында қызартқаны бар. Бізде айлық пен шайлық дегеніңіздің айырмасы кейде жер мен көктей болып кететін еді. Ендеше туытақының да айырмасы жер мен көктей болатыны өзінен-өзі түсінікті болатын жайт біздіңше. Сондықтан түзету адал еңбегімен тапқан жалақысының өлшемімен туытақыға 400-500 мың теңге алатындарға емес, шамадан тыс табыс табатындарға бағытталуы керек еді.
Айтпақшы, осындай өзгерістердің бала тууға әсері бар ма, жоқ па, сол жағы зерттелді ме екен? Зейнетақы қорлары құрылып, туытақыға көп-көрім ақша беріле бастағанға дейін қалай болды, одан кейін ше? Қайбір жылдары жаңа жылдың 31-інен 1-іне қараған түні дүниеге сәби әкелген аналарға қомақты ақша беріп, бір дүрліккенбіз. Міне, сондай әрекеттер қалай әсер етті, оны да зерттеп білгеннің артықтығы жоқ. Себебі сондай сыяпатқа екінің бірі  ие болып жатпаса да, жарнамасы жер жарып, дүниеге сәби әкелу қуанышы үлкен мерекедей аталып өте бастаған. Әкімдер мен кәсіпкерлер бірінен-бірі іліп әкетіп, жарысқазан жасағандай халық бір дуылдасып қалған. Кешелі-бүгінгі әңгіме соның бәріне салқынын тигізетін сияқты. Мұны бір білсе, депутат Светлана Жалмағамбетова білуге тиіс болатын. Бірақ ол кісілер жоғарыда көрсетілген ақшаға қосымша төленетін туытақыны кәсіпорындардың өз ішкі мәселесіндей қылып қойды. Олай емес, шын жанашырлық жасаса, кәсіпорындарды міндеттеп қойған дұрыс болмас па.
Міне, сөйтіп жемқорлық «жарысқазанға» да ауыз салды. Жарысқазан, жөргекпұл және жемқорлық!.. Бұл үшеуі қанша айтсаңыз да, ағайындаспайтын түсініктер секілді. Бірақ бізде ағайындасып кетіпті. Зардабын орта деңгейде табыс тауып жүргендер тартпақ. Оралбай Әбдікәрімовтен соның жайын сұрамақшы едік.

http://www.halyksozi.kz

 

Рубрика: