Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінгі күн тәртібінің ең басты тақырыбы – азық-түлік бағасының жорықсыз қым­баттауына жол бермеу. Девальвация дегеніміздің теңгенің шетелдік валюталарға қатысты бағамын төмендету еке­нін екінің бірі біледі.

Девальвация да инфляция секілді тұрғындардың сатып алу қабілетін тө­мендетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұрын­ғы еңбекақымызға алатын тауарлар мен азық-түлік көлемі азаяды. Әйтсе де, бағаның тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар жасалып, базарлар мен дүкендердегі адам баласына ең қажетті тамақ өнімдері мен тауарлар бағасының қолжетімді деңгейде болуы үшін арнайы комиссиялар күн-түн демей жұмыс істеуде. Осыған орай, газеттің республиканың әр өңіріндегі меншікті тілшілері ел арасындағы бағаның бағыты жайында ақпараттар жіберуде.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтизаровтың айтуынша, 11 мен 15 ақпан аралығында арнайы штабтың қатысуымен бақылау жасалып, біраз сауда нүктелерінде заңсыздықтар да анықталыпты, – деп хабар­лай­ды Маңғыстау облысындағы тілші Венера Мир­лан.
Қалалық әкімдіктің мұрындық болуымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында он шақты сауда орындары, орталық базар бас­шыларымен келіссөздер жүргізілген. Бүгін­де, тұрғындар үшін 500 мың тонна картоп, 300 тон­на сәбіз бен пияздың қоры сақталған көрі­неді. Сондықтан да делдалдық жолмен оңай олжа­ға кенелгісі келетіндер болса, заң бойынша жа­за­сын алатын болады.
«Егер көрсетілген межеден тыс баға көтерілетін болса, онда қалалық әкімдік тарапынан қатаң шара қолданылады. Құзырлы органдардың қолдарына тапсырылып, «антимонополия» олармен жұмыстанатын болады. Отандық өнімдердің бағасын көтеруге ешқандай негіз жоқ. Ал шетелден әкелінген тауарлардың бәрін бақылаймыз. Ол бұрынғы бағамен сатылған өнім бе, әлде жаңа бағамен алынған ба, мұның барлығына тыңғылықты тексеріс жүргізіледі» дейді Ақтау қаласы әкімі­нің орынбасары Рахат Елтизаров.
Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Бақыт Ұлықпанов пен бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің басшысы Алтынбек Ақмырзаев брифинг өткізді. Б.Ұлықпановтың мәлімдеуінше, банктердің айырбас орындарында, жанар-жағармай құю бекеттерінде, сауда орталықтарында бағаларды бақылайтын, күніне екі рет мониторинг жүргізетін штаб құрылған. Қазір өңірге Ресейден АИ-92/93, АИ-95, АИ-96 және АИ-98 маркалы жанармайлар импортталады. Аймақтық операторларда ол маркалардың артық қоры 3 аптаға жетеді. Жаңа жеткізілім наурыз айының басында болады, сондықтан жанармай бағасы көтерілуі мүмкін. Ал сауда орындарында тұрмыстық техникалардың бағасы бас кеңсенің нұсқауымен 10-30 пайызға өскен.
«Бұл жолы сауда орындары Астана мен Алматы қаласындағы бас кеңселеріне тәуелді, бағаны да солар бекітіп отыр. Бағаны тұрақ­тандыру мақсатында «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорны Қызылордадан делдал­сыз 64 мың келі күріш, Орта Азия қант қызылшасы корпорациясынан 136 мың келі қант, Бейнеу астық терминалынан 1-ші сортты 64 мың келі ұн алуға келісімшарт жасалды. Импорт бойынша Ауғанстан, Иран, Ресейден жеткізілетін тауардың деклорациясын тек­сереміз. Олардың логистика, транспортқа шығар шығыны ескеріледі» дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас­шысы Бақыт Ұлықпанов.
Сондай-ақ ақтаулық сүт зауытымен өткен жылдың қараша айында жасалған үш жақты келісім бар. Келісімшарт негізінде сүт өнімдерінің 21 түрі қамтылып отыр. Азық-түлік тауарлары­мен қамту «Каспий-Берекет» кәсіпорынына жүк­телді. Аталмыш кәсіпорын өнімдері өзге сауда орындарынан 15-20 пайыз арзан. Бағаны тұрақтандыру үшін «Каспий әлеуметтік кә­сіпкерлік корпорациясы» отандық азық-түлік өндіруші кәсіпорындармен келісімшартқа отырды. Сонымен қатар шетелден тасымал­данатын тауарға рәсімделетін құжаттардың барлығы тексеріліп, басқарманың бастамасы­мен бағаны бақылап отыратын байланыс желісі жұмыс жасайды. Кез келген адам бағаның негіз­сіз көтерілгенін байқаса 31-32-82 телефонына хабарласа алады.
Сондай-ақ Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин шаһардағы ірі сауда кешендерінің иелерін жалдау бағамын қалыпты ұстауға шақырып, арнайы кездесу ұйымдастырды. Кездесу жиынының күн тәртібінде – сауда ғимараттары мен алаңдарын жалға беру құнын қалыпты жағдайда ұстау мәселесі талқыланды. Бұл бағытта жағдайды реттеу мақсатында қала әкімдігімен өзара меморандумға қол қоюға дайын екендіктерін білдірді. Аталған құжаттама жалға беру бағамын негізсіз көтеруге жол бер­мейтін болады.
Сондай-ақ баға тұрақтылығын сақтау мақ­сатында Ақтау қаласындағы 30 шағын аудан­да ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл кей пысықай сатушылардың алдын орап, бағаны тұрақтандыруға ұйымдастырылып отыр. Яғни әлеуметтік маңыздағы тағам түрлеріне құн шарықтамауы қажет. Сондықтан көтерме сау­дагерлер тұрғындардың тілегіне дөп келіп, қолда барын базарға шығарды. Жәрмеңкедегі картоптың 1 келісі – 90 теңге болса, сәбіз бен пияз да сол шамада. Еттің бағасы 850 теңгеден, тауық – 430, 1 келі мандарин – 180, апельсин – 250, қант – 135 теңге, 50 келілік жоғары сортты ұн – 3 мың теңгеден, жұмыртқа – 18 теңгеден сатылуда.
«Мұндағы нан мен сүт өнімдерін «Мағаш» және «Берекет-Ф» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұсынып отыр және олардың өнімдерінің бағасы бұрынғы қалпында. Жалпы, баға базардан 20-30 теңгеге арзан. Біз мұны апта сайын ұйымдастырып отырамыз. Басты мақсат – баға тұрақтылығын сақтау» дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас­шысы Б.Ұлықпанов.
Демек, доллар бағамы көтерілді деп халық­тың дүрлігуіне негіз жоқ. Азық-түлік бағасы өзгеріс­сіз қала бермек. Әр тұтынушы тағам түрлеріне қарап шарықтағанын байқаса бірден әкімдікке шағымдануға болады. Өйткені сол қалыпты сақтау үшін арнайы топ жұмыс жасайды» деп хабарлайды маңғыстаулық тілшіміз.
Ақтөбе базарларындағы баға өсті. Тек тұрақтандыру корына сақталған көкөніс пен нан, ұн өнімдері қымбаттаған жоқ. Олар арнайы сауда нүктелерінде сатылады. Қазір өңірдегі барлық бағаны облыстық әкімдік жанынан құрылған төрт топ қадағалап отыр. Ал тұрмыстық техника сататын ірі сауда орындары доллар бағамы өскен күні жабылып, баға 20-30 пайызға қымбаттаған, – деп хабарлайды ақтөбелік тілші Алтынай Сағындықова.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша бағаны бақылау үшін үш топ жұмысқа кірісті. Негізгі азық-түлік бағасы басты назарда болады. Мұндағы мақсат – алдымен облыс тұрғында­рының сұранысын қамтамасыз ету, – дейді Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі басшысы Анар Даржанова. Дегенмен баға әртүрлі. Қант базарда 160 теңгеге жетті. Бұрын 130 теңге болған еді. Ал ұн құны өзгермеді. Нан қымбаттамады. Қазір картоптың келісі 100-120, пияз 120, сәбіз 150 теңге болды. Барлығының бағасы 10-20 теңгеге өсті.
Баға тұрмыстық техника дүкендерінде 20-30 пайызға көтерілді. Ал кейбір дүкендерде тауар бар, бірақ бағасы жазылмаған. Басшылары мәнісін түсіндіруден бас тартқанымен, сауда менеджерлері «Доллар қымбаттаған күні дүкен жабылды. Бағаларға «түзету» енгізіліп, тұрмыстық бұйымдар 20-30 пайызға көтерілді» деп мә­лімдеді.
Ақтөбедегі жиын кезінде фармацевтика­лық компания басшыларына да тапсырма берілді.
Ірі дәріхана жетекшілері дәрі-дәрмек бағасы­­ның тұрақты болатынына сендірді. Сонымен қатар олар елімізде өндірілетін дәрі түрлерін шетел­ден алмайды. «Теңге девальвациясы ел экономи­ка­сын көтеруге негізделген. Сондықтан азық-түлік және шаруашылық тауарларының негізсіз өсуі­не жол берілмейді» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Облыста бір жарым айға жететін азық бар. Айта кетейік, бағалық комиссия шешімімен облыстың тұрақтандыру қорына 2013-2014 жылдар аралығына 900 тонна картоп, 620 тонна көкөніс, 240 тонна 1-сорттағы ұн салынды. Сонымен қатар 300 тонна қант, 50 тонна күріш және қарақұмық сақтауға бе­рілген.
Ақмола облысынан тілшіміз Абзал Ал­пысбайұлының ақпараты бойынша, бұл өңірде азық-түлік бағасы 11 ақпаннан кейін еш қым­баттамаған. Мысалы, ұнның бағасы девальва­цияға дейін келісі 62 теңге болған екен, кейін де сол бағада тұрақтаған. Нан – 73, макарон – 196, күріш – 140, пияз – 80, картоп – 80, сиыр еті – 1025, қой еті – 950 теңге. Қалған азық-түлік б­а­ға­сы да сол бұрынғы көлемде. Тұрғындар ара­сында азық-түлік бағасына қатысты еш алаң­даушылық туындап отырған жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орын­басары Сапарбек Тұяқбаев төрағалық ете­тін штаб отырысында азық-түлік тауарларының бағасын қымбаттатпау мәселесі сөз болды. Базар басшылары, кәсіпкерлер қатысқан бұл жиын­да Сапарбек Құрақбайұлы «Оңтүстік» ӘКК жаны­нан тұрақтандыру қоры құрылғандығын айта отырып, бүгінгі таңда қор есебінен бір келісі 50 теңгеден болатын жалпы 3 мың тонна ұн бөлініп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар бұл қор ауылшаруашылық өнімдерін де төмен бағада сатуға дайын екендігін атап өтті. Ол үшін кә­сіпкерлер меморандумға қол қойып, бағаны тұрақтандыруға өз үлестерін қосуы керек. Әлеуметтік дүкендерде нан бағасы 35 теңгеден аспайды деген облыс әкімінің орынбасары отандық тауарларға бағаны негізсіз көтерген базар басшыларына қатаң шара қолданыла­тынын ескертті, – деп хабарлайды облыс әкімші­лігі баспасөз қызметі.
Еліміздің өзге аймақтарында да бағаны ырықтан шығармаудың бар жолдары қарас­тырылып, арнайы комиссия жұмыс істеуде. Әйтсе де, шұжық өнімдерін өндірушілер әзірше бағаны бұрынғы қалпында сақтап тұрғанын, алайда екі-үш аптадан кейін олардың бағасы 20-30 пайызға көтерілетінін айтуда. Өйткені шұжықтарға (колбаса өнімдері) қосылатын неше түрлі қоспалардың бәрі дерлік шетелдерден сатып әкелінеді. Есеп айырысу, әрине, міндетті түрде доллармен жүргізіліп, өндірушілердің бағаны өсірмеуге шамасы келмей қалады-ау деген қауіп бар.

Алма Мұхамеджанова

http://www.aikyn.kz/articles/view/42746

 

Рубрика: