Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Елімізде алғаш болып Қызылжар өңірі бала тууды ынталандыру мақсатында арнайы бағдарлама қабылдағанда жұрт бөркін аспанға атып қуанғаны рас. Төрттен көп сәбиі бар отбасылардың кәмелетке толмаған нәрестелеріне банкте депозит ашып, ақша салына бастаған. Тіпті Елбасының облысқа жасаған сапарларының бірінде әкім бағдарламаны мақтана таныстырған-ды. Демографиясы дімкәс облыстағы ахуал осыдан бастап оңалар деген сенім пайда болған. Өкінішке қарай, бұл игі бағдарламаның ғұмыры тым қысқа болып шықты. Оңды-солды шашқанда түбі көріне қоймайтын бюджет қаржысы балаларға келгенде жетпей қалғаны қынжылтады.

Кең-байтақ жерге ие болып қалу үшін қазаққа қатарын қалыңдату қажет. Бір шаршы шақырымға 6,12 адамнан келетін иен даламызға қазірдің өзін­де көздерін алартып отырғандар аз емес. Әсіресе солтүстік облыстардағы демографиялық жағдай алаңдатарлық. Бүгінде бұл өңірлерде екіден артық бала туатындар тым азайып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында әрбір мың адамға шаққанда 14 баладан ғана дүниеге келеді екен.

Статистика агенттігі алдағы сәуір айында Қазақ­стан халқы 17 миллиондық межені бағындырады деп отыр. Ал демографтар 2030 жылы 20 мил­лион­ға жетеміз деген болжам жасады. Бір қызығы, біздің ел­дің мамандары мен халықаралық ұйым өкіл­дерінің айтқандары бір жерден шықпай тұр. The Economist журналының мәліметіне сенетін болсақ, 2050 жылы Қазақстанның халқы шамамен 18 мил­лион адамға жақындайды, ал 17 миллиондық ме­жені 2025 жылы ғана бағындырады екен. Аты дар­дай Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы мүлдем сора­қы, бізге өсім емес, керісінше, кемуді болжап отыр: мысалы, 2050 жылы 13,9 миллион ғана қа­ла­тын көрінеді.

Жұрт не айтса соны айтсын, биліктегілер де­могра­фиялық жағдайды жақсарту үшін қолдан кел­ген­ді жасауы қажет. Мысалы, Қызылжардың әкімдігі әлем­дік тәжірибені ескере отырып қабылдаған «Ұр­пақ қоры» бағдарламасы көптің көңілінен шыққаны анық. 2010-2014 жылдарға арналып жасалған ай­мақ­тық бағдарламаның басты мақсаты облыстың де­мографиялық ахуалын жақсарту, көпбалалы от­ба­сыларды қолдау еді. Бағдарламаның шарты бойынша, төртінші, бесінші немесе одан да көп ба­ла дүниеге келген отбасының кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаларына банкте депозит ашы­лып, әрқайсысына 160 айлық есептік көрсеткіш не­месе 250 мың теңге шамасында ақша салынуы қа­жет. Бұл сома бала 18 жасқа толғанға дейін орташа 10 пайыздық өсіммен көбейе береді. Кәмелетке тол­ған бала депозиттегі ақшаны алып, қажеттілік­тері­не жұмсауы тиіс болатын.

Облыстық мәслихаттың шешімімен төрт жылға ар­налып қабылданған бағдарлама екі жыл ғана жұ­мыс істеді. 2012 жылдың 12 қыркүйегіндегі облыс­тық әкімдіктің қаулысымен және мәслихаттың 29 қа­зандағы шешімімен тоқтатылды. Жұртқа еш ақ­парат берілместен тоқтатылған соң бағдарлама тө­ңі­регінде жел сөз көбейіп кеткені белгілі. Жұрт облыс әкімінің жеке блогына дейін сауал жолдаған болатын.

Тіпті «бұрынғы әкім бағдарламаға бө­лін­ген қаржыны қалтасына басып алыпты» деген де болжамдар айтылған. Ал атал­мыш жәрдемақыны тағайындауы тиіс әлеу­мет­тік қызмет мамандары «өзін-өзі ақтама­ған­дықтан тоқтатылды» дегеннен басқа жауап қатпаған.

Қызылжардың Бәйтерек ауылының тұр­ғыны Серікгүл Бабақұмарқызы – жа­қында төртінші сәбиін босанып, балала­рына банк­те депозит ашқызбақ болған­дардың бірі. Өкінішке қарай, көпбалалы ана әкімдіктің босағасынан аттамастан кері қайтты.

Серікгүл БАБАҚҰМАРҚЫЗЫ, Қызылжар тұрғыны:

– Төртінші сәбиімді ақша үшін тап­қан жоқпын. Бірақ бұл бағдарлама ту­ралы көп жарнамаланды ғой. Сон­дық­тан балаларыма болашақта көмегі тиер еді деп ойлаймын. Оқуына немесе басқа да қажеттіліктеріне жұмсауға болар еді. Бұл көпбалалы отбасы үшін әжеп­тәуір демеу және көптеген ана­лар­ды ын­таландырғаны да рас. Өкініш­ке қа­рай, бағдарлама тоқтап қалыпты. Біреу­ге беріп, екінші біреуге бермегені дұрыс болмады. 

Бағдарлама жұмыс істеген екі жыл ішін­де 1000-нан астам отбасының 4 мыңдай баласына банкте депозит ашылып та үл­гер­ген екен. Енді олардың банктегі ақша­ла­ры не болмақ? Қайтарып алына ма, әл­де өмір сүруін тоқтатқан бағдарла­ма­ның қаты­сушысы болып қала бере ме? Осы сауалды облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлес­тіру басқарма­сы­ның бастығы Асқар Сақып­кереевке жаз­ба­ша түрде жолдаған бола­тын­быз. Бас­қар­мадан келген жауапта бас­тық бұл сұ­рақ­ты айналып өткен екен. Кейін телефон арқылы да жауап алу мүмкін болмады.

Бағдарламаның болашағы жайлы са­уал жақында облыстың жаңа әкімі Самат Ескендіровтің халық алдындағы есепті кездесуінде де қойылды. Өңір басшысы облыстың бюджеті бағдарламаны қар­жыландыруға жетпегенін айтып ақталды.

Самат ЕСКЕНДІРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көпбалалы отбасыларды қаржы­лай ынталандыруға арналған «Ұрпақ қоры» бағдарламасы жақсы жұмыс іс­теді. Туу болжанғанымыздан да артып кеткенін көрдік. Бірақ екі жыл ішінде об­лыстың бюджетіне бұл едәуір салмақ сала бастады. Бюджет көтере алмады. Сондықтан уақытша тоқтатуды ұйғар­дық, енді республикалық бюджеттен ақша бөлуді сұрап жатырмыз. Бағдар­лама мүлдем тоқтап қалмайды деп ата-­аналарды сендіремін. Бір жылдай күте тұруға тура келеді. Жалпы, көп­ба­лалы ата-аналарға қолдан келген бас­қа да көмектерді көрсететін боламыз.

Біздің биліктің бюджет қаржысын оң­ды-солды шашқанда алдарына жан сал­май, ал балаларға жәрдем беруге кел­ген­де аузын қу шөппен сүрте қалатыны қы­зық. Мысалы, «Ұрпақ қоры» бағдарла­ма­сы үшін 2010-2012 жылдарға 723,9 миллион теңге ғана қаржы бөлінген екен. Оның 700 миллионы облыстық, қалғаны аудандық қазыналардан қарастырылған. Бір қарағанда көп ақша болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен бұл болашаққа салынып жатқан инвестиция емес пе? Ал оңды-солды шашуға келсек, жақында ғана Қы­зыл­жарда бюджет қаржысына әрқайсысы 600 мың теңгеден сатып алынған мыңға жуық австриялық ауру сиыр өртеліп жі­берілгенін білесіз. Өзіңіз есептеп көріңіз, мұнда да сол шамалас ақша. Балалардан аяған бюджет қаржысы осылайша күлге айналып жатқанын біздің билік түсінбейтіні таңғалдырады.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

 

http://alashainasy.kz

Рубрика: