АЛТЫНОРДА
Новости

Әз-Наурыз оңтүстікте тоғыз күн тойланады

Түбі бір түркіге атақоныс болған Тұран даласы бүгінде қазақтың қара шаңырағына айналып отыр. Әрине, қара шаңырақтың қадір-қасиетін төмендетпей, айбынын асқақтатып, беделін биік ұстау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрді бұзбау – бабалар алдындағы ұрпақ парызы. Сол түркілік заманнан қалған ежелгі дәстүріміздің басы жаңару мезгілі Наурыз мейрамы болған. Ендеше, бабадан балаға мұра болған аманатқа деген адалдықты ұмытпай, оңды істердің басында жүру елге де, ерге де абырой екені белгілі.

Міне, барша тіршілік атаулы оянып, жер-ана бусана бастаған шақта қазақтың төл жыл басы – Наурызды өзгеше етіп атап өту оңтүстіктен басталып кетті. Жасы­ратыны жоқ, көктем оңтүстіктен бас­талады. Сон­дық­тан барлық игі іс пен жаңа бастама оңтүс­тіктен бастау алатыны даусыз. Иә, оңды істердің ұйытқысы бол­ған қазыналы өңір тағы бір игі бастаманы бастап кетті. Бұл тойлау жай өтті-кетті, барды-келді бір-екі күндік той емес. Тоғыз күн бойы жаңа сипат­та ұйым­дас­тырылып отырған дәстүр сабақтастығы жолындағы еске түсіру мей­рамы болмақ. Биылғы мейрам хал­қы­мыз­дың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағыт­талып отыр. Осыған байланысты мере­­келік шаралар тоғыз күнде тоғыз түрлі атау бойынша ұйымдастырылмақ. Әр күн өзіндік сипат, ерекшеліктермен аталып өтілмек. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Оңтүстік Қазақстан облысында кешеден бастап, яғни наурыздың 14-інен тоғыз күн тойланатын болды.

«Көктем шуағы» күнімен бәйшешек гүлдейді

Тәңірден тілеген Тәуелсіздік таңы атты. Табиғатымызда бар үлкенді сыйлау дәстүрі – сонау ерте ғасырлардан келе жатқан дала заңы. Үлкеннің сөзіне тоқтау, батасын алу – ізеттілік пен ибалылықтың белгісі. Бүгінде жылдар парақтары судырап өткен сайын сол бейнет шеккен қарияларымыздың күйі, «бірі мініп кел­местің кемесіне, бірі күтіп әнеки, жағада отыр» дегендей күйде. Жас кезінде бір бала, қартайғанда да бір бала атанып қалған қарттарға құрметті «Көктем шуағы» күні 14 наурыздан бастап кетті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов арда­герлерді көктемнің келуімен құттықтайды. Жастар қарияларға қолғабыс жасап, түрлі қайырымдылық шараларын өткізеді. Айтпақ­шы, 1917 жылға дейінгі күнтізбе бойынша бұл күннің 1 наурызға сәйкес келетіндігін ескерсек, мерекелік шара­ларға «Көктем шуағы» атауының берілуі орынды саналады. Бұл қазақтың арасын­да тек қана батыста ғана сақталып қалған «көрісу» дәстүрін жаңғырту болмақ.

 «Тағзым күні» 

Тарихымызда алар орны ерекше ұлы тұлғаларымызға шама-шарқынша құрмет көрсетіліп келеді. 15 наурызда Шымкент қа­ла­сында Төле бидің 350 жылдығына, Абылай ханның 300 жылдығына арнал­ған республикалық ақындар айтысы өте­ді. Суырыпсалма өнерінің өрісін кеңейт­кен, шашасына шаң жұқпаған Бекарыс, Ақ­марал, Еркебұлан, Әсем мен Жан­дар­бек сынды айтыс ақындарының қаты­суы­мен дүбірлі дода өтсе, мешіттерде ата-ба­ба­лар рухына арналып Құран ба­­ғыш­талады. 2012 жылы қаза болған ше­ка­­ра­шылар ру­хы­­на да Құран бағыш­талып, ескерт­кіш­тер­ге гүл шоқтары қойылады.

«Алас күні» 

Тазалық ұлтымыздың қанымен бірге еш бұзылмастан ұрпақтар жүрегіне құйылуда. Әрине, жан тазалығы мен тән тазалығы өскелең ұрпақты ұлтын сүюге жетелейтіні даусыз.

Табиғаттың көркем мінезімен біте қайнасқан қазақ мінезі де мөлдір тұмадай тұнық. 16 нау­рыз­да «Алас күні» атауымен  жалпыха­лықтық сенбілік өткізілмек. «Алас­тау» ұғымы «тазару, тазалану» дегенді білдіреді. Облыс аумағында  бертінге дейін Наурыз мерекесі қарсаңында  арықтарды тазалау, ағаш  отырғызу дәстүрі болған. Бұл дәстүр соңғы кездері сиреп бара жатыр. Сондықтан мерекелік шаралар барысында бұл игі дәстүрді жаңғырту  көзделіп отыр.

«Береке күні»

17 наурыздың тақырыбы «Береке күні» болмақ. Наурыз – береке-бірліктің, қайы­рымдылықтың, кешірімнің мейрамы. Ата-бабаларымыз бұл мейрам кезінде жарлы-жақыбайға  қайырымдылық жасауды да ұмытпаған. Қазақтың байлары «шүлен та­рату» дәстүрін жасап, кедей-кепшікке мал-мүлік, бұйым үлестіріп, тегін ас беретін болған. Бұл – ұлтымыздың жомарттығының көрінісі саналатын дәстүр. «Жетім көрсең, жебей жүр» дегендей, бұл күні түрлі қайы­рымдылық шаралары ұйымдастырылады. Балалар үйіне, қарттар үйіне жәрдем беріледі.

«Өніс күні»

18 наурыз күні  дүниеге келген сәби­лерге сыйлықтар жасалып, аналарын құт­тықтау көзделіп отыр. Наурыз табиғаттың жаңғыруы ғана емес, өсіп-өнудің басы саналады. Дүние қайта түлейді, жан-жануар  төлдейді. Сол себепті Ұлыстың ұлы күнінде туған төлді – наурызтөл, жауған қарды – наурызша, гүлді наурызшешек деп атаған. Сондай-ақ сенбілік кезінде отыр­ғызылған ағаштар  Наурыз мерекесі қар­саңында дүниеге келген сәбилерге арна­лады. Өткен жылы  мол өнім жинаған ауыл еңбеккерлері марапатталады.

«Жайнау күні»

19 наурыз – «Жайнау күні». Бұл күні  барлық көше мен аула Ұлыстың ұлы күніне орай безендіріліп, түрлі көрмелер ұйымдастырылмақ. Ұлыстың ұлы күнінде ата-бабаларымыз өздерінің ұлттық, жаңа киімдерін киіп, мүмкіндігінше үй ішін жаңалап, жайнатып қоюға тырысқан.

«Шаттық күні»

Ұлттың шаттыққа бөленуі ағайынның татулығын арттырмақ. Сондықтан 20 наурыз «Шаттық күні» аталады. Бұл күні түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, облыс басшылары жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездеседі.  Наурыз – шаттық­тың, қуаныштың мейрамы. Бұл күні қазақ тіпті қайнаға мен келінді де күрестіріп, кемпірлерді жарыстырған. Ойын-сауық құрған. Бұл күні мерекелік іс-шаралар қыза түспек. Күлкі – жан азығы. Көңілді тапқыр­лар клубтарының қойылымдары да осы күнге жоспарланып отыр. Дәл осы күні оңтүстіктің өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтар марапатталатын болады.

«Үйлесім күні»

Наурыз мейрамының ең басты сипаты – үйлесімде. Мәселен, табиғат пен адам­ның үйлесімінде. Бұл – күн мен түннің теңе­ліп, әдемі үйлесімділікке келген тұсы. Мере­кенің сегізінші күні, 21 наурыз «Үйле­сім күні» деп аталып, бұл күні мерекенің негізгі нышандарының бірі алтыбақан тігіледі. Түрлі этно-мәдени орталықтардың кон­церт­тік  бағдарламалары ұсынылады.  Бұл күні кешке Шымкент қаласы Ордабасы алаңында танымал өнерпаздардың қаты­суымен Жаңа жыл таңын қарсы алуға ар­нал­ған концерттік шара ұйымдасты­рыла­ды. Шара аясында «селтеткізер», «ұй­­қыа­­шар»  дәстүрлерін жасаған жастарға сыйлық беріледі. Облыс әкімі тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтайды.

«Ұлыс күні» 

Тоғызыншы күн, 22 наурыз «Ұлыс күні» деп аталып, мерекенің негізгі шаралары ұйымдастырылады. Бір сөзге жинақтасақ, ұлан-асыр той болады. «…Жығылған ба­луан­ға да бәйге берем, Адалдығы сезіліп тұрар болса…» деген Төлеген жырында­ғыдай, спорттық жарыстардың түр-түрі ұйымдастырылады. Бұл күні концерттік бағ­дарламалар да тұрғындардың назары­на ұсынылатын болады. Атам қазақта Ұлыстың ұлы күні мерекелердің төресі саналған. Бұл күні бата жасалып,  үлкен той-думан ұйымдастырылған. Ұлыс күні – тарихы мыңдаған жылдарға кететін ұлттық мейрам. Ұлыстың ұлы күніне  ар­нал­ған  кешенді шаралар осы күні жалға­сын табады. Ұлттық өнер насихатталып, ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылуы тиіс. Мерекенің ұлттық сипатына басымдық беріліп, «Қазақстан-Шымкент» телеарна­сының Ұлыстың ұлы күніне арналған таңғы бағдарламалары ұйымдастырылып, оған облыстағы зиялы қауым өкілдері қатысатын болады. Тоғыз той күнінің мән-маңызы  түсіндіріледі.

Берік ҚҰРМАНҒАЛИ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Тоғыз күн аста-төк той емес, бұл – Әз-Наурыздың қадір-қасиетін наси­хат­тау ниетінен туындаған баста­ма. Тоғыз күннің әрбірінде әрқилы іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекенің маңызы мен мәні насихатталады. 14-інен бастап әрбір күнге атау беріліп, сол атауға лайық істер атқарылады. Мәсе­лен, тоғыз күннің төртіншісінде «Береке күнінде» қайырымдылық шаралары өткізіледі. Балалар үйіне, қарттар үйіне жәрдем беріледі. Баяғыдан қазақта «шүлен тарату» деген болған. Бай-бақуат­­тылар мұқтаж жандарға, жоқ-жітік­ке жәр­дем  берген, біздікі – сол ұмы­тылып бара жатқан дәстүр жалға­сын тапса де­ген ниет. Шүлен таратқан­дарға Ұлыстың ұлы күнінде бата берілген. Бұл батаның да қасиеті мол.

 

Айтпақшы, өткен жылы Тәуелсіздік мерекесіне дейін жаңажылдық шырша құрмауды тапсырып, өзгелерге үлгі болған облыс әкімінің өнегелі бастама­сына күнгей өлке халқы риза болып, «бәрекелді» дескен еді. Міне, енді ұлттық құндылықтар­мыз­дың  ұлықталуына өзі бас болып кіріскен Асқар Исабекұлы­ның Наурыз мейрамын жалпыха­лықтық сипатқа, өзінің төл бейне­сіне қауыштыруды көздеген шапағатты ісі Алаш баласына алақай айтқызбай қоймасы анық. Шырайлы оңтүстіктің тоғыз күн тойланатын Наурыз тойын ел болып бірлікте  өткізуге нәсіп етсін!

Автор: Нұршат ТӨКЕН, Оңтүстік Қазақстан облысы

http://alashainasy.kz