Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері осыдан бірер апта бұрын жаңа туған баласын бейтаныс біреуге 6 мың АҚШ долларына сатпақшы болған 28 жастағы келіншекті құрықтады. Басқа емес, туған баласын сату дегенді қалай түсінуге болады?! Сонда тоғыз ай бойы жүрегінің тұсында болашақ сәбиін көтере білген ана мұндай қылмысқа неліктен барады?

Адамның құйқа тамырын шымырлататын айықпас бір дерт – ол ананың бауыр еті – баласын сатуы соңғы уақытта Қазақстанда жиілеп кетті. Мұның себебі неде? Жаңа ғана өмірге келген шақалақты саудалауға ананы итермелейтін не? Бұл әлде қоғамның немесе адамның азғандығы ма? Бұрын-соңды елімізде болып көрмеген мұндай кесапаттың себеп-салдары қандай? Аналар кіп-кішкентай сәбиінен неліктен жериді? Міне, бүгін біз көпшілік қауымды толғандырып, жаға ұстатып отырған һәм қоғамдық кеселге айналып бара жатқан бала саудасы мәселесі туралы ой өрбіткенді жөн санадық.

Ащы да болса шындық, қазіргі күні еліміздің әр аймағында оқта-текте болса да аналардың бейкүнә шараны саудалау оқиғасы орын алуда. Жоғарыда біз әңгіме еткен Алматы облысының тұрғыны, жап-жас келіншек өзінің өткен жылы 13 ақ­панда өмірге «іңгәләп» келген кіп-кіш­кен­тай шақалағын бар болғаны 900 мың теңгеге (6 мың АҚШ доллары) бағалап, перзент сүюді өлердей аңсап жүрген бір бейбаққа сатпақшы болған.

Осы оқиға туралы шұғыл ақпарат алған облыс сақ­шылары баланы сатушыны да, сатып алу­шыны да ұстады. Осы қылмысқа сәйкес 28 жастағы күдікті анадан сұрақ-жауап алғанда, ол өзінің мұндай әрекетке бару себебін: «баламды сатқан ақшаны айық­пас ауруға душар болған үлкен ұлымды емдеуге жұмсамақшы едім» деп ақталып бағыпты. Алайда бәрі де кеш еді. Құқық қорғаушылар осы фактіге байланысты қылмыстық іс қозғап, күдіктіні дереу қа­мауға алды.

Ал Алматы облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Көбейхан Нұрахметтің айтуын­ша, бұл – бала сату жөнінен Жетісудың арғы-бергі тарихында тіркелген бірінші оқиға көрінеді. Өйткені бұл өңірдің жұрт­шылығы бұрын-соңды «анасы баласын сатты» дегенді көрмек түгілі, естімепті. Сондықтан да болар, облыста тұратын көпті көрген көнекөз қариялар «Алла тағаланың жаратуымен тоғыз ай құрса­ғында көтерген қызылшақа баласынан жеріген ананы адам деуге бола ма? Мұндай бейбақтарды халық алдында жазалау қа­жет!» деп атойлап отыр, – деді бізге Кө­бейхан Нұрахмет.

Құқық қорғау органдарынан алын­ған ақпаратқа жүгінсек, соңғы жылдары бала сату оқиғасы бойынша тұрғын­да­рының басым көпшілігі мұсылмандар, оның ішінде, жергілікті халық – қазақ­тар тұратын Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысы алдына жан салмай тұр. «Дәлеліңіз қайсы?» десеңіз айтайық. 2011 жылы Жамбыл облыстық ІІД Ұйым­дасқан қылмыспен күрес бөлімі қыз­­меткерлерінің бәлиғатқа толмаған балаларды сатуға қатысты 6 оқиғаны тір­кегенін айқындайды.

Сорақылығы сол, тараздық құқық қор­ғаушылар Тараз қа­ласындағы «Сенім» жекеменшік меди­-цина орталығының ди­ректоры Раушан Арынғазинаның «жетек­шілігімен» дәл осы орталықтан бес бірдей бүлдіршінді сату оқиғасының орын ал­ғанын толық анықтады. Бұған не дейсіз? Оқиғаны тер­геумен айналысқан жергі­лікті құқық қор­ғаушылардың пікірінше, «Сенім» жеке­меншік медицина орталығы соңғы уақытта бала сатуды өзіндік биз­неске айнал­дырып алған екен. Медицина орта­лы­ғы­ның басшысы Раушан Арын­ғазина Бі­рік­кен Араб Әмірлігінде сая­хаттап, елге оралған күні Алматыда құ­рықталды.

Құлақтары үнемі сақ жүретін сақшылар Таразда бала сату оқиғасының орын алғаны туралы алғаш рет 2011 жыл­дың наурыз айында «құлақтаныпты». Мұқият жүргізілген тергеу шаралары барысында осы қылмыстық іске «Сенімнің» сенімнен шыққан қызметкерлері мен басшысы ғана емес, Тараздағы «Үміт» балалар үйінің ди­ректоры мен оның орынбасарының да қа­тысы бар болып шықты. Нақты айтсақ, әлгі балалар үйінің қызметкерлері «Сенім» медициналық орталығының қабырғасын­да өмірге жаңа келген бір қызылшақаны «болашақ ата-анасына» 6 мың АҚШ дол­ларына саудалап тұрған кезінде қолға түс­ті. Алайда бұл жолы құқық қорғаушылар оларға «рақымшылық» жасап, одан кейінгі уақыт аралығында қажетті мәліметтерді молынан жинауға бел буды.

– Адам жаны түршігетін мұндай оқи­ғаны үнемі назарда ұстаған біздің қыз­меткерлер уақыт өте келе «Сенім» пер­зентханасында бала сатуға қатысты орын алған бес оқиғаны толық анықтады. Ал­дымен тергеушілер жаңа туған сәбилер­-дің туу тарихы туралы мәліметтерді пе­р­зентханадан жинап, осы медицина ор­­талығында босанған әрбір келіншек­-пен жеке әңгімелесті. Сөйтіп, 2011 жылғы 8 және 18 қаңтарда бір ұл бала мен екі қыз баланың сатылғанын анықтады. Тергеу барысында олардың әрқайсысының 6 мың АҚШ долларына сатылғаны белгілі болды.

Осылайша сәби саудасына қатысқан «Сенім» медицина орталығының үш қыз­меткері мен қаладағы тағы бір медицина мекемесінің екі қызметкеріне және бала­ларды сатып алған адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Елімізде қол­данылып жүрген Қылмыстық кодекстің арнайы бабы бойынша бала сатумен айна­лысқан адамдарды 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген, – дейді Жамбыл облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бастығы Асқар Жұмабеков.

Қылмыстық оқиғаны тергеуге қатысқан полиция қыз­меткерлерінің айтуынша, сәби сату ісіне қатысушылар ең алдымен істі жүзеге асы­рудың құпия схемасын жасап, баланы сатып алушыларды өзге аймақ тұрғындары арасынан іздеп табуға келіскен. Таң­данар­лығы сол, сәбиді сатып алушыларға пер­зентханада балаға қатысты барлық құ­жатанықтамалар алдын ала дайындалып, бұдан былайғы жерде олардың баланы еш кедергісіз һәм күдіксіз өз аттарына жазып алуына қажетті мүмкіндіктер жасаған.

Ас­қар Жұмабековтің пікірінше, бала сатып байығысы келген «Үміт» балалар үйінің ди­ректоры мен орынбасарына және «Се­німнің» сенімнен шыққан басшысы һәм бас дәрігері мен гинекология бөлімінің меңгерушісіне және қаладағы тағы бір медициналық мекеменің гинекология бө­лімінің басшысына қатысты қылмыстық іс жан-жақты тергеліп, тергеу аяқталған соң, сотқа жөнелтілді. Бұған қоса, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының бастығы Жандос Нәдіровтің бұй­рығымен «Сенім» жекеменшік медицина орталығының жұмысы тоқтатылды. Жам­был облысында орын алған бала сату оқи­ғасы міне, осындай! Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай қандай? Мұнда кімдер кінәлі? Енді оңтүстік өңірдегі жағ­дайға тоқталайық.

Оңтүстік Қазақстан облысында соң­ғы екі жылда бірнеше рет сәби сату оқиға­сы тіркеліпті. Оның бірі Шымкент қала­сын­дағы №1 перинатальды орталықта орын алса, енді біреуі Мақтаарал ауданын­да болған. Шымқаладағы бала сату оқи­ға­-сын Оңтүстік Қазақстан облысы бойын­-­ша Экономикалық қылмысқа қарсы жә­не сыбайлас жемқорлықпен күрес депар­та­ментінің мамандары естіп-біліп, жедел іс-шара барысында баласын сатпақ болған 33 жастағы бейбақ ана мен облыстық пер­зентхананың екі медбикесін құрық­тады. Мақтаарал ауданында 20 жастағы бір әйел 2009 жылы туған баласын 36 жас­тағы жергілікті бір келіншекке небәрі 70 мың теңгеге сатпақшы болғанда қолға түсті.

Осы аймақта тіркелген келесі бір оқиғада бір бала 150 мың теңгеге сауда­ланған. Масқарасы сол, баланы сатып алмақшы болған келіншек Өзбекстаннан алынған жалған құжатты көрсетіп, «баланы өзім тудым» деп полицейлерді мізбақпай ал­дамақшы болған. Алайда тәжірибелі құ­қық қорғаушылар мәселенің анық-қа­нығын толық анықтады. Шардара ауда­нында орын алған оқиғада баланы сатып алушылар оны 100 мың теңгеге бағалап, тәуекелге барған ананы баласын босану үшін Шардарадан Шымкенттегі перзент­хананың біріне алып келген.

Алайда ба­ласы өмірге келген соң, анасы перзентін беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Де­генмен делдалдар әлгі әйелді қорқытып-үркітіп, баласын тартып алады. Сөйтіп, Шымкенттегі №1 перзентханада жұмыс жасайтын Ташбаева және Хадматова есімді қос медбике әлгі баланы 6 мың долларға сатпақшы болғанда ұсталып, қамауға алынды. Қозғалған қылмыстық іске сәйкес қос медбике сот үкімімен бас бостандықтарынан айырылды.

Түйін: 
Жамбыл облысындағы бала сату қылмысы бойынша «Сенім» меди­цина орталығының бұрынғы дирек­торы әрі бас дәрігері Раушан Арын­ғазина, облыстық перинатальды ор­талығының акушер-гинекологы Райхан Ербатырова, №7 қалалық емхананың учаскелік акушер-гине­кологы Дмитрий Бобров, сондай-ақ жеке кәсіпкер Бектемір Қабдуллин Қылмыстық кодекстің 133-бабының (кәмелетке толмағандарды сату) 2-бөлімінің а, б және з тармақтары, сондай-ақ 325-бабы (жалған құжат жасау) бойынша кінәлі деп табылып, әрқайсысы бірнеше жылға бас бос­тандықтарынан айырылды. Сондай-ақ Тараздағы «Үміт» балалар үйінің бұрынғы директоры Күнсұлу Ержі­гітова мен осы мекеменің балалар дәрігері Сәуле Шынасылова және қаладағы №4 емхананың гинеко­логия бөлімінің меңгерушісі Рай­хан Көпбасовалардың әрқайсысы 7 жы­лын темір тордың ар жағында өткізетін болды.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

«Айқын»

Рубрика: