Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 19 ақпан. BAQ.KZ. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жемқорлықты жою мәселесі сөз болды. Қарап отырсақ, жемқорлық барлық салада да бар. Медицина, оқу-білім, мәдениет, техника, ауыл шаруашылығы…. Осылай кете береді. Демек, барлық саланың дерті бір. Тіпті, бала-бақшаны да жемқорлық жайлаған. Мектепте айтпаса да түсінікті.

Жемқорлық Қазақстанда перзентханадан басталып, мәйітханаға дейін жайлап алған. Жолдауда «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек» делінді. Бүгін біз жемқорлық мәселесінің бала-бақшаларға қаншалықты қатысы бар деген мәселеге тоқталайық.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2011 жылы елімізде мектепке дейінгі ұйымдардың саны 8096 болған, сондай-ақ, ол жерлерде 587,8 мың бала тәрбие алған. Ал, 2010 жылы аталмыш мекемелердің саны 6446 болса, тәрбиеленушілер саны 446,4 мың.
КТК телеарнасының берген мәліметі бойынша Қазақстандағы бала-бақшаға баруға кезекте тұрған балалардың саны 325 мың деп көрсетті. Олардың дені Оңт.Қазақстан облысы (55,3 мың) мен Алматы (41 мың) және Астана (49 мың) секілді ірі қалаларда.
Бізде қазір «Балапан» секілді бағдарламалар жұмыс істейді. Қазақстан тәуелсіздігін алды, бірақ бала-бақша салу, ондағы бағаны реттеу, мектепке дейінгі тәрбиені беру жолында кеңестік кезеңнен артық жұмыс істей алды ма?
1991 жылы толыққанды 8584 толыққанды бала-бақша болған. Ал, 2011 жылғы дерек бойынша олардың саны 8096, оның жартысынан астамы, яғни 5348-і шағын орталықтар. Сонда 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы не атқарып жатыр деген ой туады. Оның жауабы түсінікті-ақ. Қаржының жетіспеуі, ақшаның бөлінбеуі. Мемлекет бюджетінің есебінен140 нысан саламыз деп, 48-ін ғана салды. КТК телеарнасының мәліметіне сәйкес «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 55 млрд. теңге жоспарланғанмен, нәтижесінде 22 млрд. теңгенің қайда кеткендігін ешкім білмей қалды. 2011 жылы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджеттің 10 млрд. теңгесін игере алмағаны белгілі болды.
Игерілмеген ақша – атқарылмаған тірлік! Атқарылмаған тірлік – желге ұшқан ақша. Егер, осы тұжырымға салатын болсақ, «Балапан» бағдарламасының өзіне жүктелген міндетті толықтай ақтай алмағандығын байқаған болар едік. Бала-бақша кезегінде тұрған қаншама ата-ана бар. Астана, Алматы қаласы әкімінің жеке блогына шағымданатындардың дені бала-бақшаға орналастыру кезегін күтіп жүргендер. Демек, проблема жоқ емес, көп. Баланың несібесін тәрк етіп жатқан қоғамда басқа не болмасын. «Балапан» бағдарламасының 2020 жылға дейін жалғасуының да бір себебі осында жатыр. Елбасының өзі Жолдауында айтқандай, ««Балапан» бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді.
http://baq.kz/news/23521

Рубрика: