Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

рОсыдан 16 жыл бұрын 1997 жылы Президенттің Жарлығымен 31 мамыр «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. 

Осыдан 16 жыл бұрын 1997 жылы Президенттің Жарлығымен 31 мамыр «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Бұл күні әр жерде еске алу митингілері мен ескерткіштерге гүл шоқтарын қою акциялары жүріп, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туыстарымен бір реттік кездесулер өтеді. Бірақ елімізде әлі де бұл күнді Азалы күн ретінде қабылдай алмай келе жатқан азаматтар баршылық. Бұл күннің қаралы сипаты БАҚ-тардың тек жаңалықтар бөлімінен көрініс табады, бірақ күні бойы телевизия мен радиода даңғырлаған музыка қойылып, барша жұрт күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүретіні жасырын емес. Қоғам болып бір сәт тоқтап, өткенге тағзым ете алмаймыз. Бірақ «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атпай ма»?!

Айта-айта жауыр болған мәселе дерсіз. Бірақ айтарымыз осы. Егерде бұл күні БАҚ басшылары азаматтық танытып, бүкіл ойын-сауықтық бағдарламаларды тоқтатуға бұйырса, бүкіл мешіттерде шейіт болғандардың рухына бір мезетте Құран оқытылып, дұға жасалса, ірі сауда орталықтары іштегі музыканы тоқтатып, тыныштық орнатса, түнгі клубтар бір күнге есіктерін жапса, бәлкім, әсіресе жастардың санасына түрмеде атылар алдында суретке түсірілген Әлихан Бөкейхановтың неге танымастай қартайып кеткені, неліктен Сәкен Сейфуллиннің арыстай әкесі, інісімен қоса қудаланып, үшеуінің аяусыз атылғаны, неге 1930 жылы өлім жазасына кесіліп, 7 жыл бойы «өлем бе, тірі қалам ба, қазақ үшін тағы не істеп үлгерем» деген оймен өмір сүруге мәжбүр болған ірі реформатор, Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың қасіретті тағдыры, қайраткерлігі мен ішкі уайымы ұғынықты болар ма еді?! Бұл адамның ғана емес, ұлттың тағдыры. Сталинизмнің зардабы. Отандық сарапшылар Азалы күнді жалпыұлттық деңгейде терең ұғыну үшін тәрбиені отбасынан бастаудан бөлек, тарих пәнін қатып қалған сынып партасында емес, «АЛЖИР» (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері), «Қарлаг» (Қарағанды түзеу-еңбек лагері) мұражай-кешендерімен қатар, жалпы, Алаш арыстарына арналған мұражайларда өткізу қажет деген бастама көтереді. PhD докторы, мәдениеттанушы Жұлдыз Сүлейменова шетелдің тәжірибесіне сүйене отырып: «Америкада «Холокост» құрбандарын еске алу мұражайына мұғалімдерімен бірге ағылып келіп жатқан оқушыларды көп көресіз. Себебі оларда мұражайлар арқылы білім беру концепциясы бар. Бізге де үлгі боларлық жәйт. Жас ұрпақ қазақ халқының қандай қайғы-қасірет көргенін, қандай жан түршігерлік азап шеккенін тек тарих кітаптарынан ғана емес, мұражай, мемориалды кешендерден, т.б. біліп өсуі керек. Ол үшін кешенді шаралар қолға алынып, жер-жерде, облыс орталықтарында осындай мұражайлар ашылуы тиіс» — дейді. Зиялы қауым өкілдерінің де Алаш қайраткерлеріне арналған үлкен мемориалды ескерткіш орнату қажеттігін көтеріп жүргені белгілі.

 

— Вашингтон қаласында орналасқан United States Holocaust Memorial Museum – Холокост мемориалды мұражайы маған қатты әсер етті, — дейді Жұлдыз Сүлейменова: «Бұл мұражай холокост тарихын зерттеумен айналысатын америкалық ұлттық ұйым болумен қатар, Холокостта қайтыс болған миллиондаған адамдардың мемориалды кешені саналады. 1993 жылы ашылғаннан бері оған 30 миллион адам келіп көрген. Мені әсерге бөлегені – мұражайдағы ақпараттың берілу технологиясы. Кіре берісінде мұражай туралы халықаралық алты тілде толыққанды ақпарат тұр. Оның үстіне, мұражайға кіру тегін» — дейді. Мәдениеттанушының айтуынша, бізге мұражайлар концепциясын өзгертіп, заман талабына сай технологияларды қолдану қажет. Өз кезегінде Жұлдыз Сүлейменова: «Мен Холокост мұражайындағы Даниель деген еврей баласының басынан өткендеріне арналған бөлімді көрдім.  Ол 1939 жылға дейін жақсы өмір сүреді, кейін басынан қиындық өтіп, аман қалады. Көрген-білгенін бізге баяндап тұр. Холокостқа дейінгі бақытты балалық шағы, кейін геттоға түсуі, геттоның ережесі, ондағы қорқынышты бөлмелер шынайы көрсетілген. Ол жерде жәй экспонаттар ғана тұрған жоқ, бәрі де  дыбыспен берілген, мәселен, бақытты кезеңі, сыңғарлаған күлкісі, ал қасірет көрген тұсы жан түршігерлік дауыстармен безендірілген. Бұл бөлімді аралап болғанша, «жер бетінде осы халықтан артық зардап көрген ұлт жоқ шығар» деген ойға келесің. Мұражай адамның бойында сондай әсер қалдырады» — деп, ойын түйіндейді.

 

Расында да, біздің мұражайлар әлі де кеңестік сарқыншақтардан арыла алмай келеді. Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы мұражайларды өзгертетін уақыт жеткендігін, бірақ мұның бәрінің қаржыға барып тірелетінін алға тартады. Қоғам қайраткері, тіпті, Сәкенді танудағы олқылықтарды да өкінішпен жеткізеді:   «Жастардың көбі Сәкенді қуғын-сүргін құрбаны деп түсінбейді. Біздің орталыққа көбіне оның ақындығы мен қайраткерлігі үшін келеді.  Бұл күні де Сәкеннің рухына тағзым ету үшін біздің мұражайға ағылып келген адамдар көп бола қоймас. Көбі «АЛЖИР» мен «Қарлаг» мұражайларына барады ғой» — дей келе:  «Бұл күні жастарды мұражайларға апарып, митингілерге қатыстырып, естеліктерді тыңдатсақ, олар бұл датаның маңызын терең сезінер еді. Бұл қаралы күн. Жастарға дұрыс тәрбие бере білуіміз керек» — дейді.

 

Ал Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлт саңлақтарының аяулы жарларымен қоса, 8000-ға жуық әйел отырған кешегі «АЛЖИР» лагері, бүгінгі Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «Алжир» мемориалды мұражайының директоры Болат Жүнісбеков мұндай тарихи жерлерге үлкен психологиялық дайындықпен келу қажеттігін айтады:

 

— «Біздің мұражайға келетін адамдардың 99 пайызы риза көңілмен қайтады» — деп бастайды әңгімесін мұражай директоры: «Біздің жұмысымызда кемшілік жоқ деп айта алмаймын. Мәселен, мұражайды жетілдіріп, тарихи тұрғыдан экспозицияларын жаңартатын жұмыстар әлі көп. Бірақ халықтың риза болып қайтатыны тек біздің қызметкерлердің жұмысына байланысты емес, екінші жағынан, бұл келуші кісілердің психологиялық тұрғыдан өткеннің қайғысы мен қасіретіне деген құрмет сезімін дайындап келетінінің арқасында. Дайындықпен келген адамдардың бұл мұражайда іштей жүректері қанжылайды» — дейді.

 

Болат Жүнісбековтың айтуынша, қуғын-сүргін жылдары, тіпті, қазақтың ұлы ақыны Абайдың ұрпағын да шарпып өтіп, «Алжир» мұражайына қатысты етіп отыр.  «Жақында біз «Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары» деген арнайы экспозиция аштық. Абай біздің мұражайға керек пе? Әрине, керек. Абайдың інісі, ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлынан бастап, өзінің ұлы Мекаил, жалпы, бірге туғандардан 14 адам қуғын-сүргінге түскен екен. Бұл тарих бетін көрсету керекпіз. Сол сияқты 50-ші жылдары қуғын көрген Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұқан Бекмахановтың өмірлерін неге көрсетпеске?! Біздіңше, бұл мұражайда алдымен қазақтың көрген қорлығы көрініп тұруы керек!» — дейді. Өкінішке қарай, біздің ұрпақ әлі де болса Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарих қойнауында қалған тағдырына терең үңіліп, тарихи тұрғыдан бағалап, іштей қорыта алмай жатқан сияқты. Бірақ сарапшылар бұл ұрпақтық парызды орындамай, алға жылжудың қиындығын жеткізеді.

 

Тағы бір айта кетерлік жәйт, бүгінде Германия Холокост құрбандарының отбасыларына 2017 жылға дейін 1 млрд. доллар көлемінде өтемақы төлеуге келісімін беріп отыр. Ал сталинизм құрбандарының бүгінгі ұрпағына Кеңес Одағының мұрагері – Ресей өтемақы төлеуге дайын ба?

http://www.aikyn.kz/articles/view/23242

Рубрика: