Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақстандағы қазақ тілді блогерлердің қазіргі жай-күйі қалай? Блогер болу үшін қайтпек керек? Қай блогерлерден үлгі алуға болады? Сонымен қатар осы айдың жиырма үшінші жұлдызында басталатын блогқұрылтай жайында да сөз етпекпіз. Оқыңыз, іштей талқыға салыңыз, өкінбейсіз!

Блогер дегеніміз кім?

Барлығына да түсінікті болу үшін ең әуелі блогер деген кім, ол нендей жұмыстарды атқарады, осы жағына қысқаша тоқталып өткен дұрыс. Себебі қанша жерден интернет технологиялар қарқынды дамып кеткен заманда ғұмыр кешіп жатсақ та, блогердің кім екенін түсінбейтін жандар қоршаған ортамызда әлдеқайда көп.

Иә, сонымен, блогер дегеніміз — жеке блог жүргізетін адам. Қарапайым тілмен осылай анықтама беруге болады. Ол ешкімге де бағынышты болмайды. Және қандай да бір өзінің еңбегін ақпарат кеңістігіне жариялау үшін әлдекімдерден рұқсат сұрап, өтініш жазып жатпайды. Өзі қожа, өзі би. Қысқасы, ол еркіндіктің кеңістігінде ойындағысын ақтарып, қалағанын сынап жазуға мүмкіндігі бар адам. Тракторшы да, дәрігер де, сатушы да жеке блог ашып, оны қалай жүргіземін десе, солай жүргізуге толық құқығы бар. Шектеу жоқ. Тақырыпты да өзіңіз таңдайсыз.

Саясаттан хабары болса, саяси жазбалармен бөліседі. Ақын, бірақ кітап шығаруға қалтасы көтермей жүрсе, жеке блогына жариялап, кәдімгідей танымал болады. Ән айта аласыз, бірақ «крышаңыз» жоқ болса, блогыңыз сіздің болашағыңыз үшін көп септігін тигізеді. Айта берсек мысал көп. Енді әңгімеміздің негізгі мазмұнына оралсақ болады.

Қазақстандағы қазақ тілді және орыс тілді блогерлер

Қазіргі уақытта Қазақстандағы қазақ тілді блогерлерге қарағанда, орыс тілді блогерлердің мысы басым деуге қарайған негіз бар… Әңгіменің шыны сол, олар (орыс тілді блогерлер) көп ізденеді, әр жақтан сұрастырады, ақыр соңы табады. «Айтылмаса сөз жетім» дейді қазекең, біздің блогерлер көңіліне алмасын. Нақты дәлел ретінде қазақ һәм орыс тілдеріндегі блог жүйелерін (платформалар) сипаттап, саралап, сынап көрелік.

Мысалға, 2008 жылы құрылған «Your Vision» еркін блог жүйесін алайық. Мұнда негізінен орыс тілді жігіттер мен қыздардың жазбалары күнделікті жаңарып отырады. Жаңармай қалады деген болмайды. Көз көріп жүргендей, бұрынғыға қарағанда қазақ тіліндегі посттардың да саны едәуір көбейіп келеді. Жақсылықтың белгісі!

Бұл жақта (Your Vision) расымен де «КТК»-дан айтылмаған ақпараттар, «Tengri News»-тан таратылмаған жаңалықтар, басқа да көптеген пайдалы дүниелерді кездестіруге болады. Қонаққа барған екенсіз, алтын уақытыңыз текке кетпейді бір сөзбен жеткізгенде.

Гүлнар Бажкенова, Бағлан Айдашов, Яков Федоров, Арман Сүлейменов, Бақытжан Бұқарбаев, Аружан Жазылбекова, Артем Воробьев, Азамат Сәрсенбаев, Әсемгүл Қасенова сынды өз ісін мықты білетін блогерлер — аталмыш блог-платформаның мерейін үстем етіп үлгерген белсенді топ. Иә, «Your Vision» Қазақстандағы ең беделді, мықты, оқырманы көп еркін блог жүйесі болып саналады.

Қазақ тілді блог жүйелері тіптен нашар деп айтуға арымыз жібермейді. Аршат Оразов есімді азаматымыздың бастамасымен жасалған «Керек инфо» еркін блог жүйесі бұрынғы күйіне қарағанда, қазір әлдеқайда қызықты, іш пыстырмайды. Әрине, барлық блогерлер жоғары деңгейде жаза білмегендіктен посттың кез келгені әсерлі бола бермеуі ықтимал. Дегенмен, ешкімнің де пернетақтасын тартып алып, саусақтарын байлап қоя алмайсыз. Әркімнің жазуға да, сызуға да құқығы бар. Тек ар-намысты бәрінен жоғары қоя білсе ғой, шіркін…

Әнші Мақпал Жүнісова жарнамалаған, ақын Исрайыл Сапарбай мақтаған «Массагет»  танымдық, ойын-сауық  порталы жайында да айтып өткен жөн. Себебі қазақ тілді блогерлердің көпшілігі осы жақта шоғырланған.

Мұндағы жағдай айтарлықтай мәз емес («Your Vision» блог жүйесімен салыстыруға ертелеу). Қазақ тілді блогерлерге тән сипат, болмайтын дүниені жазып, жарнамалау көп: мәні мен мазмұны шикі жазбалар, өтірік-шыны аралас махаббат оқиғалары… Бірақ интернеттегі қазақ тілді контентті дамыту жолында білімді, талпынысы тәп-тәуір жастардың еңбектеніп жүргенін өтірік дей алмаймыз. «Әлемтану», «Әдебиет» бөлімдеріне соғып өтсеңіз жинап аларлық дүние баршылық.

«KazJur» деп аталатын тағы бір блог платформа (қазақ тілді блогерлерге арналған бұрыш) құлдыраудың алдында тұр. Дәл қазір аталмыш блог жүйесіне кіріп көріңізші, оқуға тиянақты дүние таппайсыз. Өкінішті. Бірақ өкінгеннен не пайда. Даусы жоқ, алайда тыңдарманын биімен алдап жүрген әншілер сияқты өзінің блогын қандай мақсатпен ашқанын білмейтін қолданушылар толып жатыр. Интернетте жастығын сарп етіп жүрген көптің бірі.

Әзірге қазақ тілді блогерлердің басым көпшілігінің негізгі тақырыптары күнделік (қыдырдым, жүгірдім, жедім, ұйықтадым, қайырлы түн, т.б.) пен пісіп болмайтын махаббат турасындағы шимайлардан әрі аса алмай тұр. Бұл жақсылық (даму) емес. Яғни, мықтымын деген блогердің жазбаларын басқалар іздеп жүріп оқуы керек. Ал біреудің ішкен-жегені, мысықты қуғаны, қабаған иттен қашқаны кімге қызық екен. Осы ретте ескеріп өтейікші, қазақ блогерлері Тимур Бектұр, Мұрат Есжан, Асхат Еркімбай, Өркен Кенжебек, Дінмұхаммед Зиядин, Қуаныш Мағзуов сынды жігіттерден үлгі алса болады.

Жалпы қазақ тілді блогерлердің «ерекше» екі сипаты бар. Біріншісі — қорқақтық (ол билікке қарсы келумен өлшенбейді), екіншісі — саяси сауатсыздық. Бос сөзді көп жазамыз. Ерінбейміз. Ізденбейміз. Көшіруге құмармыз. Жоқ дегенде, сілтеме көрсетуді де білмейміз. Жеке блогымызды сәндеп қоюға да құлық жоқ. Білім жетіспейді. Білім болмаған жерде адасу болады. Тобықтай сөздің түйіні, еріншекпіз, баяғы.

Сосын, көзі ашық жігіттердің пікірлеріне қарағанда, қазақ тілді блогерлерде ауызбіршілік жоқ. Қандай да бір мәселені талқыға салу, бас қосу, бірігіп шешім шығару секілді дүниелерге келгенде өте салғырт екенбіз. Кемшілігіміздің үлкені осы.

Егер блогер болғыңыз келсе,

міндетті түрде қалталы болудың пайдасы шамалы. Кредит алып әлекке түспейсіз дегенім ғой. Жоғары жақтан рұқсат қағаздың да керегі жоқ. Бар қажеті – ниет және тағы да ниет.

Белгілі бір мемлекетте блогерлердің айтарлықтай жоғары статусқа ие бола алатындарына бір ғана мысал келтірейік. Көршіміз Ресей Федерациясында шенеуніктердің шет елде жылжымайтын мүлігі болмау керектігі жайлы қуаты күшті заң бар. Қызығы сол, жақында осы елдегі белсенді блогерлер «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясы өкілдерінің, атап айтқанда, Владимир Пехтин мен Михаил Маргеловтың шекара сыртында жылжымайтын мүліктері (түсіңізде көрмеген өте қымбат үйлер) бар екенін анықтады. Алдымен блогерлер маңызды құжаттарды қазғылап (қайдан екенін кім білсін) тауып алып, терең зерттеуден өткізген… Қазіргі уақытта осы жаңалыққа қатысты үлкен дау туып, блогерлердің себебімен шенеуніктерге қатысты тергеу жұмыстары басталды.

Блог құрылтай 2013

Қазақ блогерлерінің осы жылғы кезекті құрылтайы шырайлы Шымкент қаласында өтетін болып шешілген-ді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Өз кезегінде пернетақтасы ұшқыр, танымы кең, талғамы тәтті жастардан жақсы жобалар күтеміз. Сонымен бірге, демеушілікке ниет еткендердің де блог құрылтайға қандай да болса көмегі тиіп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Жылына бір-ақ рет өтетін жиыннан билік өкілдерінің де шет қалмаулары керек шығар.

Өткен жылғы блог құрылтайдан бері жеке блогтардың саны біраз есе артқаны рас. Бірақ жұмыстың нәтижелері көрінбейді. Көпшілігі тек блогер атанумен ғана шектеліп жүр. Аты бар да, заты жоқ.

Осы уақытқа дейін кейбір депутаттар да өздерінің жеке блогын ашып, талай көрген-білгендерімен бөліскен болатын. Бір әттегенайы, жазбалардың сериялары жалғасын таппады. Хош, әркімнің өз мақсаты керегінде…

Жеткізгім келгені, барлық блогерлерді, журналистер қауымын кезекті құрылтайға қатысуға шақырамын!

Қорытынды

Тұрғылықты жеріңізде шешімін таппай жатқан проблемаларды жеке блогыңызға жазыңыз. Әкіміңіз сізді қабылдаудан қалды ма, оны да түртіп қойыңыз. Газетке деп берген мақалаңыз ескерілмей кетті ме? Жаныңыз ауырмасын, тез арада блог ашыңыз.

Мәселен, Қытайдағы блогерлердің саны Ресей халқының санынан екі есе артық. Украинада миллионға жуық блогер бар. Ал біздің мемлекетте жағдай мүлде басқаша.

Болашақ үшін деп қоялық, түк жазбаса да блогерлердің саны арта бергені әлбетте жақсы. Жазыңыздар, үйреніңіздер, зерттеңіздер. Қазақтілді интернеттің қол­­дану аясын кеңейту жолында неліктен аянып қаламыз? Бір сөзбен айтқанда, заманыңыздың заңғар блогері атануға сіздің де зор мүмкіндігіңіз бар. Олай болса, жол болсын!

 

http://ult.kz/kz

Рубрика: