АЛТЫНОРДА
Новости

АЗУЛЫ БИ, АЙТУЛЫ БАТЫР

d733589151b11547a2d5d69d0c13088aКонференция жұмысына республика ғылыми орталықтары мен Қырғыз республикасының белгілі ғалымдары қатысты. 

 

Конференцияның алғашқы күні Қырғыз республикасының Панфилов ауданындағы Шорғұлы ауылында жерленген Сыпатай батырдың туған ағасы Андас батырға кесене ашылды. Кесенені тұрғызуда Мерке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманәлиевтің мұрындық болуымен аудан азаматтары Болат Рахымбаев, Махсұт Ертісбаев, «Ая сервис» жол құрылысы мекемесінің басшысы Әлімбек Жұмағұлов және басқалар қаржылай және материалдық көмектерін берді. Жиналған көпшілік Андас баба рухына бағыштап дұға жасады.

Конференция аудандық оқушылар үйінде болды. Конференция жұмысын жазушы, профессор, академик Нағашыбек Қапалбеков жүргізді. Ол Сыпатай батырға арналған конференцияның мәніне тоқтала келіп, «Қазақпарат» баспасынан Мұхтар Қазабек, Мадет Қожакеев және өзінің құрастыруымен «Сыпатай батыр» атты ғылыми тұрғыда жазылған кітапты залда отырғандарды таныстырып, осы конференцияны ұйымдастыруда сенатор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімнің қолдауын ерекше атап өтті. Сондай-ақ конференцияны өткізуге тікелей ұйтқы болған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партияның хатшысы «Ақорда» республикалық қозғалысының басшысы Қайрат Сатыбалдының және басқалардың құттықтауларын көпшілікке жеткізді.

Беташар сөзді Мерке ауданының әкімі Сапарғали Жұмағұлов алып, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы баяндаманы «Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Саттар Мәжитов жасады. Ол конференцияны ұйымдастырушыларды құттықтай келіп: 

«…Сыпатай бабамызды толық білу үшін жан-жақты зерттеу жүргізу керек. Анау былай деді, мынау былай деп айтты деген ауыз екі сөздер, дәлелсіз тұжырымдар ешқашанда тарихқа жүрмейді. Өткен аптада Мемлекет хатшысы Марат Тәжин Астанаға тарихшыларды жинап, үлкен кеңес өткізді. Онда ол кісі XVII-XX ғасыр аралығындағы қарама-қайшылықтарды ғылыми тұрғыда талдауға тарихшылар назарын аударды.

…Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық  көтерілісіне қатысқан Сыпатай Әлібекұлы төңірегінде осы күнге дейін әрқилы тұжырымдар мен алыпқашпа сөздер айтылып келеді. Оның әсіресе қырғыздар мен орыстар пайдасына шығып, қазақ халқының мүддесіне сай келмейтін сатқындық жасады деген тұжырым көбірек айтылуда. Егер осы күнге дейін сақталған деректерге сүйенсек, онда қырғыздармен соғыстың шешуші кезеңінде Сыпатай батыр мен Ұлы жүз дулаттың сұлтаны Рүстем ұрыс алаңынан кетіп қалған болып шығады. Алайда бір қарағанда солай сияқты көрінеді. Ал ғылыми талдау ондай көзқарастардан мүлдем бөлек.

Бұл концепцияның шығуына тарихпен айналысып жүргендер белгілі ғалым Ермұхан Ертісбаевты айыптап келеді. Оның «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясымен мұқият танысқаннан кейін ойға мынандай тұжырымдар оралады.

Біріншіден, Е.Б.Бекмаханов «тонаудан қорыққан қазақ сұлтаны Рүстем мен би Сыпатай Кенесары қозғалысына қосылса да, ұрыс болатын күні түнде Кенесеры жасағын тастап кетіп қалды» деп жазып қана қойған. Екіншіден, белгілі тарихшы Сыпатай мен Рүстем төре өз сарбаздарын бөліп алып, Шу өзенінің қарсы жақ бетіне шыққаннан не ұтты деген Мадыбек Бекожаевтың әңгімесінен үзінді келтірген. Олар күн шыққанша арғы бетке өтетін өткел іздеп Мықан суы маңында тұрып қалды. Сол кезде «қырғыз әскерлері оларды байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда адам өте алмайтын ұйықты су, қазақтар жеңіліс тапты, бірқатары қырғыздарға қолға түсті». Үшіншіден, Сыпатай мен Рүстемнің сатқындығын анықтап көрсеткен Е.Б.Бекмахановта тікелей дәлел жоқ. Осындай жағдайға байланысты Е.Бекмаханов тарихи факті келтіруге міндетті бола тұра Кенесары Қасымовтың көтерілісінің екі қатысушысының іс-әрекетіне нақты баға беруден қалыс қалған деген ойға қалдырады. Бәлкім бұл жөнінде оның өзінің тұжырымы болған да шығар. Осының өзі Сыпатай мен Рүстемнің сатқындығы туралы Е.Б.Бекмаханов айтып кеткен деген бос сөзділікке алып келеді.

Қазақстан Ұлттық  Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, Ғарифолла Есім сөйлеген сөзінде Сыпатай батырдың басқа да қырларынан келіп, қазақ-қырғыз халықтарының әлімсақтан келе жатқан өзара достық, ынтымақтастығына мейлінше тоқталды. Өткен тарихты қазіргі жағдаймен ұштастыра отырып, Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатты сөз мәнін кеңінен түсіндірумен сөзін аяқтады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің кафедра мең­герушісі Айткүл Махаева.

«Қазақ-қырғыз елі арасында ба­тыр­лығымен, шешендігімен, тапқыр­лығымен ерте танылған Сыпатай Әлібек­ұлының өмір жолы аса күрделі тарихи кезеңде өтті. Бұл кезеңде Қоқан хандығы, Қазақстанның оңтүстік аймағын, Жетісуды басып алып үстемдігін жүргізіп, елді езгісіне салса, ал солтүстіктен патша үкіметі Ұлы жүз елін өзіне қаратып алу үшін Жетісуда әскери экспансиясын күшейте түсті. Міне осындай аса күрделі саяси оқиғалардың бел ортасында Сыпатай батыр жүрді. ХІХ ғасырдың басында қазақтар мен қырғыздар іргелес қонған Жетісу өңіріне ықпалын жүргізуге Қытай да, Қоқанмен қатарласа Ресей де ұмтылған-ды. Қазақстанның батыс, орталық және солтүстік шығыс бөлігін отарлап алған Ресей империя­сы қазақ даласын жаулап алудың біршама «тәжірибесін» жинақтап, қазақтың сырын алғандай болған тұс еді.

…1847 жылы 22 тамызда қазақ-қырғыз билеушілері Қапалға шақырылып, өзара келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісімге қол қойып мөрін басқандар арасында Әли, Сүйік, Рүстем, Бөлен сұлтан, Үмбетәлі, Жантай манаптар, Туғанбай, Диқанбай, Әшекей, Сары билермен бірге Сыпатай би де бар болатын. Аталған келісімнің мазмұны төмендегідей еді.

«Ұлы жүз сұлтандары мен билерінің қырғыз манаптармен достық  туралы жасасқан келісім шарты. 1847 жыл, маусымның 22 күні. Біз Ұлы жүздің сұлтандары мен билері Сібір қазақтарының шекара бастығы генерал Н.Ф. Вишневскийдің қатысуымен қырғыз елінің манаптарымен және басқа құрметті адамдарымен өзара келісе отырып, мына шартқа мөріміз бен таңбаларымызды қойдық:

1. Қырғыз елімен тату. Тыныш тұруға, барымтаға, тонауға және кісі өлтіруге жол бермеуге, арамызда туа қалған дауды өзіміздің дала заңы (әдет) бойынша шешуге міндеттейміз; 2. Егер екі ортадағы тыныштықты барымтамен, қарақшылықпен, кісі өлімімен бұзсақ, онда бізді Құдайдың қаһары соқсын, Ресей заңы бойынша жазаланайық. Қол қойып таңба басқандар…». Қырғыз жағы да Ұлы жүз және Орта жүз қазақтарымен тату тұрамыз деп тура осындай мазмұндағы келісім-шартқа қол қойды. Тек олардың келісім-шартында қосымша «Біздің қонысымыз арқылы өткен саудагерлерге және керуендерге қысым көрсетпейміз, керісінше қорғауға аламыз, әрі мүмкіндігінше қолғабыс жасаймыз» деген жолдар бар.

Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорт Ұлы жүзде де, қырғыздар арасында да руаралық талас-тартысты күшейтіп, бірімен-бірін атыстырып, шабыстыру арқылы олардың әлсіреп, тезірек орыстарға мойынсұнуына қол жеткізуге ұмтылды. «Жабайылылардың іскерлігін жойып жіберу үшін Г.Х.Гасфорт әртүрлі рулар өкілдерінің намысына тиіп, арасына от тастауға ұмтылды», – деп жазған орыс әскерінің шенеунігі М.А.Терентьев. Расында орыс отарлаушыларының айдап салуымен Жетісудағы сұлтандардың, билердің өзара бірлігі бұзылып, рулар арасы шиеленісе түсті. Өздеріне бағынбағандарды Ұлы жүз қазақтарының приставы қатаң жазалауға көшеді. 1855 жылы пристав ұрылар деп албан, дулат, шапырашты руларының 5 адамын сұраусыз атып тастайды. Патша шенеуніктері қазақтарды өздерінен басқаларға салық төлемеуге шақырады, ал бекініс салуға ат-көлік бермегендерге әскер шығаруды бастайды. Осындай қатаң мәжбүрлеуден соң 1855 жылы қыркүйекке қарай Диқанбай би мен Сыпатай би орыс бодандығын мойындайтындарын білдіреді. Ал Тойшыбек би Шудың төменгі бойына қарай көшіп кетеді.  Шу бойының бұл жауынгер қазақтарын бастап жүрген Тойшыбек батырдывң жаулаушылыққа қарсы күресте дулат билері – Диқанбай, Сыпатай, Байзақ датқа, Әли төре және т.б. қолдады. Олардың көмегінсіз сол кездегі озық үлгідегі қару-жарақпен қаруланған  орыс әскерлеріне қарсы ұзақ жыл бойы үзіліссіз күресу мүмкін де емес еді.

…1865 жылы Алатау округінің бастығы Г.А. Колпаковский өзімбілерлікке салып, орталықпен келіспестен Жетісуда түтін салығын енгізуге әрекет жасайды. Құдайменде сұлтан мен Сыпатай бидің қарамағындағы қазақтар бұған қарсы шығады. Олар салық жинауға келген 15-тей қарулы атты казакты тұтқын қылып, байлап тастайды. Сыпатай батырдың ауылына Г.А.Колпаковский өзі келіп, келісім жүргізіп, салықты тоқтатуға уәде етеді.

Филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев:

«…Сыпатай Әлібекұлы ел билігіне ерте араласып, ықпалын көпке жүргізген. Сенімді батыры – Шақшам Тілемес ауыл арасының дауына билік айтуды Өмірбек ішіндегі Базарбай биге тапсырған. Қырғыз ішіндегі сөз ұстары Жанғараш екен. Еларалық үлкен даудың билігін ысты Бөлтірікке ұстатқан. Бірде дулаттың төрт биі бас қасып, қыздың қалың малының мөлшерін белгілеп бекітіпті. Сыпатай бұл жиналысқа кешігіп келген екен. Басқа билер қыздың қалың малын 47 қара көлемінде бекітіп қойыпты. Сонда Сыпатай: «Тұқымданса, бай тұқымдансын дегенсіңдер ғой. Кедей баласы 25 жасқа келгенде ғана мал табады. Сонда 47 жыл жалшы болып жүріп, 47 қара тапқанда, оның жасы 72-ге келеді. Бұл кедей үй болмасын, тұқымданбасын дегендерің ғой», – деп кейістік білдіреді. Сыпатай билердің шешімін өзгертіп, қыздың қалың малының мөлшерін өзінше белгілейді: «47-ні байлар төлей берсін. Қыздың қалың малы тоқтылы қой бата аяқ, сегіз құлынды бие, үш саяқ болсын. Сегіз құлынды бие баламалы болсын: соның орнына майда мал да жүре беретін болсын».

Жаныс Ноғайбай би баласына Сыпатайдың бір баласының қызын айттыра барғанда, бата аяққа жүз жылқы айдап келген екен. Сыпатай мұны мақұл көрмей: «Сыпатай Ноғайбайдан бата аяққа жүз жылқы алды деген ұят. Бата аяққа жүздің бірін аламын. Артығын кемтарларға таратып бересің бе, айдап кетесің бе өзің біл», – депті.

Тарих ғылымдарының кандидаты Бақытжан Жүрсінбаев:

«…Тойшыбек қорғаны үшін шайқас 1850 жылы 19 сәуірде басталады. Капитан К.К.Гутковский бастаған орыс әскерлеріне қазақ және қоқандықтардың 4000-дай бірлескен күші қарсы тұрады. Орыс басқыншыларына қарсы Тойшыбек, Сыпатай, Шаншар, Диқанбай, Әшекей билер мен Әли, Қамбар, Құдайберген сұлтандар бастаған Ұлы жүз қазақтары бір тудың астына жиналып, ерлікпен соғысады. Нәтижесінде Тойшыбек бекінісінің түбінде қатты қарсылыққа тап болған Гутковский келесі күні шегініп кетеді. Тойшыбек қамалы түбіндегі жеңіліс патша өкіметінің халықаралық жағдайдағы беделіне үлкен нұқсан келтіргені соншалықты, сол жылы патшаның жарлығымен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков пен Ұлы жүз қазақтарының приставы Гутковский орнынан алынады».

«Қырғыз энциклопедиясының» редакторы, тарих ғылымдарының докторы Элбай Тұрғанбаев бастаған үш ғалым қырғыз бен қазақ халықтары арасындаға ынтымаққа, Сыпатай батырдың адами қасиеттеріне кеңінен тоқталды.

Конференцияға қатысқан мамандар көтеріліп отырған тақырыпқа ғылыми тұрғыдан келіп, жан-жақты ашып берді. ХІХ ғасырдағы қазақ еліндегі геосаяси жағдай, Кенесары ханның көтерілісі, Сыпатай батырдың көрші қырғыз ағайындармен алдын ала жасасқан келісі-шарттарын бұзбағанын, оның бұл ісі сатқындыққа жатпайтынын, батыр-бидің ел қорғау мен бірлігін сақтаудағы жанкешті еңбектерін нақты дәлелдермен айтты. Конференцияның ғылыми шешімін қатысушылар бір ауыздан мақұлдады.

http://www.turkystan.kz