АЛТЫНОРДА
Иносми

Аян БЕКАРЫС. Путинге Шам не үшін керек?

imagesКүз басталғалы орыстың ұшақтары Сирия аспанында көзге көп шалынып жүр. Әзірге от бүркіп, жау қуғанын ешкім көре қойған жоқ. Бірақ төменде, сол орыстың Т90 дейтін танкілері өкімет әскеріне ілесіп, лаңкестердің жасағын бірінен соң бірін талқандап жатыр.

Иә, Путин бір аяғы көрде, бір аяғы төрде жатқан әріптесі Башар Асадқа көмектесе бастады. Қару-жарақпен ғана көмектесіп қоймай, соңғы кезде соғыс ісін жақсы білетін мамандарын жіберіп жатыр. Жақын күндері Сирия жағалауына орыстың десанты түседі деген сыбыс бар. Ол дақпырт расқа айналса, онда Шам үшін алпауыттар арасы тағы да ыстықтай түседі деген сөз бұл!

Қазірдің өзінде АҚШ бірді-екілі саясаткерінің аузымен бұл мәселеге қатысты пікірін айтып бастады. «Әне-міне дегенде санкцияны алып тастамақшы едік, егер Сирияға көмектесуін тоқтатпаса, ол ойымыздан айнып қаламыз»деп өзеуреді әуелі. Путин мұндай жылы-жұмсақ өтірікке алданбайтынын білгесін, қорқыта сөйлей бастады. Соғысып қалуымыз мүмкін дегенге жақын сөздер айтты. Қасқамаңдай сонда да қояр емес. Сирияның Тартусайлағына танкі тиелген кемелерін бірінен соң бірін жіберіп жатыр.

 Енді сұрақ. Украинаның шығысындағы шырғалаңды бір жақты ете алмай жатып, неменеге Сирияға секіріп жатыр? Қалт-құлт еткен экономикасы екі бірдей соғысты көтере алмайды ғой? Енді жауап. Путин Сирияға Украин мәселесін өзіне ыңғайлы етіп шешу үшін барды. Жә, басынан бастап, тәптіштеп түсіндірейін.

Қырымды өзіне қосып алғасын, әлем Ресейді экономикалық қыспаққа алды емес пе? Біраз жұрт мұнымен саудаласпай қойғасын, орыстың тұрмысы шайқала бастады. Одан қалды, мұнай арзандап, соңғы кезде досы санап жүрген Қытайдың экономикасы шатқаяқтай бастады. Бастысы, осының барлығын елеп-ескеріп, Ресейдің ақыры таяды деп түйін шығарды. Осы кезде мәссаған, бац!

Ресей Сирияға соғыс мәшинелерін жіберді, әскери мамандарын жұмсады. Осы арқылы Батысқа «Мен әлі тірімін. Жәй ғана тірі емес, соғыса алатын жағдайдамын» деген хабарын берді.

Сирияға сарбаздарын жіберу арқылы Ресей күннен күнге азайып бара жатқан одақтастары мен достарына да үлкен хабарлама жасады. Ол әлгі тірлігі арқылы уәде берер болса, байлығын, абыройын керек болса, жанын пида етіп, уағдасын орындайтынын. Досын ешкімнің талауына беріп қоймайтынын көрсеткісі келді.

Ол Сирияға көмектесу арқылы Иранға жағынуға боларын ұқты. Енді Шам елінің билеушісі шиғалық сенімде емес пе? Сенің туысқаныңа көмектесіп жатырмын деп, ядролық бағдарламасына рұқсат бергені үшін Еуропаның бетінен сүйіп алуға даяр тұрған Иранды арғы бетке өтіп кеткізбей, өз жағына ақырын тартудың тәсіліне жасап жатыр Путекең.

Айтпақшы, Путин «Сириядағы әскеріміз бүлікшілермен соғысады» деген. Егер ол жеңіске жетер болса, ол әлемнің алдында терроризммен күресуші деген ат алады.

Қатты кеттік-ау деймін. Сириядағы сансыз көп террористерді жеңу үшін кәдімгідей құрлық әскері жерде үлкенмайдан ашуы керек. Сонда да бұл аздық етеді. Бұл жаяу әскерді төбеден 50 шақты ұшақ сүйемелдеу керек. Тактикалық зымырандар қажет болады. Ал Ресей осынша әскерді Түркия, Грекияны басып өтіп, алып келе ала ма? Оған НАТО рұқсат бере ме? Түрікке бұғазың аузын бекіт, грекке әуеңнен шымшық ұшпайтын болсын деп бұйрық берсе, орыс не істей алады?

Путин үлкен бір соғыс ашайын деп жатқан жоқ. Ол ары кетсе 10 мың солдат ала келер. Олар ештеме шеше алмайды. Дұрыс. Путинге мәселенің шешіліп кеткені керек те емес. Ол Шам еліндегі шырғалаңның шиеленісетүскенін қалайды. Сол кезде Сирия жұрты бұрынғысынан да қатты Еуропаға қарай босады. Батыс Украин мәселесін ұмытып, миллион мигрантты қайтсем екен деген сұраққа бас қатыра бастайды. Ал Путин ол кезде жалғыз қалғанУкраинаны бір жақты етуге тырысады.

Иә, Путин үшін Сирия бар-жоғы қитұрқы маневр жасауға ыңғайлы полигон ғана.

http://www.jaqsy.kz/