Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_8e7b2887f6add229db073b438da992c0Астана. 15 қыркүйек. Baq.kz «Ас – адамның арқауы» демекші, Үкімет бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесін, балалар сегіз сағаттық сабақ уақытында бір мезет ас ішіп, әлденсін деген мақсатта енгізді. Қазақ тағамтану академиясы бұл тұрғыда зерттеу жасап, әр баланы 300 теңгеге тойдыра тамақтандыруға болатындығын анықтады және бұл соманы билік белгілеп, қаржы аударымдарын бастап та кеткен болатын. Алайда елімізде жүріп жатқан әділетсіз тендерлердің кесірінен балалар ашқұрсақ қалуға мәжбүр.

Қазақ тағамтану академиясы егер әр баланы 300 теңгеге тамақтандыруға болады десе, демек, күнделікті берілген 300 теңгенің тамағына баланың қарны тояр еді. Бірақ бізде оқушыларды 300 теңгеге тамақтандырып отырғандар жоқтың қасы. Себебі тендерлік байқау­лар­дың қателігі – ең төменгі бағаға қызмет көрсетем де­ген­дердің қолына мемлекеттің қаржысын ұстата салып, қарап отыруында. Мысалы, бір Алматы қаласының 200 мек­тебінің асханасын биыл жеті кәсіпорын өзара бөлісіп алыпты. Тендерде жеңіске жеткендер балалардың қар­нын 150-162 теңгеге тойдырмақ. Бүгінде мысықтың бір мез­гіл жейтін арнайы асы 600 теңге тұрады екен. Қарап отыр­сақ, мектеп оқушысының жағдайынан мысықтың жағдайы дұрыс сияқты көрінеді. Оған қоса, сол жеті кә­сіп­кердің ешбірінде балаларды тамақтандыру бойынша тә­жірибе жоқ: бірі – жұмсақ жиһаздар салоны желісінің, бі­рі – сұлулық, бірі аяқкиім салондары желісінің бас­шылары екен.

Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жү­йесі шетелден жеткен. Бірақ шетелде бұл істі кездейсоқ бі­реу емес, «тамақтану комбинаттары» атқарады. Ма­ман­дардың айтуынша, комбинат – мектеп оқушылары үшін тамақ әзірленетін арнайы орын. Ол жерде тек тағам­та­ну саласының нағыз мамандары мен жоғары санатты ас­паздар ғана қызмет етуі тиіс. Тағамның құрамы, дә­ру­мендердің дұрыс қолданылуы мен жас ерекшеліктеріне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Бұл – ха­лықаралық стандарт. Егер бүлдіршіндерді тегін та­мақ­тандыру жүйесі жұмыс істейтін болса, бұл нормативтер сақ­талуы тиіс. Ал біздің елде қалай? Естуімізше, Қа­зақ­станда да комбинаттар бар, бірақ қағаз жүзінде ғана. Өйткені бізде тамақты комбинатта емес, мектеп асханасында кәсіпкерлер жалдаған аспаз дайындайды. Сонда кәсіпкердің қолынан бір, аспаз қолынан екі өткен 150 теңгенің тамағы бала асқазанына жұқ бола ма?

Олег ТЫШКЕВИЧ, кәсіпкер:

– Биыл Алматы қаласы бойынша мектеп оқушы­ларын тамақтандыруға жарияланған тендерді ұтып алған­дардың ешбірінде комбинат та, жоғары санатты аспаздар да жоқ. Әйтпесе тендерге қатысқандардың арасында осы салада 20-27 жыл қызмет еткендер болды, бірақ олар ысырылып, олардың орнын жаңа кәсіпкерлер иеленді. Тіпті екі күн бұрын ЖШС ашып, үшінші күні тендерді жеңіп алғандарды көрдік. 160 теңгеге баланы тойдырамыз дегендер енді химикат пен ең арзан өнімдерді сатып алып, бала денсаулығына нұқсан келтіруде.

Кәсіпкердің айтуынша, мектеп асхана­ларының көбі қазір жеміс шырынының ор­нына компот, жеміс орнына Қытайдан әке­лінген арзан киви мен банан беруге әуес. Өзіміздің жерде өсетін «на­ғыз» дә­ру­менге толы жеміс-жидек қымбат. Тен­дер­лік байқауда «162 теңгеге балаларды тоқ қылам» деген олар еріксіз оқушыны ал­дап, сатып алынатын тамақты сол соманың ішіне сыйдыруға тырысады. Тіпті олардың тауып алған қулығында да шек жоқ. Қазір олар салаттыда, тамақты да, тұздықты да бір ыдысқа салып беруді шығарған. Себебі тексеріс бола қалған жағдайда тағамның әр түрі жеке-жеке өлшеніп, тексерістен өт­пейді. Шын мәнінде көрсетілген нормадан 50%-ға дейін тамақты аз мөлшерде сала­тын олар, әлгі кивидің қабығын аршымай­ды екен. Себебі қабық та салмақ! Керек де­сеңіз, жалғыз кивиды жеуге де бол­май­ды. Оны кәуап дайындау үшін етке қосып, шикі еттің санаулы мерзім ішінде жұмсар­татынын білеміз. Сонда баланың ішқұры­лы­сы мен ашқарыны нендей күй кешетінін түсіну қиын емес сияқты.

Марина ДЖЕГУШ, ата-ана:

– Балам биыл бірінші сыныпқа бар­ды. Мек­теп табалдырығын аттағаны­на жар­ты айдың жүзі болмай жатып, ас­ха­на­ның та­ма­ғынан ауырып, аллергия­сы қозып кет­ті. Олардың 162 теңгесі жайлы естіп, тіп­ті шошыдым. Нәтижесі көз ал­дымда, ба­лам­ның ол тамақты іш­кісі жоқ, күні бойы қар­ны ашады. Шы­нымды айт­сам, ұл­ым­ның мектептен ондай та­мақ­ты же­ге­нін қала­маймын, бірақ амал қанша? Әр­түрлі отба­сы бар. Бір күндік мәзірді қара­сам, ішінде сүт, сүзбе, бал деп тұр, миға қо­ным­сыз. Ва­ниль, шоколод және құлпы­най дәмдері бар дейді, мұның бәрі химиялық қос­па­лар емес пе?! Нарықта тағамның да, жеміс-жи­дектің де түрі көп, ал мектеп асханасы ең арзан, бала денсаулығына зиянды зат­тарды ғана береді.

Мектепаралық зерттеулер жүргізіп көрген мамандар мектеп асханасынан берілген астан бас тартып, өзге тауарларды сатып алуға құштар оқушылардың көп екенін байқапты. Бірақ буфеттердің баға­сы «удай» дейді олар. Дүкендегі ең арзан жеміс шырыны – 60 теңге, ал мектептердің көпшілігінде – 120. Тіпті барлық тауардың бағасы осындай, екі есе қымбат. Ал сая­сат­танушылар мектепті бизнеске айнал­дырып отырғандардың әрекетіне «Прези­дентіміздің саясатына қарсы келушілік» деген баға беріп отыр.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, саясаттанушы, ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы:

– Бала – біздің болашағымыз, біз олар­дың білімі мен дұрыс тамақтануы үшін жауаптымыз. Олар онсыз да толық­қанды тамақтанбайды, аналары жұмыс­та болғандықтан және үнемі ыстық та­ғам дайындап үлгермеген­дік­тен кез келген нәрсені жей салады. Егер мектеп асханаларында Ақмола об­лысында орналасқан балалар үйін­дегідей 99 балаға тауықтың бір саны­нан сорпа жасайтын болса, онда біздің балаларымыздың дені сау болып өс­песі анық. Біз мектептердегі ыстық та­мақ жүйесін сақтауымыз және әрі қа­рай дамытуымыз керек. Жемқорлықты жоюға тиіспіз. Мектептегі тамақтануды бизнеске айналдырудың қажеті жоқ. Баланы 162 теңгеге тамақтандыру де­ген не деген масқара! Тіпті менің мы­сығым күніне 162 емес 600 теңгенің тамағын жейді. Демек, 162 теңгеге бір баланың емес, бір мысықтың қарнын тойдыру мүмкін емес.

Мектептің асханасына қатысты мәсе­леге жалғыз білім бөлімдері емес, мектеп­тің директорлары да жауапты. Алайда аталған проблема қанша мәрте қозғалса да, Алматының әлі бірде-бір мектеп ди­рек­торы бас көтеріп көрген емес. Барлы­ғына дерлік бұл сұраққа аудандық білім бөлімі жауап берсін деп ат тондарын ала қашса, білім бөлімдерінің жауап беретін түрі жоқ.

Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті, республикалық ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:

 Балаларды дұрыс тамақтандыру мен мектеп асханаларына қатысты мәселелерді шешу мақсатында қанша­ма мектеп директорын кездесуге ша­қыр­дым, барлығы бас тартады. Себебі олар бұл жөнінде жақ ашса, жұмысы­нан қуылады екен…

 

Р.S.

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Мысалы, Алматы қаласындағы Бостандық ауданына қарасты мектептердің көпшілігі балаларын 300 теңгеге тамақтандырады екен. Ал Алатау ауданында – 190, өзгелерде – 150-162 теңге. Сонда баладан-баланың қандай артықшылығы, айырмашы­лығы бар? Тендер­лік байқауда мұндай әртүрлі баға «ойнамауы» тиіс емес пе?! Үкіметтің белгілеп бергені 300 теңге болса, осы сомаға қызмет етем деген нағыз мамандар­дың қолына жұмыс берілуі керек. Әйтпесе мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақшаны айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің кесірінен бүлдіршіндер зардап шегіп жүр.

Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

 

http://www.baq.kz/kk/news/35683

Рубрика: