Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ұлтымыз азаматтары жөнінен айтқанда, ең әуелі, өз ұлтының жалпы халықтық болмысын, айталық, тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, т.б. ерекшелігін айқын ұғынып алуы, сонымен бірге, оны өзіне абырой санайтын шынайы ұлттық мақтаныш сезімі, өршіл ұлттық рухы болуға тиіс. Міне, бұл бір азаматтың ұлттық рухқа бай кісілікті, толымды ұлт уәкілі болуының басты шарты саналады.

Әрқандай ұлттың халықтық қасиеті мен ұлттық рухани қуатының күшті-әлсіздігі сол ұлт уәкілдерінің өзін-өзі шынайы тануы, бағалауы, ұлт болмысын қанық біліп қанына сіңіруі негізінде қалыптасады. Біле білген жанға ұлы жаратылыстың ұлтымызға сыйлаған несібесі жетіп артылады. Мәселенің тетігі өз құндылықтарымызды өзіміз танып, онан жерінбей, қадыріне жетіп игіліктене білуімізде.

Ұлтты сүю, ең әуелі, ана тілді ардақтаудан, түпкі тегін, тарихын, салт-дәстүрін тани білуден басталады. Соның ішінде ана тіл ــ негіздің негізі. Ол ــ халқымыздың атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғастырып келе жатқан баға жетпес рухани байлығы. Онда ұлтымыздың күллі қасиеті, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы қамтылып жатыр. Сондықтан ана тілді ұмыту ــ бүкіл ата-бабаларымызды, тарихымызды үмытумен, жоғалтумен тең.

Қазіргі өзгерісшең өмірдің әсерінен бе, жоқ, халықаралық, ел ішіндік өзара тоғысу мен қос тілді болудың ықпалынан ба, өзі Қазақ бола тұра, өз тарихын, тілін, халықтық қасиетін қанық білмейтін, өз ұлтын өзі қорашсынатын, Қазақ болғанын біртұрлі намыс санайтын ұждансыз, рухсыз ұрпақтың да өсіп келе жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Бұл ойымызға дәлел болар мысалдарды бүгінгі ұлтымыз өмірінен кезіктіру тым ғажаптанарлық жағдай емес.

Бүгінгі ұрпақ тәрбиелеу ісінде кілең өз тілінде оқу-оқытуы жалғаспаған жағдайда ата-аналардың отбасындық тәлім-тәрбиеге айрықша арқа сүйеуіне тура келеді. Себебі, ұрпақ азса, ең әуелі, тәрбиесіздіктен азады. Сондықтан, бұл жағындағы мінді, себеп-салдарды қоғамдық түзімнен, сыртқы ортадан іздестірмей, алдымен аға ұрпақ өзімізден, өзіміздің отбасындық ұлттық рухани тәрбиеміздің кемшіл болуы сияқты жақтардан қарастырғанымыз жөн.

Қазіргі таңда ата-аналардың өсер ұрпағына өзінің кім екендігін отбасындық кеңесте жалықпай, үнемі өз тілінде айқын ұғындырып отыруы ұлттың келешек тағдырына саятын ұрымтал түйінге айналды. Егер де, ұрпағыңыз қазіргі мектеп тәрбиесімен ғана болып, отбасына оралғанда өз тілінде сөйлемесе, тарихын, салт-дәстүрін ұғынып білмесе, онда оның өз ұлттық қасиетынен мүлдемге махрұм қалары хақ. Қазір жасыратыны жоқ, қала-қалашық жастары ішінде өзара өзге тілде сөйлесетіндердің саны, өз тілін білмейтіндердің, тіпті өз тілін білмегені былай тұрсын, өз тілінде сөйлеуді намыс санайтындардың қатары барған сайын молайып барады.

Міне, мұны қазіргі ұрпақтың ұлттық рухани күйінің біртіндеп азып бара жатқандығының бір көрінісі деуге болады. Өмірде өз ұлтын шынайы сүйіп, күллі қасиетін ішкі жан дүниесіне терең сіңіре білген азамат қана өз халқының нағыз мүрагері бола алады. Бұл күндері жастар ортасында тәрбиені, көбінесе, ата-анасынан алмай, теледидар мен тораптасқан ақпарат арналарынан, сан қилы әсерлер өзара тоғысқан тоғыспалы ортадан алғандығы себепті, адамды «әттеген-ай» дегізетін оғаш қылықтар уақыт озған сайын молайып барады.

Халқымыздың «баланы жастан» деген аталы сөзі тегін айтылмаған. Себебі, бала оңы мен солын, ақ пен қараны айқын ажыратып отбасынан ұзап шықпай жатып-ақ, оған ұлтымыздың күллі құндылықтарының мүлде басым бөлігін ұғындырып үлгіруге әбден болады. Мәселе әр отбасының бала тәрбиелеу қуатына, атадан жалғасқан отбасындық тамаша дәстүріне, өз ұрпағының ертеңіне болған жауапкершілігіне байланысты. Өз халқына тән қоғамдық ортасы жоқ Европадағы Қазақтардың өзі ана тілінен айрылып қалмағанын түрлі ақпарат құралдарынан естіп-біліп жүрміз. «Отан отбасынан басталады» дейді атамыз Қазақ, адамның өз шаңырағында алған тәрбиесі мен өнегесі оның тұтас ғұмырына жетерлік рухани азық бола алады.

Адамды шын мәнінде адам ететін нәрсе ــ тәрбие. «Не ексең соны орасың» демекші, адам алғашында қандай тәрбие қабылдаса, сондай бағытта дамитыны сөзсіз. Саналы тіршілік иесі болған адамды былай қойғанда, жылқы екеш жылқы да өз үйіріне өзі ие болып, тұтастығын сақтайды. Сондықтан өсер ұрпақты, алдымен, өз өрісінен алшақтатпай, өз тегіне, өз халықтық қасиетыне бейімдеу аға ұрпақтың азаматтық борышы есептелмек.

Өмірде өз ұлтына өзі қорлана қарайтын ұждансыздық нысай ــ әрбір ұлт уәкілінің өз ұлттық болмысын танып-білмеуінен туындайтын құбылыс. Егер де, мұндай күйге түскен азамат өз тілі, тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, халықтық қасиеті, арғы тегі сияқты жақтардан толық сауатты болса, өз халқына өзі қорлана қарап онан жерінбес еді. Ұлтымыздың сан мың жылдық тарихқа ие болып, арғы ата-бабаларымыз жаңа ерадан бұрынғы Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Қарлық, Сармат, Алан тайпаларын негіз еткен, бай мәдениеті, көркем де айшықты, иірім де икемді тілі бар байырғы ұлттардың бірі болуы біздің мақтануымызға татымай ма?

Еліміз жөнінен айтқанда, Қазақ ұлты мәдени өресі жағынан 60 жылдан бері орталықта ақпарат, баспа сөз мекемесі қызмет істеп келе жатқан алғашқы 5 аз ұлттың бірі болуы мақтануымызға татымай ма? Өткен бірнеше жылдың алдында дүние және еліміздегі археология, тарих ғалымдары «Алтайды адамзаттың ежелгі қар шаңғы мекені» деп тұрақтандырды. Олар жартас суреттеріне негізделіп, жаңа ерадан 8 мың жыл ілгері Алтай өңірінде адамдар қар шаңғыны істеткендігін, оны бертінгі көшпенді халықтардың арғы ата-бабалары тұтынғандығын дәлелдеп шықты. Сол көшпенді халықтардың бүгінгі ұрпағы біз болғанымыз мақтануымызға татымай ма?

Адамзат тарихында осыдан 6 мың жыл ілгері жылқы түлігін бірінші болып қолға үйреткен Қазақты құраған ру-тайпалар болғаны, жаңа ераның 7 -, 8-ғасырларында тасқа ойылып жазылған Орхон, Енисей, Талас тас жазулары мен жаңа ерадан 400 де 500 жыл ілгері жер астына көмілген «Алтын адамның» Алматының жанындағы Есік қорғаннан табылуы Қазақ тарихын 4 те 5 мың жылдық тарихқа ие етуі мақтануымызға татымай ма? Жаңа ераның 6 -, 7-ғасырларында дана-дәнішпан аталған ақылгой Қорқыт сынды бабамыздың болғаны, адамзат тарихында Аристотелден кейінгі екінші аға ұстаз аталған энциклопедик ғалым Әбунасыр Әл-фараби (870-950) сынды ұлы ғұламаларымыздың болуы, артына «Шипагерлік баян» атты мәңгілік өшпес мұра қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) бабамыздың болуы, дала дәнішпандары ــ Асан қайғы, Бұқар, Ақтанберді жырау сынды көшпенді халықтың көреген көсемдерінің болғаны, Төле би (1663-1756-жылдары), Қазбек би (1667-1764-жылдары), Әйтеке би (1644-1700-жылдары) сынды ақылгөй, шешен-шежіре ұлы тұлғаларымыздың болуы мақтануымызға татымай ма?

Бертінгі Абай, Мұхтар сынды әлемге әйгілі парасат иелерінің болуы, есте жоқ ескі замандардағы Ертөстік, Алпамыс, Қобыланды батырларымызды айтпағанда, бертінгі Жоңғар шапқыншылығы тұсында өмір сүрген Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек сынды батырларымыздың болғаны, Қазақ даласында талай мың жылдық тарихқа ие Отырар, Түркістан, Сығанақ, Жент, Тараз, Мереке, Сауран, Сарайшық, Қазығұрт, Құлан, Созақ, Шымкент, Екі өгіз, Алмалы, Бесбалық қатарлы 500 ге жуық үлкенді-кішілі қалалардың болғаны мақтануымызға татымай ма?

Әрине, бұл бұлтартпас тарихи деректерге реалдық тұрғыдан шынайы ой жүгіртсек, міне бұлар біздің мақтануымызға әбден татиды. Қысқасы, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан-қайыр атырапты сан мың жыл ата қоныс, алтын бесік етіп, ат тұяғымен дүбірлетіп өмір кешкен ұлы халықтың ұрпағы болғанымыз мақтануымызға әбден татиды.

Жаңа ерадан мың жыл ілгері іргесін қалап көркейген, бертін 1219-жылы Шыңғыс ханның жаулауымен күлге айналып күйреген Отырардай әлемге әйгілі қаламыздың болғаны «Қазақтар отырықты болып қала салмаған, егіншілікпен айналыспаған, өркениет құрмаған, жабайы, көшпенді халық болып өмір өткізген» деп қарайтын тар өрісті, таяз түсініктегі адамдарға «Қазақ отырықты ел болмаса, Отырар деген қаласы болар ма еді?» деп тұрған жоқ па?!

Қазақ ұлты өзге жұрттан несімен өзгешеленеді? Әрине, өзге жұртқа ұқсамайтын өзгеше тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы қатарлылармен, айталық, «Аққу» сияқты жан баласын тебірентетін образды, сыршыл күйлерімен, «Ағажай» сияқты әсерлі әндерімен, «Қобыланды» сияқты қомақты жырларымен, «Қаражорға» сияқты халықтық билерімен, тым ерекше қонақжай халықтық қасиетымен, үйіне кірген жыланды да өлтірмейтін өскелең экологиялық санасымен, т.б. өзге жұртта жоқ өзгеше ұлттық болмысымен ерекшеленеді.

Ендеше жастарымыз өз ұлттық болмысын айқын танып, өзімізге тән ұлттық ерекшелігімізден, күллі қасиетымызден көз жазып, адасып қалмағаны оң. Жоғарыда айтқанымыздай, халқымыз ــ ұзақ тарихқа, бай мәдениетке, айшықты көркем тілге ие, ізгі, инабатты, дәстүршіл халық. Ұлтымыздың осы қасиетін сақтап, қорғап, оған мүрагерлік етіп, оны онан ары дамыту ــ бүгінгі ұрпақтың борышы. Бұл жағында партия мен үкіметіміз ежелден бері еліміздегі барлық ұлтқа бастан-аяқ тіліңді, тарихыңды, салт-дәстүріңді, мәдениетіңді қорға, сақта, оны онан ары көркейт, дамыт деп сан қайтара дәріптеп отырғаны, әсте, ұлттық болмысыңнан безін, оны тоздыр, жоғалт деп отырмағаны ақиқат.

Сонда былайғы тұста мәселенің түйіні ــ партия мен үкіметіміз турашылдықпен ортаға қойып отырған дәріптемелердің мәнін жете түсініп, оны үгіттеп, дәйекті тиянақтандырып, ұлт игілігіне жарата білуімізде. Бұл міндетті шынайы орындау қазіргі қоғамымыздың әр сала, әр шебінде қызмет атқарып жүрген барлық ұлтымыз уәкілдерінің азаматтық борышы болмақ.

Сондықтан, ұлт тағдырына саятын ұрпақ тәрбиелеу ісінде отбасы тәрбиесін маңдай алды орынға қойып, мейлі қандай жағдай болса да ұлттық ерекшелігімізден, халықтық қасиеттерімізден, бағалы құндылықтарымыздан айрылып, адасып қалмауымыз қажет. Сөз соңында жастарымызға «Біле білсең Қазақ, әсте, қор халық емес, зор халық. Сондықтанда ұлтыңды шынайы сүйгің келсе, тіліңнен безінбе, тегіңді таны, тарихыңды біл, салт-дәстүріңді ардақта» демекшіміз.

Ыспандияр Солташұлы

http://ult.kz/kz/article/view?id=1192

 

Рубрика: