Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Басынан бағы тайған,  қу мен қазы азайған Балқаштың татар дәмі, көрер  қызығы туралы кем жазылып жүрген жоқ. Жеріне жете айтылып, жетемізге құйып бергендей-ақ. Елдегі ірі көлдер үштігіндегі Балқаштың бағы мен соры хақында қаны сорғалаған мәселелер бар. Көлдің басында көкейді тескен көп жайт бар. Десек те…

Бұйырса, көлдің маңында туризмнің көрігі қызып, базары тарқамайды деген дәмеміз таудай. Бүгінгі жұпыны тірлігі дүр сілкініп, қыран құстай қайта түлейді деген үмітті Үкімет мүшелерінің кеңесінде Елбасы тұтатып берді. Сол «үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (Абай) кейіпте отыр жұртшылық…

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көлік инфрақұ­ры­лы­мын дамыту бойынша жоба – Астана – Алматы теміржолының айналма емес, Балқаш көпірі арқылы өту мүмкіндігіне қатысты мәселені көтеруі туризмге сұранып тұрған Балқаштың бағы ашылардай сенім отын жылт еткізді. «Тағы бір ірі жоба – Астана – Алматы жүрдек пойыздарына арналған теміржол құрылысы айналма емес, тіке Балқаш көліндегі көпір арқылы өтуі мүм­кін. Бұл жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Балқаш туристік кластерін дамытуға серпін береді. Үкіметке осы жобаларды биылғы бірінші жартыжылдықтан кешіктірмей, жедел әзірлеуді және ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Елбасы.

Расымен, бұл жоба Арқаның алқасы атанған Балқашты бұйығы тірлігінен селт еткізері хақ. Жабайы жағажайдан мәде­ниет­ті жағажай туризмін дамыту арқылы көк теңіздің көсегесі кө­герер еді. Ең алдымен, мұның шағын қала – Балқаш­тың экономикалық-әлеуметтік жағдайына ықпал етері аян. Сондағы тұрғындардың әл-ауқатының артуына бірден-бір көз болмақ. Айталық, жыл сайын Балқашқа барып демалушылардың саны небәрі 4 мың көлемінде ғана екен. Ал шетелге шығатындар бұдан 100 есе артық. Мәліметтер 5 миллионға жуық Қазақстан азаматы шетелге саяхаттап баратынын көрсетіп отыр. Қызмет көрсетуі әрі көлік инфрақұрылымы қолжетімді болса, өз туристерімізге Балқашқа неге бармасқа? 5 млн болмаса да, соның ширегінің көк теңізге жетуіне жағдай жасалса… Мил­лион­даған қаржы Балқаштың экономикалық қоржынына құ­йылар еді ғой…

Өйткені қазіргі туризм – бұл әлемдік экономикада құл­ды­рауды білмейтін сала. Сондай-ақ мамандар туризм, жалпы алғанда, мемлекеттің экономикасына үш оң нәтиже беретінін айтады. Ол, біріншіден, шетел валютасының құйылуын және төлем теңгерімін қамтамасыз етеді. Екінші – халықтың жұ­мыс­пен қамтылуы. Үшінші – елдің инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесуі.  Яғни бұл үш таған берік болғанда, Балқаштың базары кемімек емес.

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазіргі кезде Балқаш қаласында – бір ту­ристік фирма, сегіз қонақүй, төрт демал­ыс ай­ма­ғы, Бектау ата шатқалындағы төрт де­ма­лыс базасы, Приозерск қаласында – үш қонақүй, бір кемпинг, Ақтоғай ауда­нын­да – төрт мей­ман­хана, бес қонақүй, То­раң­ғы­лық, Шұбар­тү­бек­те 40-тан астам де­малыс аймағы бар. Шыны керек, қыз­мет көрсету деңгейі әлі де дамытуды қажет етеді. Ал туристер жиі-жиі келсе, бұл ор­ын­дардың да оңа­луға аяқ басары даусыз. Жа­сы­ратын несі бар, қызмет көр­сетудің дең­ге­йінің тө­мендігі соншалықты, оған ше­тел­дік түгіл, біздің байшыкештердің өзі де бар­майды. Жабайы жағажайға қал­та­сы жұқа жұрт­шылық ғана ат басын бұ­рып тұр.

Динара БЕКМАХАНОВА, турист:

– Қазақстанда туристер барып демалатын небір-небір жер бар. Со­лар­дың бірі – Балқаш көлі. Балқаштың оңтүстік жағы ащы болса, солтүстік жағы тұщы. Көлдің екі түрлі суы еш­қа­шан араласпайды екен. Бұл құбылыс тылсымға толы емей немене? Дема­лыс­тың қадірін білетін ресейліктер ар­найы келіп демалады. Өкініштісі, Бал­қаш­та туристерге қызмет көрсету да­мы­маған. Мәселен, демалыс аймағы деп барған орынға қаңылтыр контей­нерлерді қойып тастаған. Бағасы қа­ңылтыр ішіне қойылған төсеніштерге байланысты. Күндіз ішіне кіре алмай­сыз, кешкісін масаға таланасыз. Әрине, бірсыпыра ағаш үйлер бар. Бірақ ол­ар­дың құны удай. Кез келген адамның қолы жете бермейді. 

Ол – өз алдына, жұртшылықты алаңда­тып отырған экологиялық ахуалы да ай­рықша назарға ілігер ме еді дейді ғой бая­ғы ішкі дауысымыз. Ал бүгінгі Балқаш эко­логиясының сиқы мынадай…

Балқаш экологиясы – Балқаш көлі ал­қа­бындағы табиғи ресурстарды (әсіресе су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәти­жесінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында ХХ ғасырдың аяғында қалып­тасқан табиғи, әлеуметтік және экономи­калық жағдай. Оны негізгі екі себеп ту­дыр­ды. Ішкі себеп – Қапшағай су электрстан­сы­сының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе-теңдігін көлге құятын өзен суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Яғни көл жылына ша­ма­мен 3,0 км3 су жоғалтып отырды.

Көлдің оңтүстік жағалауындағы ба­лық­тардың уылдырық шашу аймағы тү­гелдей жойылып, Атыраудағы 15 көл жү­йе­сінен тек төрт-бесеуі ғана қалды. Осы­ның салдарынан жыл сайын ауланатын ба­лық мөлшері 17-18 мың тоннадан 10-11 мың тоннаға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлағаны байқалуда. Мы­са­лы, бұрын, негізінен, сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ын табан, жайын, көксерке т.б. құрады. Ал аты әйгілі көкбас Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды. 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералдығы күрт өсті. Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр ме­тал­дар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері кө­бей­ді. Одан бөлек Балқаш алабынан ат­мос­фераға түсетін әртүрлі газдардың кө­ле­мі жылына 250 мың тоннаға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қо­сылып, жерге улы жауын болып қайта жа­уып жатыр. Жауын-шашынның минерал­дығы үш есеге өсті. 1980 – 1990 жылдары Іле – Балқаш табиғи-шаруашылық жү­йе­леріне кешенді ғылыми-зерттеу жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді, сөйтіп, көлемі 2 есеге (28 км3-дің орнына 14,5 км3) кеміді де, жер суғаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандыр­ғанымен, су сапасы жылдан-жылға на­шар­лап барады. Сыртқы себеп – Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуы­ғы Қытай мемлекетінің аумағында қалып­тасқандығы дейді деректер.

Сондықтан Астана – Алматы жүрдек пойыздарына арналған теміржол құры­лысы айналма емес, тіке Балқаш арқылы өтсе, шағын қаланың шырайы кіргендей екен. Әлеуметтік һәм экономикалық тұрғыда…

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды

http://alashainasy.kz/main/41408/

 

Рубрика: