Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 17 ақпан. BAQ.KZ -Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер, «Шоқ пен шер», «Сен он екіге келгенде», «Қызыл киіз үй», «Ұш, тырнам, ұш», «Саған күшік керек пе?», «Жамбылдың жастық шағы» сияқты танымал фильмдердің авторы Қанымбек Қасымбеков өмірден озды,-деп жазады «Айқын» газетінің тілшісі Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер, «Шоқ пен шер», «Сен он екіге келгенде», «Қызыл киіз үй», «Ұш, тырнам, ұш», «Саған күшік керек пе?», «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы» сияқты танымал фильмдердің авторы Қанымбек Қасымбеков өмірден озды.
Бірегей талант 1943 жылы 4 ақпанда Ал­маты облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Мәс­­кеудегі Бүкілодақтық кинематогра­фия инсти­тутын бітірген. 1971 жылы тү­сірген алғашқы толық метражды туын­дысы «Шоқ пен Шер» 1972 жылы Монте Карлода ұйымдастырылған фестивальде «Ең үздік балалар фильмі» жүл­десін жеңіп алған. Сондай-ақ 1973 жылы Таш­кент қаласында өткен телевизиялық фильм­дердің Бүкілодақтық байқауында КСРО кинематографистерінің ең жоғары баға­сын иеленген. Күні кеше ғана М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының ди­ректоры Уә­лихан Қалижанұлының мұ­рындық болуы­мен Президент стипен­дия­сын алып, отбасы­мен мәре-сәре болып қуанған еді. Өткен бей­сенбіде зайыбы Оралтай апай Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ар­найы тап­сырмасымен «Қазақфильм» кино­сту­дия­сы наурыз айының ортасында 70 жыл­дық ме­рейтойын атап өтуге дайындалып жат­қанын айтып, сүйінші хабар жеткізген. Алайда жеті жылға жуық инсульт алып, төсек тартып жат­қан балалар киносының ардагері сенбі күні түс ауа жарық дүние­мен қоштасты.
Осыдан екі жыл бұрын «Айқын» газеті «Ки­норежиссер көмекке зәру. Қанымбек Қа­сымбеков мемлекеттен қолдау күтеді» деген тақырыппен үлкен мәселе көтерген болатын. Мақала жарияланғаннан кейін, сол кездегі Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Дархан Мыңбай мырза режиссердің үйіне телефон ша­лып, жағдайын сұрап, Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаевқа киногерді тікелей қамқорлық­қа алу туралы айрықша тапсырма бергені есі­мізде. Сол міндетті мін­сіз атқарған Ермек Әмірханұлы қара­лы сәтте отбасына салмақ тү­сірмей, мар­құмды өзі қатты жақсы көрген киносту­диясымен қоштастырып, ақтық са­парға арулап шығарып салды.
Оралтай апайдың айтуынша, Қанымбек аға аяқ-қолы сау кезінде «Өлгенде Есен­құл­дың қасында жатамын» деп айтып жүреді екен. Екеуі араларынан қыл өт­пестей дос бо­лып, бір-бірін қатты құр­меттеген көрінеді. Құдай аузына салды ма, кім білсін, ол кісіден он жас кіші Есенқұл Жақыпбеков тура үш ай бұрын бақилыққа аттанды. Енді екеуі екі төбенің басында, «Ақындар елі, батырлар елі» Ұзынағаштың топырағында қатар жатыр…
Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режис­сер:
– Қазақ мәдениеті мен руханияты үшін орны толмас ауыр қайғы. Қазақ бала­лар фильмі­нің атасы Абдолла Қарсақ­баевтың жолын жалғастырған бірден-бір інісі еді. Ол төсек тартып жатып қалған­ша, бар ғұмырын киноға арнады. Ба­сын­дағы баспанасын сатып, Жамбыл ата­сының жастық шағын экранға шығарды. Жалпы, балалар тақырыбын алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Енді балалар фильмінің тағдыры не болар екен деп алаңдап тұрмын…

Нұрлыбай ЕСІМҒАЛИҰЛЫ:
– Маған бұл қайғы ала бөтен батып тұр. Екеуміз ұзақ жылдан бері келе жатқан үзеңгілес дос едік. Біріміз ұзын, біріміз қысқа болып келе жатқанда, елдің бәрі еріксіз езу тартатын. Бірі достығымызға сүйінсе, бірі бойымызға қарап іштей келемеждеп күлетін. Қазақ халқы бүгін өзі кішкентай болса да, алып жүректі, озық ойлы азаматынан айырылды. Алаш қай­раткерлерінен кейін ұлт үшін, оның қадыр-қасиеті мен өнері үшін қызмет істеген, жаны күйгендердің бірі осы Қанымбек деп білемін. Бір ғана мысал. «Жамбылдың жастық шағы» фильмін түсірер кезде қасында болдым. Сү­йін­байдың рөлін ойнадым. Сол кезде жыр алы­бының сүйген қызы Бұрымның рөліне бай­қау жарияланды. Күн сайын жүздеген қыз­дар келеді. Сұлулықтарында шек жоқ. Бірақ ешқайсысын жақтырмай отырып алды. Көп ұзамай «Бұл не кірпияздық? Саған бұлардан ар­тық қандай қыз керек?» деп сұрадым. Сонда «Олардың түрі қазақ болғанымен, жаны, жү­регі қазақ емес» деп жауап берген еді. Бір күні үріп ауызға салғандай, инабатты да ибалы бір мектеп оқушысы келді. Кейіннен білсек, Нұр­тілеу Иманғалиұлының қызы екен. «Қазақ қы­зы­ның бейнесі міне, осы» деп балаша қуан­ған. Ол кейіпкерлердің сырт келбетіне ғана мән бермей, жан дүниесіне үңілетін. «Фильм­дерім халыққа ұнаса, менің бар мақ­сатым-
ның орындалғаны деп есептеймін» деп айту-шы еді.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары денсау­лығы сыр беріп, екі жыл бес айдай орнынан тұрмай жатып қалды. Ауырып жатқанда ба­ладай мәпелеп баққан жарына мың да бір рақмет айтқым келеді. Қызы Айжан қазіргі таңда «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істейді. Әкесінің ізін жалғастырады деп үміт­тенеміз.

Ақан ӘБДУӘЛІ, әнші-жыршы:
– Қанымбек ағаның әр фильмі шоқтығы биік, қайталанбас туындылар. Қашан көзі жұмылғанша «Балаларға арналған фильм тү­сірсем» деп армандап кетті. Елінің ертеңі, ба­лалардың болашағы үшін аянбай еңбек етті. Әр туындысынан патриоттық, Отансүйгіштік сезімдері мен мұндалап тұратын. Әсіресе, ту­ған топырағы дегенде ішкен асын жерге қоя­тын.
Есенқұл ағаның «Жақсы адамды жерлеу» деген бір өлеңі бар еді.
– Жақсы адам ба еді?
– Жақсы адам еді – деді жұрт,
– Жақсы адам! – деді жамағат түгел егі­ліп.
– Қарызы жоқ па?
– Құтылған барлық қарыздан,
Құтылған барлық міндеті менен парыз­дан.
– Ал онда бәрің артыма сапқа тұрыңдар,
Жаназа иман шығарам, – деді кәрі имам.
Жақсы адам ба еді?
Жақсы адам еді шынайы.
Жақсылық жасап жүретін елге ұдайы.
Жақсыны таңдап алды ғой сірә, Құдайы,– деп келеді. Сол кісі айтпақшы, бүгін барлы­ғымыз қадірлейтін жақсы адам ортамыздан кетті. Жаны жанатта болсын!
Ермек АМАНШАЕВ, «Қазақфильм» АҚ президенті:
– Қазақ киносында Қанымбек ағаның орны бір бөлек. Артына аманаттап қалдырып кеткен мұрасы мол. Олардың барлығы алдағы уақытта да көрерменнің игілігіне қызмет етеді деп нық сеніммен айта аламыз. Қазақ кино­сы­ның классикасына айналатын тамаша туын­дылар деп есептейміз. Ол кісі соңғы сәттеріне дейін айығып кетемін деп, өмірге деген құл­шынысын жоғалтқан жоқ. Құдайдың құді­ре­тінен, өмірдің жақсылығынан үміт үзбеді.
Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед хабарласып, отбасына көңіл айтып, қайғыға ортақ екенін білдіріп жатыр. Иманы саламат болсын! Алла біліп істеген, білмей істеген күнәларын ке­шір­сін! Рухы пейіштің төрінде шалқысын!
Мейрамбек БЕСПАЕВ, әнші:
– Ондай жаны таза, жүрегі кең, ақкөңіл адам бұл өмірде аз. Жақсы адаммен жолы­мыз­дың түйіскеніне тәубе деймін. Көшеде ілініп тұрған афишадан түрімді көріп қалып, «Қош­тасқым келмейді» фильміне шақырды. 1991 жылдан бастап, әкелі-балалы жандардай сый­ластық. Кезінде үйінде тұрып оқығаным да бар. Кино әлеміне деген қызығушылығымды арттырған да сол кісі. Бұрынғы Кино және театр институтына құжат тапсыруыма себепші болды. Әлі есімнен кетпейді, фильм түсіріп жатқан уақытта күнде таңғы алтыда оятатын. Қолынан тастамайтын таяғы бар, күн шықпай келіп, «Тұр, ей, тұр» деп түртетін. Ол кезде бала емеспін бе, осы әрекетін ұнатпайтынмын. Менің бала бейнемді экранда сақтап қалғаны үшін Қанымбек ағаға қарыздармын.
Бүкіл қазақ халқының қайғысына ортақ­тасып, көңіл айтамын. Балапандарына ғұмыр берсін!

http://baq.kz/kk/news/43671

Рубрика: