АЛТЫНОРДА
Новости

БАҚ заңының қай тұсы олқы?

Қазақстанда Қылмыстық кодекстің жаңа жобасы әзірленіп жатқанынан біршама жұрт хабардар. Сондықтан болар, қылмыс­тық һәм құқық саласындағы өзекті жайттардың жай-жапсары әу бастан қоғам талқысына шығарылып келеді. Мұндай маңызды мәселенің бірегейі – ұлттық медиа заңнама. Әлбетте, заң-закөнді жетілдірудің шегі болмайтыны ақиқат. Дегенмен Қазақстандағы БАҚ заңының қай тұсы олқы? Медиа нарықтың дамуын даңғыл ету үшін жаңа кодекстен нені алып, нені қалдыру керек? Осы мәселенің біршамасы кеше медиа заңнаманы реформалаудың келешегіне арналған дөңгелек үстел жиынында сөз болды.

Қазақстанның қылмыстық заңнамасы біраз жыл бойы ізгілену жолында реформаланып келеді. Ал Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы енді жазылып жатқан тұста көптеген ұйым ізгіліктің одан кейінгі қадамын күтіп отырғандай. Кешегі дөңгелек үстелдегі басым пікір де – соған айғақ. Нақтырақ айтсақ, елдегі бірқатар қоғамдық қорлар, үкіметтік емес ұйымдар кодекстен «жала жапқаны үшін қылмыстық қудалауды тоқтату» оны жеңілдетіп, азамат­тық-әкімшілік жауапкершілікпен алмастыру туралы бастама көтереді. «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Қалеева Қылмыстық заңнамадағы «жала жабу мен тіл тигізуді» криминалсыз­дандырып, мұндай бапты Қылмыстық ко­декстен мүлдем жоюды ұсынады. «Кодекс жобасына сәйкес, Бас прокуратура әзірле­ген нұсқалар көп болды. Оның ішінде 60 күнге дейін қамауға алу да болған, енді қайтадан үш жылға дейін бас бостанды­ғынан айыру мен мөлшері тым ауыр айыппұлдарға келіп отырмыз. Біз ол бапты алып тастау керек деп есептейміз», – дейді Тамара Қалеева. Бұл ретте қор басшысы мұндай әрекеттерді қылмыстықтан алас­тап, азаматтық дау саласына жатқызу ке­рек. «Қандай мәселе болсын кім-кімге жа­ла жаппасын, түбі «мен бұған наразымын, біз сізбен кездесіп, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін дәлелдеуіміз керек» деген қағидамен жұмыс атқарылғаны игі», – дейді өз ұстанымын нығыздаған Қалеева ханым.

Жалпы, үкіметтік емес ұйым мен ха­лықа­ралық ұйым сарапшыларының басым бөлігі диффамацияны қылмыстық қуда­лау­дан арылту демократия мен сөз бостан­дығы үшін маңызды қадам болатынын алға тартады. Айта кетерлігі, келтірілген деректерге қарағанда, ТМД аясындағы бес мемлекет диффамациядан бас тартқан екен. Сарапшылар да ендігі күні заңнама­лық реформаларды қолға алған Қа­зақ­станнан осындай игі қадамға барған ал­тын­шы ел болғанын күтетін тәрізді. 2012 жылы бұл бастамаға Украина мен Тәжік­стан, Қырғызстан қосылыпты.

Ал еліміздің ресми органдарына кел­сек, оның ішінде Қылмыстық кодекстің «чер­новойын» жазып жатқан прокуратура­ның ұстанымына келсек, мұндай идеяға қарсылар басым. Уәждері де баршылық. Мәселен, Бас прокуратураның Қылмыстық кодексті дайындаған жұмыс тобының  сарапшысы Руслан Тоқтағұловтың айтуын­ша, кодекс жобасында «жала жапқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы» сақталған. «Диффамация үшін қылмыстық жауапкершілікті жою мәселесі аса маңыз­ды, сонымен бірге күрделі міндет. Парла­мент Мәжілісіне енгізілген заң жобасында жала жапқаны және ар-намысына нұқсан келтіріп, жәбірлеу секілді екі қылмыстық құрамды қылмыссыздандыру қарастырыл­ған еді. Алайда, өкінішке қарай, жоғары өкілетті орган бұл бастаманы қолдай қой­мады», – дейді Руслан Тоқтағұлов. Оның сөзіне қарағанда, Қылмыстық кодекстің қазіргі жобасын әзірлеу барысында атал­ған екі қылмыс құрамы қылмыстық айып санатына ауыстырылып, ол бойынша бұл­тарт­пау түріндегі ауыр жазаны қолданудан бас тарту көзделген. «Өкінішке қарай, кодекс жобасын ведомствоаралық жұмыс тобындағы талқылауларда бұл бастама тағы да қолдау таппады. Оның ішінде жала жапқаны үшін қаралатын қылмыс құрамы бойынша бас бостандығынан айыру секілді жаза түрі сақталып отыр», – дейді проку­ратура өкілі. Ал уәжге келсек, мынадай ұстаным алға тартылады: «жала жабу мен тіл тигізуді криминалсыздандыру ой еркін­дігіне еш септігін тигізбейді, керісінше, бұл азаматтардың ар-ожданы мен беделіне әдейі нұқсан келтіруге деген ұмтылысты өршітеді. Бұл азаматтық саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелеріне қайшы келеді».

Сөз бостандығы, пікір еркіндігімен ұштасатын медиа заңнамада түзетілуі тиіс екінші мәселе – айыппұл мөлшерінің тым ауырлығы. Мәселен, «Әділ сөз» қоры жүр­гізген мониторингке сенсек, 2012 жылдың өзінде азаматтық істер бойынша мораль­дық шығынның өтемақысына қатысты түскен талап-арыздардың жалпы сомасы 4,5 млрд теңгені құраған. Ал жаңа кодекс­тің жобасында жала жапқаны үшін айып­пұл­дың жоғары мөлшері 10 есеге дейін артатынын айтып дабыл қағатындар да баршылық. Осыны ескерген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 5 млн теңгеден аса­тын соманы айыппұл ретінде төлеу журна­листер үшін тым ауыр екенін, ондай айып отандық тәуелсіз журналистиканың дамуы­на үлкен кедергі болатынын алға тартады.

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы:

– Біріншіден айтарым, мұндай басқосулар аса қажет. Өйткені БАҚ заңнамасы жетіліп отыруы шарт, оған түзетулер қажет. Дегенмен мұнда тоқ­талатын мәселе – ондай құжатты әзір­леу­дің ашық болуы. Құжат кабинеттерде талқыланып, кейіннен Парламентте соңғы нүкте қойылады. Бұдан журна­листер қауымының өзі шет қалып жата­ды. Ал медиа заңнаманы реформалауға келсек, бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамада түзетуді аса қажет ететін екі бап бар. Оның бастысы журналистерге салынатын айыппұлдың көлеміне қатысты. Соңғы уақытта мұның көлемі шексіз өсіп кеткен. «100 млн, 500 млрд теңге» деп кете береді. Бұл дұрыс емес. Соны бірнеше жыл бойы көтеріп, айыппұлдың шамасын 1 миллионнан арттырмау керек деп жүрміз.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

http://alashainasy.kz/politics/41447/