Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

– «Хабар» агенттігінің тапсырыcымен түсірілген «Күләш» фильмінде қазақтың бұлбұлының рөлінде ойнадыңыз. Бізге Күләш Байсейітова десе, көз алдымызға қиғаш қас, қолаң шаш, жазық маңдай, келбетті, кербез, көрікті бейне елестейді.

Осы фильмдегі Күләш өмірдегі бейнесіне қаншалықты ұқсайды? Кейіпкеріңіз солғындау шықпаған ба? Күрескерлігі, алмас қылыштай жарқылдап әлемді мойындатқаны көмескілеу болып қалған жоқ па?

 

– Дәл Күләш апамызды айнытпай сомдай алдым деп айту қиын. Бағасын ел айтар. Жүрегіммен қалай сезіндім, солай ойнап шықтым. Күләш Байсейітованың қызы Қарлығаш апамыз «Өте қатты ұқсады, жақсы ойнап шықтың» деп алғысын айтып жатыр. Сөйлегенім, күлгенім, жанымнан қарағандағы кейпім қатты ұқсаса керек. Мені фильмге түскенде Күләш апамыздың әруағы қолдады. Бұрын-соңды кинода тәжірибесі аз маған тарихи фильмге түсу оңай болған жоқ. Намысқа тырысып, шынайы әйел тағдырын ойнап шықтым. Өнер мен отбасын қатар алып жүрген әр әйелдің басында бар тағдырды көрсеткім келді.

 

– Әдетте тарихи-биографиялық фильмдерде басты рөлге көрерменге танымал актрисалар таңдалушы еді. Таңдаудың сізге түскені бет пішініңіздің ұқсастығы ма?

 

– Тарихи тұлғаны сомдау маған бұйырған бақыт болар. «Күләш» фильмі түсіріледі дегенде, кастингке қатысқан жоқпын. Т. Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясын бітірген соң, Болат Атабаевтың «Ақсарай» театрында жұмыс жасадым. Содан кейін тұрмысқа шығып, баламен үйде отырдым. Сол уақытта бірге оқыған құрбыларым: «Әйгерім, «Ғашық жүрек» фильміне кастинг өтіп жатыр. Бағыңды сынап көрсең қайтеді?» деді. Барып бағымды сынамаққа бекінгеніммен, жетістікке жететініме, өз мүмкіндігімді көрсете алатыныма сенбедім. Сырт келбетім де толықтау еді. Кастингтен өтпедім. Арада бір жылдай уақыт өткенде 2013 жылдың тамыз айында Баян Есентаева басшылық ететін «Shine Production» компаниясының қызметкерлері хабарласып: «Біз «Осторожно, корова!» деген комедия түсіріп жатырмыз. Фильмде ауылдың келінін сомдайтын актриса керек» деді. Содан комедияда келін рөлінде ойнадым. Сол фильмге түсіру кезінде-ақ продюсер Баян Есентаева мен режисер Асқар Ұзабаев келесі «Күләш» телехикаясына түсетін актерлерді таңдап жүрген екен.

 

– Кастингіге қатыспай, бұрын киноға түскен тәжірибеңіз болмаса «Осторожно, коровадан!» кейін Күләш Байсейітовадай атақты тұлғаны сомдауға жүрексінген жоқсыз ба?

 

– Бірден басты рөлді ойнаймын деген өңім түгілі, түсіме де кірмеген. Кастингіге катысқан аурулардың арасында драма театрлардың беткеұстар актрисалары тұрғанда маған рөл қайдан бұйырсын дегенмін. Отбасым, жұмысым бар. Тұрмысқа шыққан соң театрдан да шет қалдым ғой. «Үйде отырмасам болды» деп жұмыс жасап жүрмін. Сөйтіп, бара алмаймын деп төрт рет ұсыныстан бас тарттым. Кастингтің басшылары: «Күләштай аты аңызға айналған әншіні сомдау екінің біріне бұйырмайтын бақ! Мұндай мүмкіндік қайтып келмейді» деп мені қайрады. «Отбасым фильмге түсуіме рұқсат бере ме екен?» деген де ойда болдым. Екі ойлы болып жүріп, шай үстінде енеме «Күләш Байсейітованы сомдауға шақырып жатыр» деп айттым. «Осторожно, корова!» фильміне ұсыныс жасағанда енем: «Театрдың оқуын текке оқыды ма, киноға түссін» деп келісімін берген. Көп ұзамай «Күләшке» түсесің деген де арманыма қанат біткендей болды. Енем мені үнемі қолдап, өнеріме жанашырлық танытып жүреді. «Күләштай атақты адамның рөлін сомдау үшін табалдырығымызға келіп, рұқсат сұраса, қалай жібермеймін?! Күләштің аруағынан да ұят» деп енем ризашылығын берді.

 

– Кинода Күләш Байсейітованың көзі тірісінде театр сахнасында сомдаған қойылымдары, ойнаған рөлдері туралы мұрағаттан бейнежазбалар, суреттер пайдаланылған. Одан бөлек, өзіңіз Күләш болып орындаған әндер, опералар архивтегідей бола алды ма?

 

– Кинода сол заманның қалыбы мүмкіндігінше сақталды. Күләш апамыз Б.Майлиннің, Н.Гогольдің, М.Тригердің, М.Әуезовтің шығармаларындағы бейнесі арқылы сахнада тамаша қабілетімен көрінді. Қазіргі техниканың көмегімен дәл сондай болмаса да, бүгінгі күні фильм арқылы халықпен қайта қауышты. Сахна үшін жаралған жан екенін жеткізуге баса назар аудардым. Өнер адамының өмірдің қиындығын өзгелерге қарағанда ерекше сезінетінін, жүрекпен қабылдайтынына айрықша басымдық бердім. Сахнада гүлдей жайнап, өнерімен елді тәнті еткен актриса, әнші үйге келгенде ең бірінші ана, әйел адам екенін ұмытмаған. Дос-жаран, ұзақсонар гастрольдік сапарлар, сол кезеңде шетелге шығу қазақтың қыздарына таңсық дүние еді ғой. Оларда ар-намыстың туын берік ұстап, қазақ қызының намысын қайда жүрсе де қорғайтын парасаттылық болған. Өнерді ұлттық намыс деп түсінген. Мұны айтып отырғаным, мәселен, қазіргідей қазақты жамандайтын кейіпкер болса да дүние, танымалдылық үшін қазақты қорламаған.

 

–  «Сәнін берсін Сәкеннің, Әнін берсін Күләштің» дегендей қазақтың да операда әуел бастан үлесі бар екенін дәлелдеп кетті емес пе?

 

– Операның отаны Еуропа болғанымен, Күләш апамыз өнердің ең биік шыңы – операны да бағындырды. Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Е.Брусиловскийлердің операларын шеберлікпен орындауы операны қазақтың әншілері де орындай алатындығын өз заманында мойындатты. Күләш апамыздың кинодағы дауысын «Астана-Опера» театрының әншісі Жәмила Жарқымбаева салды. Бұлбұлды қайталау мүмкін емес, бірақ басты рөл болған соң өмірін де, өнерін де жеткізуде аянып қалған жоқпын.

 

– Фильм шыққаннан кейінгі ортаңыздың көзқарасы қалай болды? Алдағы уақытта Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова туралы фильм түсірілсе барасыз ба?

 

– Әрине, барамын! Өйткені «Күләшке» түсу арқылы өнерге қайта келдім. Мектепте оқып жүргенде «Ах, Самара городокты» нақышына келтіріп айтатынмын. Бәрі «Кішкентай Роза Бағланова» деуші еді. Күләшті сомдаған кезде дауысын, жүріс-тұрысын әжеме ұқсаттым. Менің әжем Күләш Байсейітоваға қатты ұқсайды. Кішкентайымнан әжемнің тәрбиесінде өстім. Өнерге баулыды. Келбетім де әжемнен аумай қалған. «Ақсарай» театрында жұмыс жасап жүрген кезде концерттеріме жердің шалғайлығына қарамастан, Алматыға арнайы келіп көретін. Фильмде жылайтын жерінде үнемі әжемді есіме алдым. Бірақ әжем киноға түскенімді көре алмай кетті. Кинодан көрген соң дос-жаран, ауыл-аймақ тегіс құттықтады. Мен үшін де тың құбылыс болды.

 

– Кинода өмірбаянының сан қыры, отбасылық өмірінің ой-шұқыры түгел қамтылды ма?

 

– Бала күннен өнерге бейімділігі, ауыл-аймақты тәнті еткен өнерінен бастап, өмірінің соңғы сәтіне дейін түсірілді. Жеті жылдық мектепті бітірген қаршадай қыз Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Ол заманда қазақтың қыздары оқу, өнер жолына түсу деген ілуде біреу болмаса оқымайтын болған ғой. Қыз баласының өнерде де өз үлесі бар екенін, қазақ қыздарының өнерімен әлемді мойындата алатындығын дәлелдеген, сол кезеңдегі қатып қалған «әйел баласы үйде отыру керек» деген сеңді бұзған Күләш апамыз ғой деп ойлаймын. ХХ ғасырдың басындағы кезеңді сипаттайтын кино Орал қаласында бір айға жуық түсірілді. Сценарийін Тимур Жақсылықов жазды. Продюсері – Баян Есентаева, режиссері – Жасұлан Пошанов. Анасының рөлін Райхан Айтқожанова, күйеуі Қанабек Байсейітовті Ақтау музыкалық театрының артисі Медғат Өмірәлиев ойнады.

– Туған жері Арқа өңірі бола тұра, кино не себепті Оралда түсірілді?

 

– Өткен ғасырдағы декорацияны көрерменнің көз алдына боямасыз көрсету үшін Орал қаласы таңдалып алынды. Тарихи мұражайлардан сол кездің жәдігерлерін жинауда суретшілердің, жалпы кино түсіруші топтың атқарған еңбегі орасан зор. Кейіпкерлердің бет пішінін дәл ұқсату да грим жасайтын қыздардың жұмысы да қауырт болды.

 

– Грим жасау, актерлерді бояндыру да өнер. Сіздің ойыңызша, сән саласы сәт сайын жаңарып, жаңа түрге еніп жатқан қазіргі кезде киноға түсу үшін актерлерді қалай таңдаған дұрыс?

 

– Ел өнер дегенде тек сұлу, тұнық дүниені елестетеді. Қазіргі кезде бояу қосымша әр береді. Мүмкін, қазіргі сән индустриясы дамыған кезде жастарға тек әдемі қыздар ғана, сыртқы келбет қана қажет болар. Неше түрлі сән туралы журналдар, теледидардан тек қана сәнді насихаттау жастарымыздың санасына кішкентайынан тек қана әдемілікті қалыптастырған болар. Қарапайым сәннің көшіне ілесе алмайтын қалтасы жұқалар эфирге шықпауы керек пе? Кейде телехикаларға эстрадалық әншілер түсіп жатады. Бірақ көрермен кім жүрекпен ойнайды, соны көреді. Әрине, түрі, кескін-келбеті келісті болғанымен, кәсібилік болмаса өнер адамына абырой әкелмейді. Елдің есінде де қалмайсың.

 

– Әйгілі әнші, қазақ операсының алғашқы қарлығашы, қоғам қайраткері Күләштің заманындағы көреалмаушылық пен қазіргі өнердегі бақталастықтың айырмашылығы бар ма?

 

– Домалақ арыз жазатындар, көреалмаушылық, іштарлық қай заманда да бар. Болған, бола да береді. Меніңше, аяқтан шалудың қай кезде де айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Күләш апамыз небәрі жиырма төрт жасында Халық артисі атағын алды. Сүйген адамымен бір шаңырақ астында тұрды. Тұрмысқа шыққан қыздардың өнерде жолы бола қоюы екіталай. Өнерде бағы жанды. Балалы-шағалы, әйелзатына қажетті бақыттың бәрі Күләш апамыздың бір басында болды. Медальдің екі жағы болатыны секілді өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады ғой. Сұлу жарды қызғанбайтын еркек қайда?.. Әйел адам отбасы, ошақ қасында отыру керек деген менталитет те бар ғой. Мүмкін, кейіпкерімнің де өмірі солай болған шығар. Өзім де мазмұнды, тарихи тұлғалар жайлы, әскери фильмдер көргенді жақсы көремін. Әркім қалтасына қарай кино түсіретін заманда осындай тарихи тұлғалардың өмірі, өнері насихатталып жатқанына қуанамын.

 

– Фильмде өмірдегі жолдасы, өнердегі қолдаушысы, майталман актер Қанабек Байсейітов екінші деңгейде қалып қойған жоқ па?

 

– Қазатың Опера және балет театрының негізін қалаушы,  сері, әнші, актер, режиссер, драматург, Халық артисі Қанабек Байсейітовтың өнердегі алар орны ерекше. Фильмде ең бірінші қорғаны, қолдаушысы ретінде берілді. Меніңше, өнер адамының жары Қанабек Байсейітовтей болу керек. Сол кездегі ең жоғарғы марапаттар, елдің ықыласы, өнердегі талас-тартыс, өмірдің күтпеген сыйын екеуі де өнер адамы болғаннан кейін бірігіп жеңе білді. Қиындықта да, қайғыда да қайыспайтын қара нар Қанабек Байсейітовтың қазақ өнеріне қосқан еңбегі өлшеусіз. Кинода жастайынан «әнші бала» атанған сегіз қырлы, бір сырлы талант Қанабектің де өнердегі қыруар еңбегі өмірдегі шынайы болмысымен қатар өріліп отырды. Балаларының тәрбиесі, ортасынан қағажу көріп, көңілі жабырқаған тұста қамқоршысы, жанашыры болған анасының рөлін Райхан Айтқожанова боямасыз алып шықты. Шынында да, өнердегі, өмірдегі қолдау, демеу Күләшті қазақтың бұлбұлы дәрежесіне жеткізді.

 

– Екеуі де елдің ықыласы, марапатқа лайық болды. Құрмет-қошеметтен кенде болған жоқ. «Күләшті» түсірген кезде кейіпкер ретінде өзіңізге атақ-даңқтың өнер адамына қажеттілігі қаншалықты әсер етті?

 

– Өнердегі марапаттау, жоғары атақ-дәреже өнер адамының көңіліне медеу, шығармашылығына шабыт береді. Жанымен, жүрегімен бүкіл өнерін өмірім деген хас таланттардың мерейі әрдайым асқақ болғаны дұрыс. Марапат – өнеріне берілген баға. Сондықтан хас шеберлерді тасада қалдырмай, төрден орын беріп, үнемі насихаттау әрқашан ауадай қажет.

 

– Болмысыңыз қазақы, өзіңіз орыстілді болғаныңыз қазақтың сөзінің құдіретін жеткізуде кедергі болған жоқ па?

 

– Қазаққылық қанымда бар ғой. Әже тәрбиесінде өстім. Орыстілді болғаныммен, қазақтың салт-дәстүр, тәлім-тәрбиесін жете түсінемін. Үйде барлығы орысша сөйлейдi. Әжем Зәкәрия қазақша сөйлеуге үйретті. Бесінші сыныптан бастап мектеп-интернатта оқыдым. Солтүстік Қазақстан облысы Аққайыңдар ауданы Көктерек ауылында 1985 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келдім. 2004-2008 жылдары Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясында Болат Атабаевтың сыныбында оқыдым. 2008-2009 жылдары «Ақсарай» мюзикл театрында жұмыс жасадым. Қазір, Құдайға тәубе, енем, отбасым өнерге жанашыр. Жолдасым Марат – құқық қорғау саласының маманы. Қызымыз Аяулым өсіп келеді. Бұрын әжем: «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін!» деп айтып отырушы еді. Оқу бітірген соң екі жыл театрдан кейін өнерден біржола шет қалдым деп ойлағанмын. Араға жылдар салып «Күләшке» түскенде әжемнің тілегі қабыл болған шығар. Елдің көңілінен шықтым ба, шықпадым ба көпшілік төреші. Күләшін іздеген елге айтар алғысым шексіз.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

http://www.aikyn.kz/articles/view/42265

 

Рубрика: